268-бап. Тіркелген активтердің келіп түсуі
1. Лизинг шарты бойынша, сондай-ақ запастардың құрамынан аудару арқылы келіп түсуді қоса алғанда, тіркелген активтер келіп түскен кезде топтардың (кіші топтардың) құндық балансын аталған активтердің бастапқы құнына ұлғайтады.
Тіркелген активтердің келіп түсуін салық салу мақсаттарында тану келіп түскен активтерді тіркелген активтердің құрамына қосуды білдіреді.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, тіркелген активтердің бастапқы құны тіркелген актив осы Кодекстің 266-бабының 1-тармағына сәйкес танылған күнге дейін салық төлеуші шеккен шығындар сомасы ретінде айқындалады. Мұндай шығындарға:
осы Кодекстің 264-бабының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес шегерімге жатқызуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
амортизациялық аударымдардан басқа, тіркелген активті сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға және орнатуға арналған шығындар, сондай-ақ оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын басқа да шығындар жатады.
3. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, запастардың немесе сатуға арналған активтердің құрамынан аудару арқылы келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны оның осындай келіп түсу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған баланстық құны болып табылады.
Бұрын өзі бойынша тіркелген актив ретінде тану тоқтатылған, запастардың немесе сатуға арналған активтердің құрамынан аудару арқылы келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны оның осындай келіп түсу күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған, осы Кодекстің 270-бабының 2-тармағында көрсетілген құннан аспайтын баланстық құны болып табылады.
4. Тіркелген активтер өтеусіз алынған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, оның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, өтеусіз алынған мүлік түрінде осы Кодекстің
238-бабына сәйкес жылдық жиынтық кіріске қосылған құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
5. Мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мекемеден осындай кәсіпорынға шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында бекітіп берілген тіркелген активтерді алған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, алынған активтердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінде көрсетілген баланстық құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
6. Жарғылық капиталға салым ретінде алу кезінде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде мұндай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, қабылдап алу-беру актісінде немесе ондай акт болмаған кезде, салымның және актив құнының іс жүзінде енгізілгенін растайтын өзге құжатта көрсетілген активтің құны тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
Жарғылық капиталға салымның төлемі ретінде алынған активтердің құны өзіне төлем ретінде осы актив алынған жарғылық капиталға салым сомасы шегінде ескеріледі.
7. Салық төлеушіні бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастыруға байланысты тіркелген актив алынған кезде, осы баптың 2-тармағының негізінде тіркелген активтердің бастапқы құнына қосылмайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы тану кезінде осындай активтердің құнын ұлғайтатын іс жүзіндегі шығындар есепке алына отырып, осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай активтің беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген баланстық құны оның бастапқы құны болып табылады.
Берiлетiн тiркелген активтердiң салықтық есепке алу деректерi бойынша құны осы Кодекстiң 270-бабының 6-тармағының екiншi бөлiгiне сәйкес беру актiсiнде көрсетiлген жағдайда, бірігу арқылы құрылып, жаңадан пайда болған заңды тұлғаның немесе өзіне басқа заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның кiшi тобының (тобының) құндық балансы осындай құнға ұлғайтылады.
Берiлетiн тiркелген активтердiң салықтық есепке алу деректерi бойынша құны осы Кодекстiң 270-бабының 6-тармағының үшiншi бөлiгiне сәйкес беру актiсiнде көрсетiлген жағдайда, осындай құн Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөлініп шығу арқылы құрылып, жаңадан пайда болған заңды тұлғаның кiшi тобының (тобының) құндық балансына қосылады.
8. Сенімгерлік басқарушы тіркелген активтерді сенімгерлік басқаруға алған кезде:
1) егер беретін тұлғада осы активтер тіркелген активтер болып табылған жағдайда – осы Кодекстің 270-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған құн;
2) өзге жағдайларда – аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінің деректері бойынша айқындалған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
9. Сенімгерлік басқару бойынша міндеттемелердің тоқтатылуына байланысты сенімгерлік басқарушыдан тіркелген активтерді алған кезде:
1) егер сенімгерлік басқарушыда осы активтер тіркелген активтер болып табылған жағдайда – осы Кодекстің 270-бабының 11-тармағына сәйкес айқындалған құн;
2) өзге жағдайларда – осы Кодекстің 270-бабының 10-тармағына сәйкес айқындалған, амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады. Бұл ретте, амортизациялық аударымдар сенімгерлік басқарудың есепті салықтық кезеңнің алдындағы әрбір салықтық кезеңі үшін осы Кодексте тіркелген активтердің тиісті тобына көзделген, алдыңғы кезеңдердегі амортизациялық аударымдар сомасына азайтылған, бастапқы құнға қолданылатын амортизацияның шекті нормасы негізге алына отырып есептеледі.
10. Концессионер (құқық мирасқоры немесе концессия шартын іске асыру үшін тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлға) концессия шарты бойынша тіркелген активтерді алған кезде осы Кодекстің 270-бабының 12-тармағына сәйкес айқындалған құн, ал мұндай құн болмаған жағдайда – уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
11. Концессия шарты тоқтатылған кезде концендент тіркелген активтерді алған кезде осы Кодекстің 270-бабының 13-тармағына сәйкес айқындалған құн осындай тіркелген активтердің бастапқы құны болып табылады.
12. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының тіркелген активтерінің 2012 жылғы 1 қаңтардағы бастапқы құны осындай күнгі қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбай, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған негізгі құралдардың, жылжымайтын мүлікке инвестициялардың, материалдық емес активтердің баланстық құны болып табылады.
13. Кіріс алуға бағытталған қызметте пайдаланылуы уақытша тоқтатылуына байланысты бұрын шығып қалған тіркелген активтер осындай тіркелген активтерді кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалану үшін пайдалануға енгізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде тіркелген активтер тобының құндық балансына осы Кодекстің 272-бабына сәйкес осындай активтердің құнын ұлғайтуға жатқызуға жататын шығыстар есепке алына отырып, шығып қалу құны бойынша қосуға жатады.
14. Өздері бойынша преференциялардың күші жойылған активтер осы Кодекстің 276-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларда, топтың (кіші топтың) құндық балансына осы бапқа сәйкес айқындалатын бастапқы құны бойынша қосуға жатады.
15. Осы баптың 13-тармағында көрсетілген активтерден басқа, преференциялар объектісі, осы Кодекстің 276-бабының 6-тармағында көрсетілген жағдайда осы объект пайдалануға енгізілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең өткен соң топтың (кіші топтың) құндық балансына нөлдік құн бойынша қосуға жатады.
16. Лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған мүлікке қатысты салық төлеуші шеккен жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, күтіп-ұстау жөніндегі шығындар және басқа да шығындар осы Кодекстің 266-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады. Осы тармаққа сәйкес олар бухгалтерлік есепке алуда ұзақ мерзімді актив ретінде танылған күнге дейін шегілген, оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын шығындар есепке алынады.
17. Өзі бойынша лизингтің нысанасы алынған құн лизинг шарты бойынша келіп түскен тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады.
18. Лизинг алушы лизинг нысанасын лизинг берушіге қайтарған кезде, лизинг нысанасын лизинг шарты бойынша берген құн мен лизинг нысанасын берген күннен бастап қайтарған күнге дейінгі кезеңдегі лизингтік төлемдер сомасына қосылған лизинг нысанасының құны арасындағы оң айырма тіркелген активтің бастапқы құны болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |