Қаласы: Астана қаласы
Оқу орны: Астана қ. «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК
Пәні: Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
Аты-жөні: Алимова Светлана Асантаевна
Пәні: Қазақ әдебиеті
Тақырыбы: Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармалары. «Маса», «Қырық мысал».
Сабақ түрі: Жаңа білім беру сабағы.
Сабақ мақсаты:
1. Білімділік: Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығынан білімдерін пысықтау, халқы үшін жасаған еңбектерінің мәнінің жоғары екендігін ұғындыру. Студенттерге БАҚ материалдарын қолдана отырып, әдебиеттану ғылымының жолын салушы ғалымның тіл білімі саласындағы еңбектерін, енгізген өзгерістерін білу туралы жалпы мәлімет беру.
2.Дамытушылық: Студенттердің ойлау қабілеттерін, жазу мәдениеттерін, тіл байлықтарын жетілдіру. Ой- қиялына ерік бере отырып, өзінше ой түюге баулу, шығармашылыққа, мәнерлеп оқуға дағдыландыру, ойлау дағдыларын дамыту.
3. Тәрбиелік: Ахмет Байтұрсыновтың адам жанының рухани тазалығы жайлы ойларын жүйелей отырып, ұлтжандылыққа, адами қасиеттерге тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, тарих, музыка
Көрнекі құралдары мен жабдықтары: Ахмет Байтұрсыновтың суреті, шығармалар жинағы, интерактивті тақта, БАҚ материалдары (бейнежазбалар), слайдтар, оқулықтар.
Сабақ барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі:
1. Амандасу.
2. Студенттерге назарын сабаққа аудару.
ІІ. Өткен тақырыпты тексеру:
XX ғасыр басындағы әдебиеттің дамуына не әсер етті?
Бұл кезеңдегі әдебиеттің жаңа бағыт, тың серпін алуына кімнің ықпалы ерекше болды?
XX ғасырдың бас кезінде айтыс дәстүрін қандай ақындар жалғастырады?
XX ғасырдың бас кезіндегі әнші-композиторлар кімдер?
ІІІ. Жаңа тақырыпты зерделеу.
Сабақтың тақырыбын, міндеттерін айту.
Адамға тіл, құлақ қандай керек болса... білім де сондай керек Ахмет Байтұрсынов
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы айту.
Ахметтің өмірі мен шығармашылығын №1 слайд бойынша түсіндіру. (бейнежазбадағы слайд арқылы өмірбаяны, шығармалары көрсетіледі)
А. Байтұрсынұлына: "Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей- теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың "рухани көсемі” –деп М. Әуезов баға берген.
Өмірбаяны: Қазақ халқының осындай біртуар азаматы қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1973 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп, толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас аулына келіп кедей шаруаның басына қамшы үйіре берген орыс оязының озбырлығына шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз бастығы полковник Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние- мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.
Табиғатынан дарынды, талантты, ойлы, қабілетті, өз бетімен ізденеді Ауыл мектебінен сауат ашады. Торғай қаласындағы орысша - қазақша училищеде оқыды. Орынборда мұғалім даярлайтын мектепте оқыды. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда мұғалім болды. «Қазақ» газетінің бас редакторы болды. 1913ж 2 - ақпанда Қазақ газетін ашады. Абайдың тарихи қызметі жайлы Қазақтың бас ақыны атты мақала жазды. 1909ж губернатор Тройницкийдің жарлығымен 8 ай нақақтан - нақақ Семей абақтысына қамалды. Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882- 84 ж. әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886- 1891 ж. Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 ж. 1 маусымнан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды. 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан, кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жасайды, өлең – жыр тудырады, фольлор нұсқаларын жинайды. Ел ішінде жас, оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел- атағы өсе бастайды. А. Байтұрсынов 1917 жылы өз пікірлестерімен бірге "Алаш" атты партия құрды.
"Ахмет Байтұрсынұлы- ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға” – деп бағалаған Әбіш Кекілбаев.
Дамыту кезеңі.
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман - тілегін, мұң - мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім - ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық - отаршылдық саясатын, шенді - шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой - санасын оятуға бар жігер - қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс - тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан соқпақ орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. И. А. Крылов туындыларын аударып, "Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Мысалдарда әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе, патша отаршыларының зорлық- зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі, елдің азып- тозуына байланысты сарындарды А. Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар.
Мысал дегеніміз не? Мысалшы дегеніміз кім?
Мысал-эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта болады. Көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік мазаққа айналдырылып, сықақпен сыналады. Идеясы астарсыз, ашық тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді.
Мысал аудару Ыбырай, Абай тәжірибесінен басталады. Бір мысалдың өзі әрқайсысының аудармасына ілікті. Бұл әдебиетте нәзирагөйлік тәсіл деп аталады. Ахмет Крыловтан аударса, Крыловтың өзі грек мысалшысы Эзоп, Рим мысалшысы Федрден аударған. Ғалымдардың пікірінше, Крыловтың 33 туындысы аударма екен. Біздің Ахмет атамыз да Крыловтан мысалдар аудару арқылы мысал жанрына үлкен үлес қосты.
Ойқозғау (сұрақ-жауап ойыны арқылы өткізу)
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
Бұл үзінді қай шығармадан алынған? - "Аққу, Шортан һәм Шаян”
Мына сөздерді кім айтты?
Нұрыңды күн секілді көріп тұрмын,
Шыдамай, бойым балқып, еріп тұрмын.
Даусыңды тым болмаса бір шығаршы,
Естуге құмар болып өліп тұрмын - түлкі. ("Қарға мен түлкі”)
"Әлін білмеген әлек” деген нақыл сөз қай мысалдағы кейіпкерге арналып айтылған? - Бақаға арналып айтылған ("Өгіз бен бақа”)
"… Қораздан біразырақ күй үйренсең,
Сайрар мұнан гөрі де артығырақ”.-
деп бұлбұлға ақыл айтқан кім? - Есек ("Есек пен Бұлбұл”)
"Білгірлер” ойыны
Жегіліп жүк тартқан кейіпкерлердің бірі.
Көзі нашар көріп, қартайған Маймылдың сатып алған құралы.
"Өгіздей болам” деп суды іше беріп қарны жарылып өлген кейіпкер?
Түлкінің мақтағанына алданып ірімшігінен айрылып қалған кейіпкер?
"Төрткөзбен” дос болып, серт айтысқан төбеттің аты.
Тамағына сүйек тұрып қалып қиналған қасқырға кім көмек көрсетеді?
Көгершінді табалап отырып өзі торға түсіп қалған кім?
Аңшылардан қашып ауылды сағалаған қасқыр кімнен ақыл сұрайды?
Келесі ойын «Жұмбақ жануарлар» деп аталады.
Тақтаға жазып қою:
л м ы й а м (маймыл)
н я ш а (шаян)
і л к ү т (түлкі)
ш қ о ш а (шошқа)
ы қ м с ы (мысық)
а с м а (маса) - мына сөздердегі әріптердің орындары ауысып кеткен. Оларды орындарына дұрыс қойсаң, мысалдардағы жануарлардың аттары шығады.
Бұл жануарлар қай мысалдарда кездеседі?
«Аққу, Шортан һәм Шаян»
«Қарға мен түлкі»
«Еменнің түбіндегі шошқа»
«Қасқыр мен мысық»
«Қаптесер мен көртышқан»
А. Байтұрсыновтың өлеңдер жинағының "Маса” деп аталуының себебі неде?
(Өлеңдерін "Маса” етіп жұмсап, ел құлағына барып ызыңдап, ұйқыдан оятуға тырысты).
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады.
Ахмет Байтұрсынұлы- ақын және мықты ақын. Оның өлеңдері "Қырық мысал” , "Маса” деген аттармен 1912 жылдан 1922 жылға дейін бірнеше рет жарияланған. "Масаға” енген өлеңдер қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, қазақты шағуға дайын тұрған жылан. Оның иесі аяқтары ұзын, сары маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятпақшы.
Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы «Маса» деген атпен Орынборда 1911 жылы басылған. Жинаққа қойған атына ол едәуір ой, салмақты жүк артқан деуге болады.
Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Осы жолдардан «ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса» — сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді. Ол «үстінде ұйықтағанның айнала ұшып», қоғамның енжар, жалқау, ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі.
«Масаның» негізгі идеялық қазығы — жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын өлеңдері жалпы, сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,
Сап- сары аяқтары ұзын маса,
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Қазақ қоғамына рухани тәрбие беруде рөлі өлшеусіз және бүгінгі күні де осы қуатынан айрылмаған осы кітапшаға бағаны қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзімен бергеніміз жөн болар.
Көркем сөз оқушы: Сұлтанмахмұт бір үйге келіп отырып: "Оқитын кітаптарың бар ма деп сұрағанда, оған үй иесі: "Маса” дейтін бірді айтып бірге кететін бір қиссамыз бар”,- деп, қолына Ахаңның кітабын беріпті. Соған назаланған Сұлтанмахмұт "Тұтқындағы Байтұрсынның "Масасына” деген өлеңін жазған екен /1914 ж/. Онда мынадай жолдар бар:
…Бағың жоқ көр соқырдың көзі алдында,
Мұңыңды жылап шақшы өз алдыма:
Гауһар тұрсын, айырып алтыныңды,
Аузына керек тас деп бір алды ма?
