Пәні: әдебиеттік оқу Сабақтың мақсаты: Оқушыларға «Абай шаңырағын» әңгімесіндегі мәтінді оқыту арқылы қазақтың салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарынан мәліметтер беру, қазақтың киіз үй жабдықтары туралы түсіндіру. Сабақтың міндеттері: Білімділік: Саналы, түсініп дұрыс оқуға машықтандыру. Мәтін мазмұнын әңгімелей білуге үйрету. Дамытушылық: Оқушылардың ой – өрісін, сөйлеу тілін дамыту. Тәрбиелік: Адамгершілікке, ұлттық салт – дәстүрді сақтай білуге тәрбиелеу. Сабақтың типі: Аралас сабақ Сабақтың әдіс – тәсілдері: Түсіндіру, сөздік, сұрақ – жауап, әңгімелесу. Сабақтың көрнекілігі: А. Құнанбаевтың портреті, интерактивті тақта, презентация слайдтары, көрме, бүктемелер. Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды түгелдеу, назарын сабаққа аудару. Психологиялық дайындық
Қайырлы күн, балалар
Қайырлы күн, мұғалімдер Тыныш болып түніміз Ашық болып күніміз Сәттілікке толсын
2. Үй тапсырмасын сұрау. - Үйге қандай тапсырма берілді? - «Шал мен бала» әңгімесі А) Мәтінде не туралы айтылған? Б) Атаға көмектескен бейтаныс баланың аты кім? В) Мәулен не себепті атадан ұялды? Г) Мәулен қандай оқушы? 3. Жаңа сабаққа кіріспе. «Абай» сөзжұмбағын шештіру Сұрақтары: 1. Үлкен қарияны қалай атаймыз? 2. “Шал мен бала” әңгімесінің авторы кім? 3. Мәулен кімге көмектесті? 4. Қария кісіні бала неден демеп түсірді?
«Абай» сөзжұмбағын шештіре отырып, бүгінгі «Абай шаңырағы» тақырыбымен таныстыру. Жаңа материалды меңгерту. Ендеше, балалар, Абай Құнанбаев туралы не білеміз? Абай кім? Абай - ақын, философ, жазушы, аудармашы, композитор Дүниеге келген жері: Семей облысы, Семей ауданы, Шыңғыс тауында 1845 жылы дүниеге келген. Шығармалары: «Жаз», «Күз», «Қыс», «45 қара сөзі», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» т. б.
Кәмен Оразалин (1920 – 2008) Жазушы Кәмен Оразалин 1920 жылы 16 маусымда Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. 1939 жылы орта мектепті бітіргеннен соң мұғалім болып, сауатсыздықты жою науқанына қатысты. Әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысы майданында 365 атқыштар полкінің қатарында соғысты. 1947 жылы Н. К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын бітірді. Ұлағатты ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Алғашқы повесі «Жексен» 1950 жылы жарыққа шықты. «Ақжазық» (1957), «Көктем салқыны» (1964) романдарының авторы. Кәмен Оразалин бала кезінен бері Ұлы Абайдың әндері мен шығармаларына тәнті болып өсті. Қарауылда Абай атындағы мектепте қызмет істеп жүрген кезінде, елге келген Мұхтар Әуезовпен бірге ел аралап, ақын туралы мағлұматтар жинастырған. Мектептегі «Абай ұрпақтары» қолжазба альманағын басқарды. К. Оразалин 1972 жылы жарық көрген «Абайдан соң» романын өзінің ең кесек, ең негізгі туындысы санаған. Мұхтар Әуезов жайлы алғашқы романның авторы, Абай мектебінің шәкірті, белгілі абайтанушы, майдангер жазушы, қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы Кәмен Оразалин 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. «Қазақ ССР - нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Парасат» орденінің және көптеген медальдардың иегері.
«Абайдың шаңырағы» мәтінін оқып, түсінігі айтылады.
Дәптермен жұмыс. • Шымши – өрнектеп тоқылған ши. • Ызу – тігістің түрі • Алаша – қой жүнінен тоқылған төсеніш • Сүйек төсек – сүйекпен өрнектеп жасалған төсек
• Балалар, «Абай шаңырағы» мәтіні үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімді мұқият тыңдап, түсініп оқимыз. Әр бөлімнің кейіпкерлеріне мән беріңдер. Бөлімдерге қалай ат қояр едіңдер?
1. Киіз үй. Бұл бөлімде Күнжанның киіз үйдің уық, керегесінің кеткенін қайта жөндеткені және шебер әйелдерге шымшилерді тоқыттырып, бауларын, таңғыштарын бітіруді тапсырғаны айтылған. Жаңадан жасалатын бұйымдар да Абайдың ұнататын өрнек – бауларымен көркемделген.
2. Күнжанның қонақтары. Бұл бөлімде Әуез, Кәрім, Кәкітай, Мекайіл, Закен секілді кейіпкерлер бар. Кәкітайдың Абай шаңырағын көріп таңғалып, разы болған сәттері осы бөлімде анық айтылған.
3. Абай шаңырағы. Үшінші бөлімде Әуез бен Кәрімнің үй ішіндегі сәттері бейнеленген. Әуездің киіз үйдегі Абайдың қаттап жиналған сүйек төсек, кітап шкабы мен үш ішекті домбырасын көріп көңілі босап кеткен сәті бейнеленген. Әуез Абайдың «Нағашы, төрлетіңіз!» деген қоңыр даусын естігендей болып қатты толқиды. «Абай шаңырағы» бұл мәтінде Абайды қайта тірілткендей.
4. «Тапқыр болсаң, тауып көр» бөлімі бойынша жұмбақтар шешіледі. Көрсең, Алып тор жолды парақтай, Жайсаң, Қатарлап сызған жолақтай. /Кереге/ Қабырғасы тор көз, Төбесінде зор көз. /Кереге; Шаңырақ/ Бір басы имек, Бір басы үшкір сырық, Қатар - қатар тұрып, Күмбез сынды шеңберді, Көкке тіктеп көтерді. /Уық/ Ұқсайтын шеңберге, Қабырғасы жиылып, керіледі. Жиһазы мол кең бөлме, Төбесінен жұлдыздар көрінеді. (киіз үй) Тіреусіз күмбез, Сылақсыз қабырға. (киіз үй)
Бір нәрсе өзі биік, іші қуыс, Ол заттың сүйегі көп айқыш - ұйқыш. Көзі бар жабырқаған төбесінде, Жайса үлкен, жиналғанда бір - ақ уыс. (киіз үй)
5. Сабақты қорытындылау. • Абайдың үйін әдемі етіп ұстаған кім? • Киіз үйге Кәрім мен Кәкітай қандай баға берді? Ол қай бөлімде айтылған? • Күнжанның еңбегіне сен қандай баға берер едің? • Мәтіннің әр бөліміне ат қой. • Абайдың үйінде болған заттарды сипаттап айтып бер.