256-бап. Кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру
1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын қоспағанда, сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының төлеуіне жататын немесе ол төлеген сақтандыру сыйлықақылары шегерімге жатады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттерiне міндетті кепiлдік беру жүйесiне қатысушыда – банкте жеке тұлғалардың депозиттерiне кепiлдік беруге байланысты аударылған мiндеттi күнтiзбелiк, қосымша және төтенше жарналардың сомасы шегерiмге жатады.
3. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарында сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті, төтенше және қосымша жарналардың сомасы шегерімге жатады.
4. Мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушыда – мақта өңдеу ұйымында мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелерді орындауға кепілдік беруге байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы шегерімге жатады.
5. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушыда – астық қабылдау кәсiпорнында астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерді орындауға кепілдік беруге байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы шегерімге жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |