2. Графика. Қазақ алфавитінің даму, қалыптасу кезеңдері.
Араб-қазақ алфавитінің ескі және реформаланған жаңа түрі. 1924 жылы жаңартылған алфавитінің қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне біраз икемделуі. Әріп саны ықшамдалып, 32 әріптен 25 әріпке түсуі.
Араб графикасы негізіндегі алфавиттің басқа түркі тілдері сияқты қазақ тілінде де түбегейлі сай келмеуі, әріптердің сыртқы тұлғасы бір-бірімен ұқсас болуы, көпшілігінің диакритикалық таңбалар арқылы белгіленуі, дара әріптің бірнеше вариантпен берілуі, сөйтіп таңба санының мейлінше көбеюі, қолданыстағы ыңғайсыздығы. Осы сияқты кемшілік жәйттердің жазуды қиындатуы, араб графикасынан бас тартуға әкеп соғуы. Қытай, Пакистан, Ауғанстан, Ирандағы қазақтардың араб графикасын қолдануы.
Қазақ жазуында араб графикасының орны ерекше тарихи кезеңдермен тұстас келді. Араб жазуының түркі тілдерінде қолданылуы ХІ ғасырдан-ақ басталғаны аян. Айталық, 1069 жылы жазылған «Құтты білік» дастаны, алғашқы түркі лингвисті М.Қашқаридың «Дивани луғат ит-түрк» атты түркі тілдері саласындағы тарихи-салыстырмалы даңқты сөздігі араб графикасының Қазақстан жерінде алғаш қолданыла бастаған кезеңдерінде жазылған. Сонымен қатар, ХІІ-ХІҮ ғасырларда осы графикамен А.Югнекидің «Ақиқат сыйы», Рабғузидің «Әуле-әнбиenер қиссасы» және т.б. осы сияқты туындылар көне түркі тілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында миссионерлік саясатпен келген орыс ғалымдары қазақ тілін зерттей бастағаны мәлім. 1861 жылы Қазанда басылып шыққан Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» деген кітабы қазақ тілінің жүйесін танытқан тұңғыш еңбек болды. Бұл кітап орыс графикасында жазылды, қазақ тілінде терминдер жасалған жоқ. Бұл еңбек тек зерттеу жұмысы ғана болды.
Қазақ әліпбиі сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының есіміне соқпай кетуге болмайды. Ол 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Торғай өңірінде ел ішінде әр сатылы мектептерде бала оқытумен айналыса жүріп, ағартушылық қызметпен де айналысады. Осы жылдары қазақ шәкірттері тұтынған әліппе, құралдарының кемшіліктерін көзімен көреді. Сол олқылықтарды түзету мақсатында ең алдымен графика мәселесін, соның ішінде қазақ жұртшылығына кеңінен таныс араб графикасын жөндеп, қазақ тіліне лайықтауды қолға алады. Қазақ алфавитінің реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ жазуын жетілдірумен айналысты. Сол күндері қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты пайдаланып келген араб таңбаларының дәл сол күйінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бер алмайтындығын түсініп, былай деп жазды: «Хәріп тіл үшін шығарылған нәрсе, олай болса хәріп жоқ деп тілдегі дыбысты жоғалту керек емес, ол дыбысқа жоқ әріпті іздеп табуға керек. Ол жалғыз бізде ғана болған емес, өзге жұртта да болған, хәріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола хәріпті бұзып өзгерт» деген. Осындай білгірлік танытқан А.Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, түзетуді қолға алады да, «ХХ ғасырға дейін түріктің тілін асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиіс» [8], «асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті» деп емленің ең жақсысы — дыбыс жүйесінде екеніне көзі жетіп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттей бастады. Араб графикасына негізделген жаңа емле 1912 жылдан бастап ұсынылды. «Төте жазу» деген атпен танымал болған бұл графиканы сол кездегі қазақ интеллегенциясы қабылдады және мұсылман медресселері, қазақ-орыс мектептері де қолдана бастады. 1915 жылдан бастап араб графикасына негізделген көптеген қазақ кітаптары басылып шықты.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілін таңбалайтын графикаға мынандай басты-басты критерийлерді қояды:
«1. Тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
Қайсымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?
З. Қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?
Қайсысы баспаға қолайлы?
Үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
Көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?»
Жазуға осындай талаптар қоя отырып, латын және араб графикаларын салыстырады. Бірінші критерий бойынша араб әрпінен қазақ әліпбиіне 14 әріпті өзгертпестен дайын күйінде алдық, 5 әріпке ереже қосып алды. Латын әрпінің өзгертпестен алдық дегеннің өзінде 15 әрпін-ақ алуға жараған, ал қалған 7 әрпін өзгертіп алуға жараған және ң, й дыбыстарының таңбасын бейнелейтін әріптерді ойдан шығарып таңбалаған. Бұл критерий бойынша араб жазуының таңбалар жүйесі артық болып тұрғанын айтады.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеу барысында 28 дыбыс түрі барлығын, оның дауысты және дауыссыз болып жіктелетінін, араб харіпі қазақ жазуындағы жіңішке дауысты дыбысты ажырату үшін қойылатын белгі — дәйекшені енгізудің қажеттілігін, бұл арқылы тіліміздің төл дыбыс жүйесіне тән үндестік заңы бойынша жуан не жіңішке айтылатын буын табиғатын аңғартуға болатындығын қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Сонымен қатар араб алфавитінде жоқ ерін дауыстыларын у дыбысының таңбасына ұқсастырып, жолдың үстіңгі бөлігіне дәйекшелер қою арқылы жаңа әріптер жасайды да, араб графикасын қазақ тіліне ыңғайластырып реформалайды.
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. қазақ балалары 1902 жылдан бастап бастауыш мектептерде оқытыла бастағанымен, ресми түрде графикасы болған жоқ, орыс немес араб графикасын пайдаланды. А.Байтұрсынұлы мен өзге де қазақ интеллегенциясы болып Россия Империялық Министр Советінің Председателіне петиция жазды. Онда қазақ даласында оқу қазақ тілінде жүргізілсін деген талаптары бар еді. Осы талаптың іске асуы үшін А.Байтұрсынұлы 1912 жылы «Оқу құралы» деген атпен құрастырған тұңғыш әліппесі Орынборда басылып шығады. Бұл кітапта әрбір әріпке мінездеме беріледі, одан соң танымдық материалдар ұсынылады. Тұңғыш басылымы 1912 жылы жарық көрген бұл «Әліппе» кейін бірнеше рет басылады, 1925 жылғы Орынбор басылымында 7 деп көрсетілген. Білім кеңесінде бұл кітапқа былай баға берілді: «Әліппе» қазақ даласына көп пайдасын тигізді. Әдісі жағынан да, мазмұн жағынан да ескірген көптеген кітаптардан аса артық. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық.»
1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандырылатын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. «Біздің заманымыз — жазудың заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге керек болғандықтан, қазақтың бастауыш мектептерінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» деп өзіне міндет қояды да, «тіл — құрал» деген атпен үш бөлімнен тұратын оқулық жазуға кіріседі. Бұл кітаптың фонетикаға арналған бірінші бөлімі 1915 жылы жарық көрді. 2 бөлімі морфологияны қамтиды, ол 1914 жылы баспадан шығады. Қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасын талдап-танытудың бүгінгі күнінде де А.Байтұрсынұлының аталған оқулығының негізінде беріліп келеді. А.Байтұрсынұлының еңбегі қазақ тілі біліміндегі тұңғыш еңбек болды.
1912 жылы жаңа графикамен жазылған тұңғыш «Әліппе» Орынборда жарық көреді. Ал 1913 жылдан бастап 1918 жылға дейін «қазақ газеті» А.Байтұрсынұлы түзген емле негізінде жарыққа шығарылды. А.Байтұрсынүлының бұл жасаған әліпбиі қазақ мәдениеті тарихының үлкен бір белесі болды. Қазақ даласындағы алғаш сауат ашу, оқу-ағарту майданында алға басуға зор серпіліс туғызып, хат таныған көпшілікке кең таралып, төте жазу деген ат иемденеді. Өз уақтысында кеңге құлаш жайғанын бүгінгі кездегі шетелдегі қазақ диаспорасының көпшілігі осы төте жазу үлгісін жақсы білетіндігінен көруге болады.
А.Байтұрсынұлы 1929 жылы 12 мамырда өз қолымен жазған баяндамасында: «1901 жылдардан бастап, бала оқытқан кездерден бос уақытымда өз бетіммен білімімді толықтырып, әдебиетпен шұғылдандым» дейді. Ал Орынборға келгеннен кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ алфавитін (шрифтісін емес) және емлесін ретке салып, жеңілдету жолына жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөгде тілдік қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдерден әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден, қазақ прозасын (яғни іс-қағаздар тілін, публицистика мен ғылыми тілін) жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін ғылыми терминдерді жасауға кірістім және айналыстым. Стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен шұғылдандым» дейді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап’ журналы мен «қазақ» газетіненің беттерінде білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10 нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» аттты үлкен мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмей кейбір араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші дейтін таңба қою қажеттігін дәлелдейді. Осы мақалада дыбыс, әріп, дәйекші, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, қағида деген қазақша лингвистикалық терминдерді тұңғыш рет кездестіреміз. «Қазақ» газетінің 191З жылғы З4 және одан кейінгі сандарында «Жазу мәселесі» деген көлемді мақала жариялап, онда кейбір дауысты дыбыстарды (у; ұ, о, и, е, ы) таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін айтады, Сөйтіп, әрі қарайғы ізденістерінде араб графикасын қазақ жазуы үшін былайша лайықтап алуды ұсынады: 1) қазақ жазуы үшін араб алфавитіндегі жуан дыбыстардың таңбаларын алмау; 2) қазақ тіліндегі ы, е, о, ұ, у дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу, З) к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі ә/у дыбыстарымен айтылатындығын) білдіру үшін сөздің алдынан дәйекше таңба қою. Бұлайша түзетілген алфавит сауат ашудың дыбыс жүйелі әдісіне сай келетіндігі байқалады.
А. Байтұрсынұлының араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер ешбір талассыз қабылдады. Себебі оның реформасы қазақ тілінің табиғатына, яғни, дыбыс үндестігі зандылығына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын. Сөйтіп, қазақ дыбыстарының табиғатын айқындап тануы, ғылымға қазақтың жаңа әліпбиін жасауға мүмкіндік береді. Оның 1912 жылдардан бастап ұсынған осы алфавитке негіздеп алған жаңа жазуы («Жаңа емле» деп аталды) іс жүзінде қолданыла бастады. Қазақ жазуының белгілі бір кезеңінде қолданылған араб графикасы 28 әріпті қамтыды және классикалық араб тілінің фонетикалық жүйесі негізінде жасалды. Барлық әріптер дауыссыз дыбыстарды қамтиды, сонымен қатар созыңқы дауысты а, у, и әріптері диакратиялық сызықша (жолдың үстіне немесе астына қойылатын) таңбалар арқылы таңбаланады. Араб алфавиті арамей жазуының бір тармағы набатей алфавитінің негізінде пайда болған. Ол ҮІ ғасырда 22 әріпті қамтыса, ҮІІІ ғасырда олардың саны 28-ге жетті. Жалпы араб жазуының кемшіліктерімен қоса, алғашқы қазақ баспасөзінің жазу құралы болған араб графикасының қазақ әдеби тілінің қалыптасуына көп септігі тигендігін де айта кетуіміз керек.
Баспа беттерінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, 1915 жылдың бір өзінде жаңа емлемен 15-тей кітап басылып шығыпты. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы ұсынған «жаңа емле» 1913 жылдардан бастап мұсылман медресселерінде де, қазақ-орыс мектептерінде де қолданыла бастағандығы айтылады.
Әліпби айтысы ХХ ғасырдың басында жазудың қызметі кеңейе бастағаннан бастап ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. 1926 жылғы 26 ақпаннан 6-наурызға дейін Баку қаласында Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезд өткізіліп, онда күн тәртібінде түркі халықтарының жазу мәселесі, орфографияның негізгі принциптері және олардың әлеуметтік мәні, терминология мәселесі, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы, ана тілін оқыту методикасы т.б. көптеген көкейтесті мәселелер қойылды. Солардың ішінде ең үлкені түркі халықтарының барлығының тегіс латын графикасына көшу мәселесі болды. Бұл съезге қазақстаннан А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Әзиз Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұловтар делегат болып қатысты. Сонымен қатар түрік нәсілді Бартольд, Олденбург, Крымский сияқты ғалымдармен қоса, неміс профессоры Менсель, Ікерлі-Зада, Құсайын-Зада сынды атақты зерттеушілер де қатысты. Құрылтайда баяндама жасаған Ә.Шәріпұлының «емле түзеу жүзінде қазақ жұртының латынға көшуінің қажеті жоқ» деген пікірін А.Байтұрсынұлы да жақтап, «латын қарпіне көшуге жұмсаған қаржыны балаларды оқытатын мектеп салдырайық» деген пікір қосады. Ал бұл пікірлерге қарсы баяндама жасаған Ә.Байдилдин латын графикасын жақтап, «қазақ төңкерісінен кейін еңбек адамдарының талап- тілегін араб әліпбиі толық қанағапандыра алмайды, латын қарпіне көшу заман талабынан туындап отыр», дейді. ( Садуақасов «латын графикасын алудың саяси қорқынышы бар. Сондай-ақ Ж.Аймауытов, М.Дулатовтардың «латын таңбасына көшсек, жаппай сауатсыздыққа ұрынамыз»-деп араб графикасын қолдайды. А.Байтұрсынұлы бұл съезде айтқан пікірін кейін 1927 жылы Қызылордадағы жазу мәселесіне арналған конференцияда да қайталап дәлелдейді. Ол түрік жұртының 90 пайызы араб таңбаларын пайдаланып келетіндігін айтып, әрқайсысының қалыптасып қалған, пайдаланып жүрген хат мәдениеті бар екендігін айта келе, бір әріпті тастап, екінші әріпті алудың қиындықтарын ғылыми негізде дәлелдеп баяндама жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |