Сабақтың тақырыбы: М. Дулатов «Қазақ жерлері», «Шәкірт», «Бақытсыз Жамал»



Дата30.05.2017
өлшемі136,82 Kb.
#17289
түріСабақ
М. Дулатов «Қазақ жерлері», «Шәкірт», «Бақытсыз Жамал» романы
Сабақтың тақырыбы: М. Дулатов «Қазақ жерлері», «Шәкірт»,

«Бақытсыз Жамал» романы

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Өткен сабақ материалын пысықтап, бекіту, лексикалық қорды жетілдіру, алған білімдерін практика түрінде қолдандыру.

Дамытушылық: Оқушылардың сөйлеу тілін, қисынды және шапшаң ойлау қабілетін, жазба сауаттылығын жетілдіру, ой-өрісін, шығармашылық белсендігін дамыту.

Тәрбиелік: Оқушының қазақ әдебиетіне деген ынтасын көтеру, адамгершілікке, инабаттылыққа, сыпайы сөйлей білуге тәрбиелеу, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру.

Сабақтың түрі: алған білімді жүйелеу мен жинақтау, білік пен дағдыны практикалық қолдану сабағы.

Сабақтың типі:ойын - сайыс сабағы.

Пәнаралық байланыс: кәсіптік қазақ тілі, этномәдениет, тарих, музыка, психология, педагогика.

Оқытудың әдістері және тәсілдері: дамыта оқыту бойынша өзара білім алмасу.

Сабақтың әдістемелік көрнекі құралдары: плакат, оқулықтар, бейнефильм, слайдтар.
.
Жоспар:

I.Ұйымдастыру кезеңі:

1)Кіріспе бөлім:

а) Білім алушыларды түгелдеу, сынып журналына белгі қою;

б) Сынып тазалығын тексеру, кезекшімен сұхбат;

в) Зейіндерін сабаққа аудару, білімдерін жинақтау.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

1.Зымыран сұрақтар. Берілген сұрақтарға оқушылар жауап береді.

1. С.Көбеев қай жылы, қай жерде дүниеге келді?

1878 жылы қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы



2. Ақын қандай отбасында тәрбиеленді?

Шағын отбасында, әкесі Көбей-мұсылманша хат таныған, шыншыл, қолөнерімен (етік тігу, балташылық т.б.) күн көрген адам.



3. Спандияр қай жылдары, қай жерлерде білім алды?

1887-1892 жылдары Ыбырай мектебінде, 1892-1895 жылдары 4 жылдық болыстық мектепте (Қарағайлыкөл), 1895-1897 жылдары Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыды.



4. Спандияр жазушылық жолға қалай келді?

Ыбырайдың шығарамаларын оқу арқылы ұстаз болуға талпынды. Жасынан Ыбырайдың ағартушылық, ұстаздық жолын үлгі тұтқан.



5. Ақынның қызметі жайлы ой – пікірлеріңді айтыңдар.

Қостанайдағы 2 жылдық курсты 1901 жылы бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімі болып шығады. 1903-1905 жылдары Петропавл уезіндегі Нілді болыстық мектебінде істейді.



6. Спандияр Көбеевтің шығармаларын атаңыз.

«Жетімнің өлеңі», «Қалың мал», «Жарлы мен бай», «Орындалған арман», «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржімә».



7. Оның Крылов мысалдарының жинағы қалай аталды?

Үлгілі тәржімә



8. Ақынның Крылов мысалдарын аударуына себеп болған жағдайлар қандай?

Крылов мысалдарын аудару арқылы ол ескі ауылдағы ұнамсыз мінез-құлық пен ел әкімдерінің, бай-шонжарлардың кертартпа көзқарастарн сынауға пайдаланды. Мысалы: «Сауысқан мен қарғада» мылжыңдықты сынайды. «Екі соқада» еңбекқорлықты мадақтайды.



9. "Үлгілі бала” кітабы қай жылы, қай жерде шықты?

"Үлгілі бала” жинағы 1912 жылы Қазан қаласында басылып шықты.



10. "Үлгілі бала” кітабына кірген әдеби шығармалардың идеялық мазмұны қандай?

