Қазақстанның партиялық жүйесі қазіргі кезде өтпелі кезеңді бастан кешіріп отыр және бұл жаңа әлеуметтік топтардың, ең бастысы, бизнес-элитаның белсенділігінің нәтижесі екендігін білеміз. Басқаша айтқанда, кейбір «қысым көрсетуші» топтардың, мысалы «Ақ жол» ҚДП-ның жартылай өзгеруі айдан анық көрініп тұр. Саяси сала сапалылығы жағынан өзгеріп келеді деуге болады, және оған себеп тек жаңа ойыншылардың пайда болуы ғана емес, сонымен қатар ескі қатысушылардың да өзгеруі. Және бұл кәдімгі даму кезеңі, мұнда асығыс болмауы тиіс, алайда тежелудің де қажеті жоқ, өйткені бұл жалпы саяси жүйе үшін қауіпті. Тәуелсіз Қазақстанның партиялық жүйесі ондаған жылдар бойы қалыптасып келеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарында республика шеңберінде көппартиялы саяси жүйе тәжірибе жүзінде қолданымда болған жоқ, өткен кеңес дәуірінің саясаты мен азаматтық қоғамның дамымағандығы әсер етті. Қазақстан Республикасының партиялық жүйесінде сапалық даму үрдісі 90-жылдардың екінші жартысында байқалды, бұл кезде кейбір әлеуметтік топтар өз мүдделерін жариялау және қорғау қажеттілігін сезініп партия атты саяси ұйымдарға бірлесе бастады. Партиялық құрылыстың алғашқы қадамдары дәл Алматы қаласында жүзеге асырылды, саяси өмірдің орталығы да дәл осында. Тіпті, Елорданы ауыстырғаннан соң да партиялық қызметтің белсенді орталығы мен саяси белсенді тұрғындардың басым бөлігі осы қалада қалды.
Саяси идеология түсінігі мен типологиясы
«Идеология» деген ұғым гректің ideia және loqos деген сөздерінен шыққан. Идея – көзқарас, логос –ілім, ой. Ал идеология сөзінің мәні – «идея туралы ілім» немесе «мәртебелігі бар ілім» ретінде түсініледі.
Идеология ұғымын ғылыми айналымға, әдебиетке енгізген француз ғалымы, философы Дестют де Треси (1754-1836 жж.). Кейінірек идеология деген түсінікті терең зерттеген неміс ғалымы Карл Манхейм болды. Неміс саясаттанушысы М.Вебер де идеология проблемаларын теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуге бірнеше еңбектерін арнады. Осы ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша - идеология мемлекеттің, саяси топтардың, жеке тұлғалардың қоғам мен әлеуметтік топтар алдындағы мақсаттарын іске асыру үшін қолданылатын көзқарастар жүйесі. Жалпы идеология туралы түсінік ерте заманда пайда болды. Мысалы, Аристотель идеология деген түсінікті “энтелехия” деп атаған. Энтелехия – мүмкіндікті шындыққа айналдыратын ізденушілік деп ұлы ойшыл анықтама береді. Идеология проблемаларын зерттеуші, ғалым К.Манхеймнің ойынша: “идеология -- ол қоғамдық қарым-қатынастарға көзқарас қалыптастыратын құрал”.
Идеологияның мақсаты мен мазмұны қолдаушының (ұсынушының) мүддесімен сәйкес келеді. Сол себептен идеологияны ұсынушылар: мемлекет, билік, саяси немесе жеке адам идеологияға өте үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер идеологияны қолдануда қателікке жол берілсе, онда қоғам дамуының өзі қате жолға түсіп кетуі күмәнсіз. Тарихта бұндай жағдайларға ұшыраған мемлекеттер аз болған жоқ. Негізінде, қандай идеологияны таңдау қажет екенін шешуші халық болуы тиіс. Саяси биліктің, мемлекеттің ұстанатын идеологиясы қоғамның, оның әрбір әлеуметтік топтарының, азаматтардың мүддесінің, ой-пікірлерінің, яғни идеяларының жиынтығы болуы тиіс. Ал халық мүддесімен мемлекеттік идеологияны сәйкестендіретін демократияның дамуы болып саналады.
Саяси идеология қызметі - қоғам өмірінде идеология маңызды рөл атқарады. Ол ең алдымен оның төмендегідей қызметтерінен білінеді:
1) идеологияның танымдық рөлі. Ол саяси жүйені, саяси өмірді суреттеп, түсіндіреді;
2) бағдарламалық қызметі. Ол қоғам, әлеуметтік прогресс, тұлға және билік және т.с.с негізгі түсініктер туралы мағлұматтар беріп, адамның іс- әрекетіне бағыт-бағдар көрсетеді;
3) жұмылдыру, іске тарту. Қоғамның жоғары, құнды идеяларын алға тартып, мақсат-мүдделерді айқындап, саяси идеология саяси іс-әрекетке тікелей түрткі болып, қоғамды, әлеуметтік топтарды оларды іске асыруға жұмылдырады, рухтандырады, шабыттандырады;
4) амортизациялық қызметі. Саяси іс-әрекетті түсіндіру тәсілі болып, идеология әлеуметтік шиеленістерді бәсеңдетеді. Ұсынылған мұраттар сәтсіздіктен кейін күш жинап қайта серпілуге шақырады;
5) бағалау қызметі. Идеология халық санасына қоғамның қазіргі және болашақтағы дамуына өлшемдік баға берерлік жағдай жасайды, үстемдік етіп отырған қоғамдық тәртіпке белгілі бір көзқарас тудырады.