Сырқатымнан мен жұмаға жақын уақытта әрең айықтым. Онда да ыстығым қайтып төсектен тұрдым дегенім болмаса, сүзек болған адамдай сүлдерім құрып, тәлтіректеген аяғымды әрең басам. Кескінкейпімнің қандайлығын көргім кеп, бір күні айнаға қарасам, өңім сақарға салған сүйектей құп-қу; жағымның еті суалып, екі ұртым ішіне кіріп кетіпті; көзімнің қарашығы бозарыңқы тартқандай өлеусіреп, бұрын аппақ сүттей кіршіксіз көрінетін ағы, қарғаның қабығы аршылған жұмыртқасындай қара көк түске айналыпты; қаны кетіп кезерген ерінімнің түсі, қайнап тұрған суға малып алған еттей боп-боз; кеше ғана топ-толық, жұп-жұмыр мойным қылдырықтай боп, біреу басымды қаттырақ қозғаса үзіліп кетерліктей боп тұр!..
Бұл қалпыммен төсекте әлі де жата тұрар ем, егер үй ішіндегі естияр жандардың қабақтары аса қатыңқы болмаса. Оның себебін Қалисадан сұрасам, Бүркітпен арамызда болған оқиғаны әкем де, әжем де, шешем де естіпті. Ол ол ма, Бүркіттің құнанын жарып тастауы да: сол себепті біздің ауылға келе алмауы да әке-шешелеріме жетіп қапты. Үміт еткен алымы қолына тимегеннен кейін, Жұман және оның өсекші қатыны — Бике, Бүркіт пен менің жайымда ел арасына нелер сұмдық сөздер таратыпты. Осы әңгіме қайын жұртыма да жетіп, не боп жатқанын білуге, біздің үйге Сасық жіберген жігіт те келіп кетіпті. Осынша қаулаған өсекті есту әкем мен шешелеріме оңай боп па?.. Бойжеткен қыз болсам бірсәрі, мен әлі, он екі жастағы баламын ғой!.. Әкем мен әжем бұл әңгімеге жандары ауыратындығын бетіме айтпағанмен, «бала басыңмен осынша атаққа таңылатын не болды саған?!» дегендей кескін-кейіптерінен аңғартады да, мен одан ұялып жерге кіре бастаймын. Ұялғанмен амалым не? (Кейін, кітаптардан көрсем, бұндай халге түскен адам, өзің-өзі өлтіреді екен. Ондай «үлгі» барын білмейтін бала басым, өсектің салмағы жанымды да, тәнімді де қанша басып езгенмен, өліп қалмаған соң шыдай берем. Әке-шешемді де аяймын. Бірақ, амал қанша?!.)
Өлмешінің халымен инеліктей қатып жүрген күндердің біреуінде, әкем бір жаққа жолаушылай қалды да, ол аттана сала, біздің үйге ауылдың қатындары жинала бастады. Сөз әлпеттеріне қарасам, бұрын ұлша киініп жүретін мені, енді қызша киіндіріп, абысынажынның ғана тойын жасап, су-суан ішпек. Бұл тойды туған шешем Жәния жанжал шығарып жасатпады. Әжем мен оның кешеден бері ілінісіп, қабақтары келіспей жүргенін сезгем, бірақ, неге екенін білмегем. Үйге бірнеше қатын жиналып келгеннен кейін:
— Ал, тоқал, тұр, шай қой!.. Қазан көтер!—деді әжем шешеме.
— Немене, бастаңғы жасайын деп пе ең байыңа?— деді шешем ұнатпаған дауыспен.
— Сөзді қойсайшы!—деді әжем бұйырған дауыспен.
Әжемнің ондай даусынан ығысуды шешем алдақашан қойған. Соңғы бірер жылдарда ол әжем «е» десе, «ме» деп, бетін қайтарып тастайтын; әкем де әжемнің уытқыттауымен шешеме бұрынғыдай міне түспей, кейде, көзін ғана алайтатын; ал кейде: «Сендер-ақ сиыспайтын болдыңдар-ау, осы! Бірің өл де бірің қал!» деп шығып кететін; сөзі өтпейтінін аңғарған әжем, бұрынғыдай бейпіл тіліне ерік бермей: «Құрық алып кеттің-ау, қу тоқал!» деп кіжінетін де қоятын.
— Неге қоям?— деді шешем әжемді жеңіп алған дағдысына бағып, өршеленген дауыспен,— немене боп қапты, сонша асығатын? Қазақ аузына келгенін оттай береді. Сүттен ақ, судан таза баланы жасына жетпей жұлмалап қызша киіндіретін не қысыпты бізді?
— Сен олай деме, Жәния!— деді, Құба-екемнің20 бәйбішесі Салиқа, сабырлы ақырын дауыспен,—«Он үште отау иесі демей ме? Бір-ақ жыл қалған жоқ па, Бәтестің ол жасқа жетуіне?.. Енді еркек балаша сидаңдатып қайтесің оны?.. Ер баладан қолдарың құр отырған жоқ. Тіл - аузымыз тасқа. Сейілжан да жігіт болып келеді. Ата-анасының жоралғысы. Енді Бәтесжанға қызша киінгені жарасады.
— Дұрыс сөз!— деп ду ете түсті өзге әйелдер.
Салиқа шешемнің сыйлайтын адамы болушы еді, сондықтан оған қатты жауап қайырмай:
— Құдай қыз ғып жаратқан соң, қыз болмай қайда кетер дейсің, — деді шешем, көніп қалған бейнемен,— бірақ, не кигіземіз, сонда? Өзіне арнап тігілген киім жоқ. Кәкеннің ескісін кигіземіз бе?..
— Мен оны кимеймін!— дедім де шығып жүре бердім.
Артынан Қалисадан естісем: «Баланың өзі де көнгендігін білдіріп кетті ғой,— депті қатындар, — Кәкеннің ескісін кимеймін деуі дұрыс. Бар кісінің баласы бола тұра, неге кисін ондайды? Киімдерді арнап тіктіру керек те, жол-жоралғысын содан кейін жасау керек.
Осыған көнген әжем, қатындарды таратады да, әртүрлі маталар салынған сандықты Қалисаға аштырып, жаздық. киімдерге лайықтыларын алдына қояды да, мені шақыртады. Қашқалақтамай Қалисаға еріп үйге кірген маған:
— Келе ғой, күнішегім,— деді әжем өзеуреп, құшағын жайып,— мына маталардан көңіліңе ұнағандарын айта ғой. Қалиса жеңгең әдемілеп пішсін де, жақсылап тігіп, үстіңе кигізе қойсын.
Өзгеруге қажет болған шақта, адам тіпті тез өзгере ме, немене, бұған дейінгі дағдымша, әжемнің кең жайған құшағына кіріп кетпей, селтиіп үнсіз тұр едім:
— Келін!— деді ол қылығымды ұнатпағандай болған әжем Қалисаға,— баланың қай ұнатқан матасын ал да, анау ситсалардан екі көйлек, сәтеннен бір көйлек, биқасаптан жеңді-жеңсіз қамзол піш, содан кейін үйіңе апар да тік!
— Қайсысын таңдайсың?— деді Қалиса маған.
— Бәрібір!
— Ендеше бойыңды ғана өлшеп алайын,— деп Қалиса көйлектік ситсаның енін жаза бергенде, үйге көнек ұстап шешем кірді. Матаны иығымнан төмен қарай салбыратып өлшеуге айналған Қалисаға:
— Етегін асығынан төменірек түсіріп піш!— деді әжем.
— Қайтетін едің сонша төгілдіріп?— деді шешем, көнегін жалмажан жерге қойып, маған қарап,— тізесінен аз-ақ төмен түссе де жетеді.
«Қайсыңның тіліңді алайын» дегендей, Қалиса әжем мен шешеме кезек қарап еді:
— Менің айтқанымды істе!— деді шешем.
— Соныкі-ақ болсын! — деді әжем.
Қалалық жерді білмеймін, біздің маңайдағы ауылдық жерде киімді
Қалисадан пішкіш те, тіккіш те адам жоқ деседі. Елдің әдемі киінгісі келетін мырзалары ат жетер жерден кеп Қалисаға киім тіктіріп әкетеді. Қызын ұзататын байлар да Қалисаға жалынышты. Паң мінезді Қалиса олардың ілуде біреуіне ғана барып, үйінде жұмалап жатып, қыздың салтанаттық киімдерін сәндей тігіп, бітіріп қайтады.
Сондай мініскер қолды Қалисаның қолынан пішіліп тігілген киімдер, денеме түгелімен қона кетті. Сөйтіп мен, бір күннің ішінде ұлдан қызға айналдым да кеттім... Бірақ, әп-сәтте сыртым қыз бола қалғанмен, «ұлмын» деп жүрген мен сияқты бейбаққа, іштей қыз бола қалу қиын екен. Қыздың киімін кигенмен, әуелгі кезде сол киіммен көптің көзіне көріне алсамшы!.. Бірталай уақытқа дейін, өзімнен өзгенің бәрінен жерге кіре жаздап, қаракөлеңке шаққа дейін тысқа шықпай, мешел адамдай үйде отырып алатын болдым.
Сөйтіп жүрген күндердің біреуінде, іңір арасында тысқа шығып, алыста шөгерілген шоғыр түйенің ішіне барып ем, ауыл жақтан қараңдап көрінген екі кісі бері қарай беттей берді. Үйде бір қонақтар бар еді. Екі адамды мен соларға жорыдым да, ербие қалуға ұялып, түйелердің арасына бұға қойдым. Жақындап келген олар менің нақ қасыма кеп отырды. Дауыстарынан таныдым: бірі — әкем, бірі — Жұман.
— Сасық құдаңның сәлемін айтайын деп шақырдым,— деді Жұман әкеме.—«Дүние осы бетімен кете берсе амал жоқ,— деді құдаң,— өйтпей, біздің қолға да қарға қонар заман болса, жесірімді жіберіп тірі отыра алмаспын. Тіпті совет заманы бекіп қалған күннің, өзінде, бұл намыстың жолына, жетсе малды төгермін, жетпесе басты берермін».
— Сонда не қыл дейді, Сасық нағашың?
— Оның айтатыны: «Әбеумен және Жақыпбекпен ішінара келістім. Әбеу баласын («баласы» деп отырғаным Бүркіт қой) Жақыпбекке қосып, Орынборға оқуға жіберетін болды, Жақыпбек баланы көндіріп алып кететін болды. Бала нағашысының сөзіне көнген де сияқты. Бірақ, ол «Бәтесті ала кетеміз» дейтін көрінеді, бала айнып қала ма деп, нағашысы «сөйтсек сөйтерміз» дейтін көрінеді.
— Иә, хош?..
— Сасық пен Жақыпбек ақылдасып былайша келіссе керек: егер Бүркіт үйінен аттанғаннан кейін бұл үйге соғам десе, Жақыпбек «қарсы болмаймын» депті, «бірақ сол кезде әке-шешесі қызды алып қалудың, Бүркітті оқу жолынан тоқтатпаудың, амалын тапсын» депті. «Ол амалды Мәмбет қожаның өзі тапсын,— деді Сасық нағашым,— кесір баланы арандатып алмасын, қызын көндірсін де, салмақты соған салсын!»
— Қандай салмақ бар оған?— деді әкем.— Бойжеткен бала емес сөз көтеретін. Жап-жас балаға мен не айта алам, жұмсаған адамым не айта алады?
Екеуі де ойланғандай, аз уақыт үнсіз отырып қалды.
— Мәке!— деді Жұман, әлден уақытта, әкеме.
— Әу.
— Мынадай бір амал қолданса қайтер еді?
— Қандай?—деді әкем елеңдеп.
— Құба-екеңнің ғой, мінезінің қаттылығын осы емпениядағы дүйім жұрттың бәрі біледі?
— Солай деседі ғой жұрт.
— Бұл салмақты соған салсаң қайтеді?
— Қалайша?
— Мысалы, Жақыпбек пен Бүркіт осында келеді екен дейік. Қашан келерін білдіріп тұрайық. Олар келген күні Құба-екең Бәтесті үйіне алсын да, тұсағандай ұстап отырсын. Жақыпбек алып кетем деген болсын. Сен де «жіберем» деген бол. Сонда, Құба-екең пышағын қолына алсын да, мен тіріде әкете алмайсың» деп қасарсын да отырсын. Не істейді оған?.. Жаманатты Құба-екең болады да қояды. Милициямен тартып әкететін, бойжеткен қыз емес.
— Тапқан ақыл болар, осы!— деді әкем Жұманға.
— Ендігісін Құба-екеңмен ақылдасайық,— деп екеуі түрегелді де, ауылға қарай кетті. Ол кеңестер алғаш менің сезімімді ауырлатудың орнына, тыңдауға қызық сияқтанды. Бәрінің жиналып, қаршадай екі баламен күресуін-ай!..
Сөздерінің ауырлығын, олар ұзаңқырай бергенде сездім. Жақыпбек пен Бүркіт біздің үйге әнеукүні келіп, түстеніп кеткен. Сонда, Бүркіттің Орынборға оқуға кететінін естігем де, елеусізде «мені де ала кет!» деп тіл қатып қалғам. «Жарайды» деген Бүркіт. Сонда, балалық байғұс бағымызға алдымыздан мынадай бөгет кездеседі деген ой келіп пе? Енді, бұзып көрейік, мықты болсақ бұл бөгетті!.. Жоқ, қиын оны бұзу!.. Өңгені емес, Құба-екеңді көндіру қиын!.. Неге?
Оның жаратылысына біткен бір мінез, үлкені болсын, кішісі болсын, әйел жынысты адам атаулының бәрін де иттің етіндей жеккөреді. Оның үстіне жеңгелері сияқты немесе атақты бәйбішелер сияқты қартаң біреулер болмаса, әйел батып кіре алмайды. Алдажалда өзінен жас біреу-міреу кіре қалса, Құба-екең шығып жүре береді де, ол үйдің арнап асқан тамағына да келмей қояды. Бақайшағына дейін діншілдік ағып тұрған ол, Мұхаммет пайғамбардың «қыз тоғызға жеткен соң балиғ болады», яғни «ержеткен әйел саналады» деген шариғатын қатты қолданып, жасы тоғыздан асқан қызды да үстіне кіргіздірмейді. Оның әйелді жек көретіндігі сондай: өзінен туған жалғыз қыздың өмірінде маңдайынан иіскеген, я маңына жолатқан кісі емес дейді. Он үш жасында біреуге беріп жіберген сол қызына өзі де бармаған, үйіне де келтірмеген...
Қызға осылай қарайтын оның өлердей таяқ жегені де бар. Бұдан он бес-жиырма жылдар бұрын Құба-екем Арақарағай аталатын жердегі қайынына көшіп барып, молдалық құрса керек. Бір күні іңірде, әлдеқайдан салт келе жатқан ол, ағаш жиегіндегі сайда жидек теріп жүрген бір топ кішкене қыздарға кездеседі. Оларды шайтан деп ойлаған Құба-екем иманын үйіріп кеп, кішкене қыздарды қамшының астына алады. Таяқ батып бақырып жылаған қыздар, Құба-екемді таниды да:
— Бізді неге ұрасың, Құба-еке?— деп шуласады.
— Япырай, мына малғұндардың атымды біліп алуы-ай!—деп сояды Құба-екем.
Сол маңайда пішеншілер жатыр екен дейді. Бақырған балалардың даусын естіп жүгіріп келген олар, Құба-екеңе:
— Бұның не?— деседі.
— Осы маңай шайтанға қаптап кетті!— дейді Құба-екең.— Көздерің көре ме?..
— Кәне?— десе:
— Міне!— деп балаларға қамшы үйіріп тағы ұмтылады.
Сол арада пішеншілер Құба-екемді ұстап алады да, «мәссаған шайтан!» деп, аттан аударып алып, өлердей сояды. Балалардың біразы қатты таяқ жеп өлермендік халге жеткен екен дейді: Соны көрген қайыны, «басыңның аманында кет бұл елден!» деп, Құба-екемді туған ауылына қайтарып жібереді. Одан кейін ел аралап бала піштіруден басқа кесіп істемейді.
Оқымаған надан ауыл оны ғұлама көргенмен, бертінде байқасам, өзге түгіл құранды да дұрыстап оқи алмайтын, дін кітаптарының қарасын танығанмен, өз қолынан өз атын да жаза алмайтын қараңғы кісі екен. Сол қалпымен діншілдігі сұмдық: ас ішкеннен, ұйқыдан, жиынға барғаннан басқа уақыттарда, жайнамаздың үстінен түспей шоқаңдайды да отырады. Жайшылықта оң қолынан тасбиғы түспейді. Екі сөзінің бірі — «Сұбхан алла!». Ол ешкіммен де шүйіркелесіп сөйлеспей, қайда болса да қабағын қарыс жауып тұнжырайды да отырады. Түсі де суық-ақ өзінің: кескіні қап-қара, қабағына біткен қастарының өзі көсе адамның сақалындай желкілдейді, орағыта біткен қоңқақ мұрны кішігірім келсаптай, екі шықшытына және иегіне шоқтала біткен үш тарам көмірдей қапқара ұзын сақалы, таңқита қырған мұртының ұртынан темен созыла салбыраған ұзын сапары, топтала қадалып тұрған сүліктерге ұқсайды, үлкен қара көзінің үстіңгі еті топ-томпақ боп үнемі ісіп жүреді, қара бұлттай жабылған қабағы ешуақытта көтерілмейді, адамға сүзетін бұқадай қарайды... «Ұл» боп жүрген кішкене шағымда, осы Құба-екеме еркелеп барып қалам деп, «кет, малғұн!» деп ақырғаны бар. Содан қайтып маңайына жолаған емен... Әйелі Сақпан жұмсақ мінезді адам. Бірақ, ерінен қорқа ма, әлде сыйлай ма, бетіне қарсы келмейді, ырқына көне береді, сондықтан ғой деймін, мені үйіне, тек ері жоқта ғана шақырып, кейде қондырып, ері барда маңайлатпайды. Неге екенін кім білсін, әкем де ағасының алдында құрдай жорғалап, айтқанын екі етпейді... Осындай адамның еркіне салса, мені оқуға өлсе жібере ме? Бұрын «сені ілгері жіберіп оқытам» дейтін әкемнің түрі анау!.. Енді не істеймін?
Басым осындай оймен дал болып жүрген шақта Жақыпбек пен Бүркіт кеп қалды. Бүркітке мен оңаша жолықтым да, әкем мен
Жұманның мені оқуға жібермеуге құрып жүрген айлаларын айтып бердім. «Нағашым күш салмаса, басқа күшіміз жоқ» деді Бүркіт. Біраздан кейін әкем мен Жақыпбек оңаша шығып сөйлесті. Бүркіттен содан кейін сұрасам: «Билік ағамда еді,— депті әкем Жақыпбекке, сөйлесіп көрейін, көндіруге тырысайын».
Ол күні біздің үйге қонатын Жақыпбекті, жақын жердегі ауылдың бір байы қонаққа шақырды. Бүркіт те бірге кетті. Олар жөнеле салысымен, қолына аса таяғын ұстаған Құба екем үйге түтене кіріп келді де, әкеме ақырған дауыспен:
Бәтесті оқуға жібермек болдың ба?—деді.
Сондай сөздің болғаны рас!—деді әкем, қаһарлы түспен қасына жақындаған Құба-екеме, асамен салып қалар дегендей, отырған жерінен әрі қарай ығысыңқырап. Құба-екемнің әкемді ашуы келгенде ұрып тастайтыны болатын, әкем оны көтере беретін.
Кім ол сөзді шығарған?
Әлгі Жақыпбек «әйел балалар да оқып жатыр... ала кетейін...» деген соң...
— Неге ала кетеді ол, әке-шешесі бар, күн көретін дәулеті бар жапжас баланы?..
— Енді... айтқан соң...— деп әкем күмілжи беріп еді:
— Мәссаған, «айтқан!»—деп Құба-екем әкемді асасымен иыққа салып кеп қалды. Жасқанған әкемді тағы да ұрмақ боп асасын көтере бергенде, үйде отырған бір шал, «араша!» деп қолынан ұстай алды.
— Жібер!—деді Құба-екем шалға, бұлқынып,— жоқтауын бір-ақ асырайын!.. Өзің ғой, бұл сұмдықты ойлап шығарған!.. Жақыпбек айтатын,— кімнің қызын мінгізіп келе жатыр арбасына?.. Қызды айдаладағы біреуге ертіп, әлдеқайда оқуға жіберу деген не сұмдық?.. Бойжеткен қыз болсайшы, тым болмаса!.. Қаршадай баланы қалай жібермексің?.. Кәне, жіберіп көр, мықты болсаң!..
— Әй, қатын!— деді Құба-екем, сол мезетте үйге кіріп келген Сақпанға,— апар, анау Бәтесті біздің үйге!..
— Неге?
— Не әкеңнің құны бар «неге» екенінде! Апар, «апар» деген соң.
Құба-екем әйелін жарбаңдап ұра бермейтін, ал егер анда-санда бір ұра қалса, талдырып тастамай тынбайтын. Долы мінезді ол ешкімге араша бермейтін. Арашалаймын деген адамның өзің бассалып сабайтын болған соқ, «өз қатыны, өлтіріп тастаса да мейлі!» деп, әйелін айғай-ұйғай шығарып сабап жатқанда жан адам бармайтын.
Мына жолы, әдейі бізге кез ғып істеп тұр ма, әлде расы ма, —«апар!» деп ақырғаннан кейін, «айтқанын орындамасам ұрып тастар» дегендей, Сақпан маған ұмтыла беріп еді, мен қашып барып әжеме тығылдым.
— Қарағыз!.. Бер балаңды!—деді Құба-екем әжеме ақырып.
— Бара ғой, қарағым!— деді әжем маған сыбырлап,— әйтпесе, шетімізден қирата сабайды...
Сақпан мені әжемнің артынан сүйреп алды да шықты. Зәрем ұшып кеткен бе, немене, тұлабойым безгек болған адамдай қалтырап, жылағым келгенде, көзімнен жас та, даусым да шықпай қалды. Қасқырдың қалың қойдан лақты ала қашқан аш қаншығындай, қолына тиген Сақпан, «аяқ-қолымды жерге тигізбей» дегендей, дедектете сүйреп үйіне алды да кетті...
Сақпан ол күні мені қасына алып жатты. Күндегі дағдысы ма, әлде қауіп күткен адамдары мені ұрлап я тартып әкетер деп қорқудан ба, Сақпан жатар алдында, есікті ішінен қыл арқанмен шандып байлап тастады. «Одан да қапы болармыз» дегендей, фонарь шам жағылып, ағаш төсектің бас жағындағы адалбақанға ілінді де, төр алдына төселген жайнамаздың үстінде Құба-екем намаз оқып отырып алды.
Мен әлденеге елегізіп, таң атқанша көздің шырымын алған жоқпын. Неге екенін кім білсін, сол күні түнде ауылдың иттері де мазасызданып, түні бойы шәуілдеп үріп шықты. Олар өзара таласып қалысты ма, әлде қасқыр кеп таласты ма, анда-санда шаң-шұң, арсұрс етісіп те қалады. Иттерден бе, қасқырдан ба, қотандағы қойлар да бірер рет үркіп, ауылдың әлдекімдері иттерді айғайлай айтақтап дүбілді. Мына мазасыздыққа елегізгендей, сиырлар мен түйелер де ыңылдасып, кейбірі үйге де сүйкеніп кетіп жатты... Бұған намазға ұйып отырған Құба-екем де мазасызданып, үйге сүйкенген малдарға: «һа, былай!.. шөк!..» деп дыбыс та беріп қалды... Бірақ, бұндайда далаға жұрттан бұрын жүгіріп шығатын Құба-екем, есіктің байлауы шешілсе-ақ, қауіп күткен адамы кіріп келердей, отырған орнынан ыңыранып қана қозғалғаны болмаса тырп етпейді...
Таң ата қалай қалғығанымды білмей де қаппын. Әлдекім оятқанға көзімді ашсам — Сақпан.
— Кісі келеді, тұр, шырағым!— деді ол.
— Кім?
— Жақыпбек...
Неге екенін кім білсін, тұлабойым қалтырап кетті. Орнымнан тәлтіректей тұрған қалпыммен, жеңіл киімдерімді үстіме әрең іліп үлгерген шағымда, құман ұстаған Құба-екем кірді де, маған заһарлы көзбен бір қарап қойып, дағдылы орнына отырып, тұнжыраған түспен төмен қарап тасбиғын тарта бастады. Мен жуынбастан ағаш төсек пен жүктің арасындағы қуысқа шөке түсіп отыра қойдым, Жақыпбек пен Бүркіт кіре берді. Денемнің қалтырауы күшейе түсті... Сондай халде Жақыпбек пен Құба-екемнің не сөздер айтысқанын ұқпай да қалдым. Жалғыз ғана ұққаным, бірдеме деп қалған
Бүркітке Құба-екем ақырып қап, пышақ жұмсауға қозғала бергенде, Бүркіттің үйден шыға қашуы. Содан кейін Құба-екемнің Жақыпбекке айтқаны:
— Ендігі сөзіңді шығын қылма, шырағым. Бала оқуға бармайды да, мен жібермеймін де. Ертең ержетіп, оң қол, сол қолын танығаннан кейін, қайда барам десе де еркі. Оған дейін бұл бала қолда болады.
— Оған енді амал жоқ!— деді де, Жақыпбек Құба-екеммен қоштасып шығып кетті. Бүркіт пен оның тез аттанғанын естігеннен кейін:
— Енді бара ғой, үйіңе!— деді Сақпан маған.
Үйге келсем, әкем мен Сақтаған отыр екен. Олардың өзара кеңестері мен барғанша аяқталған болу керек. Мен бара Сақтағанның әкеме айтқаны:
— Сөз осы, Мәмеке! Егер бұл айтқанды орындамадың бар ғой, маған өкпелеме. Содан кейін үстеме салықпен сенің де сілеңді қатырам.
— Уәде бердік қой, енді!— деп әкем күлген болды. Бірақ, кескінінде қорқыныштың бұлты ойнап тұр.
Сақтаған шығып кетті. Артынан сол кеңестің ішінде отырған шешемнен білсем, екеуінің әңгімесі мен туралы екен. Сақтаған әкеме: «Ағаң боп, өзің боп, құдаң Сасық боп, айнала тор құрып қызыңды оқуға жібермей алып қалдың. Бірақ, онымен арам ойларыңа жете алмайсыңдар. Сасықпен құдамын деген сөзді бүгіннен бастап қоясын. Одан саған залал келмеу міндетін өзім алам. Қызыңды бүгіннен бастап Бүркіттің қалыңдығы деп есептейсің. Жастары жеткен соң қолымнан қосып неке қиярын өзім алам. Оған дейін бұл қызыңның бақылаушысы мен болам!» депті. Қорқуы ма, шыны ма,— әкем «жарайды» деп уәде беріпті.
Сақтаған сөзінде тұрды. Ол біздің ауылға ай сайын бір кеп кетеді де, келген сайын Сасық пен біздің, үйдің арасында қарым-қатынас бар-жоғын сұрастырып кетеді. Бір сәтте, әлдеқайдан келе жатып, Сасық біздің үйге қонып еді, мен ол күні Құба-екемнің үйінде болып едім. Осы қондырудан әкем пәлеге қап, артынан келген Сақтаған, «неге қондырасың?» деп жанын шығара жаздады. Ел ішіне тараған сезге құлақ түрсем, менің мәселеме байланысты ма, әлде үкіметтің байларға қолданып жатқан саясатынан ба, Сақтаған Сасықты иектеп ап, «үстеме салық» дейтінмен, шынында да сілесін қатырыпты. Әлде не салықтарын төлемегені үшін Сасық бір қыстай Торғайдың абақтысында жатып, көп малы қазынаға алыныпты. Содан кейін тұралап қалған жайы бар сияқты.
Мен алдағы қыста оқуға барып, бесінші класқа түсуге тиісті едім. Оған әке-шешемнің жібергісі келмеді. Мені оқуға баруға ұялсын дегендей, тізеден аз-ақ төмен түсетін көйлегімді әжем күзге қарай ұзаттырып, тобығымнан төмен түсіртті. Бұрын тік етекті көйлек киюші едім, енді ұзарған көйлектің төменгі жағын қос етектетіп жібертті. Бұрын әйелше формамен тіктірген жеңді-жеңсіз қамзолымның үстінде тана-моншақ жоқ еді, енді өңіріне, етегіне айнала күміс қадатып, әртүрлі тастар тақтырып, бар бойын шұпшұбар ала етті. Құндыз бөркімнің де сайларына күміс қадатып, төбесіне шоқпақтай үкі тақтырды. Кішкене күнімнен ұстарамен қырдыра берген шашым, биыл көктемнен еркіне жібергеннен кейін, шұбала өсіп, күзге қарай ұзын екі бұрым ғып өруге жарап қалған. Бірақ, оны, батсайыдан ызған баумен ғана еретінмін. Күз бола әжем бауды тастатты да, үзбелері, салпыншағы кеп ауыр шолпымен өргізді. Зыр қағып қашқалақтағаныма болмай, екі құлағымды да тескізіп қотыры жазыла, үлкендігі үзеңгідей дерлік күміс сырға кигізді. Осынша безендіруге бойы қысқарақ болар дегендей, аяғыма өкшесі табан қарыс шоңқайма етік тіктірді. Енді тез өсудің қажеттілігін түсінгендей, былай да сұңғақ бойым тез серейіп кеткен сияқтанды. Сөйтіп мен, аз уақытта еркекшорадан бойжеткен болдым да қалдым!..
Осы түріңмен мектепке барып, кластың партасына отырып кер!.. Сондықтан әке-шешемнің сабаққа жібергісі келмеуіне орай, өзімнің де барғым келмеді. Бірақ, бұнымды Бүркіттен жасырып, келер жаз оған хат жазғанымда, «мен де оқып жүрмін» дедім. Ондағы ойым, Бүркітті артына алаңдамасын дегендік.
«Қыз көздің құрты» деседі ғой қазақ. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім қызықпайды» дегенді де айтады ғой ол. Бойжеткенше киінгеннен кейін, мен де жұрттың көзіне түсе бастадым. Ауыл әдетінде «қызға сөз айту» деген болады екен ғой, ондайда қыз бен жігіттің арасына жеңгелері жүріп, егер жағыстыра алса, алымға молығып қалады екен ғой.
Менің жеңгем — Қалиса. Қыз боп көзге түскен күнімнен бастап, «қайын сіңліңмен жақындастыр» дегенді әркім-ақ айтатын көрінеді. Қалисаның қызығы, сол сөздердің біреуін де менен жасырмайды. Сонда айтары:
- Алам десем, бермейтіні жоқ жігіттердің. Өйтпей қайтсін бақырлар!.. Аққудың көгілдірі сияқты боп өсіп келе жатқан саған қолы жетуден артық не бар оларға? Егер азғырғым келсе, басыңды айналдырып алу маған түк те емес. «Болмаймын» деп кергіген талай қыздар, мойнының астына түскенін аңғармай да қалатын. Сілтеген құрығымның түспегені жоқ. Бірақ, саған ол айламды қолданбаймын. Бүркітке: «Сары балдай сақтап, қолыңа періште күйінде тапсырам» деген уәдем бар. Сол уәдеме жетем. Оған дейін сөз айтқан жігіттерді қылжақ қып, қалталарындағы тиын-сиынын қаға тұрам.
Расында да сөйтіп, біраз жігітті ыза қыла ма, әлде «жігіт дегендердің кейбірі аузымен орақ орған мақтаншақ келе ме, немене, біреулер ел ішіне «Бәтеспен солай болдым» деген сөзді де таратып жүретін көрінеді. Ондай сөздердің кейбірі үй ішінің құлағына да шалынатын сияқты. Кейде не әжем, не шешем: «Бұл не сөз, өзі?» деп Қалисадан сұраса, Қалиса:—«Былшылдай берсін! Тек, аманшылық боп Бүркіт келсе, ақ-қарасын бір-ақ көресіңдер. Егер сонда қара боп шықса, Еркежанды ғана емес, менің де бетіме түкіріңдер» дейтін көрінеді...
1925 жылдың жазында Бүркіт Орынбордан елге келеді деген хабар естілгеннен кейін мені алып қашқысы келгендей, әжем алыстағы төркініне баруға жиналып, әкем мені ала кетпек болды. Бүркітті сағынған мен, бармау жайын Қалисаға ақылдасып ем:
— Бар,— деді ол,— еркекке бұлдана білмесең қадырың кетеді. «Арзанның жілігі татымайды» дегенді аталарың босқа айтпаған. Сүйген адамыңа болса да арзан берілмеу керек, діңкесін құртып барып қосылу керек. Сонда ғана бұлды боласын. Зарыға түссе, сүйе түседі. Егер сені сүюі рас болса, құмары күшейе түссін. Тек, көңілін ғана аулайтын тілдей қағаз таста да, аттана бер!..
— Мінезі қатты еді, өкпелеп кетпей ме?
— Өкпеге қиса да, өлімге қимайды, оның аты «айрыла алмайды» деген сөз. Өкпелесе мейлі. Тарта берсін. Шын сүйсе, оралып келмей қоймайды.
Қалисаның сөзіне балды да, балсыз да болмаған қалпыммең әкем мен әжеме еріп кете бардым. Оның сөзі растығына алдағы қыста ғана көзім жетті. «Бүркіт елге келе жатыр дейді» деген хабар естілгенде:
— Айтпадым ба,— деді Қалиса маған оңаша жолығып, шүйінші сұрап,—«сүйгені рас болса оралады» демедім бе? Ол өзге үшін емес, сен үшін келе жатыр. Саған айтарым: құмартып келді екен деп ақтарыла салма. Әлі де бойыңды ірке тұр. Құмарлығы арта түссін. Балуан Шолақ деген кісі, сен сияқты бір қызға ғашық болса керек; сонда, мен сияқты жеңгесінің ақылымен бе, әлде құдай өз зердесіне құйды ма — қыз «әне кел, міне кел» дей берсе керек. Соған шығарған өлеңінде Балуан: Әуелі бір барғанда «қыста» дедің, «Сөзімді менің бекем ұста» дедің.
........................................................
Тағы да бір барғанда «көктем» дедің, Бұртаңдап бұл сөзіңе өкпеледім.
.........................................................
Онан соң бір барғанда «жазда» дедің, «Уағда сөзім сағаң аз ба?» дедің...
..........................................................
Тағы да бір барғанда «күзде» дедің, «Бұл жолы күдеріңді үзбе!» дедің.—
дейді. Сен де Бүркітті осылай біраз сүйретіңкіре. Шыдаса
шыдасын, шыдамаса барсын!..
— Оған мен шыдаймын ба?
— Ол да шыдамайды!.. Бүркіт қысты күні әдейі келе жатқанмен, «жазға» деп уәде ет. Аржағын өзім жуып-шаямын.
Ол сапарында солай аман аттанған Бүркіт, жаз Кәкеннің тойына келгенде, Қалисаның мені оған жолықтыруы ғажап болды.
Той күні ел жата ма? Күні бойы сапырылысып ойнаған топ, түні бойы да сапырылысты. Осындай қыбырлаған қалың жиынның арасынан ұрланып көр!.. Оның үстіне, Бүркіттің, барын көрген аңдушыларды қайда қоясын? Олардың көзін қалай алдайсың?.. Тиышсызданған маған:
— Жата бер, төсегіңе,— деді іңір арасында Қалиса,— ұдай бойыма берген ебін алып кетпесе, ауыл жатқан шақта үйіңнен ұрлап алып шығам.
— Қалай?
— Оны уақытында бір-ақ көрерсің. Әке-шешең «ерте неге жатасың?» десе, «басым ауырды» дей сал.
Сол сылтаумен төсегіме ерте жатып қалғанмен, іңірден бастап, біздің үйде дамыл болған жоқ. Қазақ ғұрпында, ол күні түнде қалыңдықты, яғни, біздің Кәкенді жеңгелері күйеуіне оңаша жолықтыру керек те, күнәсіздігін көрсетіп күйеуден: кемпір өлді, ит ырылдар, бақан аттар, есік ашар, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар... сияқты кәделерін алуға тиісті.
Бұның бәрі де дұрыс-ау. Егер апам байғұс күнәсіз болса! Жеңілтек мінезді сорлының алдақашан ашылып-шашылып қалғанын білетін мен: «Күйеуі беріп кетсе қайтеміз» деп қорқам. Оны Қалисаға айтсам: «Иіс алмас жаман күйеуіне осы қалпы да татып жатыр» деп күледі де қояды.
Неге екенін кім білсін, қазақ ғұрпында күйеуіне апаратын қалыңдықты да жеңгелері үйінен түнде «ұрлап» әкетуге тиісті, оны туыстары білсе де білмеген боп жата беруге тиісті. Үйінде осындай «құпия» іс боларын білетін әкем, «ыңғайсыздық жасамайын» дегендей кешке қарай әлдеқайда кетіп қалды. Өзге жанымыз үйде болдық та, түнде өзге үйлерден ертерек жатып, шамымызды сөндірдік. Қалиса мен менің іңірдегі сыбырымды естіп қалғандай, соңғы жылдарда бөлек жатып жүретін әжем, бүгін мені қасына ап, ірге жағына, бір көрпенің астына жатқызды: «Біреу іргеден қол жүгіртер» дегендей, кереге жағыма Сейілді салды, сонымен: «Мен енді мықты қақпанға түстім, Қалисаның бұған қандай ептілік жұмсарын кім білсін» деп жаттым мен.
Әжем ол күні есікті де байлатып тастар ма еді, қайтер еді, егер түнде жеңгелері Кәкенді «ұрлап» ап шығатын болмаса. Қаймығатын әкемнің үйде жоғынан ба, әлде қалыңдықты алып кетудің қажеттілігінен бе, шам сөнгеннен көп кешікпей, әлде не әйелдер үйге сыбырласып кірді де, төсегі төрге салынған Кәкенді «ұрлап ап» жөнелді... Есік ашылған шақта байқасам, іңірде ала бұлттау аспаннан сығалаған айдың сәулесі, әлі де жап-жарық... Кәкендер кете, әжем шешеме:
— Жапаш, есікті байлап қал!— деп еді:
— Не жау тиер дейсің?— деп шешем орнынан қозғалған жоқ. Байғұс, бүгін менің Бүркітке кездесуге бел байлағанымды сезіп жатыр ма екен, сезбей жатыр ма екен?..
«Ұйқы мен тамақ дұшпан» демей ме қазақ? Екеуі де қажетті уақытында шыдата ма?..
Соңғы бір күндері тойға әзірленген үйде мазам кетіп шала ұйқылау болып жүрген мен, Қалисаның қашан және қалай келуін тосып жатқанда қалғып кетіппін. Әлде не аяқ жағымда жыбыр ете қалуынан оянып кеткенімде, «дыбыстама!» дегендей, әлдекімнің салқын алақаны, көрпе ішіндегі ып-ыстық табанымды қаттырақ қысып қойды. «Қалиса болар» деп төсектен басымды көтере бергенде, «жүр!» дегендей қолымнан тартты. Әжемнің дыбысына құлақ тіксем, қорылдап ұйқтап жатыр. Сейілдің де мұрны пысылдайды.
Төсегімнен буыным тәлтіректей түрегелген мені, аяқ жақтағы адам қолына балаша көтеріп алды да, тышқан ұстаған мысықтай еппен, ешбір сыбдырсыз үйден алып шықты Қалиса!..
Іңірде жұқа түскен шықтың қалыңдауы ма, әлде тұман түскен бе, дала бозамықтана бұлыңғырланып тұр екен. Мені жерге түсірген Қалиса, «бұл арадан біреу-міреу көріп қалар» дегендей, қолымнан жетектей жөнелді. Қалың буалдырға сүңгіген екеуміздің көзімізден, аздан кейін қараңдаған малдар да, үйлер де ғайып болды. Біраз жер жетектеп барғаннан кейін:
— Аздап дем алайық,— деді Қалиса, көтеріңкі дауыспен, әлденеге отыра беріп.
— Бұл қай жер?—деп ем:
— Тобылғы сайдың кемері,— деді Қалиса. Қасына құшақтай отырған маған,— өлең бар еді ғой, Еркежан,— деді Қалиса:
Баянауыл басынан бұлт байлансын,
Жаның шығып бара ма көз байлансын,
Екі жастың тілеуін беріп алла,
Айдың жүзін бұлт басып қараулансын!— деген.
— Бар!—дедім мен, тоңазудан ба, денем қалтыраңқырап.
— Енді қорқатын ештеңе жоқ,— деді Қалиса, қалтырауымды көріп, шапанын иығыма жаба, бауырына қыса түсіп.
— Апатай-ай,— дедім мен,— осы жақсылығыңды да ұмытар ма екем мен?
— Ол ерік өзіңде. Мен саған деген жақсылықты Бүркітпен екеуін, үшін ғана емес, өзім үшін де жасап жүрген адаммын. «Неге?» дейсің ғой? (Мен үндемедім).— Расымды айтқанда, мен өзім жар сүйіп көрген жан емеспін. Өзім ешкімді сүймеген соң, әке-шешенің мал берген жеріне кете барған соң, ешкімнің де «сүйістік» деген сөзіне сенбеуші едім, шын сүйіскенді көру, арманым еді. Сол арманыма енді жеткен сияқтымын, Еркежан!.. Бүркіт екеуің маған шын сүйіскен адам сияқтысыңдар...
— Оған сенуге болады,— дедім мен.
— Еркежан!— деді Қалиса,— бір сөз айтсам, көңіліңе ауыр алмаймысың?
— Алмайын.
— Не сөз болса да ма?
— Не сөз болса да!
— Әкел қолыңды.
Екеуміз қол алыстық.
— «Ұлым үйде ұлығы түзде, қызым үйде қылығы түзде» деген мақал бар, шырағым. Менің байқауымда, сен «сүттен ақ, судан таза періште» сияқтысың. Бүркітке осындай болсаң ғана жолық, әйтпесе, өзіңді де, мені де, Бүркітті де өлтіресің!
— Апажан-ай, не деп қарғанайын?— дедім мен жылап жіберіп.
— Тек, Бүркіттің ризалығымен ғана!..
— Болсын!..