Баланың психикалық дамуына заттық әрекеттердің дамуы едәуір дәрежеде әсер етеді. Нәрестелік жасқа тән қимылдық іс-әрекет ерте сәбилік шақта заттық іс-әрекетпен алмасады. Заттық іс-әрекеттің дамуы заттармен жұмыс істеудің қоғам жасап шығарған тәсілдерін игерумен байланысты болады. Адам үшін заттардың бекітілген, тұрақты маңызы бар. Адам жануарлармен салыстырғанда тұрақты нәрселер дүниесінде өмір сүреді. Маймылдың да саптаяқтан су іше алатыны әркімге белгілі. Бір-ақ жануарлар үшін заттардың ситуациялық маңызы бар: егер су саптаяқка құйылған болса, маймыл оны саптаяқтап, егер су шелекте болса, шелектен, ал егер еденде төгіліп жатса, еденнен ішеді. Бала үлкендерден заттардың адам іс-әрекеті арқылы бекітілген тұрақты маңызын бағдарлауға үйренеді. Баланы қоршаған заттық дүние — мебель, киім-кешек, ыдыс-аяқ — заттар, олардың адамдар өмірінде белгілі бір маңызы бар. Бала ерте сәбилік шақта да бұйымдардың маңызын түсінеді. Заттың бекітілген мазмұны балаға өзінен-өзі берілмейді. Ол шкафтың есігін сансыз рет ашып-жабуы, сол сияқты ұзақ уақыт қасықпен еденді тарсылдатуы мүмкін, бірақ мұндай белсенділік оны заттардың атқаратын міндетімен таныстыра алмайды. Заттардың функциялық қасиеттері сәбиге үлкендердін тәрбиелік және оқыту ықпалдары арқылы ашылады. Бала түрлі заттармен жасалынатын іс-әрекеттер түрлі дәрежеде ерікті болатынын біледі. Кейбір заттар өздерінің қасиеттері жағынан іс-әрекеттің белгілі бір тәсілдерін қатаң сақтауды қажет етеді (бұған қорапшаның қақпақпен жабылуы, пирамиданың шығыршықтарын өткізу, матрешкаларды-жинастыру тәрізді арақатынастағы әрекеттер жатады).