Сармат мәдениеті— ерте темір дәуірінде Қазақстанның батыс өлкелері мен Оңт. Орал далаларын мекендеген көшпелі тайпалар қалдырған түрлі археологиялық ескерткіштер жиынтығы. Жалпы “сармат” атауы көне грек жазба деректерінен жеткен шартты ұғым, ал сарматтар осы тарихи деректер бойынша шығыстан келіп, Қара т. скифтері патшалығын талқандаған тайпалар ретінде танымал. Археол. зерттеулер Сармат мәдениетіжайлы, яғни тайпалардың жерлеу ғұрпы, заттық мәдениеті, өнері жайлы құнды деректер берді. Ғыл. қорытындылар бойынша, мәдениеттің өмір сүрген уақыты б.з.б. 7 — 6 ғ-лар мен б.з. 4 ғ. арасын алып жатқан өте үлкен мерзімді қамтиды. Даму барысындағы ерекшеліктерді ескере отырып, ғалымдар осы өте ұзақ мерзімді “ерте сармат” (немесе прохоров мәдениеті), “орта сармат”, “соңғы сармат” деп аталатын үш кезеңге бөлді. Бат. Қазақстаннан Қара т., Орт. Еуропаға дейінгі аралықта тараған, жүздеп саналатын обаларды қазу, олардан алынған деректерді зерттеу, сараптауда М.И. Ростовцев, Б.Н. Граков, К.Ф. Смирнов, М.Г. Мошкова, Б.Ф. Железчиков, М.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов, А.Х. Пшеничнюк, С.Ю. Гуцалов еңбектерінің маңызы зор. Сармат мәдениетінің алғаш қанат жайып қалыптасқан аумағы Еділден шығысқа қарай орналасқан өлкелер. Ғыл. пайымдаулар бойынша, осы жерлерде, ең алдымен, Ор мен Елек өзендері алқаптарында, Жайық далаларында ерте Сармат мәдениеті (б.з.б. 7 — 6 ғ-лар мен 1 ғ. аралығы) қалыптасқан. Бесоба, Сынтас сияқты қорымдардан алынған деректер осы кезең жайлы құнды мәліметтер берді, сондай-ақ қазір зерттеліп жатқан Қырықоба үлкен қорымы (Батыс Қазақстан облысы) маңызды нысандар қатарына кіреді. Археол. зерттеулерде ерте сармат кезеңіне жататын семсер, қанжар, жебе сияқты қару түрлерінің, ат әбзелдерінің, түбі дөңес қыш көзелердің, айналар мен тас құрбандық ыдыстардың, аң стилімен сомдалған бұйымдардың тұрақты сипаттамалары жасалған. Зерттеушілер заттық мәдениет пен жерлеу ғұрпының басты ерекшеліктерін алға тарта отырып, ерте Сармат мәдениетінің қалыптасуына жергілікті дәстүрлермен қоса Арал, Төм. Сырдария сақтарының да маңызды ықпалы болғанын атап көрсетті. Б.з.б. 1 ғ-дан бастап 4 ғ-ға дейінгі аралықты орта және соңғы Сармат мәдениеті ескерткіштері алып жатыр. Сармат тайпаларының үлкен бөлігінің батысқа жылжыған уақытымен сәйкес келетін бұл кезеңдердің ескерткіштері шашырай таралып, аз табылған және біршама өзгерістерге ұшыраған. Мәдениет дамуының соңына қарай орын алған тарихи оқиғаларға байланысты кейінгі Сармат ескерткіштерінде ғұн ықпалы басым. Сармат дәуіріне жататын, бірақ классик. Сармат мәдениеті үлгісінен өзіндік ерекшеліктері бар кейбір ескерткіштер Арал мен Каспий аралығында ашылды (мыс., Дықылтас, Бәйте қорымдары, Қызылүйік ғибадатханасы). Кейінгі зерттеулер барысында туындап отырған күрделі мәселелердің бірі — Сармат мәдениеті мен “дах-массагет” атауымен байланыстырылатын ескерткіштердің арасын анықтау болып табылады.