Дүйсенова Камар Есбосынкызы
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиетінің оқыиушысы
Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: М.Әуезов шығармашылығының идеялық-эстетикалық мұраты мен табысына тоқталу.Эпопеяның негізгі оқиғаларын басшылыққа ала отырып, кейіпкерлерге талдау жасау.
Тәрбиелік: Жеке тұлға ретінде студенттердің ізденімпаздық қасиеттерін дамыту, студенттерді шығарманың эстетикалық, идеялық мәнін түсіне білуге дағдыландыру, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге төселдіру.
Дамытушылық: Адамгершілікке, мейірімділікке, білімге ұмтылуға, сана-сезімінің өркендеуіне тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, талдау, салыстыру, мәнерлеп оқу, пікірлесу, т.б.
Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта, слайд, суреттер, кітап көрмесі, тест жұмысы, плакаттар, т.б.
Пәнаралық байланыс: қазақстан тарихы, бейнелеу өнері.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру.
Студенттермен амандасып, топты түгендеу, топтарға бөлу.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
«Құлагер» поэмасындағы Ақан образын талдау.Ол төмендегі кестеге толтырылады.
1-топ студенттеріне арналған талдау.
Дәйектеме
|
Қорытынды
|
1.Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді
|
Атбегі
|
2.Ақ отау топырлады Ақан түскен,
Қалың жұрт кетті керіп сырттан,іштен.
Шығады Ақан даусы әнге толып,
Безелген ғашық жармен,қыран құспен.
|
Еліне сыйлы, өнері,көпке ортақ, елдің еркесі.
|
3.Жайраңдап жайсаң Ақан қаймыққан жоқ,
Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.
«Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп,
Болар деп түбі қалай қайғыртқан жоқ.
|
Ешкімге бас имейтін,асқақ жан.
|
4.десеңдер қайда Ақандай қыран құсты,
Ол тастап аста тұрған жиылысты,
Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,
Қылаң ат қылт еткенде-ақ бермен ұшты.
|
Сезімтал,сергек
|
5.Құлагер қорықпайды қаныменен,
Ақан да шырқырайды жаныменен,
Егіліп,төгіледі Ақан сері,
Зарлаған Құлагердің әніменен.
Шынымен кеткенің бе,Құлагерім!
Қасымда қасынып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылар өлгенімше қайтіп шерің.
|
Жан серігі
Құлагерінен айырылған Ақан жан шыдамас азап шекті.
|
6.Ән болып Көкшетаудың күңіренгені,
Сөз болып,жат мінезі шерткен шері.
Кетіпті елдің аузы әуезе қып:
«Жын құшып,жалғыз жүрген Ақан-пері»
|
Бәрінен түңілген Ақан тауда жалғыз өмір сүруді қалады.
|
7.Көңіліне Құлагердің құйылып мұз,
Күйініп отыр таста Ақан байғыз.
Жан тынышын елден емес,жерден тапқан,
Сондай бір адам бопты жаны жалғыз.
|
Жан жарасын
Ешкімге көрсетпей табиғатпен бірлікте болуды қалады.
|
8.Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге.
Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық
Төсеген талай ерлер оққа кеуде.
|
Ешкім жанын түсінбеген ақын бәрінен де биікте тұр.
|
Студенттер өз талдауларын оқып береді.Толықтырулар жасалады,пікір айтылады.
2-топ студенттері «Құлагер» поэмасынан үзіндіні мәнерлеп оқу, жатқа оқу.
3-топ студенттері Ілияс Жансүгіров туралы немесе «Құлагер» поэмасы жайында айтылған пікірлерді талдайды.
Үш тапсырма негізінде студенттер Ақан бейнесін «Топтастыру» стратегиясы бойынша жазып шығады.
АҚАН
әділетсіздікті
көп көрген
жалғыз
Жаны таза,
бәрінен биік
Ешкімге бас имеген
әнші
елдің еркесі
құсбегі
ақын
сазгер
атбегі
Студенттерге «Ақан трагедиясының сыры неде?» деген сұрақ беріліп,пікір айтылады.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Студенттер, біз Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығынан көптеген мәліметтермен таныстық. Ол Ақан сері бейнесін «Құлагер» сынды жүйрік аты арқылы ашып берді. Ал бүгін ұлы Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен танысып, білгендерімізді ортаға салып, жинақтауға тырысамыз.
Мұхтар Әуезов "Абай жолы" роман – эпопеясынан үзінді оқу.
Ұлы деген ұғымда шек жоқ. Әсіресе, Абай жөнінде.
Неге десеңіз, Абай – қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы үздік құбылыс. (М. Қаратаев)
Абай – атаның баласы емес, халық баласы. Адамзаттың Абайы. Абай жазба әдебиетінің негізін салушы. Абай бізбен мәңгі бірге, өйткені Абай шығармалары ұлттық өнерді дамытудың жаңаң бағыты ретінде қызмет атқарып келеді. ХХІ ғасыр қазақ әдебиеті Абай дәстүрін жалғастыра отырып өсті, жетілді. Абай ұлтымыздың туы. Абай адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды жастарға өсиет етті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің міндетіміз бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу», деген пікірі жастарға Абайша білім алу, Абайша өмір сүру дегенді ұқтырады. Студенттер, сендер осы күнге дейін Абайды ақын ретінде танып біліп келсеңдер, ал енді М. Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясын оқығалы оны тарихи тұлға екенін білдіңдер. Н.Ә.Назарбаев «Абайды тани алмаған қазақ, дүниені де танып жарытпайды» деген. Абайды оқып, таныған сайын оның жаңа сырларына қанық боласыңдар. Бірақ Абайдың шешілмеген сырлары көп. Абай біз үшін мәңгілік жұмбақ құбылыс. Ал ол туралы ашылмаған сырларды тану – мұрат, Абай шыққан биікке талпыну – парыз.
Мұхтар Әуезовтің өмірбаяндық деректері айтылады, студенттер оқытушының баяндауымен жазып алады.
Мұхтар Әуезовтің туындыларының ішіндегі шоқтығы биік еңбегі – «Абай жолы» роман-эппопеясы. Бұл еңбек қазақ халқының тұрмысы мен қасиетін, ұлттық танымы мен болмысын тамаша суреттеген қазақ әдебиетінде бірегей орынға ие еңбек әрі бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Алғашқыда жазушының роман жазу туралы ойы да болмаған көрінеді. Роман дүниеге келмес бұрын жазушы ақынның шығармашылығы мен өмірбаянын зерттеумен шұғылданады. Абай шығармаларының толық жинағына редактор болады, оның өмірбаянын жазады, ақын мен оның заманына байланысты тарихи деректер жинайды, орыс жазушысы Леонид Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын дүниеге әкеледі. Кейіннен Абай туралы жиналған материалдың көптігі соншалық, жазушыға роман жазуға тура келеді. Бұл еңбекте жазушы өзінің дарынының барлық қырынан ашылады. Өзінің бала күніндегі әрбір сәтті есіне алып, барынша оқырманға шынайы бейнелеп беруге тырысады.
Мұхтар Әуезов бұл романын он бес жыл уақыт шамасында жазады. Жазушы «Абай жолына» зор дайындықпен кіріседі. Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты да терең жасаған зерттеу жұмыстарын көптеген ғылыми еңбектеріне негіз етеді.
Қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолының» алғашқы тараулары 1930 жылдың басында Әдебиет журналына басылып шыға бастайды. А.Пушкиннің 100 жылдығына арнап жазған «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі осы «Абай жолының» бір тарауы болып енеді. Төрт томдық роман-эпопеяның біріншісі 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы, үшіншісі 1952 жылы, соңғысы 1956 жылы жарық көреді. 1949 жылы Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1959 жылы төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Мұхтар Әуезовке «Лениндік сыйлықтың лауреаты» атағы берілді. Ұлы жазушының өшпес еңбегіне, заңғар дарынына көрсетілген бұл баға сол кездегі әдебиет пен өнерге берілетін ең жоғары, ең беделді атақ болатын.
Нәтижесінде, Мұхтар Әуезов әлемдік әдебиет алыптарының қатарынан ойып тұрып орын алды. Қазақ тілінің байлығы мен тазалығын әлемге паш еткен «Абай жолы» эпопеясы аса жоғары бағаланды да, дүниежүзілік әдебиеттің классикалық шығармасы қатарында адамзат рухани байлығының алтын қазынасына енді. Роман жаһан халықтарының 116 тіліне аударылды.
Эпопея дегеніміз не?Студенттермен әдебиет теориясына шолу жасау.
І. Даңқы өлмес, даусы сөнбес (Шетел жазушыларының ортақ лебізі)
Л.Арагон (француз жазушысы): Мен оның (М.Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман-«Абай» менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиялы мен өрен ой өлкесіне кездіріп талай терең толғаныстар тудырады.
ІІ. Комерундық Бенжамен Матип: Шынында, бұл қазақтар-неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай» романында қандай тамаша суреттелген! Сіздің бақытты халыққа мен шынайы көңіліммен қызығамын...
ІV. Жаңа сабақты бекіту.
«Абай жолы» эпопеясы туралы айтылған пікірлерден соң, романды оқи отырып талдауға кезек береміз. Студенттер берілген сұрақтарға жауапты кітаптан іздеп табады. М.Әуезов романындағы кейіпкерлер жайында бір сөзбен дәлме-дәл сипаттама береді.
Мінездеме беру:
Абайдың жолы:
Құнанбайдың жолы:
І. Атаның ұлы емес, адамның ұлымын (Абай бейнесі)
1. Абай неге халық жағына шықты?
Жауап:
Абай оқудан келгеннен кейін Құнанбайдың қасында жүріп, ел есіне араласа бастайды. Ел ішінде болып жатқан зомбылықты, қараңғылықты, теңсіздікті өз көзімен көреді. Әрі сол қарапайым халық ішінен өзіне дос таба біледі. Жуан бел надан, содыр ру басшыларынан бөліне кеткен бетінде, біреуден халықты, халықтың мұңын таба білді. Сол халықтың жоғын берер жаңалығын іздеді. Оған: «Әкесінің баласы-адамның дұшпаны, адамның баласы-бауырың» деген ойы дәлел. «Алда өмір, тартыс.Сол тартыста бұл жалғыз. Қуаты – ақылдық, үміті-халық. Өмірдің беліне шығыпты. Сол өткен жолында жоғалтқаны көп пе, тапқаны көп пе? Рас, жоғалтқанының көбіне өкінбейді. Жақында әке Құнанбай кетті жат болып. Туысқаннан-Тәкежан... Тәкежандар кетті жауығып. Келер, кете берсін.Бірақ халық қалса, халыққа жалынды».
2. Абайдың өнер-білім жолына бет бұруының себептері неде?
3. Құнанбай мен Абай арасындағы келіспеушілік, қайшылық тек әке мен бала арасындағы өкпе, наразылық па?
4. Абай бейнесін жасаудағы жазушы жеткен биіктікті немен түсіндірер едің?
ІІ. Адамның емес, ата ұлдары (Құнанбай бейнесі)
1. Құнанбай бейнесін қатыгез, кері кеткен кер заманның жанкешті жоқтаушысы ретінде суреттеуінің себебі неде?
2. Құнанбайдың дәуренінің өтіп, заманының кетіп бара жатқанын романнан үзінді келтіре отырып дәлелде.
3. Қодар мен Қамқа өлімінің басты себаптері неде?
Топтау стратегиясы бойынша жұмыс
Құнанбайлар жолы
ІІІ Атаның ұраны емес, аталының қорлығы қосқандар (Эпопеядағы халық өкілдерінің образы).
Эпопеядағы басты кейіпкерлер келбетінің бір жүйесі – Дәркембай мен кедей жатақтар. Дәркембайлар арқылы автор XIX ғасырдың II жартысында қазақ даласында оянып келе жатқан таптық жіктеуді, кедейлердің ауыр өмірін суреттейді. Олар арқылы қаналушы халықтың ең дана, ең жақсы қасиеттерін жинақтай білген.
1. Дәркембайдың халық даналығын бойына жинаған, жиынтық, типтік бейне. Дәркембай қандай типтік бейнедегі кейіпкер екеніне тоқтал?
2. Базаралы арқылы таптық санасы ояна бастаған күрескер қазақ кедейінің жиынтық бейнесі екенін дәлелде.
Дәркембай :
Базаралы:
ІV Қарашығым қоңыр қозым... (Абайдың сүйікті аналары – Зере, Ұлжан)
Романға үңілсек, біздің көз алдымыздан біріне-бірі ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын әрқайсысы өз қалпымен, кескін-келбетімен, ерекше ішкі сырымен соны, тың туынды болып көрінетін, көптеген әйелдер бейнесі бар.
«Ел анасы » атанған Зере баласы Құнанбай алдында неге әлсіз?
Жауап:
Зере Құнанбай алдында ешқандай да әлсіздік көрсетпейді. Қайта оны ықтырып отырады. Мысалмен дәлелдесек:
-Қорқытпа келіндерімді!... О, несі?-деп қатты зекіп қап. Ілгері жылжып кеп екі қолымен жер тіреп отырып, баласының жүзіне суық қарайды. Құнанбай шешесінің ажарын сезді де, жуаси түсті. Заман басқа, әйел сөйлеп, әйел ел басқаратын, билік айтатын заман емес еді. Әдет-ғұрып, ескі салттың заманы болатын. Ол сол феодалдық замандағы әйелдер теңсіздігі тудырған әлсіздік, замана әлсіздігі. Туған анасы туған баласына үкім айта алмайды. Себебі: әйел қоғамдық іске араласпауы керек. Өйткені ол қандай ақылды болса да «төмен етекті», отбасының ғана адамы.
Топқа тапсырма:
Абай мен Мұхтар (венн диаграммасы)
V Сабақты қорыту:
Не білемін? Не білдім? Не білгім келеді?
Cтуденттер жаңа тақырып бойынша қорытынды шығарады. Оқыту студенттердің ой түйіндейді.
VI Бағалау: Студенттерді сабаққа қатысына қарай бағалау.
VII Үйге тапсырма: «Шытырманда» тарауын оқып, сатылай кешенді талдау.
М. Әуезовтің «Абай жолы» романының «Шытырманда» тарауына сатылай кешенді талдау.
1. Авторы – М. Әуезов – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің заңғар биігі, академик – ғалым, ұлы драматург, көрнекті аудармашы, атақты ұстаз – тәлімгер, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, классик жазушы.
2. Тақырып – белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі жазушының суреттейін деп отырған ойының негізгі арқауы.
«Шытырманда» тарауының тақырыбы – бірнеше.
Біріншісі – Абайдың кітап оқуға құмарлығы, көп білуге деген құлшынысы.
Екіншісі – әке тапсырмасымен ел басқару, дау шешу жұмыстарына араласуы.
Үшіншісі – алғашқы рет тұтанған махаббат оты, ғашықтық сезім.
3. Әдеби жанр. Эпос – бұл өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін терең ашып, жан - жақты танытатын күрделі жанр.
4. Эпикалық жанр түрі:
Кең көлемді эпикалық түр.
Роман – ойдан өрбітіп баяндалған тарихи дәуір ұғымын білдіреді.
Романның көлемі үлкен, мазмұны қат – қабат, сюжеті мен
композициясы орасан күрделі.
5. Шығарманың негізгі идеясы – тақырып арқылы өмір шындығын суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелеп, сол арқылы өз мақсат, мүдделі арманын білдіру. «Шытырманда» тарауының негізгі идеясы – Абайдың Шығыс поэзиясын оқуға, ел ішіндегі тарихи, аңыз әңгімелерді құмартып тыңдаудағы талпынысын жеткізу.
Әке тапсырмасын орындаудағы аса ұқыптылығы мен жауапкершілігі, өзінің күннен – күнге толысып, өсіп (рухани жағынан) келе жатқандығын таныту.
Тоғжанға деген алғашқы табиғи сезімінің шынайылығын, бар жанымен құлай табынған сұлулықтың жас жүрегіне шоқ салғанын оқырманға Абайша сезіндіру.
6. Шығарманың композициялық құрылысы – сюжеттік дамудың кезең – кезеңдерін тәртіпке салып реттеп, қиыннан қиыстырып тұратын ой бірлігі. Шығарманың композициялық бөлімі бес кезеңнен тұрады. «Шытырманда» тарауы – көлемді – көлемді үш бөлімнен тұрады.
І бөлім «Кітап әлемінде»
Абайды қызықтырған Шығыстың хикая – дастандары.
Абай да, әжесі де әңгіме айтудың хас шебері.
Әке тапсырмасы.
Жұмбақ сезім.
ІІ бөлім. «Есейген Абай»
Күңкенің үйіндегі жиын
Байдалы мен Құнанбай арасындағы қырғи қабақтық қатынас.
Абайдың кісілік келбеті
ІІІ бөлім. «Баталы іс»
Ән қанатында
Анасының ұзақ әңгімесі
Бөжей асы мен жер дауы
Екі түн, бір күнгі тәтті ұйқы.
6. 1. Сюжеттің басталуы – әңгіменің кіріспесі іспетті, әдеби қаһармандар өзара қарым - қатынасқа көшпес бұрынғы хал - жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар суреттеледі.
І бөлім. Абайдың Шығыстың хикая - дастандарын оқуға құмарлығынан басталады.
ІІ бөлім. Ел аралап, жер танып, адам танып есейіп қалған Абай Күңкенің үйіндегі игі жақсылар бас қосқан үлкен жиынның үстінен түсуінен басталады.
ІІІ бөлім. Қарқаралыдан ешкім естімеген бірнеше жаңа әндерді Абайдың орындауынан басталады.
6. 2. Сюжеттік байланыс – адамдар арасындағы әрекеттің басы, тартылыстың басталуы іспетті шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді.
І бөлім. Абайдың әке әмірімен Құлыншаққа байланысты тапсырманы орындауы;
ІІ бөлім. Абайдың әкесінен, әжесі мен шешесінен сұрануы;
ІІІ бөлім. Анасының ел арасындағы қым - қуыт әңгімелерін естуі, ұзақ ойға кетуі.
6. 3. Шиеленісуі – оқиғаның адамдар арасындағы әрекеттің шиеленісіп, ширығуы.
1 бөлім. Абай әкесі Құнанбайдың әмірімен Қрабас екеуі Сүйіндік ауылына жер дауына байланысты аттанады.
ІІ бөлім. Абай тағы да әкесінің әмірімен Қарабас екеуі Байдалы қыстауына барады.
ІІІ бөлім. Абай Байдалының жауабы мен жуан, төрелер арасындағы бітпес дауды салмақты да, салиқалы түрде шешеді.
6. 4. Шарықтау шегі – сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы, адамдар арасындағы қимыл – әрекеттің күшейіп өрбіп жеткен жері, драмалық тартыстың өрістеп шыққан биігі.
І бөлім. Абай Сүйіндіктің қызы Тоғжанға ғашық болады.
Мамандығы: «Бастауыш білім беру мұғалімі»
Біліктілігі: «Бастауыш білім беру»
Пәні: Балалар әдебиеті және мәнерлеп оқу практикумы
Курс, тобы: БА-11
Оқытушы: Дүйсенова К.Е.
Сабақтың тақырыбы: Абай лирикалары
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Абайдың табиғат лирикасы туралы түсінік беру, оның мән-мағынасына мән бере отырып талдау жасау, әдебиетке алып келген соны жаңалығын тани білу;
Дамытушылық: Студенттердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру арқылы білім көкжиегіне жетелеу;
Тәрбиелік: Оқушылардың көркем өнер дүниесіне сүйіспеншілігін арттыру, әдемілікті түйсінуге, туған табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу;
Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгеру
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: баяндау, түсіндіру, әңгімелеу, көрнекілік, сұрақ-жауап
Сабақтың көрнекілігі: ақын портреті, табиғатты бейнелейтін суреттер, тірек сызбалар, слайд
Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, саз өнері, қазақ тілі
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру.
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
Біз бүгін қазақ әдебиетінің жүз жасаған бәйтерегі Жамбыл айтқан «Абай тереңіне» сүйсініп, тұңғиық сырларына үңілуге тырысамыз. Бүгінгі сабағымыздың мақсаты да өлеңдерін оқи отырып, оның мән-мағынасына үңілу, оның шығармаларын жаңа қырынан тану, өзге ақындарға ұқсамайтын, әдебиетке алып келген соны жаңалығын тани білу.
ІІ Үй тапсырмасын тексеру:
Абайдың өмір жолы. Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны. Студенттер қойылған сұрақтарға жауап береді.
Жаңа сабақты бастамас бұрын, біз Абай туралы, оның шығармашылығы жайлы не білеміз, соны еске түсірейік. Сонымен, Абай кім? (сұрақ-жауап және тірек-сызба әдістері арқылы Абай өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет алу)
А) Студенттер"Абай өмірбаяны" тірек-сызбасы бойынша сөйлейді.
Ә) «Абайдың шығармашылық өмірі – қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы... Әр ұрпақ Абай жөнінде өз сөзін айтатын болады. Абайтану есігі кімге де болса, ойы мен пікірі бар оқырманның бәріне ашық»,- деген жолдардың авторы Серік Қирабаев келер ұрпақ сендердің Абай шығармашылығын оқитындарыңа кәміл сенеді.
Студенттерге «Абай шығармашылығы туралы» үлестірме парақшалар беру, екі студент тақтада Абайдың «Адам болу» қағидасы кестесін орындайды
Абайдың «Адам болу» қағидасы
Бес нәрсеге асық бол Бес нәрседен қашық бол
Талап Өсек
Еңбек Өтірік
Терең ой Мақтаншақ
Қанағат Еріншек
Рахым Бекер мал шашпақ
«Абай шығармашылығы туралы» берілген тапсырмалардың жауаптарын тыңдау, қорытындылау.
Суреттер арқылы Абай бейнесін жасау.
Теңіз – Абайдың ақылы, білімі теңіздей терең.
Гүл – ақын сезімі гүлдей нәзік.
Тау – халық адамы, қайратты.
Жүрек – жүрек жылуын халқына арнаған
Жұлдыз – қазақ халқының жарық жұлдызды ақыны
Күн – күн сәулесі іспетті әлем таныған ақын.
Ай – қараңғыда жол көрсететін көшбасшы, данышпан
ІІІ Жаңа сабақты меңгерту:
Лирикасы кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Абай лирикасы сала-сала. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Абайды бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, тұтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жай сезінудің өзі оқырманның жан жүйесін, көңіл күйін түгел тебіренте толқытып, барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды. Бұл - ғажайып құбылыс.
Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасын талдар тұста, алдымен, ақын - өз дәуірінің үні екенін ескеру шарт. Суреткер өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс, жеке-дара қалып, томаға тұйық өмір сүре алмайды. Ен өзіндік дүние танымына сәйкес әлеуметтік көзқарасы бар. Сондықтан, өмір құбылыстарын суреттегенде оған өз қарым-қатынасын көрсетпей қала алмайды. Өз шығармасында сәулелеңген өмір шындығы туралы өз кесімін айтып, өз «үкімін» шығарады. Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің өмірге көзқарасын, таным-тапғамын, идеялық бетін айқындайды. Абай - өз дәуіріне қатал сыншы болған адам. Қараңғы даладағы қат-қабат қарау әрекеттер - заңсыздықтар мен зұлымдықтар ақынды қатты күйзелтеді де, дәл осы жеке басқа тән жай- күйлер енді бірде арнасынан асып, қоғамдық сипат алған. Сонда, ақынның бір адамды сынағаны - сол сияқты бүтін бір қауымды сынағаны, тілін болыс пен ұлыққа түйресе, сол кеселді туғызып отырған патша әкімшілігіне түйрегені болып шығады.
Абай өлеңдерінің ішінде бастауыш мектепте жиі оқылатыны табиғат тақырыбындағы өлеңдері. Сол себепті бүгін біздер Абайдың табиғат лирикасына кеңірек тоқталамыз.
Абайдың табиғат лирикасы (Дәптерлеріне жазғызу)
“Жаз”
”Күз”
”Қыс”
”Қансонарда бүркітші шығады аңға”
”Жазғытұры”
“Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай”
”Желсіз түнде жарық ай”.
Абайдың табиғат лирикасы – ақындық шеберлікпен жазылған сұлу, сырлы жырлар. Жыл мезгілдерін сипаттайтын өлеңдерінде оқушының көз алдына түрлі-түрлі табиғат көріністері келеді: жайқалған бәйшешек, "көгорай шалғын" мен "күркіреген өзені" бар, тамылжып тұрған шыбынсыз жаз да сонда, ақ түтек бораны мен үскірік аязы бар, қылышын сүйреткен қытымыр қыс та сонда, аспанын бұлт торлап, гүлі солған, сарғыш даласын шаң басқан, сұрғылт күз де сонда. Табиғат туралы әр өлеңінде ақын әуелі табиғат көріністерін суреттейді, ізінше сол көрініске бөленген қазақ ауылының тіршілік кәсібіне, шаруа жайына көшеді. "Жаз" өлеңінде күркіреп жатқан өзеннің көгорай шалғын жағасына көшіп барып, қонып жатқан ауыл, ақ білегін сыбанып, үй тіккен қыз-келіншектер суреттелсе, "Қыс" өлеңінде шидем мен тон қабаттап киіп, оранып алса да, долы боранға "бет қарауға шыдамай, сырт айналып", мұз жастанған жылқышылар, бет-аузын үсік шалған жас балалар, суық өтіп, титығы құрыған жылқылар, айналада жортып жүрген аш қасқырлар көз алдымызға келеді.
IV Жаңа сабақты бекіту
Табиғат лирикасына арналған өлеңдерін оқу, талдау.
4 топқа 4 түрлі өлеңін талдатқызу.
І топ. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіне талдау жасау.
Өлең неге «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп аталады?
«Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы» деп ақын нені айтады?
Осы өлеңнен ақынның аңшылыққа деген көзқарасың білуге бола ма? Қай жерінен көрінеді?
Өлеңде кездесетін «Үйірімен үш тоғыз» деген тілек сөздің мағынасын қалай түсінесің
Өлеңде қандай лексика қолданылған?
Сөздік жұмысы
Малма - тері илейтін ашытқы, иге салатын теріні асты-үстіне шығарып, араластыру
Шуда жіп - түйенің шудасынан иірілген жіп. Оны әжелер ұршықпен иірген.
Шомшы -түйемен жүк тасушы адам
Күзеу - көшпелі халықтың күзде отыратын қонысы,жайылымы
Ұшпа - жеке, шоқ бұлт
Шидем - қойдың жабағысынан тігіп, сыртын матадан қаптаған киім
Аяңшыл – ат
Қансонар – жаңа жауған қардың үстіндегі аңның ізі
Ғанибет – қызық, тамаша
Томаға – бүркіттің екі көзін жауып тұруы үшін кигізетін бас киімі
Қырымнан – алыстан
Қырық пышақпен қыржаңдап – тісін қайрап, айбат шегу.
Қаса – өте сұлу
Өлеңдерін талдау.
ІІ топ. «Күз» өлеңін талдау.
Ақын күз көрінісін суреттеуде қандай айшықты суреттер қолданған?
Ауыл тұрмысы қалай көрсетілген?
Көшпелі ауылдың тіршілігіне деген ақын көзқарасы қай шумақта көрінеді?
Күз мезгілін өзің қалай суреттер едің?
Мына сөздің синонимдік қатарын жасап, сөйлем құра: шөп, от, көк
ІІІ топ. «Жаз» өлеңі бойынша талдау
«Жаз» өлеңі ақынның қандай көңіл-күйінен хабар береді? Өз ойыңды дәлелде. «Жаз» өлеңінде ақынның көңіл—күйі жадыраңқы, жаңа қонған ауыл тіршілігіне сүйсініп қарайды.
Өлеңді оқи отырып, Абай заманындағы ауыл бейнесін көз алдына қалай елестеттің?
Жаңа қонысқа көшкен ауыл адамдарының көңіл күйін олардың іс-әрекеті арқылы анықтауға болады ма?Дәлелде.
Өлеңнің баяндауыштары қалай берілген? Баяндауыштары тиянақсыз түрде берілген, менің ойымша бұл кейіпкерлердің үнемі қозғалыста екендігін көрсетеді.
IV топ. «Қыс» өлеңі бойынша талдау.
Ақын қысты қалай бейнелеген?
Өлеңде халық тұрмысы қалай бейнеленген?
Шартты түрде өлеңді нешеге бөлуге болады?
Қыстағы жан-жануарлар бейнесі қалай берілген?
Төмендегі үзіндіден сөйлемнің бірыңғай мүшелерін тап.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Өлең құрылысына теориялық талдау.
Тақтада студенттер «Күз» және «Қыс» өлеңдерііне сатылай кешенді талдау жасайды.
Мұғалім: Абайдың «өлең сөздің шебері» екеніне көз жеткіздік, енді ақынды басқа қырынан тануға тырысайық. Абайдың табиғат лирикасы тақырыбына жазған сырлы өлеңдерінің бірі – «Желсіз түнде жарық ай», бұл өлең Абайды сазгер ретінде танытқан өлеңдерінің бірі. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін оқығанда жазғы тамаша табиғатты көз алдымызға елестетеміз. Бұл өленде Абай нені айқын өрнектеп бейнелеген? Әрине, құпия мен жұмбақ сырға толы тамаша табиғат! Желсіз тынық жылы түн. Айнала жым-жырт. Аспанда толықсып толған ай сәулесін шашып, бүкілдалаға нұрын төгіп тұр. Су бетіндегі айдың сәулесі өзен бетін көгілдір-сары алтын түске бөлеп, діріл қағады. Ағаш жапырағы өздерімен-өздері сыбдырласып, түннің тыныштығына құлақ салғандай. Жер беті ерекше сұлулыққа бөленгендей. Осы әнді өзіміз айтып көрейікші
«Желсіз түнде жарық ай» әнін орындау.
V Қорытынды:
Студенттерге сұрақ:
Бүгінгі сабағымызда Абайдың жүрегінің бар жылуын халқына арнаған ақын екенін дәлелдей алдық па?
Ақынның табиғат лирикасына қандай анықтауыштарды қолданар едің?
Абай өлеңдеріндегі табиғат көрінісін «заман табиғаты» деп айтуға болады. Ақын барлық өлеңдерінде табиғатты көшпенді халық тұрмысымен байланысты суреттеген. Ұлы ақын көңілі өз заманына толмайды, заман адамына қарап қапа болады. Бірақ табиғатқа қарап көңілі жай тауып, жадырағанын көреміз. Заман адамы бұзылғанмен, туған жердің бұзылмаған таза кәусар ауасын біз де жұтып, тас бұлақтың суын ішкендей боламыз. Қалай ойлайсыңдар, Ұлы ақынның көңілін қазіргі заман табиғаты, әсіресе туған жерінің табиғаты шабыттандыра алады ма? Өз ойларыңды дәлелдеп көріңдер.
VI Сабақты бағалау. Сабаққа қатсына қарай студенттерді бағалау
VII Үй тапсырмасы. Абайдың табиғат лирикасы бойынша 2 өлеңді жатқа оқу.
\
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Ілияс туралы бірер сөз
Марқұм, Ілияс Жансүгіров туғалы бүгін 80 жыл өтіпті. Бұл күні талай қазақ туып, талайы 80 толды, солардың ішінен Ілиясты ерекше еске түсіргелі отырмыз. Өзі өлгенімен сөзі өлмейтін ерлер болатыны ежелден белгілі. Ілияс сол ерлердің бірі. Ол алдымен ақын еді. Ақындардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Ақын, жазушы деген құрметті атаққа қол созушы көп, жететіндер аз. Ілияс сол аздың, бірегейдің бірі. Ол арамыздан ерте кетті, аларын түгел ала алмай, берерін түгел бере алмай кетті. Бірақ аты, қалдырған сөзі халқымен бірге жасап келеді, бұдан әрі де жасай береді.
Бір кезде осындай үлкен жиында сауатты қазақ саны саусақпен ғана санарлық болатын. Қазір ырымға сауатсыз бір қазақ табу қиын. Әдебиет жайында бас қосатындар саны саусақ санына жетпейтін. Қазір ұлан-байтақ республикамыздың жер-жерінде осындай үлкен-үлкен әдебиет кештері өтіп жатады. Әдебиет халқымыздың ең құнарлы рухани азығына, адам жанының тәрбиешісіне айналды. Бұл майданда да шырқап алға кеттік. Алайда, Ілиястарға алақтап қарай береміз. Биік бәйтеректің тамыры тереңде. Саязда болса биіктей алмас еді. Сол сияқты, бұл күндерде өркендеген социалистік әдебиетіміздің де тамыры тереңде, дәлдеп айтқанда: телегей-теңіз қазақтың ауыз әдебиетінде, әріде Абай жаңа белеске көтерген, беріде — совет дәуірінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбиттер көтерген жазба әдебиетте. Бұны ескермей, өзім ғана жетілдім деуші болса ойының тек тайыздығын көрсетеді.
Егін, шөп сияқты әдебиеттің де шығымды не шығымсыз жылдары бар. Әдебиетті жазушы жасаса, жазушыны талант жасайды. Талант бап талғайды, бабы табылмаса толықтай жатып солады, не өзінен зорға соқтығып өледі. Ілиястікі бабы табылған, лениндік идеямен суарылған, адамшылық ең жоғары арманға — коммунизм көктеміне самғаған, қажымайтын, кір шалмайтын жарқын талант. Ол, әмән лаулап жанып тұратын сияқты еді. Бірде өткір, бірде нәзік, бірде ащы, бірде тәтті алуан-алуан қысқа өлеңдерден бастап поэма биігіне көтерілді бұл ақын. Ол тек ақын ғана емес, очерк, фельетон, әңгіме, мақалалармен қоса роман жазуға дейін барған — көркем сөздің сегіз қырлы шебері болатын.
Шеберлікке құмарлық жетелейді. Ілиястікі өз басындық құмарлық емес, бүкіл халқынікі. Қазір өрбіп келе жатқан әдебиеттік жанрлардың көбі ол кезде бізде жоқты, барының буыны бекімеген, халық соларға ақсап тұрды. Ілияс сондықтан шарқ ұрып іздене берді. Іздену жазушыға табиғи мінез. Гәп, нені іздеуде. Ілияс әдебиеттің жоғын жасауға, кемтігін толтыруға, халықтың аңсағанын табуға аласұрды. Бұл еш уақытта ескірмейтін, әрдайым әр жазушының есінде сақталуы қажет қасиет.
Әдемі ойдың сиқын олақ тіл бұзады. Шебер тіл сиықсыз ойға да шырай енгізеді. Ілиястың тілі мейлінше бай, әрі сұлу, әрі алғыр еді. Қазақ тіл құдіреті жайында көп айтқан, «Өнер алды қызыл тіл» деген. Әдебиет дегеніміздің өзі қалпынша ой мен тіл, бірі іші болғанда, бірі сырты ғой. Іші - сырты сай келген нағыз көркем шығармаға өлім жоқ десек те болады. Адамдар қартайып, ескі қауым кетіп, жаңа келіп жатады. Нағыз көркем шығарма олардың кеткенін ұзатып салып, келгенін қарсы алып, жасай береді. Ондай шығармада өзі туған дәуірдің лебі, тұлғасы сақталады, өз ұлтының, исі аңқып тұрады. Ондай шығарма оқушысына әрі ләззат, әрі білім береді. Біздің социалист» әдебиетіміздің бағыты, мақсаты дәл осындай шығармалар. Ілияс еңбектерінен бұл мақсатқа сай сан еңбек табылады, кейінгілерге көркем үлгі бола алады. Сондықтан Ілияс бізге қадірлі, сондықтан біз оны ұмыта алмаймыз. 1974 жылы
Достарыңызбен бөлісу: |