Сабақ тақырыбы: Оқу, білім, ғылым турасындағы туындылары Ұлы Абай жас ұрпақтың білім алып, ғылымды игеруіне айрықша мән бергендігі оның өлеңдері мен қара сөздерінде мейлінше байқалады. Өйткені, білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін ұлы ойшыл жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған. Білім алу бүгінде әрбір адам баласы үшін міндетті түрде алдынан ашылатын есік болса, оның мектеп атты қасиетті табалдырығын аттау барша жас өскіндер мен өрендердің басынан өтетін жағдай. Білімге деген көңіл бөлу қазірде тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Яғни, білім алуға жан-жақты алғышарт жасалынған. Қазірде елімізде интеллектуальдық дүмпу қажет екендігін өмірдің өзі алға тартып отыр.
Ал, ендеше, ұлы Абайды толғандырған білім мен ғылым мәселесінен біздер бүгінде нені ұғамыз? «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын ғылымды жас кезден бастап үйрену, білудің қажеттігіне ерекше назар аударады. Ер жеткен соң бәрі кеш екендігін ұқтырады. Бұл дұрыс та. Жас шыбық секілді иілгіш, бейімделгіш шақта, ғылым да бойға тез даритындығын сендіреді. Бүгінгі педагогика да білім мен ғылымға бейімделудің ерте кезден басталғаны жөн екендігін атап көрсетеді. Қазірде білім берудің сандық және сапалы деңгейі мен түрлері саналуан болған шақта, білімнің қадір-қасиеті мен құдіретін жоғалтып алмауды ұмытпаған жөн. Білім, шын мәнінде, ұлы күш екендігін әрбір жас ерекше сезінгені абзал. Абай заманында да медреседе тек қана діни білімді беріп қоймай, жаратылыстану пәндерін де өте бастаған кез еді.Әр ата-ана секілді ұлы ақын да баланы оқытуды жөн санады. Баланы оқытудағы мақсат – ақын тұжырымы бойынша қызмет қылу, шен алу емес. Медресеге біл деп беру- бала танымының кеңеюі, дүниені, ортаны танып, түсінуі деп түйсінеміз.
Ақын ұғымында білім мен білгіш сөздері де екі түрлі мағынада. «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінде білгіш сөзі сұм-сұрқия, қу сөздерімен қауышып жататындығын айқын аңғарамыз.
Сұм, сұрқия, қу, білгіш атанбаққа,
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Білім сөзі ақын қолданысында тек пәнді игеру мағынада ғана емес, әр білім саласының дара ұғымына, өлшеміне ие болып та келеді. Мәселен, ұлы Абай қасиетті сөз киесін құрметтемеуді білімсіз бейшараға балайды.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Абайша айтқанда білімді болу – сөздің сарасын сезе білу. Сөзді былғау, ардақ тұтпау орынсыз көсілу – бейшаралық, ақынға тән емес қылық. Және де:
Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме көп жамандап,
– дейді «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде. Яғни, адамға жат кісімсіну, ақыл сөзге ынта танытпау, бос мақалдау, тілді мал үшін безеу, сол үшін жанды жалдау, біреуді алдап, біреуді арбау, мақтау өлең айтып, сөз қадірін кетіру, көр-жерді өлең ету, әншейін күн өткізбек ниеттегі әңгімелерді құлай тыңдау, мақтан қуу, мал құмарлық, қусың десе қуану, ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талапты ешкімнің де керек етпеуі, терең ой, терең ғылымды іздемеу, өтірік пен өсекті жүндей сабалау секілді қылықтар күні кешегі заманға орай айтылса да, дәл бүгінгінің тірі, жанды сөзі секілді өз оқырманын толғандырады. Бұл өлең тек қазақ өлеңіне қойылар негізгі талап қана емес, ұлттың назар аударарлық мәселелерінің тұтас бір қыры. Бірегей жадта сақтар, дұрыс бағдар жасау жолындағы философиясы, психологиясы және педагогикасы мен өзін-өзі тану пәні десек те болады. Және де осынау қитұрқы теріс қалыптағы мінез-құлық, жүріс-тұрыс мәселелерінің баршасы білімсіздіктен туындайтынын Абай айқын аңғартады. Абайша айтқанда, білім тек дүниеуи пәндерді игеру ғана емес, адами қасиеттерге иелік жасай білушілік те.
Нарық заманының қиын-қыстау кезеңінде, ең алдымен, экономикалық, жалпы алғанда, қоңыр тіршіліктің қоңды болуын ғана ойлаған заманда білім алу, оны игеру, ортақ игілікке жарату, тәуелсіздік мүдделеріне қызмет етуде ұлы Абайдың білім жайлы жан-жақты ойларын өз туындылары арқылы ұғына отырып, жүзеге асыру да аса маңызды әрі мәнді тірлік деп білеміз. «Біреуден-біреу артылса» өлеңінде Абай былай дейді:
Біреуден-біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.
Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.
Абай ұғымында оқыған, білген адам сөз ұғатын, көкірегінде сәулесі жанған жан. Шыны да сол. Алайда, Абай заманы мен қазіргі заманды салыстыратын болсақ, әрине, арасы жер мен көктей. Әйтсе де, ұлы ақынның оқыған, білген адамы нағыз зиялы, білімдарлығы мен адами қасеттері елдік, бірлік қасиеттерге толы. Рас, қазіргі XXI ғасырда оқымаған, мектеп көрмеген, сауатын ашпаған, білімсіз адам мүлде жоқ. Бәрі оқыған. Мектеп көрген. Сауатты. Білімді. Бірақ адам баласы арасында осы өлеңде айтылғандай өнер іздену, яғни, біздіңше, әртүрлі кәсіптің өзі бүгінде шынайы өнерге айналғандығы әмбеге аян. Мінеки, осынау нағыз өнерді ізденетін, игеретін кез енді келді. Қай өнер болмасын, нақтырақ айтқанда, әрбір кәсіп түрін дара өнер деңгейіне көтере алуымыз қажет. Абай осыған меңзейді. Талап болса, білуге, оқуға деген ынта оянса, өзі сүйген өнерін қалап алатындығына ұлы ақын бек сенеді.
Данышпан Абай біліммен қатар ғылымның пайдасын ерте сезінген. Өзі сүйген еліне оны емірене жеткізген де.
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға, –
деп, «Мәз болады болысың» атты мақтанға салыну, босқа желігіп шабу, шенді шекпен жапқанға мәз болу секілді шынайы ғылымға жат мінездерін атап көрсетіп, болыстыққа таласу психологиясының терең әрі қитұрқы иірімдерін жасырмай, талдап көрсетеді. Шенеуніктік ішкі кұпиялар әлеміне енгізеді.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегенде болсын көз.
Абай осылай дейді. Білімдінің талаптыға кез болуы шарт. Абайша ой толғағанда, білімдінің міндетті түрде нұры, сыры болады. Нұры жарық шашады. Сыры тереңге бойлатады. Оны тек көкірегінде көзі бар, санасы сәулелі жан ғана аңғарады, түсінеді, түйсінеді, пайымдайды, байқайды. Білімді адам Абай айтпақшы, «надандай болмас ақ көзді».
Білімдінің көзі көкірегіне орнығады. Маңдайдағы көз – алдамшы, сиқырлы әрі бет перде. Көкіректегі көз – шынайы, нұрлы әрі сәулелі, мөлдір әрі тұнық. Оның не нәрсе болса да, анық та ашық көретіндігіне сенуге әбден болады. Көкірек көзі – ішкі түйсіктің бірі. Ал ішкі түйсік көп жағдайда алдамайды. Дұрыс бағдар сілтейді.
Жалпы алғанда, білім сөзінің білу деген сөзден бастау аларын ескергендіктен, білім сөзі Абай туындыларында жаппай білім алушылықты, сауаттылықты емес, зиялылықты, адами парасат пен пайымдылықты аңғартады. Ақын туындыларындағы білім сөзі сандық көрсеткіш қана емес, сапалы ұғым, адамгершілік категориясымен қабысатын түсінік, тұжырым.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бахра ала алмас, –
дейді «Сегіз аяқ» шығармасындағы өлең жолдары. Білген жан қашанда өз пайдасын, өз үлесін айыра алады. Нарықтық бәсекеде, мемлекеттік мүдде астасқан тұста мәселенің байыбына жете үңілу, мемлекеттік пайданы дөп сезіну – аса қажетті қасиет. Мінеки, Абай өлеңдері мен өзге де шығармалары мемлекеттік идеологиямыздың ұстыны бола алатындығының тағы да бір сыры осында. Ұлттық, мемлекеттік менталитет, ұлттық, мемлекеттік білім мен ғылымның негіздерін Абай туындыларынан еселеп табуға болатындығы да сондықтан.
Дәл осы бір өлеңінің келесі жолдарына тоқталайық:
Білгенге жол бос,
Болсайшы қол бос,
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға…
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Абай білген мен білмегенді қатар қойып, біріншісінің талапқа, ізденіске серік болатынын, екіншісінің көзі ашық болса да, көңілінің соқыр екендігін, рухани азықтан көрі оны қарын мәселесі көбірек толғандыратынын жұмбақ түрінде емес, сыр сипатында терең әрі тиянақты суреттейді.
Мысалы, «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде ақын былайша толғанады:
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
«Білгенге – дүние кең, білмегенге дүние тар» демекші, сәулелі дүниеге ие болған жанның сарайы да әсем әрі ғажайып. Білімнің өзі Абайдың ұғымында көңіл көзі ашық, талапты, ынталы, жігерлі, жүрегі жылы, көкірегі ояу жанға ғана қонақтайды. Абайдың ұғымында білімді адам толық адам секілді жан-жақты, яғни қазақи ұғымдағы сегіз қырлы, бір сырлы адаммен сәйкес келеді. Ғылымның өзі де, ақыл, қайрат, жүректің ұштаған бірлігі қамтамасыз етілгенде ғана өз деңгейіне жетпектігін санаға сіңіреді.
Ақыл, қайрат, жұректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың, елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол жоқ жарыместі «жақсы» демек.
Ақылда ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
дейді ұлы ақын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» атты өлеңінде. Білім іздеу, білмекке құмарлық Абай өлеңдерінде жиі кездеседі. Тіпті, ақынның бір шумақ жұмбақ өлеңі де осы тақырыпты өз арқауына өзек еткен. Сол жұмбақ өлең жолдары мынадай:
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен, –
Соны білсең, әрнені білгендерің.
Жұмбақтың шешуі – білмекке құмарлық делінеді. Білуге құмарту – білімнің басты құралы. Ендеше, білу, білімге құмарту – жан құмары, жанның қалауы. Тек оны дер кезінде байқап, пайымдап, қасиет-қадіріне жетіп, дұрыс арнаға салу аса қажет-ақ.
«Жастықтың оты, қайдасың» өлеңінде де ғылымға бет бұрып, оның пайдасын көрер, баға жетпес шақты дұрыс өткізуге ақын аса ден қояды. Әрине, ғылым жолы – ауыр жол. Әйтсе де, қоғамды ілгерілететін бірден-бір күш – ғылым. Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесін көгертеді. Көсегесі көктеген ғылым ғана елдің еңсесін тіктейді. Өркениет әлеміне тікелей жол ашады. Ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттердің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері осыған меңзейді. Мысал келтірелік:
Жастықтың оты, қайдасың,Ғылымның біліп пайдасын,
Жүректі түртіп қозғамай?Дүниенің көркін болжамай?
Шынында да, ғылымға, яғни дүниені көріктендіре түсетін күшке жүректі алаулататын жастық шақтың тигізер ықпалы орасан. Әрине, ұлы ақын ғылымға қаншама ден қойғанымен, «Өзгеге, көңілің тоярсың» өлеңінде жүйкені жұқартқан ел мінін де жасырмайды. Осындайда ақын уытты сөзін аямай төгеді:
Өздерің де ойлаңдар,Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Неше түрлі жан барсың.Даладағы аңдарсың.
Әуре-сарсаң күнінен қызық көрмеген ақын Абай өзі айтқандай, «қайғы мен ыза қысқан соң», өткір тілін аянбаған.
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар, білімнен, –
деуінің өзі теген емес. Өйткені, ілім мен білім елдің гүлденуіне игі ықпалын тигізеді. Ал Абай ел бойындағы міннің көптігі қорғасынның салмағындай аса ауыр болғанына реніш танытып, «ат шаба алмас мінімнен» деп өкініш білдіреді. Ілім мен білімге деген кержалқаулық, бойкүйездік Ұлы Дала ойшылын қайғыға шөктірді, ызаға бөктірді. Ұлы ақын осы өлеңінде, яғни «Қайғы шығар ілімнен» атты туындысында адам бойындағы міндердің бірқатарын атап айтады. «Есер, есірік болмасаң, Тіршіліктен пайда жоқ», «Басалқы сөз сенде жоқ, Айтқан сөзің «малың шаш» деген секілді өлең жолдары толғауы тоқсан, қым-қуыт тіршіліктің ащы да болса, шырқырған шындығы екендігі де тап рас. Адам баласы ұлы Абайдан бері мұндай кеселдерден, міндерден әлі де болса, арыла алған жоқ, қайта күрделене, қатпарлана түскендей сыңайлы.
Абай «Жиырма бесінші сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор.» дейді де ойын әрі қарай сабақтайды. «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады.» дейді тағы да. Рас қазірде әлемдік өркениеттің ғылым мен білім, экономика мен саясат, әдебиет пен мәдениет саласындағы қажетті мағлұматтарды алуда орыс тілді ақпараттарды көбірек оқимыз. Қазақ тілінде әлі де аздау. Бірақ ұлы Абай сол үшін «Орысша оқу керек» десе де, ұлттық тілінен безінген бүгінгі кейбір ұрпақтың пайда болатынын мүлдем сезбеген болар. Өйткені, ол өз ойын ашық айтқан осы сөзінде. Тұшынып, түсініп оқылық, ендеше. «Әрбіреудің тілін,өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді. Абай айтудай-ақ айтқан. «Жетелі жеті тілді біледі» дегенді көңіліне тұтқан. Өз тіліне өгейлік танытпаған.Қайран да қайран төл тілімізде ұрпақтар мәңгіге оқитын киелі де қасиетті асыл сөздерінің ғажайып та, сырлы әлемін қалдырудың өзі – соның айғағы емес пе.
«Отыз екінші сөзінде» білім-ғылымды үйрену үшін, ең алдымен білу керектігіне тоқталады. Білу үшін іздену, біліммен ғылымға құмарлану, ынтық болу, білгенді берік ұстау, білейін деп алға ұмтылу нәтижесінде оған деген махаббат пайда болатындығын сипаттайды. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады» дейді Абай осы сөзінде. Ғылымды үйренгенде шынайы мақсатты алға қояды. Талас-тартысқа бола үйренуді қажет санамайды. Ғылым нақтылықты, анықтықты сүйетіндігін, ал өзімшілдік талас-тартысқа бастайтынын, қалайда жеңу жолын таңдайтынын ұлы ойшыл бүгінгі оқырмандарына да алдын-ала ескертіп тұрғандай. Ұлы Абай өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақ үшін өмірлік бағдаршамдай әсер етеді. Қазақ даласы енді-енді ағартушылық идеясымен сусындай бастаған шақта, ақын әрі кемеңгер ойшыл білім мен ғылымға қозғау салды, зор серпін берді. Ғаламдық деңгейде өркениет атаулысы – білім мен ғылымға арқа сүйей бастағанын дүйім жұртқа алғашқылар қатарында айту, жадында жаттатқызу – халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі – ұлы Абайға бұйырғаны әрі заңдылық, әрі қажеттілік болатын.
Абай шығармашылығына зер салғанда біздер бүгінгі уақыт тұрғысынан бағамдап, баға берсек, оның білім мен ғылым жайлы ой-пікірлері, көркемдік сөз әлемі әлі де маңызы мен мәнін жоғалтпағанына көзіміз жете түседі. Білім мен ғылымды ұлы Абай бекерге сөз етпегеніне терең түйсінеміз. Келешектің сөзін ту еткен қасиетіне бас иеміз. Қасиеті мен киесі мол ұлағатты сөздерін бойтұмардай сақтап жүруіміздің сыры да осында.