212-бап. Салықтық есептілікті ұсыну мерзімдерін ұзарту
1. Салық төлеуші (салық агенті) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде жанама салықтар бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, салықтық есептілікті электрондық нысанда ұсынған кезде, оны ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы.
2. Салықтық есептілікті ұсыну мерзімін ұзарту үшін тіркеу есебіне қойылған жері бойынша салық органына осы бапқа сәйкес уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы арқылы хабарлама жіберіледі.
Салықтық есептілікті ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген мерзім өткенге дейін хабарлама қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жіберіледі.
Мерзімді ұзарту салық органына мерзімді ұзартуға хабарлама жіберілген күнтізбелік жыл ішінде салық төлеуші (салық агенті) ұсынатын салықтық есептілікке қолданылады.
3. Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабын қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі:
1) корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны және (немесе) есеп-қисапты ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын;
3) тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдер деңгейі төмен салық төлеушілер үшін салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.
4. Мерзімді ұзарту салықтарды, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін өзгертпейді.
5. 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
6. Арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерді қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты ұзартылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |