САН ЕСІМДЕРДІҢ ТҮРКІ ЖАЗБАЛАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛУЫ
Аға оқытушы Жукенова С.К., п.ғ.м., ак. доцент Курманова А.К.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
K_Ainash_K@mail.ru
Түркі тілдерінің морфологиясын, оның ішінде сан есімді зерттеуде аса маңызды дерек көздері-көне түркі жазба ескерткіштері: Енисей, Талас, Орхон ескерткіштері, Орхон ескерткіштері жанындағы Құтлығ қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Күлі чор, Мойын чор және т.б. Орта ғасыр жазба ескерткіштері: М.Қашғаридың «Түрік сөздігі», Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігі», Кодекс Куманикус, авторы белгісіз «Әл-қауанйин», «Ат-тухфа...» еңбектері. Сонымен қатар, көне қыпшақ тілінің біршама толық грамматикасы деп бағаланған Абу Хайанның «Түркі тілдерінің түсіндірме кітабы» еңбегі. Жаңа дәуір жазба ескерткіштері: Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы», Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» т.б. құнды жәдігерлер.
Есімдердің бір тобы - сан есім сөз табы екендігі белгілі. Сан есімдер тарихы жағынан басқа сөз таптарымен бірлікте дамығандығы анық. Ал сандық ұғымды білдіретін сөздердің жеке дара сөз табы ретінде қалыптасуы адам ойының дамуының, синтездеу дәрежесіне көтерілуінің жемісі.
Сан есімнің өзіне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері болады. Олар жеке тұрғанда абстракті ұғымды білдіреді. Бірақ олар тілде, негізінен, затты не болмаса оқиғаны сан жағынан анықтап береді. Сол кезде ғана сан есім сөз табы өз мағынасын анықтай түседі.
Есім сөз таптарының дамуы, тарихи өзгерісі олардың өз алдына жеке қалыптасуына алып келді, дегенмен, есім сөздерге ортақ, бірыңғай мәселелер де аз емес екендігі мәлім. Есім сөз таптарын, оларға тән белгілер мен тәсілдерді диахронды, синхронды тұрғыдан қарастырғанда да бұл ерекшелік ескерілуі керек. Сөз мағынасы тілдің дамуы барысында жаңа мағынаға ие болуы нәтижесінде немесе көп мағыналықтың бір түрі ретінде тура мағынадан басқа мағынада қолданылуы осы сөзімізге дәлел. Мәселен, апта мағынасындағы жеті сөзінің қолданылуы. Бұл сөздің шығу төркіні сан есімге байланысты болуы әбден мүмкін, өйткені бір аптаның ішінде жеті күн бар ескерілген болар. Сөйтіп жеті күн деудің орнына сан есім ғана сақталып, уақыт түрінің атауы ретінде қалыптасқан. «Жеті» сөзінің тағы бір мағынасы өлген адамды еске алу болып табылады. Бұл жағдайда да сан есіммен байланыстылығы көрінеді: дүние салған адамды жеті күннен соң еске алу дегенді білдіреді.
Тіліміздегі сан жайлы ұғымды білдіретін сөздер әр түрлі және олар құрамы жағынан да біркелкі емес, бір-бірінен өзгеше қалыпта [1, 202].
Сан есімдердің негізгі тобы-бірден онға дейінгі сандарды білдіретін сөздер екендігі мәлім. Қазіргі қолданыстағы есептік сан есімдер тарихи тұрғыдан сан жайлы ұғымды білдіретін кейінгі сөздердің алғашқы қалыбы іспетті. Олай дегеніміз – қазіргі күрделі сандық ұғымдарды көрсететін сөздердің барлығы дерлік осы сөздердің негізінде ғана пайда болған [1,200].
Сан есімді зерттеудің өз әдіс-тәсілі бар, яғни тіліміздегі сан есімдерді туыс тілдер материалдарымен салыстырамыз, сондай-ақ, ескі түркі фактілерімен қатар қойып қараймыз, одан шығатын нәтиже арқылы сан есімге қатысты тарихи ортақ жағдайларды анықтаймыз.
Тіл білімінің дамуына байланысты түркі ғалымдары және Батыс Еуропа мен орыс ғалымдарының еңбектерінде сан есімге қатысты мәселелер қарастырылады, осы зерттеулердің теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.
П.Мелиоранский қазақ тілінің морфологиялық құрылысын талдай келе, ондай зат есім, есімдік, сан есім, үстеу, жалғаулық, септеулік, демеулік сияқты 8 сөз табын көрсетеді. Яғни сан есімнің жеке дара сөз табы ретіндегі ерекшелігін айқындаған.
Түркі тілдеріндегі сан есімдер о баста ескі үнлі, қытай тілдерінен ауысқан деген жорамал анық белгілі тілдік зерттеулерге негізделмеген көрінеді. Өйткені ескі түркі тілінде сандар жүйесін білдіретін сөздер мен қазіргі сондай сөздерді салыстыра зерттеу олардың жат тілдік ортада емес, түркілік топырақта қалыптасқандығын дәлелдейді. Оған мысал – Орхон-Енисей ескерткіштерінде сандық ұғымдарды білдіретін сөздер тобының бар екендігі. Мұны А.Щербак зерттеулерінен көруге болады. Ол Орхон және Енисей бойларынан табылған тас жазуларда, сондай-ақ одан кейінгі ғасырларға қатысты ұйғыр, араб жазуының ескерткіштерінде көп қолданыс тапқан сан есімдердің қысқа тізімін былай көрсетеді: бір, ики (екі), уч (үш), төрт, дорт(дорт), бичи (бес), алты, йити (жеті), секиз (сегіз), тоjуз, он, йигирими, йегирими, отуз, қырқ, мин, бин (мың), түмен (он мың), алтмыш (алпыс), елиг (елу), йетміш (жетпіс) т.б. [3,201].
Түркілік сан есімдерді зерттеу, яғни сан есім сөз табын туыс тілдер материалдарымен салыстыру, сан есімдердің этимологиясын анықтау, Орхон-Енисей және одан бұрынғы дәуірлерден күні бүгінге дейінгі қолданыстағы сан есімдерді топтап, айырмасы мен ұқсастығын айқындау, сандардың шығу тарихына тоқталу шетел, орыс, сонымен бірге қазақ ғалымдарын да бейжай қалдырған жоқ [3].
Ф.Г.Исхаков көне жазбалар тіліндегі сан есім мен қазіргі қолданыстағы сан есімдер арасындағы дыбыстық ерекшеліктерді көрсетеді. Яғни бүгінгі қолданыстағы сандық ұғымды білдіретін сөздердің арғы сипатын анықтайды. Мәселен, көнежазбалар тіліндегі тәуелдіктің үшінші жағы еріндік дыбыстармен де (-у, -ү) берілетінің және жинақтық сан есімдердің қолданылуындағы осы ерекшелікке мән берсек, Ф.Г.Исхаковтың ізімен алтау жинақтық сан есімнің арғы сипаты алтағ, сол сияқты учег, төртег т.б. деуге негіз бар [4].
Ғалым О.Сүлейменов өзінің «Язык письма» атты еңбегінде сан есімдерге біршама беттер арнаған. Ғалым түркі тілдеріндегі сан есімдерді басқа тілдер материалдармен салыстыра зерттей отырып, фонетикалық ерекшеліктеріне тоқталған: «Тюрки получают цифру и числительное *mes (pes) – десять. Сохраняется в сложных числительных: jitmes-70 (тат.), jetmis(огузо-карл.). При jite, jeti-7, в казахском zeti-7, zetpis-70» [5,105].
Оказавшись в положении суффикса, служебное числительное подчиняет свое качество (по закону тюрского сингормонизма) качеству звуков корня: alty-6 (обшетюрк), altmys-60 (огузо-карл.) alpys-60 (каз.). В окончаниях угрофинских десяток отмечается системное окончание mys» [5,92].
Сонымен қатар, көне түркі және орта түркі жазба ескерткіштерінің тілі туралы қазақ ғалымдары зерттеулерінде Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томановтың «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1971), М.Томановтың «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (1981) сияқты студенттерге арналған оқулық, оқу құралдарында да сан есімнің тарихи даму жолы жайлы мәліметтер бар.
Сан есімге қатысты соңғы зерттеулерден, мәселен, «7-санының қасиеті» жайындағы зерттеуші М.Ержанның мақаласынан, профессор Ә.Ыдырысовтың «Шумерлер мен түркілер» атты көлемде зерттеуінен біршама мағлұмат аламыз. Зерттеуші М.Ержан өз мақаласында сан есімді атам қазақ қастерлейтін жетілікке қатысты ұғымдар тұрғысынан зерттеген: жеті нан, жеті жау, жеті жұт, жеті қазына, жеті күн, жеті ата т.с.с. Және де жетіден өзге қазақ үшін қаситетті сандар 3, 5, 12, 13, 40 т.б. сандарды көрсете отырып, жеті санына ерекше тоқталған: Жоғарыдағы «жеті»санына баланысты ой-тұжырым, жорамалдарды қорытындыласақ, арғы ата-бабамыздың «жеті» санының өзіндік ерекшелігіне үш түрлі жорамал бар:
Адам бойында жеті санының кездесуіне байланысты (жеті айлық бала, жеті мүше).
Жеті қарақшы жұлдызына табынуға, ескі тотемге байланысты.
Жеті күн, аптамен байланыстылығында [2].
Профессор Ә. Ыдырысов жоғарыда аталған мақаласында О.Сүлейменов «Тюрки в доистории» еңбегінде шумерлер мен түркілерді туыс деп көрсетіп, соған негіз шумер тілінде түркі тіліне қатысты сөздердің бар екендігін айқындап, сондай 70 сөздің кестесін жасағандығын, сол кестеден, тіпті қазақ тіліне тиесілі сөздердің кездесетінін тілге тиек еткен. Енді біз сол мысалдардан сан есімдерді кездестіріп отырмыз: «Шумерше: u (у)-десять-10;түрікше un(ун) -10; қазақша: он (10); шумерше: usu(усу)-30: түрікше usun(усун)-30; отыз-30; шумерше: es(ес)-«три»-3; түрікше: us (ус)-3; үш-3; шумерше seksen-80; түрікше: seqizyn -80; қазақша: сексен (80)» [6,12].
Түркі халықтарының кейбірінде сан, санақ, мөлшерді білдіретін сөздердің өзге тілдегі элементтер негізінде қалыптасу фактілері де кездеседі. Дегенмен, негізгі деректер түркі тілдерінде біршама этимологиясы анық емес сандық ұғымды білдіретін сөздердің о баста пайда болуы жат тілдік әсердің нәтижесі емес, т.ркілік ортада пайда болғандығын жоғарыдағы келтірілген мысалдар қуаттайды. Миллион, триллион тәрізді сөздер кейінгі дәуірлерде батыстан келгені мәлім. Көне түркі тілдеріндегі мұндай ұғым болмағанын күні бүгінге дейінгі жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсетеді. Ал түмен сөзі өз кезеңінде қолданылғанымен, қазір қолданыстан шыққан сан есім. Зеттеушілердің біразы бұл о баста монғол сөзі болуы керек деген болжам да айтып жүр.
Дегенмен, сан есімдер ерте дәуірлерден-ақ жалпы түркі тілдік қасиетке ие болған, ертеден танылып келе жатқан сөз табы, талас тудырмайтын мәселе. Сан есімнің көне, дегенмен орныққан сөз табы екендігіне бірден-бір дәлел сонау Орхон ескерткіштерінде де кездесетіндігі.
Әдебиеттер тізімі:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи граматикасы. – Алматы, 1988. -264 б.
Ержан М. «7» санының қасиеті //Қаз ҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №9 (71), 2003. - 102-104 бб.
Щербак А.М. Грамматический очерк языка тюркских текстов. – Москва, 1961.-255б.
Исхаков Ф.Г. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. – Москва, 1958.-342б.
Сулейменов О.Язык письма. – Алматы, 1998.-497б.
Ыдырысов Ә. Шумерлер мен Түркілер /Дала мен Қала.-2006,27 қаңтар.-№3(132). – 12 б.
Достарыңызбен бөлісу: |