Гипогликемиялық кома – бұл қандағы глюкоза деңгейінің төмендеу жай-күйі.
Гипогликемия жағдайы қант диабетінде инсулиннің жоғары дозасы енгізілгенде немесе қант төмендететін препараттар мөлшерден тыс қабылданғанда пайда болады. Оның сондай-ақ пациент ас ішпей инсулин енгізгенде немесе қантты төмендететін препараттарды қабылдап және тамақ ішпегенде пайда болуы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуі денелік зорығу нәтижесінде дұрыс тамақтанбауда, қарын үсті безінің ісіктерінде, қалқанша без қызметінің төмендеуінде, гипофиз функциясының бұзылысында, созылмалы бүйрек үсті безі тапшылығында, қатерлі ісіктік үдерістерде, алкогольді шектен тыс тұтынғанда туындауы ықтимал.