Оқылым тапсырмасы. Мәтінмен жұмыс
Нұрбек көрер таңды көзiмен атырды. Терезенiң сынығынан аңқылдаған салқын желден үй iшi азынап тұр. Суықтан бойы тiтiркенiп көрпе астында бүрiсе түседi. Шырмауықтай шырмаған ауыр ойдан арыла алар емес. Басы мең-зең. Төрде жатқан әйелi мен қыздары алаңсыз ұйқы құшағында. Нұрбек олардың ысырылып қалған көрпесiн жапқысы келiп, басын көтеруi мұң екен, тұла бойы дуылдап қоя бердi.
— Ой, жаным-ай! Құдай-ау, мұнша сорлататындай не жазып едiм!..
Күйеуiнiң қинала шыққан дауысынан оянып кеткен.Анар мен Жанардың үстiн жапшы. Салқын тиiп қалмасын. Түнi бойы бұларға да ұйқы бермей, мазаларын алдым-ау!..
— Нүке, мен сиыр сауып келейiн.- Шелегiн бiлегiне iле салып, сыртқа шықты.
Гүлжан сиырын сауып, табынға қосты. Ошаққа тезек қалап жүрген Қаншайым қарияны көрiп, қасына келдi. — Есенсiз бе, әжей?
— Шүкiршiлiк, қарағым. Өз үй-iшiң аман ба? Нұрбек баламның денсаулығы жақсы ма? Бара алмай ұятты болып жүрмiн, шырағым! Күйбең тiрлiкпен күннiң қалай атып, қалай батқанын бiлмей қаласың. Бiр жағынан немеремiз ауырып, берекемiздi қашырып жіберді. Түнi бойы жағы сембей шырылдап жылай бередi.
— Күнi құрғыр да бұзылып тұр ғой. Салқын тиiп қалған болар,- дедi Гүлжан қарияның сөзiн қостаған болып.
— Жоға, құдай! Ол ауырғалы қаш-а-ан... Бөбешiгi екiге айырылып, танауының тесiгi таңдайынан шығып, жарымжан болып туды ғой, байғұс бала. Аузымен ғана дем алады. Кейде ауа жетпей қала ма, әйтеуiр, бiреу буындырып жатқандай тыпырлап, қызара iсiнiп кетедi,- дедi қарт ана жанарына iркiлген жасты жаулығының ұшымен сүртiп.- Адам бола ма, болмай ма, бiлмеймiн!
— Осының бәрi ай сайын жер-дүниенi сiлткiнтiп жатқан жарылыстардың әсерi ғой.
— Иә, жарқыным... Мәдидiң қызы биыл жетiге шықты дегенге кiм иланады. Әлi тұсауын кеспеген сәби секiлдi, былқ- сылқ етiп жүре алмайды. Атом емес, ақырзаман болды ғой бiзге.
— Нұрбектiң де дертi содан болды ғой деп ойлаймын...
Бiр құшақ отын ала кiрген Гүлжан пешке от жақты. Бөлмелердi жиыстырып, Нұрбектiң жанына келдi. Қолына су құйып, сүлгi ұсынды. Ол шүңiрейген көздерiн ашып-жұмып, қинала ыңқылдап жатыр. Бiр уақытта ерiндерiн жиыра түсiп:
— Жылы сүт бар ма?- дедi ыңырана.
— Бар... қазiр...- Әйелі үлкен тостағанды толтыра сүт әкелiп бердi.- Түннен қалған еттi де ысыттым...
— Гүлжан,- деді дауысы дірілдеп,- төсекке таңылып жатқаныма үш жылға айналып барады. "Жаман айтпай, жақсы жоқ”. Бұл дерттен құлан таза айығып, қатарға қосылуым екiталай шығар. Осы бiр аяқ астынан жабысқан ауруы болмаса, саған табыстырған тағдырға өкпем жоқ... Артымда қалып бара жатқан Анарым мен Жанарымды қатарларынан кем қылмай өсiргейсiң.
Ашу - ыза қысты. Жанарына жас тығылды. "Қой, бұл түрiмдi Нұрбек көрсе жасып, басқаша жорып қалар”.- Ол арқандап қойған бұзауына қарайлай кетейiн деген оймен ауыл iргесiндегi өзенге қарай беттедi. Айналадағы шөп сарғайып, қурай бастаған.
Ойы он сақта, өзен жағасымен iлби басып келе жатқан Гүлжан су бетiнде қалқып жүрген өлi шабақтарды көргенде әрi - сәрi күйге түстi. "Қайран, "Шаған” бiр кездерi көздiң жауын алатындай мөлдiреп, арнасына симай буырқанып жататын арынды өзен емес пе едiң!”
Үстi - басы суға малшынған Гүлжан үйiне кiргенде күйеуi жамылғысын умаждай қысқан бойы бүк түсiп жатыр едi. — Нүке!- дедi ол ақырын ғана. Дыбыс жоқ.
"Түнi бойы ұйықтай алмап едi, көзi iлiнген ғой” десе де, екiұштылау оймен келiп, жүзiне үңiлгенде, өңi аппақ қудай болып, көздерi шарасынан шыға бақырайып жатқанын көрiп:
— Шыны.. мен... шыны... мен-ақ... тас...тап... кет...кенiң...бе?!- деп жансыз дененi құшақтай жығылды.
|