«Бекітемін»
Қазақ әдебиеті 9 -сынып
Сабақтың тақырыбы: «Қыз Жібек» жырындағы салт-дәстүрлер
Сабақтың мақсаты:
Білімділік. «Қыз Жібек» жырын меңгерте отырып, мазмұнына талдау жасату, жырдағы кедесетін салт-дәстүрлер,олардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі, бала тәрбиесіндегі орны туралы білім қалыптастыру.
Тәрбиелік. Жыр мазмұнымен таныстыра отырып, оқушыларды адалдыққа, бір сөзділікке, адамгершілікке, халықтық мұраларды, салт-дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу
Дамытушылық. Оқушылардың ойлау қабілетін, қиялын дамыту, шығармашылықпен жұмыс жасай білуге машықтандыру.
Сабақтың типі: Пысықтау сабағы
Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, баяндау, шығармашылық жұмыс, диалог құрау, «Шығарма кестесі»
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Шығарманы талдау
Берілген схема бойыншы «Қыз Жібек» жырының мазмұнына оқушылардың өздеріне шолу жасатамын.
- «Қыз Жібек» жыры ең алғаш рет қашан және қай жерде, қандай баспада басылып шықты?
- «Қыз Жібек» жыры ауыз әдебиетінің қай түріне жатады?
- Лиро-эпостық жырлардың батырлар жырынан қандай айырмашылықтары бар еді?
Лиро-эпостық яғни махаббат жырларында негізінен батырлық, ерлікті жырлаудан гөрі, екі жастың арасындағы шынайы махаббат, халықтың әдет-ғұрпы , салт-дәстүрі көбірек суреттеледі екен. «Қыз Жібек» жыры да солардан кенде емес. Олай болса бүгін біз «Қыз Жібек» жырында кездесетін салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға тоқталамыз.
Дәптерлеріңді ашып, күн ретін, тақырыпты жазып қойыңдар:
«Қыз Жібек» жырындағы салт-дәстүрлер
Қане, кім айтады, балалар, «Қыз Жібек» жырын оқып отырғанда сендер қандай салт-дәстүрлерді кездестірдіңдер?
( Оқушылардың ойын тыңдаймын)
- Енді мен тапқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлеріне назар салайық:
Әр салттың мазмұнына және оның жырдың қай жерінде кездесетініне тоқталып кетеміз.
Енді назарымызды теледидарға аударайық. («Қыз Жібек» фильмінен үзінді көрсетемін) ( 3 минут)
«Қыз Жібек» жыры 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Авторы Сұлтан-Ахмет Ходжиков. Рөлдерде Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков сынды атақты өнер қайраткерлеріміз ойнаған
- Жаңа өздерің тамашалаған үзіндіден сендер қандай әдет-ғұрып, салт-дәстүрді байқадыңдар?
( Бата беру, шашу шашу, отқа май құю дәстүрлері, сондай-ақ жерді, отты, ақ төсекті киелі санап, ерекше қастерлеген)
- Балалар, сендер батаның қандай түрлерін білесіңдер?
(Наурыз бата, шілдеханада берілетін бата, дастарқанда ас қайырғанда берілетін бата, беташарда берілетін бата,қыз балаға, ұл балаға берілетін бата, жаңа айға берілетін бата, алғыс батасы, т.б.)
Енді балалар, қазір мен сендерге батаның алғашқы жолын беремін, сендер соны ауызша ары қарай өздерің ойдан шығарып жалғастырасыңдар.
Балалар, кеше мен интернеттен «Қыз Жібек» фильмі, «Қыз Жібек» жыры туралы қосымша материалдар немесе деректер бар ма екен деп іздестіріп отыр едім, «Мәдени жаңалық. Қазақстанда халық эпосы «Қыз Жібектің» бұрын белгісіз болып келген үзінділері, яғни фрагменттері табылды» деген хабарламаны оқыдым. Онда Батыс Қазақстан жеріндегі Сайлау деген кісі «Қыз Жібек» жырының бізге белгісіз үзінділерін (фрагменттерін) білетіндігі, оны кішкентай күнінде үйіне келген қонақтан естіп, есінде сақтағандығы және осы үзінді енгізілген жыр нұсқасы жақын уақытта «Орал өңірінің музыкалық фольклоры» деген атпен жарық көретінін жазған екен. Бірақ табылған үзіндінің өзі берілмеген екен.
- Сендерге тапсырма:
1-қатар: Табылған жаңалық, үзінді не туралы болуы мүмкін?
2-қатар: Бекежанға хат
3-қаатар: Егер Төлеген Шекті еліне бір күн кешігіп шыққанда, оқиға ары қарай қалай жалғасуы мүмкін еді?
Оқушылар, сендердің оқыған өз туындыларыңнан біз сендердің шығармашылықпен жұмыс жасай алатындарыңды көріп отымыз.
Енді сендерге тапсырма : Мына үзіндіде Төлеген мен Жібектің бір-бірімен әңгімелесіп отырғаны берілген. Бірақ дыбысы шықпай тұр. Сендер Төлеген мен Жібектің не туралы сөйлесіп отырғанын болжап, диалог құрастырасыңдар. Диалог құрастыру барысында Төлеген мен Жібектің бет ажарына, бет қимылындағы өзгерістерге назар салып отырыңдар.( Соңынан оқушылардың диалогын тыңдаймын )
ІІІ. Қорытынды
Сабақты қорытындылау мақсатында оқушылардан ауызша «Шығарма кестесіне» жауап аламын.
Шығарма кестесі
1
|
Шығарма аты
|
|
2
|
Шығарманың авторы
|
|
3
|
Оқиға орны
|
|
4
|
Кейіпкерлері
|
|
5
|
Ұлттық салт-дәстүрлер
|
|
6
|
Шығарманың басталуы
|
|
7
|
Немен аяқталды?
|
|
8
|
Не үйретті?
|
|
ІҮ. Бағалау
Ү. Үйге тапсырма: «Қыз Жібек» жырын қайталау
Сабақ соңынан ең үлкен кісіге бата бергіземін.
Қосымша материалдар
Салт-дәстүрлер
Қыз көру
«Қыз көру» (салт). Кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаздар , сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос-жолдастарын ертіп қыз аулына барады. Қазақта «Қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға қақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Бір-бірін сынаған қыз-жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бір-бірін ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса, бұрын да қыз-жігіттің ұнатып, сүйіп қосылған кездері болған.
Әрине, қазақ салтында «қыз көру» үнемі бола бермеген.Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен.
Бата аяқ
«Бата аяқ» (салт) Құда болған кісі екі жақтың келісімінен кейін жігіт әкесі қыз аулына келіп «бата аяқ » өткізеді. Кейде мұны «сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалың мал жөнінде келіседі. Мұны бата, келісуді «баталасу» дейді. Батаның екі түрі бар:
1. Кесімді бата жасау, мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері: алыс-беріс, келу-кету
2. Кесімсіз бата – мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді.Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді.
Айтыс
Айтыс (дәстүр, өнер) Айтыс - әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын , той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойларына жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Айтыстың түрлері де көп. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы.
Әмеңгерлік
Әмеңгерлік (салт) Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеу қайтыс болғанда оның жесірі "ерден кетсе де, елден кетпек жоқ”, "аға өлсе, іні мұра” деген қағидамен әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туған-туысынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған.
Бата
Бата (бата беру, бата алу) ( дәстүр ) Бата – ақ тілеудің белгісі. Ол кез-келген жерде айтыла бермейтін қасиетті ұғым. Ең жақсысын халық "ақ бата” деп қастерлейді. Батаның бірнеше түрлері бар:
- Жас талапкерге бата
- Дастарқанға бата
- Алғыс батасы
- Жаңа айдың батасы
- Наурыз батасы
Теріс бата
Теріс бата. Бұл – бата деп айтылғаны болмаса, қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкесінің қолын теріс жайып берген батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.
Арыздасу
Арыздасу (ғұрып). Бұл өмірден өтіп бара жатқан адам соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасады. Қатесі болса, кешу сұрайды. Өсиетін, арманын айтады. Бүкіл ел-жұртымен, туған елімен қоштасады. Арыздасу – тірі адамның соңғы тілеуі, ақырғы сөзі. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұнда ауру жанында отырған адамдар «бақұл бол», «қияметте кездесейік» деп көзіне жас алады.
Сүйінші
Сүйінші (салт) Қуанышты хабар хабар жеткізушіге үй иесі «қалағаныңды ал» дейді немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың , ризалықтың белгісі.
С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі
ТАҚЫРЫБЫ: «Қыз Жібек» жырындағы салт-дәстүрлер
ПӘН МҰҒАЛІМІ: қазақ тілі пәнінің мұғалімі Л.Оңалбекқызы
2012-2013 оқу жылы
Достарыңызбен бөлісу: |