Өткірсің наркескеннің алмасындай,
Жүйріксің "полный ходтың” арбасындай.
Сен сұңқар, көңілі соқыр сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай…
Сұлтанмахмұттың осындай бағасынан кейін "Маса” жинағына қандай да болмасын пікір айтудың өзі артық болардай!
Төмендегі сұрақтарға жауап бере отырып, «Маса» жинағын қорыту.
1. А. Байтұрсыновтың өлеңдер жинағының "Маса” деп аталуының себебі неде?
(Өлеңдерін "Маса” етіп жұмсап, ел құлағына барып ызыңдап, ұйқыдан оятуға тырысты)
2. Жас Ахметтің жүрегіне жара түсіріп, "Анама хат” өлеңінің жарық көруіне себеп болған қандай оқиға? (Патша чиновниктерімен қақтығысқа келгені үшін әкесі мен ағасының сотталып жер аударылуы, жазалаушы отрядтың елге жасаған зорлық- зомбылығы)
3. Ағартушылықпен айналысқан адамдарды Ахмет Байтұрсынов кімге теңеді және ол туралы қай өлеңде айтылады? ("Адамдық диқаншысы”)
7. "Қазақ қалпы” өлеңінде Ахмет Байтұрсынов қазақ елін неге теңейді? (Теңізде жүзіп жүрген еспесіз қалтылдақ қайыққа теңейді)
8. А. Байтұрсыновтың "Ақын ініме” өлеңі кімге арналған? (Міржақып Дулатовқа арналған)
Қазақ тілінің негізін қалаушы ретінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды - жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды.
Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу - ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911 - 1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912 - 1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп - бидің» жаңа түрін жазды.
Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып - білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі - ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі.
А. Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы мол
Тіл құралы
Сауат ашар
Оқу құралы
Әдебиет
танытқыш
Қырық мысал
Маса
VI. Сабақты бекіту.
ХХІ ғасыр-білім мен ғылымның ғасыры. Біліммен мықты қаруланған адам ғана кез келген қиындықтарды жеңіп шығады.
Білімдінің алды жарық,
Білімсіздің күні ғарып, -деген сөз осыдан шықса керек.
Ахмет Байтұрсынов -балаларды оқу-білімге шақырып, көп жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған ағартушы-педагог, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы, сөз құдіретін танытқан ақын, публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткері, өз еліне адал қызмет атқарған қоғам қайраткері. Сонымен қатар ол-аудармашы. 1901-1922 жж. Аудармамен айналысқан.
Білімдерін қалай толтырғандарын тексеру мақсатында негізгі айтылатын ойларын плакатқа түсіру арқылы жинақтату.
Ахмет Байтұрсынов кім?
қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші
ағартушы, ұстаз
газет редакторы, публицист.
,
қоғам қайраткері
Ақын, шебер аудармашы
Ұлттың ұлы ұстазы, ағартушы-ұстаз
Тілші-ғалым, аудармашы
Ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы.
Ахмет Байтұрсынов өз халқың сүйген патриот адам
Қазақстан Республикасындағы көптеген мектептер және көшелерге Ахмет есімі берілген.
Қостанай педагогика университеті Ахмет Байтұрсынов есімімен аталады
Қостанай қаласында оған ескерткіш орнатылды
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет ұжымына табыс тілеп, қолтаңба қалдырған.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы — көп ғасырғы қазақ поэзиясының дәстүрлерін, демократтық-ағартушылык әдебиет үлгілерін жаңа тарихи жағдайда дамытып, жалғастырған идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Оларды қайта бастыру туған әдебиетіміздің жалпы адамзаттық, гуманистік, демократтық, тәрбиелік сипаттарын айқындап аша түсетін мұра болмақ.
V. Үй тапсырмасы:
Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны жайында толықтай оқып келу. Сұрақтарға жауап беру, жазып келу.
Axмет Байтұрсынов нешінші жылы дүниеге келді жәнеде қай жерде?
Ахмет Байтұрсыновтың балалық шағы.
1913жылы Ахмет Байтұрсыновтың қандай газетте редактор болып жұмыс істеді?
Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол әдеби шығармалары.
"Маса" атты өлеңдер жинағы нешінші жылы жазылған?
"Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабы нешінші жылы және қай қалада жазылған?
"Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы қай газетте жарияланған?
«Әдебиет танытқыш» еңбегі қай қалада басылып шыққан?
VІ. Сабақты қорыту:
1. Сабақты пысықтау.
2. Бағалау кезеңі.
Достарыңызбен бөлісу: |