673-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау және оны қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі
1. Салық органы бейрезиденттің осы Кодекстің 672-бабына сәйкес ұсынылған өтінішін оны бейрезидент ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өтінішті қарау мерзімі:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген тақырыптық тексеріс жүргізу кезеңіне;
2) салық органы осы баптың 2, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген сұрау салу жіберген күннен бастап осындай сұрау салуға жауап алған күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
2. Бейрезиденттің өтінішін қарау барысында салық органы басқа салық органдарына, уәкілетті мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің құзыретті органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпарат беру туралы, сондай-ақ салықты қайтарып алуға байланысты мәселелер бойынша бейрезидентке сұрау салулар жіберуге құқылы.
3. Бейрезиденттің өтінішін қарау кезінде салық органы, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 18-тарауында айқындалған тәртіппен бейрезиденттің өтініші негізінде төленген табыс салығын бюджеттен қайтару мәселесі бойынша тақырыптық тексеру жүргізеді.
4. Егер бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімшесі болған жағдайда, өтiнiштi қарайтын салық органы бейрезиденттi оның осы Кодекстiң 48-бабында белгiленген талап қою мерзiмi кезеңiнде салықтық мiндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы тұрғысынан жоспардан тыс кешендi тексеру жүргiзуге сұрау салуды осындай құрылымдық бөлімше тұрған жердегі салық органына жiберуге мiндеттi.
5. Салық агенті таратылған (қызметі тоқтатылған), банкрот болған жағдайда салық органы өтініші қаралып жатқан бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен бейрезиденттiң өзара қатынастары туралы ақпарат беру жөнінде сұрау салу жiберуге құқылы.
Бұл ретте осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім салық органының сұрау салуына бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органынан алынған ақпарат және (немесе) таратылған (қызметі тоқтатылған) немесе банкрот деп танылған салық агенті ұсынған, төлем көзінен ұстап қалған табыс салығы бойынша салықтық есептіліктің деректері негізінде қабылданады.
Шет мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жіберілген сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан жазбаша бас тартқан немесе сұрау салу жіберілген күннен бастап кемінде екі жылдан астам мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда салық органы өтінішті қараудан бас тартуға міндетті. Бұл ретте салық төлеуші осы Кодекстің 221-бабының ережелеріне сәйкес өзара келісу рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
6. Бейрезидент-жеке тұлға бюджетке салық агенттері болып табылмайтын адамдардан алынған кірістен табыс салығын төлеген жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім осы Кодекстің 672-бабының 3-тармағында айқындалған табыс салығын қайтарып алуға өтінішке қоса берілген құжаттардың және бейрезидент ұсынған табыс салығы бойынша салықтық есептілік деректерінің негізінде қабылданады.
7. Бейрезиденттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Салық органының шешімі жазбаша нысанда ресімделеді және оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды.
Салық органы табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған кезде ұсынылған өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасы көрсетіледі және өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша салық органының шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шешім қабылдаған салық органының атауы;
3) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
4) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
5) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда – бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
6) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда – мұндай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына және (немесе) халықаралық шарттарға сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
8. Бюджетке табыс салығы төленген және салық органы табыс салығын толығымен немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда шешімнің көшірмелері мен бейрезиденттің өтініштері осындай салық органы табыс салығын төлеуді жүргізген салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты, болатын) жері бойынша тіркелген салық органына жіберіледі.
Салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты болатын) жердегі тіркелген салық органы бейрезидентке осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен бюджеттен табыс салығының сомасын қайтаруды осындай шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.
9. Салық органының шешімі бейрезиденттің өтінішінің бір данасы қоса тіркеле отырып, бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына немесе бейрезиденттің белгі қойған күні салық органының шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |