Атырау облысы Махамбет ауданы
О.Шонаев атындағы орта мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Арыстанғалиева Руфина Русланқызы
Сабақтың тақырыбы: Әдеби ертегілер. Ә.Тәжібаев «Толағай» (2-сабақ)
5-сынып
Білімділік: «Толағай» әдеби ертегісінің жазылуына назар аударту, әдеби ертегінің мазмұны мен идеясын ұғыну. Толағайдың жанашырлық, елге деген сүйіспеншілік сезімдері туралы баяндау.
Дамытушылық: логикалық ойларын дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру, шығармашылыққа баулу. Сөздік қорларын молайту.
Тәрбиелік: туған жерді қадірлеу, халқына қызмет ету, адамгершілік пен адалдық қасиетіне тәрбиелеу. Толағай бейнесі арқылы Отанды сүюге, адал қызмет етуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Әдісі: әдеби ертегіні талдау, мәнерлеп оқу, мәтінмен жұмыс, іздену, салыстыру, баяндау, сұрақ - жауап.
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих
Көрнекіліктер: Толағай суреті, слайд
Сабақтың барысы
I.Ұйымдастыру
Оқушылармен амандасу;
Кезекшімен сұхбат;
Сабаққа назар аударту.
II.Үй жұмысын тексеру.
- Ертегі дегеніміз не? Ауыз әдебиетінде ертегінің неше түрі бар еді?
(сызбамен көрсету)
Қиял-ғажайып ертегі «Ер Төстік»
Шыншыл ертегі «Қырық өтірік»
Хайуанаттар туралы ертегі «Жеті лақ»
Әдеби ертегі Ә.Тәжібаев «Толағай»
1. Шындық оқиға мен қиял ғажайып оқиға аралас келіп,тарихта белгілі болған адам басына құрылатын жанр түрі:
Аңыз — белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады.
Ертегі мен әдеби ертегінің айырмашылығы неде?
Ертегілер ауыз әдебиетінің көне жанрына жатады. Өмірде сирек немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғалар баяндалады.
Ертегілердің тағы бір саласы-әдеби ертегілер.Әдеби ертегінің жазған авторы белгілі болғандықтан,оны әдеби ертегі деп атайды.Әдеби ертегілер көбінесе ел арасында ауызша айтылып келген аңыз әңгімелердің негізінде туады.Әдеби ертегілер өлең және қарасөз түрінде айтылады. Жазушылар кейде қызықты ертегілерді балаларға арнап әдейілеп те жазады.Олар да әдеби ертегіге жатады.Сондай ойдан шығарылған ертегілердің бірі-Мағжан Жұмабаевтың “Жүсіп хан”ертегісі.Орыс жазушысы В.Гаршиннің атақты “Саяхатшы бақа”ертегісі де дүние жүзіне кең тараған.
ІІІ. Жаңа сабақ
Әбділда Тәжібаев өмірбаянына қысқаша тоқталып өтейік
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург Ә.Тәжібаев 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әбділда әкесінен жастай жетім қалып,бірыңғай ана тәрбиесінде болады. Ауылда оқып хат таниды. 1923 жылы Қызылордаға интернатқа орналасады. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. “Жас алаш”, “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет атқарған. 50 шақты кітаптың авторы. “Еңбек Қызыл ту” орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
* 1909 жылы 4 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
* 1978 жылы “ Толағай”әдеби ертегісі жазылған.
* Ә.Тәжібаев - ақын,драматург, әдебиет зерттеуші, Қазақстанның халық жазушысы ,профессор.
2. «Толағай» сөзінің шығу тарихын зерделеп көрсек.
Толағай этнонимін ғалымдар біршама зерттеп көрген екен. Жорамал мен болжам біраз. Түрлі мағынада айтылады. Тіпті оның басқа тілдерде де мағынасы бар көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, моңғол және бурят тілдерінде тологой, толгой, толгай деген сөздер кездеседі. Сол ұлттар мекен еткен өңірде де сол сөздер қосарланған жер-су аттары назар аударады. Мәселен, Моңғолияда – Баян-Толгой, Лам-Тологой, Бурятияда – Ундэр-Толгой, Чулун-Толгой секілді тау аттары бар. Бәлкім, ол ұлттарда да біздің Толағай секілді баһадүр болған ба екен?
Тіл саласының мамандары толағайдың қазақ тілінде бірнеше мағынасы бар екенін айтады. Кейбір аймақтарда толассыз соғылған желдің атауын солай деп атайды. Сондай-ақ тақыр және бас деген ұғымды беретінін де тілге тиек етіп жүр ғалымдар. Қазақтың әдебиетінде орын алған бірқатар тарихи шығармаларда толағай сөзі кездесіп қалады. Соның бірі – «Ер Қосай» эпосы. Онда «Ер-тоқымын жастанып, Қу толағай бастанып» деген жолдар бар.
Өршіл рухты ақын Махамбет те «Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?», – дейді. Сондай-ақ мұндай жолдар Шал ақын мен Дулат Бабатайұлының шығармаларында да кездеседі.
3. Картамен жұмыс
Картадан Тарбағатай тауын көрсетіңдер.
«Толағай» тауы – Көкпекті ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым жерде орналасқан жеке шоқы. Қалба тауының бір бөлігі, биіктігі шамамен 700 метрдей. Толағай тауынан бастау алған бұлақтар Шегелек өзеніне қосылады. Сыртқы келбетіне қарағанда табиғат ескерткіші тәрізді.Киіз үйге ұқсас. Аңызға сүйенетін болсақ, Тарбағатай тауының бір шатқалын көтеріп келе жатқан Толағай дәл осы тұсқа келіп, сол тауға бастырылып қалған екен. Сондықтан «Толағай» тау деп аталыпты. Бүгінде Көкпекті ауданында «Толағай сазы» халық аспаптар ансамблі, «Толағай тентектері» көңілді тапқырлар клубы республикамызға танымал екен.
-Балалар, «Толағай» есіміне қатысты қандай бағдарламаларды білесіңдер? («Толағай» отбасылық сайысы)
4. «Толағай» ертегісінің мазмұнын баяндау
1. Ерекше өскен Толағай
2. Толағайдың жолбарыспен айқасы
3. Елі үшін құрбан болған Толағай.
Әр топ өзіне берілген бөлімді мазмұндап болған соң, ерлік, батырлық, Отан туралы мақал - мәтел айтқызу.
Мысалы: Ер ел үшін туады, елі үшін өледі.
5. «Толағай» әдеби ертегісін құрылысына талдау жасау.
Басталуы. Саржан атты мерген болуы
Дамуы. Толағайдың дүниеге келуі
Байланысы. Әкесімен аң аулауға шығуы
Шиеленісуі. Жолбарыспен айқасуы
Шарықтау шегі. Еліне жауын жаумауы
Шешімі. Еліне жауын жаудыруы
Қорытынды. Отан үшін отқа түс күймейсің.
6. Кубизм әдісі
І. Мінездеу. ( Толағайға мінездеме беру)
ІІ. Салыстыру (Толағай бейнесін басқа ертегідегі кейіпкермен салыстыру)
ІІІ. Зерделеу (Ертегіден тұрақты сөз тіркестерін теріп жазу)
ІV. Бейнелеу (Ертегіден ұнаған тұсының суретін салу )
1. Топтастыру арқылы Толағайға мінездеме
Салыстыру
Кендебай
|
ортақ
|
Толағай
|
1.Ай сайын емес, күн сайын, 6 күнде күліп, 60 күнде 6 жастағы бала болады.
2.Шыңыраудан атанды жалғыз өзі тартып шығады, көкжалды өлтіреді, айдаһарды, арыстанды жеңеді.
3.Таз, кедей балаға ат а-анасын тауып әкеледі.
|
Батыр,
ел қорғаны,
жанашыр,
мейірімді,
қайырымды,
алып бала.
|
1.Толағай алып денелі, он баланы көтерсе қабырғасы қайыспайтын мықты болды.
2.Жолбарысты мысықтай көріп, ұршықтай иіреді, тауды жалғыз өзі көтереді.
3.Толағай еліне жаңбыр алып келіп, халқын аман алып қалады.
|
Мәтіндегі тұрақты сөз тіркестері: тәтті ұйқы, көзін тікті, ат арытып, қабырғасы қайысу
7. Мәтінмен жұмыс
-1-ге толған Толағай сипатын оқы.
Балғын бөбек жетті бірге,
Ілінбесін көз бен тілге.
Кереметтен туған жандай:
Кере қарыс, ақша маңдай,
Күн нұрынан жаралғандай,
Көзі түскен таңғалғандай.
-3-4 жастағы Толағай сипатын оқы
Үштен төртке жетті жасы,
Туған айдай екі қасы,
Ақ тістері ақ меруерттей.
Қос жұлдыздай көз жанары,
Қос бетінің тамып қаны,
Жалындайды жанған өрттей.
-7 жастағы Толағай
Жеті жаста садақ тартты,
Атқан оғы тасты уатты,
Жай отынан кейін емес.
Темірден де өткізеді,
Түндік жерге жеткізеді.
Ел осыны етті кеңес.
-Жолбарыспен айқасын тауып оқы.
«Өлдім, балам, Толағайжан!»
Деген дауыс шықты жаман,
Атып сонда тұрды бала.
Тырнақтарын арандатқан,
Аждаһадай аузын ашқан,
Жолбарысты көрді бала.
Әкесінен әл кетіпті,
Қояр емес, жауы мықты,
Меңдеп барад, күші басым.
Тал шыбықтай майыстырып,
Теңбіл шұбар алған мініп,
Күйрететін қабырғасын.
IV. Бекіту.
-Балалар шығарманың басында Толағай немен шайқасады?
-Жолбарыс қандай аң?
-Ел басымыз өзінің 2030 стратегиясында қандай аңды символ ретінде алады?
— Бұл елбасымыздың халқының қандай болсын дегені?\Осы кезде барыстың суреті шығады\
- Толағай сияқты елінің халықтың таудай үмітін арқалап, таудай іс атқарып жүрген, қазақстан атын әлемге паш ететін азаматтар бар ма?
«Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді» деген мақал бүгінгі сабағымызға қорытынды болмақ. Еліміздің үміт артып отырған бүгінгі Толағайлары – сендерсіңдер, ендеше осы атымызға лайық болайық. «Ерлік аспаннан түспейді, Ол Отанды сүюден басталады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, отбасынан басталады. Халқын қадірлеген сын сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады. Өйткені ерлік білекте емес, елін сүйе білген адал жүректе» деп Б. Момышұлының қанатты сөзін естен шығармайық.
V.Бағалау. Белсенділік танытқан оқушылар бағаланады.
VI. Үйге тапсырма. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» (ойтолғау жазу)
Достарыңызбен бөлісу: |