Күнделікті өмірде отын жаққанда ауаның құрамындағы оттектің жұмсалатынын білеміз. Бұл кезде химиялық реакция жүреді. Нәтижесінде жылу мен жарық бөле жүретін реакциялар жану реакциялары деп аталады.
Жай заттардың оттекпен әрекеттесуінің жалпы сызбасы мынадай:
жай зат + оттек = оксид
Заттардың оттекпен әрекеттесу реакциясы тотығу, ал реакция өнімі оксид деп аталады. Оксидтер — құрамы екі элементтен тұратын, біреуі оттек болатын күрделі заттар Заттар ауада жанғанда да оксидтер түзіледі. Бірақ заттар ауада оттекке қарағанда баяу жанады, өйткені ауа құрамындағы оттектің мөлшері бес еседей аз.
Кейбір заттар оттекпен баяу әрекеттесіп, жылу біртіндеп бөлінеді. Мұндай процесс баяу тотығу деп аталады. Баяу тотығу процесі күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мысалы, қидың шіруі, темір бұйымының тоттануы, қоймадағы астық өнімдерінің қызуы.