Сабақтың барысы: І.Ұйымдастыру. ІІ. Негізгі бөлім. Кіріспе. Мұғалім



Дата25.12.2016
өлшемі186,61 Kb.
#5183
түріСабақ
Ашық тәрбие сағаты

Тақырыбы: Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Мақсаты: Біліктілік: Балаларға қазақтың ұлттық аспаптары жайлы

мағлұмат бере отырып, оның ішінде домбыра

аспабының басынан өткерген тарихы жайлы

ертегіні еске түсіре отыра, ертегі қойылымын

ойнатуды үйрету;

Дамытушылық: Қазақтың басқа да аспаптарының әр

атауларын айтқыза отырып тілдерін дамыту;

Тәрбиелік: Өз ұлтына, қоршаған ортаға деген көзқарасын

кеңейту, өз дәстүрін сүйіп өсуге тәрбиелеу.
Көрнекілік:слайд,суреттер,домбыра,қобыз.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру.

ІІ.Негізгі бөлім.

1.Кіріспе.



Мұғалім:

-Армысыздар құрметті ата-аналар, ұстаздар,оқушылар.Бүгінгі 2 «А» сыныбында өткелі отырған, «Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары» атты ашық тәрбие сағатына хош келдіңіздер.

Қазақтың біртуар тұлғасы Мұхтар Әуезов еліміздің музыка өнері жайында «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген екен. Расында да, қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі бар. Олар халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайтын бірегей мәдени мұрасы.

Бұл халқымыздың дәстүрлі музыка өнері атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан рухани-мәдени байлығы. Ендеше сөз кезегін жүргізушілерге беремін.


Жансая: Қазақтың саз аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көнеден келе жатқан мәдени мұралардың бірі. Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, біздің ата –бабаларымыз тастан ағаштан, түрлі өсімдіктерден, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан, ішектен және басқа да алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасап алды.
Ақтілек: Сол ұмыт болған қазақ халқының аспаптарын қайта жаңғыртып, олардың кең түрде насихатталуына мол еңбек сіңіріп, соңына қыруар мұра қалдырған қазақтың тұңғыш аспаптанушы ғалымы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев еді.

Болат Шамғалиұлы Сарыбаев көне аспаптарды жинауға 1960 жылы бастап кіріскен екен. Сол жылдары Алматы консерваториясының ұстазы Болат Сарыбаевтың үйі ерекше мұражайға айналды. Ол жинаған аспаптар саны 300 –ге жетті.


Жансая: Олардың басым көпшілігі әу бастан музыкалық аспап ретінде емес, тұрмыстық деңгейде қолданылған құрал, бұйым ретінде пайда болған.

Зерттеуші еліміздің түрлі аймақтарынан көне аспаптарды тауып, оларды зерттеп, жетілдіріп, орындау әдістерін меңгерді, шәкірттерін баулыды. 1968 жылы көне ұлттық музыкалық аспаптардан анасамбль ұйымдастырды. Болат Сарыбаев аспаптарды ойнау тәсіліне қарай үрлемелі, ұрмалы,сілкімелі,ысқышты, ішекті, шертпелі, тілшікті деп бірнеше түрге бөлді.


Ақтілек: Зерттеу жұмыстары нәтижесінде ұлт аспаптары бір жүйеге келтіріліп, бүгінде кеңінен насихатталып келеді. Алайда, ел өмірі мен тарихының, өнері мен мәдениетінің ажырамас байлығы саналатын дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың анықтама-дерегін біреу білсе, біреу білмейді.

Сол себептен де бүгінгі тәрбие сағатымызда аспаптардың шығу тарихы мен аңыз-әңгімелері жайында айтылатын болады.



Жансая: Олай болса тәрбие сағатымызды бастайық. Бүгін балалар топ-топ болып аталарының ауылына қонаққа келді.
Ақтілек: 1-ші «Домбыра» тобы Білімпаз атаның үйіне, 2-ші «Жетіген» тобы Ерден атаның үйіне, 3-ші «Қобыз» тобы Ақылбай атаның үйіне қонаққа келіп отыр.

Ендеше ат басын Білімпаз атаның үйіне бұрайық.


Білімпаз ата: Амансыңдарма балаларым,қош келдіңіздер. Менің үйіме жайдан-жай келмеген боларсыздар.
Абай: Жоқ ата, біз домбыра туралы білгенімізбен бөлісуге келдік.
Білімпаз ата: Жарайды, онда домбыра туралы не білетіндеріңізді айта отырыңдар.
Альбина Т.: Домбыра - қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш кезде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады.
Арайлым: Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).
Абай: Домбыраның екі ішектісінен басқа да үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойыны, шіңкілдек деп аталатын түрлері де бар. Дауысы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.
Білімпаз ата: Міне керемет,тағы не білесіздер?
Арайлым: Домбыра туралы өлеңдер білеміз.
Білімпаз ата: Ендеше айта отырыңдар,тыңдайық.
Альбина Т.: Бабамыздың мұңысың сен домбыра,

Анамыздың сырысың сен домбыра.

Қазағымның жүрегінен жаралған,

Даламыздың үнісің сен домбыра



Абай: Домбырадай мұраны,

Қастерлеуге тұрады.

Сонда жатыр даланың,

Үні менен ұраны.



Арайлым: Абай, Жамбыл, сал Біржан

Таңғалдырып ән салған.

Жүрегіңді жандырған,

Естіген жан тамсанған.



Нұрдәулет: Дыбысы оның мың сырлы

Бал бұлақтай күмбірлі

Ынта қойсаң рахат-ақ

Ол аспаптың бір түрі.


Білімпаз ата: Жарайсыңдар,ал балалар сендер осы домбыраның пайда болғаны туралы аңыз әңгіме естідіңіздерме?
Оқушылар: Жоқ ата.
Білімпаз ата: Ендеше мені тыңдаңдар,балалар.

Жаумен күрестен, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан батыр жолда кездескен ауылға тоқтап, демалмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге отырған батыр ағаштың бөлігін кесіп алып, оған аттың қылын тартып, өзі жасаған аспаптан дыбыс шығармақшы болады. Бірақ аспап дыбыс бермейді. Оны батыр қасына қояды да, ұйықтап қалады. Бір кезде оянса, аспаптан өздігінен дыбыс шығып жатыр екен дейді. Аспапты қолына алып қараса, домбыраның басына, шектің астына салынған ағаш кертпені көреді де, мұны шайтанның ісі деп шешеді. Сонан бері, халық арасында бұл «Шайтан тиек» деп аталып кеткен».

Міне балалар, содан бері халқымыз домбыраны «Киелі домбыра» дейді. Адамдар өз сезімдерін домбыраға салып күймен жеткізген.

- Ал енді балалар күй тыңдағанға қалай қарайсыз. Күйдің не екенін білесіздерме?

Күй— музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген.

-Қазақтың атақты күйшілерін білесіңдерме?


Абай:- Ия, мысалы күй атасы - Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Батыс Қазақстан облысының Жиделі деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Сағырбай бүкіл өмірін байдың жалшылығында өткізген. Құрманғазы да жас кезінен байдың малын бақты. Ол қолдан домбыра жасап, күй ойнауға талпынған деседі.
Т.Альбина:-ал, күй анасы - Дина Нұрпейісова – қазақтың атақты күйші-композиторы. Туып-өскен жері – Батыс Қазақстан облысы. Әкесі Кенже Динаны бала кезінен бетінен қақпай, еркін өсірген. Динаның музыкаға деген зеректігі өте ерте байқалған. Ол 7-8 жасында қолына домбыра ұстаған. Тоғыз жасында Құрманғазымен танысқан. Құрманғазы Динаны шәкірті қылып алған.
Арайлым:-ал,Тәттімбет Қазанғапұлы – қазақтың әйгілі күйші, композиторы. Қарағанды облысында туып өскен.
Білімпаз ата:-Ендеше домбырамен орындалатын «Ақсақ құлан» күйін тыңдайық.
Күй «Ақсақ құлан»
Білімпаз ата:Күй тыңдадық тағы қандай өнерлерің бар?

Т.Альбина: Мен ән айтып берейін.
Жансая: Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй,-деп,ақын аталарымыз жырлағандай,келесі кезекті әнге береміз.


Ән: «Домбырасыз сән қайда» орындайтын: Т.Альбина
Білімпаз ата: Жарайсыңдар, талапты балалар екенсіңдер, өнерлерің өрге жүзсін.
Балалар: әумин.
Ақтілек: Балалар жарайсыңдар, бүгін «Киелі домбыра» жайында көп білдік.

«Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл - сәл кем бұра.

Нағыз қазақ, қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра» - деп ақын жырлағандай, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын қоңыр үнді домбыра екеніне көзіміз жетті.
Жансая: Олай болса уақытты созбай, ұлттық музыкалық аспаптың тағы бір түрі-Жетіген жөнінде білгендерімен бөлісуге Ерден атаға келіп отырған «Жетіген» тобына кезек берейік.
Ерден ата: Ал балаларым сендер жетіген жөнінде не білесіздер айта отырыңдар.
Есен: Жетіген - қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады.
Қарақат: Жетіген жасау кәдімгідей ұзақ уақытқа созылады, бұл шеберге тән шыдамдылықтың жемісі.

Жетіген – ішекті аспаптар тобына жатады, құрылымы күрделі, қайбір жері қалпынан сәл ғана ауса, әуелгі әуенінен айырылып қалады. Сондықтан оны жасау шын шебердің еншісіндегі шынайы борыш. Жетіген жасаудағы ең жауапты соңғы жұмыс – ішегін тағып, тиісті жерге тиегін қойып, құлағын бекіту.


Альбина Д.: Жетіген — жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген.

Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған.


Ерден ата: Өте жақсы,тағы не білесіздер?
Қарақат: Аспаптар туралы өлеңдер білеміз.

Қарақат: Жорғалатқан жетіген,

Сыбызғы үні лекіген.

Сызылтады қылқобыз,

Шалып ойнар шаңқобыз.


Есен: Қамыс қурай ағаштан

Түтікше боп ысылған

Үрлемелі ойықтың

Дыбысы нәзік сызылған.


АльбинаД.: Адырна, ұран, қос сырнай,

Саз қалыспас, қосылмай.

Соғар дабыл, жыланбас,

Шындауыл мен дауылпаз.


Ерлан: Тоқылдайды тоқылдақ,

Асатаяқ тайтұяқ.

Әуез кернеп, ысқынып,

Шығар керней, ысқырық.


Ерден ата: Жарайсыңдар,ал сендер осы жетігеннің шығуы жөнінде аңыз әңгіме естідіңдерме?
Оқушылар: Жоқ ата.
Ерден ата: Ендеше мені тыңдаңдар.

(Жетіген туралы аңыз)



Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болған. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған шек салып, тиек қойып, “Қарағым” күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші шек тартып, “Қанат сынар” деген күй шығарды, үшінші ұлы Жайкелдіге ол “Құмарым” күйін, төртінші ұлы Бекенге “От сөнер”, бесінші ұлы Хауасқа “Бақыт көшті”, Жүлзарға “Күн тұтылуы” атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші шекті тартып, “Жеті баламнан айрылып құса болдым” атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер мұнан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй-пьеса түрінде бізге “Жетігеннің жетеуі” деген жалпы атпен жеткен екен.
Есен: Қайғылы әңгіме екен.
Ерден ата: Ия,ал қазіргі таңда осы жетіген аспабында әнді сүйемелдеп,күйде орындайды,бірақ бұл аспаптың үні жіңішке болып шығады. Күй демекші сендер қандай атақты күйшілерді білесіңдер?
Есен: Темірбек Ахметов-дарабоз күйші,сазгер. Ол Алматы облысында дүниеге келген.Темірбектің музыкаға деген ықыласы бала күнінен байқалған.
Қарақат: Ал,Әбікен Хасенов-дарынды актер,әрі күйші-сазгер,Тәттімбеттің дәстүрін жетік меңгеріп,өнерін жалғастырған шертпе күйдің шебері.Ол Қарағанды облысында дүниеге келген.
Ерлан: Нұрғиса Тілендиев- «Қазақстанның халық әртісі»,профессор, Жетісу күй мектебінің дарынды күйші-сазгері. Ол Алматы облысында дүниеге келген.
Ерден ата: Өте жақсы,енді осы жетігенмен орындалатын «Арбиян қоңыр» күйін тыңдайық.
Оқушылар: Жарайды.
Күй тыңдау: «Арбиян қоңыр»күйі.
Ерден ата: Күй тыңдадық тағы қандай өнерлерің бар?
Қарақат: Мен би билеп берейін.
Ақтілек: Ендеше ортаға мың бұралған биімен, Шұғыладай аналарының жолын қуған биші қызымыз Қарақатты шақырамыз.
Би: « ».
Ерден ата: Жарайсыңдар балалар,ешқаша ізденуден талмаңдар, үнемі биіктерден көріне беріңдер.
Оқушылар: Әумин.
Ақтілек: Міне керемет, жетіген аспабы да өмірге жәйдан-жәй келмеген екен.
Жансая: Ия Ақтілек, жалпы музыкалық аспаптар өмірге жәйдан-жәй келмеген. Олар адамның жан дүниесі,ішкі сезім иірімдерін білдіру қажеттілігінен туындап,пайда болған.Адам болмысының сөзбен жеткізе алмайтын күрделі сезімдерін сыртқа шығару үшін музыкалық аспаптарды ойлап шығарған екен.
Ақтілек: Ендеше не тұрыс, кезекті келесі «Қобыз» тобына берейік. Олар қобыз туралы не айтар екен.
Ақылбай ата: Ал балалар сендер қазақтың ұлттық аспабы «Қобыз» жөнінде не білдіңдер айта отырыңдар.
Нұрайлым: Қылқобыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. 9-шы – 10-шы ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Оны сонау жылдары бақсы-шамандар ғана ұстаған. Қорқыттың өзі де көріпкел, халықты емдеген қасиетті адам болған. Жалпы, ұлттық аспаптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Қылқобызды халқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын - шайтан жоламайды деп ырымдайды.
Мейрамбек: Қылқобыз – екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап.

Сонымен қатар, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қобыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Себебі, оның ішегі ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді, ысқышы да. Оның қылқобыз аталуы да сондықтан.


Мадина Д.: Қылқобыздың ішіндегі ең үлкен түрі – «нар қобыз». Қобыздың – нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз деген түрлері де бар.

Қылқобыздың қазіргі заманның түрі — прима қобыз.


Ақылбай ата: Жарайсыңдар балалар, тағы не білесіздер?
Нұрайлым: Қобыз туралы өлеңдер білеміз.
Нұрайлым: Жүйрік аттың құйрығын

Ішек қылған қобызым!

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған қобызым!

Тасқа шыққан ырғайдан,

Құлақ қылған қобызым!

Сексендегі кемпірдей,

Бүкір белі қобызым!



Мейрамбек: Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым!

Қарағайдың түбінен

Қайырып алған қобызым,

Қызыл қаршын тобылғы

Жәшік қылған қобызым,

Желмаяның терісінен

Қапшық қылған қобызым.


Мадина: Желмаяның терісін

Шанақ қылған, қобызым.

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған, қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған, қобызым.


Өркен: Қарағайдың түбінен

Қайырып алған, қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым.


Ақылбай ата: Жарайсыңдар балалар, сендер осы қобыздың қалай шыққаны жөнінде аңыз әңгіме естідіңдер ме?

Оқушылар: Жоқ ата.
Ақылбай ата: Олай болса мен айтып берейін,ал сендер тыңдаңдар.

(Қобыз туралы аңыз)

Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы жөнініде мынадай аңыз бар: «Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай., не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» - деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

-Балалар сендер осы қылқобызбен күй орындайтын күйшілерді білесіздер ме?


Нұрайлым: Ия ата. Ұлы ойшыл,нұсқалы ақын, көріпкел,бақсы,аңыз кейіпкері Қорқыт баба ІХғасырда Сыр бойында өмір сүрген.Ол дүние үнін қобыздың қыл ішегіне сыйғызған,күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы,күйші сазгер.
Өркен: Ал, Ысқақ Дүкенұлы-қазақ халқының дәулескер күйші-қобызшысы.Ол Жезқазған облысында дүниеге келген.
Ақылбай ата: Көп нәрсе біледі екенсіңдер,олай болса енді «Жалғыз аяқ» деген күй тыңдайық.
Күй тыңдау: «Жалғыз аяқ» күйі
Ақылбай ата: Күй тыңдадық тағы қандай өнерлерің бар?
Мейрамбек: Мен ән айтып берейін.
Жансая: Әу демейтін қазақ жоқ,-деп атам қазақ бекер айтпаған.Ендеше Мейрамбектің орындауында «Қорқыт-қобыз» әнін тыңдайық.

Ән тыңдау: «Қорқыт-қобыз» әні

Ақылбай ата:Жарайсыңдар балалар, білімдерің арта берсін,биік-биік асулардан көріне беріңдер.
Балалар: Әумин.
Ақтілек: Міне үш топтың да өнерлерін тамашаладық, расындада көп нәрсе біледі екен.Домбыра,жетіген,қобыз туралы толық мағлұматтар берді.Алайда біз бұл үш аспаппен шектеліп қана қоймаймыз, қазақ халқының бұларданда басқа 50-ден аса музыкалық ұлттық аспаптары бар.
Жансая: Ендеше солардың кейбіріне тоқтала кетейік.
Арайлым: Адырна - қазақ халқының өте ерте заманынан келе жатқан көп ішекті аспаптарының бірі. Ежелгі заманында бұл аспапты аңшылар ұстаған. Садақ атып, жебе тартып, аң - құстарды аулаған. Әуелде адырна садақ пішінді болды. Кейін бұл аспапты бұғы, марал, арқар тұрпатты аңдардың тұлғасына ұқсастырып жасады.

Альбина Т.: Шаңқобыз - қазақтың көне музыкалық аспабы. Ағаштан, темірден кейде күмістен жасалады. Ағаштан жасалған шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы ортасындағы тілше тербеліп, дыбыс шығарады. Ол ашалы сым темірден немесе күмістен жасалған. Белгілі бір музыкалық әуен шаңқобыз арасында бекітілген тілін саусақпен шалып тарту арқылы орындалады. Негізгі дыбысы тілдің мөлшеріне байланысты.
Абай: Мүйіз сырнай - ескі үрмелі мүйізді аспап. Ол үш тесікті мүйізден жасалады. Сырнай - сыңсымалы дыбыспен ерекшеленеді және жол сапарларда хабар беруші аспап ретінде қолданылған.
Нұрдәулет: Сазсырнай - үрлемелі аспап. Сазсырнай ысқырып ойналатын флейталар тобына жатады. Кейбір сазсырнайдың ысқырғыш тетігі болмайды. Сазсырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі.
Қарақат: Сақпан – (зырылдауық) қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының бірі. Ертеде бұл аспапты малшылар мен бақташылар мал қайыру үшін қолданатын болған. Кейін зырылдауықтың “сақпан”, “шартылдауық”, “зымырауық” деген түрлері музыкалық аспаптарға айналды. Қазіргі кезде бұл аспаптар “Сазген”, “Адырна” көне аспаптар ансамбльдері мен әйгілі “Отырар сазы” оркестрінде қолданылып жүр. Зырылдауық аспабының жасалу әдісі күрделі болғанымен, ойнау тәсілі өте қарапайым.
Есен: Дауылпаз - ұрып ойналатын музыкалық аспаптардың бірі. Халық тұрмысында кеңінен қолданған. Әсіресе, бұрынғы кезде, жауынгершілікте дабыл қағып, белгі беруүшін қолданған. Аспаптың жасалу құрылысы күрделі. Ол тұтас ағаштан ойылып жасалады. Бет шанағы терімен қапталады. Иыққа асып алу үшін қайыстан арнайы аспалы бау бекітіледі. Дауылпаз ағаш тоқпақпен ұру арқылы дыбысталады.
Альбина Д.: Желбуаз - Үрмелелі аспаптар тобына жататын, ерте заманнан келе жатқан, ел көзіне еленбеген көне музыкалық аспап. Иленген мал терісінен жасалады. Сырт көрінісі меске ұқсас. Ауызын бекітіп тұратын тығыны болады. Әуен шығаратын екі сырнай түтікше бекітіледі. Мойынға асып алып жүруге ыңғайлап, қайыстан арнайы бау тағылады.

Ұзатылатын қыз ұзатылуына 3 - 4 күн қалғанда қоштасу әнін айта бастайды.


Ерлан: Тұяқтас – қазақ тұрмыс салтында ежелден бар музыкалық аспап. Әуенін тұяқтаспен сүйемелдеп отырады. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады, тұяқтың ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенеді. Оны әбден ішін тазартып, күнге кептіреді. Бүгінде бұл аспап музыкалық аспап ретінде ансамбль мен оркестрлерде кеңінен қолданылады.
Нұрайлым: Даңғыра - қазақтың көне ұрмалы - сылдырмақты, қатты дыбысты музыкалық аспап. Бұл бір жағы терімен қапталған, ішкі жағынан темір алқалар сақиналар мен сылдырмалар ілінген дөңгелек шығыршық.
Өркен: Асатаяқ - тұтас ағаштан жасалған, оның басында темір теңгешелер, қоңыраулар ілінген, сілкіп ойнайтын аспап. Қоңыраулар күміс, алтын, қорғасын сияқты асыл тастардан жасалған. Қоңыраулар соғылғанда әдемі үн шығады.
Мадина: Қоңырау - Қазақ халқаның ертеден келе жатқан сылдырмақты музыкалық аспаптардың бірі. Қоңырау дыбысы сыңғырлап шығатын металдардан әр түрлі көлемде жасалады. Сырт көрінісі шар тәрізді, іші қуыс, ортасында тілшесі болады. Аспаптың жеті музыкалық дыбысы қатары бар. Ертеде үй тұрмысында, малшылар арасында көп қолданылған. Далада бос жайылып жүрген малдың мойынына қоңырау таққан, өйткені қасқыр металдан шыққан дыбыстан қатты қорқады. Қоңырауды сол сияқты мектепте де қолданады.
Мейрамбек: Шертер - қазақ халқының шертпелі музыкалық аспабы. Шертер - қазақ халқының көне ішекті музыкалық аспабы. Кей деректерге сүйенсек, бұл аспап домбыра мен қобыздың арғы тегі болып саналады.

Сырт келбеті қобызға жақын, көлемі жағынан домбырадан кіші. Шертер аспабы ағаштан ойылып, шанағы ешкі терісінен қапталған. Ішегіне аттың қылы тағылады. Ойнау тәсілі домбыра тартуға ұқсайды. Дыбыс күші қапталған тері мен ішектердің қалыңдығына байланысты. Бастапқы кезде аспапта перне болмаған. Көп ұзамай перне орналастырып аспаптың беткі жағы біраз өзгеріске ұшыраған.


Ақтілек: Ұлттық аспаптың өзгеде түрлерімен таныстық,енді сөздің көркі мақал деп,келесі кезеңді өнер туралы мақал-мәтелдерге берейік.
Альбина Т.: Орман аралаған үйші болар,

Қобыз сыралаған күйші болар.


Абай: Жігітке жетпіс өнер де аз.
Арайлым: Ата өнері – балаға мұра.
Қарақат: Өнерлі бала елдің көркі,

Үкілі қамыс көлдің көркі.


Ерлан: Өнерлінің өрісі ұзақ.
Альбина Д.: Өнерліге есік ашық.
Нұрайлым: Өнер көзі – халықта.
Мейрамбек: Озар елдің қызы мінезді,

Ұлы өнерлі келеді.



Мадина: Қына тастан шығады,

Өнер білім жастан шығады.


Ойын. «Ойлан да тап»

Шарты:Жұмбақ шешу.


Ұзын мойын

Екі ішекті

Қатар-қатар текпішек

Басып көрсең бір-бірлеп

Үн шығады күмбірлеп (Домбыра)
Созылған үні,

Сүйкімді тілі.

Үрлесең ойнайтын,

Аспаптың бірі. (сыбызғы)


Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,

Азынаса көмейінде мал жылайды.

Құйрығын қара жерге тіреп алып,

Келеді баяғының әнін салып. (қобыз)


Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,

Әуезінен жеті тарау мұң шығар.

Ойнап кетсең, түрлі - түрлі жыр шығар,

Бұл қандай аспап? (жетіген)



Ойын: «Үнін тап»

Шарты: Шыққан дыбыстың қай аспаптың үні екенін табу.


VI. Бекіту.

1. Қандай аспаптармен таныстыңдар?

2. Б. Сарыбаев кім?

3. Көне музыкалық аспаптарды қай жылдан бастап зерттеді?

4. Ойнау тәсіліне байланысты аспаптар қандай түрге бөлінеді?

5. Ертеде ішектерді неден жасаған?

6. Бүгінгі тәрбие сағаты ұнады ма?

7. Көңіл - күйлерің қандай?




VII. Қорытынды.

Ұлы жазушы М. Әуезов «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деген екен. Ендеше ән мен күйге құмар болып, қызығушылықтарың арта түссін деп бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Аяқтай отырып келесі сөз кезегін

Өнер мектебінің ұстазы:

Тәрбие жұмысының орынбасары:



Ата-ана:

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет