Саясат - (гр. politika - мемлекетті басқару өнері) - алғашында мемлекеттік және қоғамдық істер немесе мемлекеттік басқару шеберлігі деген мағынаны білдірген. Кейін келе оның мағынасы кеңейді және мынаны білдіреді: өз мүдделерін іске асыруға, қорғауға бағытталған және саяси билікті басып алуға, қолында ұстауға, оны пайдалануға тырысушылықпен байланысты мемлекеттер, топтар, ұлттар, үлкен әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастар саласындағы азаматтар мен жеке адамдар билігінің мекеме, бірлестіктердің қызметі;
Саясаттағы бұқаралық көңіл-күй - адамдар қауымының басым көпшілігін қамтитын психологиялық жағдай. Адамдар үшін субъективті сигналды реакция жайлылық пен жайсыздықты, әрі негізгі үш жағдайды білдіреді:біріншіден, жалпы өмірдің әлеуметтік-саяси жағдайларымен көңіл толушылық немесе көңіл толмаушылық деңгейін білдіреді; екіншіден, анықталған жағдайдагы адамдардың әлеуметтік-саяси талаптарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін субъективті бағалау; үшіншіден, талаптарын жүзеге асыру үшін жагдайларды өзгертуге ұмтылу.
Саясаттағы гомеостазис – қандай да бір жүйенің қозғалмалы тепе-теңдік жағдайы, ол осы тепе-теңдікті бұзушы ішкі және сыртқы факторларға қарсы әрекет жасау арқылы сақталады. Гомеостазис алғаш физиологияда ағзаның ішкі саласының тұрақтылығы мен оның негізгі физиологиялық қызметтерінің тұрақтылығын түсіндіру мақсатында қолданылған. Бұл идея американдық физиолог У.Кеннонмен "дене даналығы" туралы ілімінде өзінің тұрақтылығын үздіксіз қолдайтын ашық жүйе ретінде дамытылған. Жүйеге қауіп төндіретін өзгерістер туралы хабарлар алысымен ағза оның тепе-теңдік жағдайын қалыпқа келтіргенше жұмыс жасайтын құрылысты іске қосады. Кейін келе гомеостазис принңипі психологияда, одан кибернетикада, ал 60 жж. саяси және әлеуметтік жүйе теориясында қолданыла бастады.
Саясаттағы жалғандылық - заттардың шынайы жағдайын мақсатты түрде бұрмалауды білдіретін қарым-қатынас құбылысы. Жалғандылық тексеру қиын және мүмкін емес сөздік мәліметтер мазмұнынан көрініс табады. Жалғандылық - сөздік қызметгің саналы нәтижесі, оның мақсаты - аудиторияны адастыру. Жалғандылық өтірік алдаушының жеке, әлеуметтік немесе саяси басымдықтарға қол жеткізуге ұмтылысынан туындайды. Жалғандылық - алға қойған мақсатты немесе келеңсіз салдарларды болдыртпау үшін шындықты бұрмалаудан көрініс табатын мінез-құлық түрі. Жалғандылық әдетке айналған жағдайда ол жеке тұлғаның қасиетіне айналып бекиді. Саясаткер көп жағдайда шындықты бұрмалауы мүмкін. Жалғандылық себептері ретінде ұят сезімі, яғни саясаткер өзінің қандай да бір әрекетін жасырғысы келеді; жазаланудан қорқу, сталиндік нәубет кезінде құрбандар қорыққандарынан өтірік көрсетулер берген; өзін дәлелдеуге ұмтылудан көңіл аударту, таңқалдыру тілектерінен туындайды.
Саясаттағы жеке тұлғаның рөлі - жеке түлғаның саяси мәртебесі мен саяси мәдениеті, саяси кәсібилігінен туындайтын саяси қатынастарға, саяси үрдіске ықпал ету шарасы, деңгейі. М.Вебер саясаттың үш түрін жіктейді. Және оған қатысуына байланысты саясаткер-тұлғаның үш түрін көрсетеді. "Жағдайға байланысты, кездейсоқ" саясат - саяси қатысудың түрі, бұл жағдайда жеке тұлға өз еркін ара-кідік, тіптен саяси акциялардың мазмұны, сипаты мен бағыты туралы ойланбай жүзеге асырады. "Қосымша" сая¬сат адаммен қажет және мұқтаж болған жағдайда басқа қызметімен қатар жүзеге асырылады. Саясатпен "қосымша" айналысатын адамдар үшін саяси қызмет басты болып есептелмейді. Кәсіби саясат бұл жеке тұлғаның кәсібі болып табылады. Кәсіби-саясаткер - саяси кеңестер мен ұсыныстар беруге қабілетті талдаушы, билік технологиялары бойынша маман. Жоғарыда көрсетілген жағдайлардағы саясатта жеке тұлғаның қатысуынан оның рөлі анықталады.