Мамандығы: «Бастауыш білім беру»
Тобы: БА-11
Сабақтың тақырыбы: «Ахмет мұрасы- рухани қазына»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: қазақ халқының ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы туралы мағлұмат бере отырып, шығармаларының мазмұнымен таныстыру.
Дамытушылық: студенттердің ауызша сөйлеуін, мәнерлеп оқуын, түсінігін, өз ойларын жүйелі айта білуін, шығарманы талдай алуын және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік:. Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын үлгі ете отырып, мысалдың мазмұнын ашу арқылы оқушыларды ынтымақтастыққа, ауызбіршілікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: шығармашылық-ізденіс сабағы.
Сабақтың көрнекілігі: Интербелсенді тақта, ақын суреті, кеспелер, оқулықтар, «Қырық мысал» жинағы.
Сабақтың әдіс – тәсілдері: әңгімелесу, баяндау, сахналау әдісі, кері байланыс, сатылай кешенді талдау әдісі, СТО технологиясының әдістері.
Пәнаралық байланыс: тарих, мәнерлеп оқу, бейнелеу өнері.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үй тапсырмасын сұрау.
Әсет Найманбаев және әнші-сазгерлер туралы білімдерін сұралады.
ІІ. Қызығушылықты ояту.
Әр топқа сұрақтар жазылған қима қағаздар таратылып беріледі.
«Бес арысты» ата.
А.Байтұрсынұлы кім?
А.Байтұрсынұлын қандай туындылары арқылы білеміз?
Оның қазақ әдебиетінің тарихындағы орны.
IIІ . Жаңа материалды түсіндіру. Сабақтың мақсатымен таныстыру.
Оқытушы сөзі.
XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов еді.
Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.
Ахмет Байтұрсынұлы біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліпбиімен ашып, ана тілін Байтұрсынұлының “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.
Рабиға Сыздықова.
1927 жылы Смағұл Садуақасов: «Ахмет Байтұрсынұлын ақын деуден гөрі ірі қоғам қайраткері және ғалым деп тану дұрысырақ» деп жазған болатын. Әйтсе де, Ахмет Байтұрсыновтың таланты да, беріп кеткен ақындық мұрасы да оның өте күшті, дарынды, ойлы ақын екенін танытады.
Ақын өмірінен шағын деректі фильм көрсетіледі.
ІҮ. Мағынаны тану.
1 - топ. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы.
2 - топ. Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары.
3 – топ. Ахмет Байтұрсынұлы – ақын.
4 - топ. Ахмет Байтұрсынұлы – ғалым.
1 топ студенттері слайд арқылы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы баяндайды.
Жылдар
|
Болған оқиғалар
|
1872 жылы
5 қыркүйек
|
Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Ақкөл деген жерде дүниеге келеді.
|
1882-1884 ж.ж.
|
Ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды
|
1886-1891ж.ж.
|
Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде оқиды.
|
1891-1895ж.ж.
|
Орынбордағы мұғалімдер даярлайтьш мектепте білім алады
|
1895 жылдын 1 шілдесінен
|
мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды.
|
1895-1897 ж.ж.
|
Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді.
|
1909ж.1 шілде
|
Тұтқынға алынады
|
1910 ж. 21 ақпанына дейін
|
Семей түрмесінде 8 ай қамауда ұстайды.
|
1910 жылы
|
Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдері үшін Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді.
|
1909 жылы
1910 жылы
|
“Қырық мысал” атты аударма жинағы жарық көрді.
“Маса” өлеңдер жинағы жарық көрді.
|
1913-1918 жылдары
|
Өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады.
|
1917-1918ж.ж.
|
Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады.
|
1920 жылы
|
Коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.
Қазакстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады.
|
1929жылы
|
Жазықсыз ұстальш, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартады. «Халық жауы» деген қара таңба тағылады.
|
1936 жылы
|
Түрмеден босатылып, Алматыға оралады.
|
1937жылы
1938 жылы
|
Ахмет қайтадан тұтқындалады.
Қайталанбас қайран ғұмыр түрмеде үзіледі.
|
2- топ. Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары.
Әдебиет теориясы:
Мысал - сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат кейде зат туралы жазылып сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік күлкіге айналған идеясы астарсыз ашық, мазмұны бүкпелі шығарма.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер- қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс - тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеуметтік сананың оянуына ықпал етті.
«Қырық мысал» жинағы «Аққу, шортан һәм шаян» мысалымен басталып, «Малшы мен маса» мысалымен аяқталады. Бұл жинаққа қырық мысал енгізілген. Жинақтың «Қырық мысал» аталуы осыдан.
3 – топ. А.Байтұрысынұлы – ақын.
Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады.
Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді.
Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т. б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
«Қазақ қалпы», «Қазақ салты» атты өлеңдері оқылады, отырған студенттер идеясын ашады.
Қазақ қалпы
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйынқуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.
Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,
Алды – артын аңдамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
Бейне бір құдіретті сынағандай,
«Сақтар деп сақтар болса» сертпен жүрдік.
Жат жақты жаратқанға күзеттіріп,
Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік.
Қазақ салты
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара – көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған.
Алаштың адамының бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
«Қарқаралы қаласына» өлеңіне сатылай кешенді талдау жасайды.
Қарқаралы қаласына
Қош сау бол, Қарқаралы жуылмаған,
Айдай бер қалса адамың қуылмаған.
