СабырбаеваР.Қ. қазақ әдебиеті кафедрасының доцент м а., ф.ғ. к



бет7/62
Дата22.12.2021
өлшемі2,2 Mb.
#980
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62
Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Дулат шығармаларының басты тақырыптары,көркемдік ерекшеліктері

  2. Ақын шығармаларының зерттелуі

  3. Абай мен Дулат арасындағы үндестік.(Қ.Өмірәлиев,Р.Сыздық еңбектерін басшылыққа алу)

Әдебиеттер: Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 5, 7. Қосымша әдебиеттер: 4, 6, 7.

Тапсырма: 1.«Еспембет» дастанының әдеби-фольклорлық сипаты, композициялық құрылысы туралы талдаңыз

2.«Шаштараз» дастаны


ДӘРІС 2. М. ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫ

Мақсаты: Махамбет поэзиясын ұлт азаттық күрес тарихымен байланыста талдап түсіндіру.

Тірек сөздер: көтеріліс, реализм, Исатай, халық, ұлттық рух.
Дәрістің жоспары:

1. Махамбет шығармаларының жариялануы, зерттелуі.

2. Махамбет жырларындағы күрескерлік, жауынгерлік, сарын

3. Махамбет өлеңдерінің философиялық дүниетанымдық тереңдігі

4. Ақын шығармаларындағы Исатай бейнесі

Аз сөйлер де, көп тыңдар хас асылдың баласы.

Махамбет.
Бұқарашылық идеясын айқын танытып, қазақ қауымындағы таптық қайшылықтың шиеленіскен кезін, хан-феодалдар мен еңбекші халық арасындағы кескілескен күресті нағыз шындық тұрғысында жырлап өткен ақын Махамбет еді.Ол - езілген елдің жоғын жоқтап, ар - намысын қорғаған күрескер ақын, Исатай Тайманов бастаған қозғалысқа бастан-аяқ қатынасқан, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, өз кезеңінің ірі қоғам қайраткері.Еліне, халқына шын беріліп, сол үшін шыбын жанын пида еткен асыл ер.Қазақтың ардагер ақыны Махамбеттің өмір жолы халық тарихының елеулі кезеңдерімен тығыз байланысты.

Қазақстанның батыс аймағында он төрт жылға созылған ( 1783 – 1797) Сырым Датов бастаған бұқара бұрқанысынан кейін ел ішінде феодалдық езгі ұлғая түсті.Сұлтандар мен патша үкіметінің казак әскерлері ел тонауды көбейтті.Мұндай қанау мен езгі және 1795 – 1796 жылдардағы жұт әсерінен мал саны күрт азайып, бұқара күйзеле басталды.Бөкей сұлтан біраз ауылдарды бастап екі өзен арасына өтті.Еділ, Жайық арасындағы сол өңір «Ішкі орда», яки «Бөкей хандығы» аталған.

Махамбет 1803 жылы Еділ, Жайық арасындағы Нарын құмында, Бекетай деген жерде дүниеге келген.Махамбеттің атасы Құлмәлі би, батыр, шешен адам болыпты.Махамбеттің ақындық, шешендік дарыны ерте танылады.Ол жас кезінен бастап батыр, палуан, мерген, домбырашы атанады.

Жәңгір хан беделін көтеру үшін талантты адамдарды өз маңына жинайды. Махамбетті де баласы Зұлқарнайынның ақылшысы етпек болады. Бірақ бұқараға істеп отырған хан қатігездігін көрген Махамбеттің іші жылымайды. Профессор Қажым Жұмалиев топшылауына қарағанда, Махамбет хан, сұлтандардан жәбір көріп, Жайықтың бергі бетіне қаша көшкен бұқара толқуына қатысады.Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс әлеуметтік теңсіздікке қарсы қарулы күрестің күшін айқын танытады. Көтеріліс кезінде туған Махамбет өлеңдері-Исатай, Махамбет бастаған туралы алғашқы жырлар. Халықтың айтуына қарағанда, Махамбет арқалы күйші, композитор болған. Оның күйлері «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Ақтабан» т.б.