Автор өзі аударған Крылов мысалдарын, орыс классиктерінің балаларға арналған шығармаларын, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін, табиғат туралы балаларға мәлімет беретін қысқа әңгімелерді енгізген.



11. "Үлгілі тәржімә” жинағы қай жылы, қай қалада шықты?

Үлгілі тәржімә 1910 жылы Қазанда басылып шықты.



12. "Қалың мал” романы қай жылы жазылды?

1913 жылы.



13. "Қалың мал” романын жазуға себеп болған жағдайлар қандай?

Ескішіл, өрескел салтқа қарсы күресу мақсатында.



14. Жазушы бұл роман арқылы нені көрсетпек болды?

Роман арқылы феодалдық салтты әшкерелеу, қалың халық бұқарасын одан бездіру, әйелдерді азаттық күреске шақыру еді.



15. Романның басты кейіпкерлері кімдер?

Ғайша, Қожаш.



16. Романның басты тақырыбы не?

Әйел теңсіздігі мен жастардың бас бостандығы мәселесі.



17. "Орындалған арман” кітабын Спандияр қай кезде жазды және онда нені көрсетті?

1951 жылы «Орындалған арман» мемуарлық кітабы – педагог-жазушының өткен өмір жолы, қоғамдық қызметі, ортасы мен дәуірі туралы шығарма.



2. Топтастыру стратегиясы. «Қожаш» пен «Тұрлығұл» туралы сипаттама беріңіздер.

Қожаш – орта бойлы, сұлу, бір сөзді, кедей отбасыдан шыққан, әнші, балуан, сегіз қырлы бір сырлы.

Тұрлығұл - ұзын бойлы, мес қарын, көп сөйлемейтін, елге зәбірлі, бай, надан, дүниеқоңыз, топас, қара жүрек адам.

3. «Ойлан, тап» ойыны. «Қалың мал» романы бойынша жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді жазыңыз.

Жауабы:

 


Жағымды

Жағымсыз

 Ғайша

 Итбай-малқұмар, даңғой мақтаншақ

 Қожаш-кедей, оқыған, көзі ашық

 Тұрлығұл-қатал, елге зәбірлі

 

Серғазы-ел ағасы



 Байғазы-бай,Тұрлығұлдың жолдасы

 Ақсұлу-анасы, қамқоршы

 Құрымбай-бай, Тұрлығұлдың жолдасы

ІІІ. Жаңа сабақ:

М. Дулатов «Қазақ жерлері», «Шәкірт»,

«Бақытсыз Жамал» романы

1. Жаңа сабаққа шолу:

Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 қарашада Торғай уезінің Сарықопа болысының бірінші ауылында туған. Әкесі Дулат елге беделді кісі болған.

1907 жылы Петербургте бір ғана нөмері жарық көріп, жабылып қалған "Серке" атты газетте "Жастарға" деген өлеңін жариялайды.

1910 жылы Қазанда "Бақытсыз Жамал" романы, ал 1913 жылы Орынборда "Азамат" өлеңдер жинағы, 1915 жылы "Терме" деген әдеби – публицистикалық кітабы шықты.

Міржақып Дулатовтың алғашқы кітабы - "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы. Осы тұңғыш жинағының өзінен-ақ автордың мақсаты мен беталысы анық аңғарылады.



Бейнефильм (М. Дулатовтың өмірі, қызметі, шығармашылығы жайлы)

Тұңғыш қазақ романы. ХІХ ғасырдың екінші жартысында және ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ әдебиетінде прозаның шағын жанрлары – новелла, әңгімелер туып, дами бастады. Алғашқы қазақ романын Міржақып жазды. Ол 1910 жылы Қазанда басылып шыққан "Бақытсыз Жамал" романы еді. Міржақыптың "Бақытсыз Жамал" романының тақырыбы - әйел теңсіздігі.

Романның бас кейіпкері – Жамал. Романдағы өзге кейіпкерлер Жамал тағдырына қатысты көрініп отырады. Олар: Әкесі Сәрсенбай, шешесі – нәзік жанды, ақылды Шолпан, күйеуі Жұман, дала шонжары – қатігез Байжан, сүйген жігіті – Ғали. Романда қазақ даласындағы қоғамдық-әлеуметтік өмір, қазақ халқының сол замандағы тыныс-тіршілігі кеңінен суреттеледі. Айлалы дала билеушісінің өктемдігіне қарсылық көрсеткен Жамал бақытсыздыққа ұшырайды. Жамал – көрікті, ақылды, ақын қыз. Жазушы Жамал арқылы санасы оянған қазақ қыздарының бейнесін жасауға талпынған.

Романның сюжеті. Жамал-өз заманының саналы, оқыған қызы, тең құрбыларының алды. Әкесі Сәрсенбай бір перзентке зар болып жүріп, Құдайдан сұрап алған қызын ауыл молдасына беріп, кейін мұғалім жалдап оқытқан. Аз оқыса да, өзінің зеректігімен Жамал тез сауатын ашып, хисса-жырларды заулатып оқып, ел-жұртты аузына қаратады. Жамалдың бір кішкене сандығын ашып қараған кісі «Қыз Жібек», «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны», «Айман-Шолпан», т.б. секілді кітаптарды көрер еді. Бір ойынға бара қалса, «Жамал, өлең айт», -дегенде тартынбай айтып салушы еді. Сұлулығы, ақылы, салтанаты бірігіп Жамал сол елдің қызының алды болды. Ол сөзге де ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Ел ішінде бозбалалардың көзі түсе бастап, елде «Сәрсенбайда көркем бір ақылды қыз бар» деген сөз жайыла бастады», -дейді жазушы.

Осындай ел ілтипатына бөленген сұлу, ақылды қыздың қалыңмалға сатылып, тағдыры сүймеген, жат адамның қолына берілуі кімді де болса толғандырады. Ескі салт бойынша, қалыңмал алып, әкесінің Жамалды Байжан байдың Жұман атты таз баласына ұзатуынан бастап, Жамалдың өміріне өзгеріс кіреді. Ол әуелі әкесіне наразылығын білдіріп, одан қайыр болмайтынын көрген соң, өз бақытын өзі іздейді. Ғали деген өзі сиқты оқыған жігітпен танысып, қашып кетеді. Ғалидың үш-ақ күн ауырып, ойда-жоқта өлуі, Жамалдың ұзатылған жеріне барып, зорлық көруі оны өмірден бездіреді. Ол қараңғы түнде қашып шығып, боранда адасып, үсіп өледі. Бұл жағдайлардың бәрі Жамалдың қиыншылыққа төзімді, бірбеткей, қайсар жан екенін дәлелдейді.



Шәкірт

Ай жарық, салқын ауа, күзгітүнде,

Ұйықтаған үлкен шаһар жатыр күйде.

Жалғыз-ақ тырыс шәкірт кітап ұстап,

Есінеп ояу отыр пәтер үйде.

Дегенмен отыр ояу жалғыз сүлде,

Ұмытқан басқа істің бәрін мүлде.

Әкеткен ой жетелеп, рухын билеп,

Алысқа әлдеқайда жапан түзге.

Ойлайды ол: ашсам сырын, тапсам ғылым,

Жұртым-ау қылсам еңбек болып құлың...

Кітапты екі қолдап қысып ұстап,

Иіріп отыр іштен қиял жібін.

Мұқтаждық мейірімсізжолын бөгеп,

Байлар жоқ мұны көріп берген көмек.

Түгелдеп киім, тамақ, оқу хақын,

Шамасы аз жеткізе алмай жүрген жүдеп.

Көніп жүр таршылыққа неше жылдай,

Қыс оқып, жаз ақша іздеп, ешбір тынбай.

Шыдаса көп қалған жоқ, мақсұт жақын,

Абырой, денге саулық берсе құдай.

Я, Алла! Талапкердің бақытын аш,

Ақ жүрек пайдалы іспен атағын шаш,

Ұлтына қараңғыда қамаулы өскен

Жарқырап жарық сәуле болғандай бас.

Мың ділдә білімдініңжалғыз сөзі,

Таңырқап жұрттың бұған тұрған кезі.

Сен болып бақыт таңы нұр түсірсең,

Сыпырылып қайғы бұлты кетер өзі.

Айнымай тұтқан жолың болсын мынау:

Азаттық, ағайындық, теңдік сұрау.

Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң,

Борышы адамдықтың сонда тұр-ау...

Өлеңде үлкен қалада ел түргі ұйқыда жатқанда, кітап ұстап отырған шәкірттің бейнесі суреттеледі. Ақын оның арманына ой жібереді. Кедей баласы тапқанын өміріне жеткізе алмай, ешкімнен (байлардан) көмек болмай, жүдеп жүргені көрінеді. Ақын Алладан оның жолын оңғарып, бақытын ашуды, қараңғыда қамалған халыққа жарық сәуле шашуын тілейді. Адамдықтың борышын шәкірттің есіне салады.



Қазақ жерлері

Мың жеті жүз отыз бір санасында,

Біз кірдік руссияның фанасына.

Үнерсіз бостығымыз көрінген соң,

Қызықпас кім қазақтың баласына?

Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз

Қазналық, деді, жердің һәммасын да.

Таралып жылдан-жылға жер-суымыз

Мұжықтың кетті бәрі қаласына.

Қадірдан халық билеген ақсақалдар,

Бұл іске фәһім назар саласың ба?

Темірді қызуында соқпай қалып,

Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

Мұжыққа, хош аман бол, барасың да.

Қасиетті бабамыздың зияраты,

Қалдың ғой көшесінің арасында.

Моншаға зияраттың тасын алып,

Ағашын отқа мұжық жағасың да:

Таба алмай бір барғанда еш белгісін,

Көзден жас көлдей болып ағасың да.

Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс

Орман-тоғай кетті ғой ағашың да.

Ойласам мұның бәрін хиялы боп,

Хафадан ішім оттай жанасың да.

Әуелде жерімізбен кіріп едік,

Тұрмақта ғаділдіктің саясында.

Айрылсаң қалған жерден осы күнгі

Топыраққа малды қазақ бағасың да.

Адасты ғақылынан қара халық,

Білгіштер өзің хайлә табасың да.

Қазағым, жерің қайда ата мекен,

Қазақ қазақ болғалы мекен еткен.

Қазірде бәріңізді қуып шығып,

Орныңа қала салып хахол жеткен.

Шығарған жер өлшеуге землемерлері

Қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер.

Тәтті су, тұщы судың бәрі сонда,

Табатын бұған хайлә қайда ерлер?

Зеңгір тау, аққан бұлақ шалқар көлдер,

Кетті ғой бетегелі биік белдер.

Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз,

Қалды ғой жатақ болып қайран елдер.

Ащы су бізге қалды шөл далалар

Жақсы жер қалдырмады егін салар.

Қалайша тау мен тасқа баға алады

Қоралы қой, қосты жылқы байларда бар.

Мінекей келді мұжық көшкен бұлттай

Қазақтың қояр емес жерін құртпай.

Келді де егін салып байып кетті,

Жалқау ма бұлар тәңірі-ай біздің жұрттай.

Көрдің ғой бұл уақытта тарылғанын,

Алынбас илтифатқа жалынғаның.

Он бестен кісі басы десятина

Жер берсе сонда қазақ нешік хәлің?

Өлеңде ол 1731 жылы қазақтарды «панасына» алған Ресей патшасының 1868 жылы қазақ жерін түгелдей қазына қарамағына өткізгенін, содан бастап қазақты атамекен жерлерінен ығыстыру басталғанын, ақыр оған орыс мұжықтарын орналастыру жүргенін әңгімелейді. Халықты қасіретке душар еткен осы саясаттың зардаптарын суреттейді, жерінен айырылған қазақтың мұң-зарына үн қосады.



4. Моностерберг әдісі бойынша төменде бірнеше әріптер ұзыннан-ұзақ жазылған, солардың ішінен сөздерді тауып жазу керек. Мұндағы мақсатымыз-студенттердің зейінін анықтау.

Цпцпаурпкракшмодулатовиимшщнещньлміржақыпнейценвччпчмпнфжамалппувпргншшшщбақытсызррррсрроманторплдридлноянпкараррақазақннерирптотақынрропопоөлеңрокаеоапеоркейіпкерррпорпортұңғышриароавроаплплплжастарғакенкпорипеиклопитермеорпеоолопаекошеказаматопаиолипаопоттпажесірлоекполеполепкщпиащшщдауларыпнпнпнпғалиггакгшгпекшгкешекшекщшксәрсенбайшреощррп.тарғакенкпорипеиклопитермеорпеоолопаекошеказаматопаиолипаопоттпажесірлоекполеполепкщпиащшщдауларыпнпнпнпғалиггакгшгпекс

Жауабы: Дулатов, Міржақып, Жамал, бақытсыз, роман, қазақ, ақын, өлең, кейіпкер, тұңғыш, жастарға, терме, азамат, жесір даулары, Ғали. Сәрсенбай.

5. Кім жылдам? ойыны. Студенттер кезекпен жауап береді.

1. М.Дулатов қай жылы, қай жерде дүниеге келді?

1885 жылы 25 қарашада Торғай уезіндегі Сарықопа болысы



2. Міржақып екі кластық орыс-қазақ училищесінде қай жылдары оқыды?

1897-1902 жылдары



3. Ақынның ең алғашқы жинағы қалай аталады?

«Оян, қазақ» 1909 жылы Уфа қаласында басылып шықты.



4. «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы негізгі идеясы қандай?

Қайрат пен жігерге толы, ұлттық намыс пен сана-сезімді ояту.



5. « Қазақ» газетінде кіммен бірге еңбек етті?

А. Байтұрсыновпен бірге.



6. М. Дулатовтың шығармаларын атаңыз.

«Біздің мақсатымыз», «Жер мәселесі», «Қазақ жерлері», «Шәкірт», «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі», «Бақытсыз Жамал»



7. «Бақытсыз Жамал» романы қай жылы, қай қалада шықты?

1910 жылы Қазанда.



8. Қай жылдары, қандай партияның мүшесі болды?

1917-1919 жылдары Алаш партиясы



9. М. Дулатов кім болған?

Ақын, көркемсөз шебері, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы, көрнекті қоғам қайраткері



10. М. Дулатов қай жылы, қалай қайтыс болды?

1935 жылы 5-қазанында ауыр науқастан қайтыс болды.



11. «Оян, қазақ!» өлең жинағының бірінші өлеңі қалай аталды?

«Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» өлеңі

12. Романдағы Жамал төңірегіндегі кейіпкерлер кім?

Ғали, Сәрсенбай, Байжан, Нұрым, Шолпан



13. Романдағы жағымды кейіпкерлер кім?

Жамал, Ғали, Шолпан



14. Романдағы жағымсыз кейіпкерлер кім?

Байжан, Жұман, Сәрсенбай



6. «Сөз қадірі» ойыны. Тақтаға назар аударайық, тақтадағы Бақытсыз Жамал, Міржақып Дулатұлы, шәкірт, қазақ жерлері деген сөздерден сөздер құрап жазуымыз керек. Әр сөзге 1 ұпайдан беріледі. Мысалы: қаз.

Жауабы: Бақыт, тық, бақ, ал, мал, амал, Жақып, Дулат, ат, уат, ұл, ұлы, ду, дат, әк, кір, қаз, ақ, қаза, аза, жер, ер, ерлер, ері.



7. Бейнефильм.

ІV. Бағалау:Оқушыларды орындаған тапсырмаларына байланысты бағаладым.

V. Үйге тапсырма:

«Бақытсыз Жамал» романын оқу, «Шәкірт», «Қазақ жерлері» өлеңінен үзінді жаттау.



Қорытындылау.

Әдебиеттер:

1. «Қазақ әдебиеті 10 -сынып» С. Қирабаев.

2.«Қазақ әдебиеті 10 -сынып» Хрестоматия .

3.«Қазақ әдебиеті» ХІХ ғ. ІІ жартысы ХХғ. басындағы



С. Қирабаев, Қ. Мырзағалиев.

4.«Қазақ әдебиеті І, ІІ бөлім» С. Мақпырұлы, Т. Садықов

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет