Сол жандар әсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз.
Жанына қарай тән болар ,–
деп жоғарыда айтылған ойын осы өлең жолдары арқылы айғақтай түседі.
ІҮ
Жанның өлмеу, жоғалмау себебін іздеген Шәкәрім өзгелер айта алмаған соны пікір желісін тартатыны бар.
Хақиқат жан нұрына қанса біреу,
Оның жаны өлмейді балталаса (1.309), –
деп ой толғауына қарағанда, жанның өлмеуінде екі түрлі себеп жатқан тәрізді: біріншісі – сопылық поэзиядағы «ашық-машұғ» ұғымындағы перделеп бейнелеп берілетін сопылық өлең табиғатына көңіл бөлген Шәкәрім:
«Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры», –
деп жазуында ең өзекті мәселенің астарлы мағынасы жатыр. «Хақиқаттың шын нұры» деп отырғаны – түп иені танып білу арқылы шындыққа көз жеткізу.
Екіншіден, Шәкәрімнің «Ғылымда не бар болса, бәрі жанда» (1.125) деп жатуына себебі де бар сияқты. Дене (тән) мың құбылып өзгерсе де, оның ескі жаны өзгермейді. Дене киген киім сияқты ескіріп тозып қала береді, бірақ жан (ескі жан) өзгермейді, өлмейді. Осы себепті Шәкәрім «жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді, құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ» («Үш анық», Алматы, 1991, 29 бет), – деп ой байламын жасайды. Жан әр түрге түседі, мысалы, инстинкті – сезімді жан, сознание – аңғарарлық жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан. Сезімді жан (инстинкт) – өсімдіктер жанына тән құбылыс. Аңғарарлық жан (сознание) – жануарлар әлеміне тән қүбылыс. Мысль (ум) – толық, терең ақыл адамзатқа ғана тән құбылыс болып саналады. Адамның хайуанаттан артықшылығы да осында, ақылында, алды-артын болжай алу қабілетінде жатса керек. Өйткені:
Тән – терезе, ой – қожасы,
Ойлап анық байқасаң,
Бар ғылымның түп атасы
Таза ақылмен ойлану, –
деп адамға тән ой мен ақылға, оның дамыған түрі таза ақылға мән береді де, «толық терең ақыл адамнан шығады» («Үш анық», 29 бет) деген байламға келуі жай нәрсе емес, ұзақ жылдар бойы ізденістің жемісі.
Достарыңызбен бөлісу: |