Қолда бар деректерге қарағанда Махамбет өлеңдері алғаш 1908 жылы Қазан қаласында «Мұрат ақынның Ғұмарқазы ұғлына айтқаны» дейтін жинақта жарық көрген. Мұнда Махамбеттің өлеңдері бір-біріне жалғас қысқарған түрде жүйесіздеу жарияланған. Ақынның негізгі шығармалары 1925 жылы Ташкент қаласында жарық көрді. Бұл кітаптағы Халел Досмұхамедұлы пікірі бойынша, «Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде болған екен. Исатай ханға қарсы бола бастағанда - ақ Исатайға еріп кеткен. Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы өте қызулы адам екен».

Махамбет өлеңдерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қобыланды ақындар жатқа білген. Одан Мұрат үйренген.Мұрат өлеңдерін Ығылман жаттаған.

Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылдары Орынборда шыққан «Шайыр» жинағында да басылған. Осы жинақта «Исатайдың әндесі Махамбет жыраудың сөзі» деген атпен ақынның «Ереуіл атқа ер салмай», «Мен, мен едім, мен едім» толғаулары берілген.

Махамбет өлеңдерінің тиянақты бастырылуы мен зерттелуі революциядан кейін ғана құнттап қолға алынды.Атап айтсақ,Халел Досмұхамедұлы құрастырған «Исатай Махамбет» кітабы, «Жаңа мектеп», «Сәуле» журналдарында Махамбет өлеңдері жарияланды.Махамбет өлеңдерін жинау, жариялау, зеттеу ісінде белгілі ғалым Қажым Жұмалиев елеулі еңбек етті. Ол Махамбет өлеңдерінің 1939, 1948, 1951, 1958, 1962 жылғы басылымдарын жариялады.Ғалым Ғ.Зарипов, М.Тілеужанов, Б.Аманшин сияқты әдебиетшілерге сүйенді. Махамбет творчествасы туралы басқа да ақындар жазған мақала, еңбектер жоқ емес. Мысалы, С.Зимановтың Бөкей хандығы туралы ескертулерінің маңызы ерекше. Исатай, Махамбет бастаған көтеріліске қатысты деректерді, Махамбет өлеңдерін жинау, жариялау ісінде жазушы Берқайыр Аманшин бірқатар еңбек етті.Ақын өлеңдері санатына педагогика ғылымының кандидаты Қ.Мырзалиев, журналист Н.Жұмалиев деректеріне сүйеніп, жаңадан «Еңіреу ұлы емшек боз», «Кел кетелік», «Жақия» тағы басқа бірқатар өлеңдер қосты. Махамбет өлеңдерінің 1974, 1979 жылғы жинақтарын дайындады.

Махамбет өлеңдері 1989 жылы «Бес ғасыр жырлайды» жинағының бірінші томында жарық көрді.

Махамбеттің творчествасына М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, И.Жолдыбаевтар оқулықтарында (1933 – 1934 жылдары шыққан) біршама орын берілді. Жалпы, Махамбеттің бізге жеткен шығармасының саны - 80 – ге жуық болса, соның жиырма шақтысы көтеріліске дейін туғаны сезіледі. Солардың біразында жас ақын жыраулық дәстүрді ұстанғаны көрінеді. Ол бірде ежелден қалыптасқан, көп жырау қолданған, тіпті эпосқа да кірігіп кеткен тұрақты формулалар мен шумақтарды пайдаланса, бірде көрген түйгені мол мосқал адамша нақылдап сөйлейді, ендігі кезекте ақыл айтып, көп нәрсені қорыта, жинақтай баян етеді.

Ақынның мұрасы әдебиеттану ғылымының обьектісі де болды. Алайда, зерттеу еңбектер де, негізінен, идеологиялық схематизм мен орыс әдебиетінің үлгісімен талдау орын алды. Сөйтіп, Махамбеттің шығармалары реализм, романтизм, оптимизм, пессимизм деген «измдер» тұрғысынан зерттелді. Белгілі бір аспектіде бұл да қажет шығар. Бірақ көп жағдайда қазақтың ұлттық көркем ойының даму заңдылықтары ескерілмеді. Соның салдарынан Махамбеттің өзіндік ерекшелігі тар аяда, тек күрескер ақын деп танылды. Ал оның өзіміздің көркем ойымызға қосқан үлесі және өлең сөзді ойнатудың шеберлігі толық ашылмады. Ол өзінен бұрынғы поэзияны қалай пайдаланды, оған өзі не әкелді, ақын қандай қоғамдық мәні бар проблемаларды шығармашылығында қамтыды деген мәселелер, өкінішке қарай, тиісті дәрежеде сөз болған жоқ.

Махамбет өлеңдерінде көркем тілдердің жеке жеке барлық түрі де кездеседі. Махамбет өлеңдерінде эпитет,теңеу,әсірелеу,литота ауыстыру мағынасында қолданылатын фигура өзара байланысты түрге де жиі ұшырайды. Бұлардың өзара байланыстары ақынның сөзге шеберлігін дәлелдейді. Бұл жағынан алып қарағанда да Махамбеттің көркем сөз ұстасы екендігіне ешкім шек келтіре алмайды.

Сонымен қатар Махамбет нені айтсын,нені суреттесін мейлінше еркін,жеріне жеткізе, ар жағында ештеңе қалмағандай,онан асырып ешкім айта алмағандай етіп суреттейді. Махамбет өлеңдерінің тіл мәслесі жөнінде айтар болсақ, мазмұнымен тығыз байланыста қараймыз. Қорытып айтқанда, Махамбет шын мәнісіндегі көркем сөздің ұстасы.

Махамбет өлеңдері өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғам суреттеумен қатар, ол кезіндегі тарихи уақиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді.

Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты. Сондықтан, оның лирикасын - әлеуметтік сарындағы, саяси үгіттік лирика деп атауға тура келеді. Осы қасиетті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне де әсер етті. Түр - мазмұнның тура болуы қажет деген шартқа Махамбет поэзиясы толық жауап бере алады. Оның: «Ереуіл атқа ер салмай», «Мұңайма», «Айныман» деген өлеңдері, мазмұнына түрі сай жалынды үндеу сөздер. Махамбеттің досын мақтап, дұшпанын даттап шығарған өлеңдерінің мазмұны күрес идеясын жыр ету болса, құрылысы шешендікке толы үгітке арналған отты, өткір сөздер болып келеді де, сөйлемдері қаратпалы, сұрау сөйлемдер болып келеді, не жырлай арнау, не сұрай арнау немесе «риторикалық сұрау» болып отырады.

Қанды көбе киініп,

Бір Аллаға сиынып,

Ұрандап жауға тигенде

Кім жеңері талай - ды.

Жолдастарым мұңайма!-

дейді ақын.

Мұндағы «азамат, жолдастарым» деп, достарына қайырыла сөйлеу, сөйлемін риторикалық сұрау түрінде құру, өзінің айтайын деген пікіріне дәл, күреске үндеу тілегіне сай.

Махамбет өлеңдеріне бұл тәрізді үгіт өлеңдерімен қатар, лириканың басқа да түрлері бар. Ақынның бірқатар өлеңдері, жоқтау өлеңінің үлгісінде құрылады.

Қазақ фольклорында дүние салған адамның тіршіліктегі іс - әрекетін әр жағынан алып, толық баяндап жырлайтын жоқтаулар, естіртулер көп. Махамбет өлеңдерінің кейбіреулері фольклорда кездесетін жоқтау, өлеңдердің қысқа түріне жақындайды. Махамбеттің жоқтау тобына жақын келеді деген өлеңдері, оның басқа өлеңдеріне қарағанда фольклормен тығызырақ байланысты деуге болады. Өйткені эпитет, метафора теңеулерін алсақ, көбіне фольклордан алынған поэтик тілдер.

Ал, Махамбеттің кейбір өледері өзінше философиялық бағытқа негізделген өлеңдер болып келеді.

Махамбеттің бақыт пен тағдырдың айнымалы екендігін философиялық түрмен қорытқан мына өлеңінен де көруге болады:

Бұл дүниенің жүзінде,

Айдан көркем нәрсе жоқ,

Түнде бар да күндіз жоқ

Күннен көркем нәрсе жоқ,

Күндіз бар да түнде жоқ,

Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ,

Бірде бар да, бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ,

Еріккен күні қолда жоқ,

Заманым менің тар болды,

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт,

Қаумалаған қарындас,

Қазақта бар да, менде жоқ.

Бұл тәрізді эпифоралық ұйқас, синтаксистік параллелизмге құрып, образдарына философиялық мән беру, ақынды бұл дәуірде дұрыстық, әділдік жоқ деген қорытындыға әкеп тірейді де ақын сондықтан жалғыздық көріп, қасіретке шомады.

Мұнан кейін Махамбеттің кейбір өлеңдерін, әсіресе, оның өмірінің соңғы кезіндегі шығармаларын - элегиялық өлең деуге болады. «Абайламай айрылдым», «Нарын» және басқа сол сияқты өлеңдер өткенді еске түсіруге арналған, жан қасіретін көрсететін, ақынның жалғыздық қайғысын, тарыққан көңілін білдіретін элегиялық мотивті өлеңдер, мұнда оның басында бір зұлым тағдырдың қара бұлты төніп тұрған сияқты.

Мен тауда ойнаған қарт марал,

Табаным тасқа тиер деп,

Сақсынып шыққан қиядан.

Қайымның басын жел соқса

Қаршыға құс қайғырар

Балапаным суға әкетер деп,

Мамығын төккен ұялар,

О дағы біздей болған сорлы екен, - дейдіі ол.

Махамбеттің элегиялық өлеңдері аса суретті, тамаша көркем.Бұлар ақынның тек жалаң өз қайғыруының сәулесі емес, ол басқа түскен сол кездердегі ауыр халдердің айнасы болды.

Кейбір өлеңдерінде ақын туған елі бүгінгі Қазақстан жерінің табиғат байлығының әдемі көріністерін, иен даланың, асқар тау, шыңырау қиялардың айбатты пішінін суреттейді.Өлеңнің көп жерлерінде ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салған аңшылық, өз елінің өмірінде орны бар жан - жануар, аң - құстардың образын көрсетуге көбірек көңіл аударады.Бірақ бұл ел, табиғат байлығын жан - жануарлардың, әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету немесе тек сұлулық үшін ғана суреттемейді.Мұнда да ақын ел тағдырымен байланысты, өз басынан кешірген қиын қыстау кезеңдердегі ой сезімін оқушылары толық сезінгендей етіп ашығырақ көрсетуге құрал есебінде қолданады.Исатай өлгеннен кейін, күрес арқылы жетеміз деген мақсат орындалмай, көтеріліс жеңілген соң, хан, сұлтан, феодалдар халықты бұрынғыдан бетер езіп, ел басына ауыртпалықты күшейте түсті.Бұл жағдай ақынның басынан поэзиясынан орын алмауы мүмкін емес еді.Ақынның бірқатар өлеңдеріндегі қайғының элементі жоғары халмен байланысты болды десек, Махамбеттегі элегиялық өлеңдердің негізі сол жағдайлар деуге болады.Бірақ бұл сарындағы ақын өлеңдерінде жауына деген өшпенділік бар, сөнбес кек бар, жолдас - жорасына дем беріп өмірден түңілмеуге шақырып, болашаққа сенушіліктер бар.Міне,осылардың жиынтығы келіп, Махамбет өлеңдерін сары уайымнан аулақ етеді.

