(Абай Энциклопедиясы 500 бет) Абай шығармашылығындағы реалистік тағылымды сөз қылғанда, сол замандағы әлеуметтік өмірдің мейлінше шыншылдықпен суреттелуін, әсірісе халық тұрмысының барлық егжей-тегжейлерімен ақиқат жеткізілуін,соның ішінде болмыстың не бір көлеңкелі, келеңсіз жақтарының қатал сын тұрғысынан пайымдалуын біз ең алдымен ақынның сол кездегі бодандық болмыстың ауыр зардаптарын көзбен көріп, көңілге түйген қынжылысынан, өзхалқының болашағын ойлап мазасыздануынан деп түсінеміз.
Адамдар жөнінде де жақсыны жақсы деп, жамандықтан ажырата, сүйінішпен айту – жаңылмай, жаза баспай, үнемі үлгі тұтар машығы. «Қыздарға» атты өлеңінің алғашқы екі тармағындағы:
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең,
Адалдыққа бар елдің зоры Бәкең,-
деген, іштей ризалыққа толы сипаттаманы:
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды, -
( Сабырсыз, арсыз, еріншек )
дейтін ренішті жолдармен салыстыра қараған кісі ақынның жақсылық пен жамандық жөніндегі талғампаздығына шүбә келтіре алмайды.