666-бап. Бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кірістерін салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбі
1. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі мынадай:
1) халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 667, 668, 669, 670 және 671-баптарында белгіленген;
2) осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарында белгіленген тәртіп қолданылатын осы Кодекстің 650-бабында айқындалған кірістерді қоспағанда, бейрезиденттің осы Кодекстің 644-бабында көзделген кірістеріне қолданылады.
2. Бейрезидент бір немесе байланысты жобалар шеңберінде қызмет көрсетуден, жұмыстарды орындаудан кіріс алған жағдайда, салық агенті осы бапты қолдану мақсаттары үшін бейрезиденттің тұрақты мекеме құру фактісін, оның ішінде қызмет көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға шарт (келісімшарт), сондай-ақ осы баптың 5-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде айқындайды.
Бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде салық агенті Қазақстан Республикасында бейрезиденттің кірістерін салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
3. Салық агентінің бейрезидентке кірісті төлеу кезінде немесе бейрезиденттің есептелген, бірақ төленбеген кірісін шегерімге жатқызу кезінде, егер мұндай бейрезидент кірісті түпкілікті (нақты) алушы және халықаралық шарт жасалған ел резиденті болып табылатын болса, салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар.
Осы бөлімнің мақсатында кірістерді иелену, пайдалану, оларға билік ету құқығы бар және мұндай кіріске қатысты делдал, оның ішінде агент, номиналды ұстаушы болып табылмайтын тұлға түпкілікті (нақты) кірістерді алушы (иеленуші) деп түсінілуі керек.
4. Халықаралық шарт бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне ұсынған жағдайда қолданылады.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен:
1) бейрезидентке кіріс төленген немесе бейрезиденттің төленбеген кірістері шегерімге жатқызылған, осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалған салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан;
2) бейрезидентке кіріс төленген салықтық кезең үшін төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау мәселесі бойынша салықтық тексеру аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады. Салықтық тексерудің аяқталу күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.
5. Егер бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға алып келмейтін мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында мұндай бейрезидент резиденттікті растайтын құжатпен бірге салық агентіне:
құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не
құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент-заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан үзінді көшірмені ұсынады.
Бейрезиденттің шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес құрылтай құжаттары немесе сауда тiзiлiмiнде (акционерлердiң тiзiлiмiнде) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатта тiркеу бойынша мiндеттемесі болмаған жағдайда мұндай бейрезидент салық агентіне:
бейрезидентті құруға негiз болған, мұндай бейрезидент тіркелген шет мемлекеттiң тиiстi органы құқықтық (заңдық) күшін растаған құжатты (актіні) не
қатысушысы бейрезидент болып табылатын шоғырландырылған топтың ұйымдық құрылымын көрсететін, оның барлық қатысушылары мен географиялық орналасқан жерін (шоғырландырылған топ қатысушылары жасалған (құрылған) мемлекеттің (аумақтың) атауын) және барлық шоғырландырылған топ қатысушыларының мемлекеттік және салықтық тіркеу нөмірлерін көрсете отырып, ұйымдық құрылымын көрсететін өзге де құжатты ұсынады.
6. Егер Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға алып келмейтін мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау бірлескен қызмет шеңберінде жүзеге асырылса, онда осындай шарттың қатысушысы болып табылатын бейрезидент-заңды тұлға халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген құжаттармен қатар салық агентіне бірлескен қызмет туралы шарттың не оның бірлескен қызметтегі қатысу үлесін растайтын өзге де құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
Егер бейрезидент осындай шарттың (келісімшарттың) және байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаның кірісіне бірлескен қызмет туралы шартта немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге де құжатта көрсетілген бірлескен қызметке оның қатысу үлесіне пропорционалды халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.
7. Салық агенті салық органына ұсынылатын салықтық есептілікте бейрезидентке есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұстап қалған, салық ұстап қалудан босатылған кірістер сомасын, табыс салығының мөлшерлемелерін және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына төртінші тоқсанның салықтық есептілікті ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті.
8. Салық агенті халықаралық шарт ережелерін қолданбаған жағдайда салық агенті осы Кодекстің 645-бабында айқындалған тәртіппен төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуға міндетті.
Ұстап қалған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 647-бабында белгіленген мерзімде бюджетке аударуға жатады.
667-бап. Бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түріндегі кірістерін салық салудан босатуға немесе оларға төмендетілген салықтық мөлшерлемені қолдануға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбі
1. Дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түрінде бейрезидентке кірістерді төлеу кезінде немесе сыйақылар және (немесе) роялти түрінде бейрезиденттің төленбеген кірістерін шегерімге жатқызу кезінде салық агенті халықаралық шартта көзделген салық салудан босатуды немесе төмендетілген салықтық мөлшерлемелерді дербес қолдануға мынадай:
1) бейрезидент түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) болып табылуы;
2) салық агентіне осы Кодекстің 666-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылуы талаптары сақталған кезде құқылы.
2. Түпкілікті (нақты) кірісті алушыға (иеленушіге) делдал арқылы сыйақы түрінде кірісті төлеу кезінде салық агенті бір мезгілде мынадай:
1) оның негізінде сыйақы төленетін шартта (келісімшартта) делдал арқылы түпкілікті (нақты) сыйақы алушы (иеленуші) болып табылатын әрбір тұлға бойынша осындай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауын); инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (бар болған кезде); инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, сыйақы сомасы көрсетілген;
2) салық агентіне осы Кодекстің 666-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған талаптар орындалған кезде осындай түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен жасасқан халықаралық шартта көзделген, табыс салығынан босатуға немесе оның төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға құқылы.
3. Салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына төртінші тоқсанның салықтық есептілігін ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті.
4. Салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда салық агенті осы Кодекстің 645-бабында айқындалған тәртіппен төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуға міндетті.
Ұстап қалған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 647-бабында белгіленген мерзімде бюджетке аударылуға жатады.
5. Салық агенті түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезидент кірісінің төлем көзінен ұстап қалған табыс салығын бюджетке аударған жағдайда оның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұстап қалған табыс салығын осындай бейрезидентке қайтаруға құқығы бар. Артық ұстап қалған табыс салығын бейрезидентке қайтаруды салық агенті жүргізеді.
Бұл ретте түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезидент салық агентіне:
1) делдалмен жасасқан, мұндай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауын, инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (бар болған кезде), инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (бар болған кезде) көрсете отырып, мұндай бейрезиденттің сыйақы сомасы көрсетілген шарттың (келісімшарттың) нотариат куәландырған көшірмесін;
2) осындай бейрезидентке сыйақы түрінде кіріс есепке жазылған кезең үшін бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, бейрезидент бюджетке төлем көзінен ұстап қаллған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
6. Осы баптың 5-тармағына сәйкес бейрезидентке ұстап қалған табыс салығы қайтарылған жағдайда салық агенті өзінің тұрған жеріндегі салық органына түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезиденттің сыйақы түрінде кірістерінен табыс салығын ұстап қалу және аудару жүргізілген салықтық кезеңге төмендетілген салықтық мөлшерлемені немесе салық салудан босату қолданылған кездегі азайтылған сомаға төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша қосымша есеп-қисапты ұсынуға құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұстап қалған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
668-бап. Бейрезиденттiң депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі кірістерін салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбi
1. Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі кірістерді түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) - бейрезидентке депозитарлық қолхаттарды номиналды ұстаушы арқылы төлеу кезінде бір мезгілде мынадай талаптар орындалған:
1) мыналарды:
базалық активі Қазақстан Республикасының резиденті шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде) немесе заңды тұлғалардың атауын;
депозитарлық қолхаттардың саны және түрі туралы ақпаратты;
жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерін немесе заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тізімінің болуы.
Депозитарлық қолхаттарды ұстаушылардың тізімін мына тұлғалар:
егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың резидент-эмитенті мен орталық депозитарий арасында жасалған жағдайда орталық депозитарий;
немесе егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың резидент-эмитенті мен осындай ұйым арасында жасалған жағдайда шет мемлекеттің бағалы қағаздар нарығында депозитарлық қызметті жүзеге асыру құқығын иеленетін өзге ұйым жасайды;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша түпкілікті (нақты) дивидендтер алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың болуы кезінде салық агентінің осындай түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен тиісті халықаралық шартта көзделген табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға құқығы бар.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 666-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде салық агентіне ұсынылады.
2. Салық агенті халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес есептелген (төленген) және ұстап қалған, салық ұстап қалудан босатылған кірістер сомасын, табыс салығының мөлшерлемесін және халықаралық шарттардың атауын салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына бейрезидент-салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті. Мұндай көшірме төртінші тоқсанға салықтық есептілікті ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түрінде бейрезидентке кірістер төлеу кезінде салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуға міндетті.
Ұстап қалған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 647-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мерзімде бюджетке аударылуға жатады.
4. Салық агенті түпкілікті (нақты) табыс алушы бейрезиденттің кірістерінен ұстап қалған табыс салығын бюджетке аударған жағдайда, осындай бейрезиденттің халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұстап қалған табыс салығын қайтаруға құқығы бар.
Бұл ретте бейрезидент салық агентіне:
1) базалық активі резидент-эмитенттің акциялары болып табылатын депозитарлық қолхаттарға меншік құқығын растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
2) мұндай бейрезидентке кіріс дивидендтер түрінде есепке жазылған кезең үшін оның резиденттігін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзім белгіленбесе, бейрезидент бюджетке төлем көзінен ұстап қалған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
Бұл ретте артық ұстап қалған табыс салығын бейрезидентке қайтаруды салық агенті жүргізеді.
5. Салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалу және аудару жүргізілген салықтық кезең үшін төмендетілген салықтық мөлшерлеме қолданылған кездегі табыс салығының азаю сомасына төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша қосымша есеп-қисапты ұсынуға құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұстап қалған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |