Мен елімді сүйемін Сырбай Мәуленов Туған жердің көгілдір аспаны сенің кеудең секілді. Сол аспанның төсінде түнде жарқырап тұрған жұлдыздар сенің көздерің секілді. Сен сол туған жердің аспанымен тыныстайсың.Туған жердің жарық күнімен алысқа қарайсың.
Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз-шексіз қияға өрдеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, оның жүректей болып желмен лүпілдей соққан гүлдері, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары – осының бәрі сенің туған еліңді құрайды.
Туған жерсіз адамның күні жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді.
Туғанел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Күлдір-күлдір кісінеп, айнала шапқылаған ала аяқты құлыншақ! Сәуірде атқан, қылқиып күн көзіне көрінген балауса көк шөп. Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шапағына бөленген үйлер - осының бәрі тұтас туған ел!
Ал енді ананың бесікте жатқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері – осының бәрі еліңнің керемет сипаттары!
Туған елдің тілі барша жанға түсінікті.