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ
Жасырын дыбыс шықты шуылдаған.
Бүркеніп, арсыздардың шайнауына
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың,
Қасыңа қиын болар жуу маған.
Сатылай кешенді талдау
1. Авторы: Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысының әйгілі Торғай атырабындағы атақты Ақкөл жағасында туған.
2. Тақырыбы: «Қарқаралы қаласына». Қаланың жағдайын жеткізу.
3. Жанр түрі: Өлең. Өлең дегеніміз - белгілі бір өлшеммен қиыстырып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі.
4. Идеясы: Қарқаралы қаласының мәні, сәні кеткендігін және қаладағы бай -шонжарлардың доңыздарға ұқсас әрекеттерін баяндайды. Шарасыздан қаладан кетіп бара жатқандығын айтады.
5. Шумақ. Шумақ - аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді. 2 шумақ
6. Тармақ: 8 тармақ. Тармақ - бұл өлеңнің әр жолы.
7. Бунақ: 3 бунақ. Бунақ - белгілі бір дауыс ырғағымен бөлінуі.
8. Буын: 11-12 буынды өлең
9. Ұйқас: Қара өлең ұйқасы (а,а,б,а).
10. Әдеби теориялық ұғымдар:
а) Теңеу – затты, нәрсені, құбылысты немесе солардың белгісін, қасиетін, сапасын көрсететін көркемдік ұғым. Бұл өлеңде ақын бай-шонжарларды доңызға теңеп отыр.
ә) Эпитет – заттың, яки құбылыстың ерекшелігін, сыр – сипатын бейнелі түрде танытатын поэтикалық және стилистикалық ұғым, экспрессивті айқындаушы сөз. Бай, шонжарлардың арсыз әрекеттерін сынайды, елдің әдептіліктен, сыпайылықтан айырылғандығын айтады.
11.Түсіндірме сөздік: Сөздердің бәрі түсінікті.
12.Тәрбиелік мәні: Қаланы ояту, яғни бай, шонжарлардың езгісіне көнген қара халықты ояту. Бай, шонжарлардың арсыз әрекеттерін әшкерелеу.
4 – топ. А.Байтұрсынұлы – ғалым.
Әсіресе 1913 жылы жазыльш, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың үлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді.
Әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының маңызды бір саласы — оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі әрі қазақ тіл білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді.
"Әдебиет танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым-теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі—"Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады.
"Әдебиет танытқыш" кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөзболады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынұлы өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі — тірнек өнері, екіншісі — көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады.
"Өнердің ең алды — сөз өнері саналады. "Өнер алды — қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық больш, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді" деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы.
Әдебиеттің көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде талдау жасай келіп, А.Байтұрсынұлы олардың, әрқайсысына әлемдік әдебиеттану ғылымындағы атауларға сәйкес дәлме-дәл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қолданылып жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларьш термин дәрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынұлы дейтініміз сондықтан.
Әдебиеттің жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мәселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын.
Сонымен қатар, "Әдебиет танытқышта" Ахмет Байтұрсынұлы аса бай фольклорлық материалды пайдаланды. Теориялық қисьндарды қазақ ауыз әдебиетінен және баспасөз беттеріндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды
Ү. Шығармашылық жұмыс
Әр топқа Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарын кеспеге жазылған түрінде таратылып беріледі. Бір мысал бойынша сурет салып көрсету арқылы қорғайды және мағынасын ашып, көрініс дайындалады. Мысалды мәнерлеп оқу барысында дауыс ырғағына, екпін қоюына көңіл бөлінеді.
І топ: «Маймыл мен көзілдірік»
ІІ топ: «Маймыл мен айна»
ІІІ топ: «Аққу, шортан һәм шаян»
ІҮ топ. «Екі шыбын»
ҮІ. Сабақты бекіту.
Сабақты бекіту барысында «Топтастыру», «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасын», «Ойтолғау» әдістерін пайдаланамын.
Қорытындылау. ИНСЕРТ (кесте толтыру)
Білемін
|
Білдім
|
Білгім келеді
|
|
|
|
ҮІІ. Бағалау.Оқушыларды сабаққа қатысу белсенділігіне қарай бағалаймын.
Бағалау парақшасы
Топ
|
Үй тапсырмасы
|
Жаңа сабақ
|
Шығармашы
лық жұмыс
|
Сабақты бекіту тапсырмасы
|
Қорытынды
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
ҮІІІ. Үй тапсырмасы. А. Байтұрсынұлының мысалдарына қарай отырып, осы заманға лайықты мысал жазу, сатылай кешенді талдау.
МАҢҒЫСТАУ ГУМАНИТАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ
«Бекітемін»
«Қазақ және орыс тілі мен әдебиеті»
ПЦК жетекшісі_______Г.Г. Кдырова
10 қараша 2016жыл
«Қазақ және орыс тілі мен әдебиеті» ПЦК апталығында
өткізілген ашық сабақ жоспары
Тақырыбы: «Ахмет мұрасы – рухани қазына» (Ахмет Байтұрсынұлының
өмірі мен шығармашылығы)
Пәні: Қазақ әдебиеті
Өткізген: Кдырова Г.Г.
Тобы: МДБ-11
Күні: 12.11.2016ж.
Уақыты: 11:30
Кабинет: 209
Ақтау қаласы
Достарыңызбен бөлісу: |