Сулейменова Нұрбота Қалиқызы
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Зеренді ауданы Шағалалы орта мектебі
Сабақтың тақырыбы: Аңдар, балықтар, құстар. Қайталау. (3 сынып.
ашық сабақ жоспары)
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Өткен тақыраптар бойынша алған білімдерінің сапасын анықтау. Сұрақтарға дұрыс жауап беру дағдыларын тексеру, оқушыларды сөйлету.
2. Дамытушылық: Оқушылардың есте сақтау, қисынды ойлау қабілеттерін дамыту. Ұжымдық, топтық жұмыс жасауға үйрету.
3. Тәрбиелік: Өз бетімен жұмыс жасап үйренуге баулу. Жан-жануарларға, құстарға, қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: қайталау сабағы
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, сөйлету, сипаттау, жаттықтыру, ойлау, жазу.
Көрнекіліктері: Аңдардың, балықтардың, құстардың суреттері, жазылған тірек сөздер, ағаштың, аквариумнің суреттері, жұмсақ ойыншықтар.
Пән аралық байланыс: орыс тілі, ана тілі, жағрапия, музыка, сурет
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру
Сәлемдесу
Түгендеу
Үй жұмысын тексеру
Құстардың аттарын сұрау
І. Кіріспе, мұғалімнің сөзі.
- Балалар, біздер «Хайуанаттар бағында» деген үлкен тақырыпты тәмамдадық. Бұл тақырыпта нелермен таныстық, нелер туралы айттық?
-Аңдар, балықтар, құстармен таныстық, солар туралы айттық.
-Аңдар туралы өткенде «Аңдар мектебінде» тақырыбын өткенбіз. Бүгінгі біздің сабағымыз сол «Аңдар мектебінде» өтеді. Мынау біздің ормандағы мектеп. (Сыныптың ішінде даладан кіргізілген қозғалмалы ағаш бұтақтары мен декоративтік ағаш). Осы мектептің 3-ші сынып оқушыларымен жұмбақтар арқылы қонақтарды таныстырайын. (Әрбір оқушының басына аңдардың суреті бар қағаз шеңбер кигізілген). Мен аңдар туралы жұмбақтар оқимын, ал сендер мұқият тыңдап, жұмбақтардың шешуін тауып көріңдер.
Жұмбақтар
Қорықпайды күшті аңнан,
Қорқады тек тышқаннан.
(піл)
Айбарлы түрі бар,
Қанжардай тісі бар,
Тұла бойында
Тасыған күші бар
Күшірейген жалды.
Білсең айт бұл аңды.
(арыстан)
Тарғыл-тарғыл тас па,
Тастан бірақ басқа
Мекені қамыста,
Бұл саған таныс па?
(жолбарыс)
Жазда қыдырады,
Қыста тынығады.
(аю)
Бейқам елді іздейді,
Малдан күдер үзбейді.
(қасқыр)
Есек құлақты,
Мысық аяқты.
Түйе ерінді
Ешкі құйрықты.
(қоян)
Ағаштан-ағашқа секірген,
Кішкентай ғана шапшаң аң
(тиін)
Халық «қу» деп,
Қылған күлкі
Айналасы көп
Бұл не?
(түлкі)
-Жақсы, балалар, енді біздің сыныптың кейбір оқушылары туралы айтайық. Қане кім бастайды? Жарайды, мен сендерге сұрақтар қойып отырайын, сонда жеңілдеу болады.
-Аңдардың ішіндегі ең үлкені қайсысы?
-Ең үлкені-піл. Ол Африкада, Үндістанда мекендейді. Пілдер өсімдік жейді.
-Аңдардың патшасы деп қай аңды айтамыз?
- Аңдарды
Аң патшасы-арыстан. Арыстан-айбатты, жыртқыш аң. Ол үңгірде жатады.
-Жолбарыс қандай аң?
-Жолбарыс-жыртқыш аң. Ол сиырды, жылқыны оңай өлтіреді.
-Аюдың қандай түрлері бар?
-Ақ, қара, қоңыр аюлар бар. Ақ аю суда жүреді, ал қара, қоңыр аю орманда болады. Қыста апанда жатады.
-Қоян, тиін қандай аңдар?
-Тиін-жуас, момын, ал қоян- қорқақ. Олар кішкентай аңдар, тиін, қоян ағаштың қуысында жатады.
-Қоян туралы біздер тақпақ жаттап едік қой, кім есіне түсіріп айтып береді?
-Ал, айта ғой.
-Қоян.
Ұзын құлақ сұр қоян
Естіп қалып сыбдырды
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына
Қиығын сап көзінің
Келе жатқан томпаңдап
Көжегі екен өзінің.
-Өте жақсы. Ал түлкі ше? Ол қандай аң.
-Түлкі-қу, айлакер.Ол тауықты, балықты жақсы көреді.
-Міне, көрдіңіздер ме, біздің аңдар мектебінің 3-сынып оқушыларының мінездері осындай.
Жаңа аңдар, жануарлар туралы айтқанда, түлкі тауық, балық жейді дедік. Біздің сыныптағы аквариумдегі балықтарды ұрлап жеп қойған жоқ па екен өзі?
-Жоқ, жеген жоқ.
-Жарайды, бар екен. Өткенде біздер «Балықтар» және «Құстар» деген тақырыптарды өткенбіз. Бүгін сол тақырыптарды қайталаймыз. Алдымен мына тапсырмаларға назар аударыңыздар. Тапсырманың орындалу шарты мынадай: берілген мына сөздерді тәуелдейсіңдер, екінші берілген сөздерге сұраулық шылауларды жалғап жазамыз.
-Жақсы, енді дұрыс болады. Енді, мына біздің аквариумде білетін балықтарымыз бар ма екен, қарайық.
Оқушылар бір-бірден келіп, тақтаға ілінген аквариумнен балықтың суретін көрсетеді. Қазақша атын айтады.
-Мынау-жайын; шортан; алабұға; бекіре; сазан; табан; майшабақ. Әр балықтың артында жаттығулар бар. Сол жаттығуды орындайық.
-Дұрыс, ал осы балықтар, аңдар, жануарлар жылдың қай мезгілінде ұйқыдан оянады, көктемде, ұйқыдан оянады, жылы жақтан ұшып келіп, ұя жасайды.
-Ендеше, біздің жаққа да құстар ұшып келіп жатыр ғой деймін.
Тыңдаңдаршы, мынау қандай дыбыстар шулап жатқан? (Үнтаспадан құсын атардың шулаған дауыстары естіледі.)
-Бұл – құстар. Құстардың шулаған дыбыстары шығады.
-Иә, дұрыс, бұл құстар шулап жатқан. Мына жерде қаншама құстар отыр, қарайықшы қандай құстар ұшып келіпті?
Екі қатардан бір-бір оқушыдан келіп, құстарды ағашқа іліп, қазақша атын атайды.
-Қазір сендерге мынадай сигнал қағаздарын таратамын. Әрбір құсты көрсетіп атын атаймын. Сендер дұрыс болса қызыл сигнал қағазын, қате болса көк сигнал қағазын көтересіңдер.
-Құстарды таспен ұрып, ұясын бұзуға бола ма?
-Жоқ, болмайды.
-Дұрыс айтасыңдар, торғайларға көмек көрсетуіміз керек. Кім бізге торғай туралы тақпақ айтады?
Бір немесе екі оқушыға «Торғай ағаш қорғайды» тақпағын айтқызу.
Шыр-шыр еткен торғайды,
Қорғамасақ болмайды.
Кіп-кішкентай торғайлар
Ағаштарды қорғайды.
Таспен атып торғайды,
Ұя бұзған оңбайды.
Құс өкпелеп кетеді,
Бақшамызға қонбайды.
-Міне, көрдіңіздер меқұстар да өкпелейді екен. Сондықтан оларды өкпелетпейік, құстармен достасайық.
-Ал енді, мына ойынды ойнайық «Кім жылдам?». Суреттерде құстың әр түрлі бөліктері берілген. Осы бөліктерден құсты жылдам құрастырып, атын айту керек.
Балалар тақтаға бөліктерден құсты құрастырып іледі.
-Міне, біздің жасырған құсымыз дайын болды. Сонымен бұл қандай құс? Орман дәрігері деп қандай құсты айтамыз? Құстың атын бәріміз бірге айтайықшы.
-Бұл-тоқылдақ.
Сабақты қорыту: Бүгінгі сабағымызды қорытайын десем, мына бағаналарда аңдар, құстар, балықтардың барлығы шатасып кетіпті. Көмектесіңдерші, аңдар қайсы, балықтар қайсы, құстар қайсы, айыра алмай тұрмын.
Тақтаға араластырып ілінген аңдардың, балықтардың, құстардың аттарын үш бағанаға бөліп, орналастыру.
-Көп рахмет, енді дұрыс болды, барлығы орнында.
Осымен, бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз. Енді кімде неше және қандай түсті дөңгелекшілерің бар соны санаңдар, сол бойынша бағаларыңды қоямын.
Үйга тапсырма: Өткенді қайталау
Достарыңызбен бөлісу: |