Әлеуметтану ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары өз алдына дербес ғылым болып қалыптасты. Оның негізін салушы француз оқымыстысы Огюст Конт. Ол 1839 жылы 6 томдық «Позитивтік философия курсы» атты еңбектің ескертпесінде мен әлеуметтік құбылыстарға тән іргелі заңдар жиынтығын оң зерделеуге қатысты жаңа терминді пайдалануға тәуекел етуге тиіспін деген болатын. Ол термин «Әлеуметтану» болатын.
О.Конт жүйесі боынша жеке адам, қоғам, жалпы адамзат өзінің дамуында міндетті түрде үш сатыдан өтеді.
Бірінші теологиялық немесе жалған сатыда (адамзаттың пайда болуынан бастап біздің заманымыздың 1300 жылына дейін) адам санасы құбылыстардың бастапқы немесе соңғы себептерін табуға тырысады. Ол «абсолюттік білімге ұмтылады». Теологиялық ойлау өз кезегінде дамудың үш кезеңінен өтеді: фетишизм, политеизм, монотеизм.
Екінші метафизикалық немесе абстрактілі сатыда (1300-1800) адам санасы құбылыстардың ішкі табиғатын, олардың мән-мағынасын қалыптасуының басты амалдарын ұғынуға, абстракциялар жолымен түсінуге тырысады. Олар сын тұрғысынан өткізіліп қаралады. Бұл кезең адамның интеллектуалды дамуының ғылыми түрін, яғни позитивизмді дайындады.
Ал, үшінші позитивті немесе шынайы ғылыми кезеңнің (1800 жылдан бастап) негізгі белгісі – мұнда ақыл-ой түпкі себептер мен мәндердің ақылға қонымсыз анықтамаларынан бас тартып, оның орнына заңдарды қарапайым зерттеуге, яғни «бақыланатын құбылыстар арасындағы тұрақты қатынастарға» жүгінеді.
|