4. Әңгiмелеу.
Күй ғұмыры... Мәңгілік
«Мөлдір бұлақтан» журналынан
... Күмбірлеген күй бөлме ішін жаңғыртып жіберді. Көңілің мың құбылып, күймен бірге әуелеп кеткендей.
Шынын айту керек, күйді көбіміз түсінбей жүрміз-ау. Биік қиял да, озық ой да, сәулелі сезім де осында жатқандай. Айтар сырды, іштегі иірімді, жүректің егілген үнін қос перне арқылы жеткізу қандай шеберлік! Радиоқабылдағыштағы сиқырлы әуез өн-бойымызды баурап алды. Шанақтан шыққан саз жан-дүниеңді тербетіп тұр...
Неткен асқақ, неткен мөлдір еді өнер! Өнерді сүйген жүрек – өмірді сүйеді. Өнердің жүрегі нәзік. Өнерде қатыгездік болуы мүмкін емес!
Жылылықтың алдында суықтық еріксіз жол береді. Естеріңізде ме, қысты күні жылы үйдің есігін ашып қалсаң, сырттан суық ауа жер бауырлай кіреді. Жылылық оны жылытып, жеңілдетіп жібереді емес пе?! Мәселен, Күннің шуақты сәулесі түссе қандай қатты мұз болса да еріп кетеді ғой. Өнер де сондай, қандай қатты жүректің өзін жібітіп жібереді.
... Екі бие бір күнде құлындайды. Біраздан соң биенің біреуі майып болады. Жетім құлынды екінші бие бауырына алмайды. Ауылдастарының амалы құриды. Бұны естіген Сүгір домбырасын қолына алып шерте бастайды. Күй әуені бірте-бірте әуелеп, кең далаға шырқап кетеді. Осқырынып, қос құлағын қайшылап, еліріп тұрған бие күй әуеніне елтігендей момақан күйге түседі. Өзіне бұрын бітпеген мейір пайда болғандай еді. Күй ырғағына тербеліп, еміреніп, жетім құлынның қасына жақындап, бауырына алған екен. Сүгірдің «Телқоңыры» осылай шыққан. Міне, күйдің құдіреті! («Телқоңыр» күйін тыңдату)
Сүгір күйшінің күй шертуіне не себеп болды?
Күйдің қандай құдіреті биенің қамқорлығын оятты?
Өнердің тылсым күштері адамды қандай адамгершілік істерге шабыттандырады?
«Өнерді үйрен де жирен» деген сөздің мән-мағынасын қалай түсінесіңдер?
Бабалар даналығынан алған үлгі-өнегелеріңді сөздеріңмен және істеріңмен қалай насихаттап жүрсіңдер? Әңгімелеп беріңдер.
|