Махамбет өлеңдерін сөз еткенде, екінші көңіл аударатын мәселе оның өлең жолдарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігі дейміз.Қандай ақынға болсын бұл ең керекті шарттың бірі. Не көркем сөз, не әдеби тіпті үздік образдарды қолданса да өлең сөйлемдердің ішкі мазмұны өзара жымдасып, шебер түрде қиюласып жатпаса, образдар айтайын деген ойдың бір керегіне аспаса, ол образдардың оқушыға әсері болмайды.Көркемдіктің негізгі тірегі мазмұн. Мазмұн сөйлемдегі сөздердің өзара логикалық тығыз байланысынан туады.

Махамбет өлеңдерін сан рет рет оқысаң да, оқығығң келе беретінін, оқыған сайын оқушысының эстетикалық сезімін оятып, өзіне қызықтыра түсетінін, «Бір тамыры» сол логикалық байланыстарының күштілігінде. Махамбет өлеңдері көтеріліс кейіндегі тарихи шындықты да дұрыс баяндап береді. Елден айырылып, қуғынға түскен ерлер халі лашыннан ығысқан панасыз қызғыш құс тағдырына бірақ Махамбет өмірден ешқашан түңіліп, өзі бастаған істен бас тартқан емес.

Атай да Матай екі құл

Қауіп келсе басыңа,

Көзің сүйер елің жоқ

Біткен істің міні жоқ,

Тура ажалдың емі жоқ.
Махамбет поэзиясы әдебиет қорына өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды. Әрбір сөйлемі образдылығы тіліп түсер өткірлігі, қызу қанды жігерлілігі, есердей екпіні, дауылдай долылығы оның поэзиясының өзгеше пафосқа көтерді. Еркіндікті аңсап, атқа мінген арыстан жүректі азаматқа ерлігін аспанға көтерер жыр төккен асыл азамат ақынның әрбір сөзі от жалынмен суарылған. Көк жүзінде жалт -жалт етіп ойнаған, найзағайдай айбарлы, сұсты. Махамбет поэзиясына тән өжеттілік, өрлік, өткір сын әр кездеде кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлға тұрпаты, ісі, сөзі бәрі ерліктің мәңгі символы деуге боларлық.

Қазақ әдебиетінде бұрын соғыс сахнасын көрнекі әрі нақты етіп ешкім суреттеген емес-ті. Тек батырлық жыр мен кейбір жыраулардың өлеңдерінде шайқастың барысы баяндалады,бірақ оларда әрбір эпизод мұншалықты жинақы,әрі жүйелі,бірінен соң бірі көрсетілмейді. Рас, Махамбет бұл өлеңінде эпостың дәстүрінен де қашпайды, оны ұтымды пайдаланады. Әсіресе, көтерісшілердің қалың қол болып жиналғанын,ұрыс алдындағы Исатайды, оның астындағы атын бейнелеген тұста эпос стилі үстемдік еткен:


Жау қарасы көрінді,

Жиылған әскер білінді,

Исатай-басшы,мен-қосшы,

Исатайдың сол күнде

Ақтабан аты астында

Дулығасы басында,

Зығырданы қайнады

Астына мінген Ақтабан

Ақ бөкендей ойнайды.

Артына ерген көп әскер

Маңыраған қойдай шулайды.

(Соғыс)


Міне, Исатай -кәдімгі эпос батыры. Ол қалың жаудан беті қайтпайтын ержүрек қолбасшы,ал оның мінген аты - нағыз батырға лайық тұлпар. Оның Ақтабан аталуы,ақ бөкендей ойнауы батырлық жырдың әсерін қабылдау белгісі.

Алғашқы ірі қақтығыста көтерісшілер жеңіліп Махамбет пен Исатай аз ғана топпен Жайықтың сол жағына өтіп, жұбы жазылмай отырған Әлім мен Адай жұртына келеді де,қайтадан қол жинап, көтерілісті жалғастырады. Алайда,бұл жолғы шайқас та сәтсіздікке ұшырайды.Исатай қаза табады. Көтерілістің осы екі кезеңі де Махамбет поэзиясында көрініс тапқан. Ақын бірінші шайқастың барысын «Соғыс»атты өлеңінде тап-тұйнақтай етіп, жинақы әрі толық суреттесе,одан кейін Жайықтың бергі жағына өтудің қажет болғанын айтып, Исатайды үгіттеген көрінеді:


Уа,Иса- еке,Иса-еке

Кел,кетелік,кетелік

Кетіп,бір Жайық өтелік
Жайықтан өткеннен кейінгі жағдайды ақын бірнеше шығармаларында баяндайды.Солардың ең басында «Әй,Махамбет, жолдасым» деген Исатай атынан айтылған өлең тұр. Ақын өзінің бүкіл ойын, бірінші рет Жәңгір ордасын қамап алып,ханның «бекзаттығына» сеніп кері қайтуының қате болғандығын,сөйтіп көтерілістің жеңіліске ұшырағанын,содан соң Жайықтан өтуге мәжбүр болғанын Исатайдың өз сөзі етіп,мойындата сөйлетеді. Жайықтан өткеннен кейінгі Исатайдың көңіл күйін айту арқылы Махамбет өз жағдайын да көрсетеді:
Әскерім кетіп қасымнан

Жапанда жалғыз қалғасын

Өкінгенмен пайда жоқ

Құдайым басқа салғасын...

Көктей өтіп Жайықты,

Бір қасық ішкен қара су

Жұмасына ас қылдым...
Осы өлеңінде Махамбет көтерілістің басшысы Исатайдың жаудан қашып,өзінің серіктерінен айырылып,жалғыз қалған сәттегі жан дүниесін,сол арқылы өзінің де қиналысын сипаттайды. Исатайды елмен,досымен қоштасқан етіп суреттеуі,оған жасөспірім Жақияны Махамбетке тапсыртуы бір жағынан, Махамбеттің көкейінде жүрген арманы болуы керек.
Кермиығым кербезім,

Келіскендей шандозым.

Құландай ащы дауыстым

Құлжадай айбар мүйіздім

Қырмызыдай ажарлым,

Хиуадай базарлым

Теңіздей терең ақылдым,

Тебіренбес ауыр мінездім...

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен...
Махамбет өз портретін жасап, көркем суреттеген:

Еңселігім екі елі,

Егіз қоян шекелі

Жараған теке

Мүшелі,

Жауырыны жазық

Мойыны ұзын

Оқ тартарға қолы ұзын

деп келеді де,осыған қоса өзіне мінездеме беріп, өзінің қандай адам екенін айтады:

Дұшпанына келгенде

Тартынбай сөйлер асылмын.

Құла бір сұлу ат мінген

Құйрық,жалын шарт түйген,

Құм сағыздай созылған.

Дулығалы бас кескен,

Ту түбінен ту алған,

Жауды көріп қуанған,

Мен Өтемістің баласы

Махамбет атты батырмын

(«Еңселігім екі елі»)

Былай қарағанда, бұл өлең Махамбеттің батыр ретінде жұртқа танылып, әбден толыққан кезінде туған сияқты көрінеді. Алайда, кемеліне келген адам өзін, «батырмын» деп айта қоймас. Керісінше, алда арманы көп, албырт шағында адам өзін барынша артық бағалап, максималист болады. Махамбетте сол бозбала тұсында өзін елден асып туған батыр сезінген, сондай болуды көздеген. Сол ойын ашық айтып, өзінің образын сомдаған.Ол өзінің бет әлпетін, дене құрылысын суреттеумен қатар, өзін жұртқа таныстырады. Сөйтіп өзінің кім екендігін, қандай адам екендігін, нені көксейтінін, нені жақсы көретінін хабарлап, тіпті өзінің мінезін,әрі астындағы атын да сипаттаған. Осы өлеңнің өзінен -ақ Махамбет ертеден қалыптасқан «ер азығы жолда» дейтін шартпен жүретін жортуылшы номадтың идеалын ұзақ та қауіпті жолға жалғыз шыға беретін, қанша жүрсе де талмайтын, шаршамайтын, ештеңеден тайсалмайтын, ешнәрсені талғамайтын ер азаматты қалайтынын көру қиын емес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет