Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу ксро көлемінде қайта құру жылдары басталғанымен, содан бері барлық посткеңестік елдерді қоса алғанда осы мәселе тарихына толыққанды жауап беретін бірде-бір іргелі тарихи зерттеу жоқ



Дата06.01.2022
өлшемі23,75 Kb.
#110130
Байланысты:
Ақтаңдақтарды ақтау


КСРО Ішкі істер министр­лі­гі­нің есебі бойынша 1921-1953 жыл­дар аралығында Кеңес Одағы аума­ғында контрреволюциялық қыл­мысы үшін 3 777 380 адамға сот үкімі шығарылып, соның 642 980-і өлім жазасына кесіліпті

– Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу КСРО көлемінде қайта құру жылдары басталғанымен, содан бері барлық посткеңестік елдерді қоса алғанда осы мәселе тарихына толыққанды жауап беретін бірде-бір іргелі тарихи зерттеу жоқ. Мұның негізгі себебі – қуғын-сүргін тарихына қатысты мұрағат құжаттарының негізінен әлі күнге дейін жабық болуы. Жалпы, саяси қуғын-сүргін тарихы дегенде көпшілігіміз 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргінді көз алдымызға елестетеміз. Түбірімен алып қара­сақ, саяси қуғын-сүргін тарихы Қазан төңкерісінен басталады және әр кезеңде әртүрлі сипатқа ие болып отырды. КСРО-дағы қуғын-сүргін зардабын, адамзат баласына қарсы жасалған қатыгездік сипаты мен көлемін дүние жүзіндегі қасіретпен са­лыс­­тыруға келмейді. Мұндай қа­ты­гездік жаһанда бұрын-соң­ды бол­ған емес, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бө­лім меңгерушісі, тарих ғылым­да­рының кандидаты Сәбит Шілдебай.

Ғалымның айтуынша, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ішінара ақтау шаралары 1953 жылы КСРО көсемі И.Сталин өмірден озған соң өкімет басына келген Н.Хрущевтің тара­пынан бастау алады. Саяси тұт­қындарды ақтау алдында тұт­қын­дарға кешірім беру шаралары жүргізілді. 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» жарлығынан кейін 3 ай мұғдарында сотталу мерзімі 4 жылға дейінгі 2,5 млн тұт­қын бостандыққа шықты. Өкініш­ті­сі сол, бұл кешірім сая­­си тұт­қын­дарға берілмеген кө­рі­неді. 1954 жылы орын алған Кеңгір көтерілісі де осы әрекеттің салдары еді. Бұл көтеріліс саяси тұтқындар мәселесін қайта қарауға қозғау салып, 1954-1956 жылдары еңбекпен түзеу ла­герь­лерінің бас басқармасына (ГУЛАГ) қарасты бостандықтан айы­ру орындарындағы саяси тұт­қын­дардың саны 467 мың адамнан 114 мың адамға дейін азайды.

Ішкі істер министрі Л.Берия­ның көзі жойылған соң жа­зық­сыз жапа шеккендерді ақтау мәсе­лесі оң бағыт алады деп күтіл­ге­­ні­мен, аталған шаралар аса қиын жағдайда жүргізілді. 1953 жылы Кеңес Одағы Коммунистік пар­тия­сы Орталық комитетінің шілде пленумында (КОКП ОК) КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Г.Маленков «Сталиннің жеке басына табынушылығы» деген ұғымды айналымға енгізіп, көп ұзамай, Кеңес армиясының тұтқындағы 54 генералы мен адмиралы ақталған болатын. Бұл саяси қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандарды ақтауға қатысты жасал­ған алғашқы қадам еді.

1953 жылы 1 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­ди­умының Жарлығы бо­йынша КСРО Жо­ғар­ғы соты КСРО Бас прокуроры А.Руденконың ұсы­нысымен Біріккен мем­ле­кет­тік саяси бас­қар­­ма (ОГПУ) коллегиясының шешім­дерін қай­та қарау құқы­ғы­на ие болды. Араға бір жыл салып 1954 жылы мамырда «Контр­рево­лю­циялық қылмысы» үшін сот­талғандардың ісін қайта қарай­тын орталық комиссия жұ­мыс­қа кірісті. Осылайша жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде жапа шек­кен көрнекті қоғам, мемле­кет, әскер, өнер, әдебиет пен мә­ден­иет қайраткерлерін ақтау ша­ралары 1954-1956 жылдары қолға алынған еді. Бір өкі­ніш­­тісі сол, бұл жұмыс қолға алын­ған тұста тұтқынға алынған қай­раткерлердің басым бөлігі әлде­қашан өмірден озған болатын.

Н.Хрущев елдегі қоғамдық-саяси жағдайды өзгертуге тырысып, 1956 жылы 25 ақпанда Мәскеуде өткен КОКП-ның ХХ съезінде «Жеке басқа табы­ну­шы­лық пен оның зардаптары тура­лы» баяндама жасайды. Осы­лай­ша «Хрущев жылымығы» атанған тарихи кезең басталып, жазықсыз жандарды ақтау жұ­мыс­тары жалғасты. Көпшілігі ақталып, отбасы мүшелері қамау­дан босағанымен, саяси тұт­қын­дар­дың саны азая қойған жоқ.

Қайта құру жылдарында да осы саяси қуғын-сүргін тарихын қайта қарау мәселесі көтерілді. 1990 жылы тамызда КСРО президенті М.Горбачевтің
«20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүр­гіннің барлық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» жарлығы жарияланды. Онда «Күштеп ұжымдастыру кезін­де жазықсыз зардап шеккен, түрмеге қамалған, отбасыларымен бірге күнкөріс қаржысынсыз, дауыс беру құқығынсыз, тіпті бас бостандығынан айыру мерзімі жарияланбастан қияндағы аудан­дар­ға көшірілген совет адамдарынан әділетсіздік таңбасы осы кезге дейін алынған жоқ. Діни себептер бойынша қудаланған дін өкілдері мен азаматтар ақталуға тиіс», деп ұзақ жылдар бойы ақталмай келген адамдардың ісін қайта қарауға жол ашылды. Ал «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң егемен елімізде 1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, кейін оған 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

– Бұл заң осы уақытқа дейін өз деңгейінде жұмыс істемей келеді. Оған қоғам өкілдерінің азаматтық белсенділігінің төмен­дігі мен Қазақстандағы осы мәсе­ле­ге қатысты мұрағаттардың жа­бық болуы себеп болып отыр. Биыл 25 ақпанда Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғы­лым комитетінің төрағасы Ж.Құр­ман­ғалиеваның «1920-1950 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру бо­йынша жұмыс тобын құру туралы» бұйрығы шығып, арнайы жұмыс тобы қызметіне кірісті. Алайда құпия белгісі со­ғылған құжаттар толығымен ашы­­лып біткен жоқ. Қуғын-сүр­гін тарихына қатысты мұрағат құжаттары зерттеушілер үшін түгелге жуық жабық. Оған жа­уапты органдардың бұл мәселеге қатысты ұстанымы бізге белгісіз. Сондықтан мемлекеттің архив ісіне қатысты саясаты қайта қа­­рал­уы қажет. Үкіметке тіке­лей бағынышты Архив бас­қар­­ма­сы құрылып, барлық архив ме­ке­мелері осы басқармаға ба­­ғын­дырылуы тиіс, – дейді С.Шілдебай.

Оның айтуынша сотталған адамдардың нақты санының белгісіздігі сияқты, нақты ақтал­ған­дардың да саны белгісіз. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, осы бағытта ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Бұл жұмыс мұрағат мәселесінің шешілуіне де тікелей байланысты болып отыр.

Осы мәселе туралы Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­­вер­­ситетінің профессоры, та­рих ғылымдарының докто­ры Арайлым Мұсағалиева да ой бөлісті. Оның айтуынша, елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау туралы» заң қабылданғаннан бері бас-аяғы 7693 қылмыстық іс қаралып, 10938 адам ақталса, соның 2415-і 1997 жылы ақталған екен.



– 1989 жылы КОКП ОК жа­­нындағы Марксизм-ле­ни­­низм инс­титутының қазақ фи­лиа­лын­дағы партия мұра­ға­тының қыз­метшілері құпия қор­лар­ды ашу туралы жұмыс тобын құр­ды. Соның нәтижесінде саяси бөлімдер мен басқармалардың 9, партиялық және комсомол оқу орындарының 11 қорының, Бүкілодақтық Коммунистік (боль­шевиктер) партиясының фрак­ция­сындағы 40 қордың құпиясы ашылды. Бұл ретте, тәуелсіз елі­міздің мұрағаттарында сақ­тал­ған құжаттардың құпиясын ашу кезінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау туралы» заңның үлкен рөл атқарғанын айту қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың бастама­сы­­­мен заңды актілердің, үкі­­­мет­­тік, партиялық және бас­­­қа органдардың, сонымен қа­тар ведомстволық акті­лер­­­дің құпиясын ашу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл жұмыс 1999 жылға дейін жүргізіліп, кейін тоқ­­тап қалды. Сондықтан барлық құпия құжат толық ашылып бітті деп айта алмаймыз. Құзырлы орган­дардың мұрағаттарында сақ­тал­ған құпия құжаттар әлі де бар. Өкінішке қарай оған осы органдар мүдделі болмай отыр, – дейді А.Мұсағалиева.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет