Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі
Сәбит Мұқанов Сталиннің қабылдауында болған
(Басы өткен санда).
“... Жәрдемші маған: “кіріңіз!” – деді. Мен кіре бергенде, кабинеттің төріндегі тікшілдеу шағын столдың аржағында отырған қара бұйра шашты, қалың мұртты адам маған қабағын түйе қарап алды да, орнынан көтеріліп, салмақты адыммен бері қарай аяңдады. Ішімнен “Сталин, әрине, осы!” деп жорыдым.
Менің атымды жазған запискамнан жаттап алған болуы керек, ол бөлме ортасына түйісе келе, қолын созды да:
– Сәлем, жолдас Мұқанов! – деді.
– Сәлем, жолдас Сталин.
Тікше столдың бержағында талдан тоқылған екі орындық бар екен. Сталин соларды нұсқап: – Отырыңыз! – деді.
Мен әдеп сақтап, орындыққа жалп ете қалмай, қасына бара сәл кідіріңкіреп едім, онымды түсінгендей, Сталин өз креслосына бұрын отырды. Мен де отырдым. Ол стол үстіндегі әлде не қағазға көзін жүгірте бастады. Шамасы, менің ЦК атына жолдаған хатым...” (88-бет).
Сәбеңнің өзі жазып кеткендей: “Көшірмесі өзімде сақталған бұл арыздың тарихтық және әдебиеттік мәні болғандықтан, құрметті оқушы жолдастар, сіздердің алдарыңызға сол қалпында тартқым кеп отыр”. (Түпнұсқасы орысша, қазақшалаған Сәбит Мұқанов, тыныс белгілеріне дейін сақталды. – З.Т.)
РКП(б)П Орталық Комитетінің генералдық секретары
жолдас И.В. Сталинге
1920 жылдан РКП(б)П-нің мүшесі, билет саны 517640, Орынбор қаласында тұрушы, Мемлекеттік рабфак студенті Мұқанов Сәбиттен
Бұл баяндау хаттың жазылу мақсаты – РКП(б) Орталық Комитетіне Қырғыз халқының мәдени дәрежесін өсіруге себепкер боп жатқан объективтік және субъективтік жағдайларды сипаттап беру.
Россия Коммунист (большевиктер) партиясының мақсаты: пролетариат диктатурасын іске асыру арқылы халықтардың мәдениетін көтеріп, коммунизм құрылысына апару екені ешкімге жасырын жайт емес. РКП(б)-нің СССР-дағы халықтарды коммунизмге жеткізу ісінде, бұл саясатты ұлт республикасының бәрінің арасында да жүргізу ісінде, солардың ішінде мәдениеті ең артта қалған халықтың бірі – Қырғыз республикасында ерекше табандылықпен жүргізу ісінде бұл мақсаттың аса қажетті екендігі байқалады.
1924 жылдың күзінде Қырғыз республикасы өзінің төрт жасқа толуын тойлады да, өткен күндердің істерін еске ала отыра, алдағы ұлы міндеттерге жоспар жасады.
Өткен күндерге көз тастасақ, атқарылған жұмыстар да көп, атқарылмағаны да аз емес. Халықтың мәдениеттік дәрежесін жоғарылату ретінде РКП(б) тастаған негізгі ұрандардың қалай іске асуын еске алсақ, сол істердің іске асуына байланысты пролетариат диктатурасының іске асуын ойласақ, Қырғыз республикасында жетіспеген нәрселер әлі де көп.
Жалпы әдебиеттің оның ішінде көркем әдебиеттің халықтар мәдениетін көтеруде орны ерекше екені мәлім. Осындай әдебиетті қараңғы халықтардың ішіне таратып, сол арқылы халықты пролетариат идеологиясымен тәрбиелеуді Қырғыз республикасындағы оқу-ағарту орындары, өкінішін қоса айтқанда, ойдағыдай іске асырғаны көрінбейді.
Қырғыз республикасының оқу-ағарту орны, атап айтқанда – Оқу Комиссариаты, оның Академиялық Орталығы қырғыздың ұлттық әдебиетін өркендету ісіне көңілін аз бөледі. Академиялық Орталық құрылғаннан бері Оқу Комиссариаты азғантай ғана кітап шығарды. Олар: бірінші – Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы, екінші – Дулатовтың драмалық пьесалары, үшінші – Байтұрсыновтың ұлтшылдық өлеңдері...
Бұл – авторлардың бәрі өздерінің ой-пікірінде пролетариатқа жат адамдар. Кең толғап сын бермей, қысқаша және шағын айтқанда, олардың шығармалары мазмұны жағынан революцияға қарсы жазылғандар. Басқаша болуға мүмкін емес. Жұмабаев, Дулатов және Байтұрсынов бұрынғы ұлтшылдар партиясы – алашорданың белсенді басқарушылары, қазір тондарын айналдырып Советке қызмет істеушілер. Олардың совет туралы жақсы шығарма жазуы мүмкін емес. Оған қосымша Академиялық Орталықты Байтұрсынов, Дулатов, Шонанов және Жолдыбаев басқарады. Олардың ішінде тек Жолдыбаев қана РКП(б) мүшесі, қалғандары тырнақша ішіне алғанда, қазіргі “партиясыздар”, яғни бұрынғы алашорда мүшелері. Сондықтан Жолдыбаевтың, анау төрт “партиясыздың” ықпалында болуы ұғымды. Сол себепті пролетариат рухында жазған автор шығармаларын, “көркемдігі” жетпейді деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық баспаға өткізбейді.
Мен де балалық шақтан әдебиетке әуестеніп жүрген адамның бірі едім. Өзім пролетарлық семьядан шыққан адам болғандықтан, қырғыз тілінде жазатын өлеңдерімді мен, әрине, қараңғы халқымның өткен уақыттағы ауыр халына, бүгінгі өскелең тұрмысына, алашордашыларды сынауға арнадым. Осы өлеңдерімді кітап жасау мақсатымен жолдас Жолдыбаевқа беріп едім, ол “өлеңдеріңізді аламын, бірақ бағасын беруді Байтұрсыновқа тапсырамын” деді. Бұл жауаптың астында көрініп тұрған сөз, – Академиялық Орталықтың менің өлеңдерімді баспаға өткізбеуі.
Осындай жағдай мені РКП(б) Орталық Комитетінен жәрдем сұрауға, жинағымды “Шығыс” баспасынан кітап қып бастыруға жәрдемдесуін өтінуге мәжбүр етті. Қолжазбаның сапасын айырып беруді, Қырғыз көркем әдебиетін жақсы білетін, менің өмірбаянымды да жақсы білетін, РКП(б) мүшесі жолдас Асылбековке тапсыруларыңызды өтінем! 25 декабрь 1924 жыл”.
Бұдан әрі автор кабинет иесінің түр-тұрпатын, бөлме ішіндегі заттарды санамалап, суреттеп кетеді де, қағазды оқып болған Сталиннің оған назар аударып, шылым шегетін-шекпейтінін сұрағанын, бұл “шегем” деген соң басталмаған бір қорап папирос темекі мен сіріңке ұсынғанын, сөзді Сталиннің өзі бастап, Мәскеуге қалай жеткенін, Сәбең оқитын рабфактың жайын, елдегі жаңа экономикалық саясаттың нәтижесін, қазақ әйелдерінің жағдайын сұрағанын тәтпіштеп жазады (89-90-беттер). “Сталин қажет көрген мәліметтерін блокнотына түртіп” отырады да, бір сәтте Сәбиттен:
– “Әліби Жанкелдинді білесің бе? – деп сұрайды. Сәбит үстірт қана білетінін айтады.
– Қазақтың ханы болуды ойлай ма, ол? – деді жымиып.
– Ойламайтын болуы керек, – дедім мен.
– Ойлайды, – деді Сталин жымия түсіп. – Дұрысына келгенде Қазақ республикасын сол басқару керек еді. Өйтуге азаматтық және коммунистік тазалығы жеткенмен, білімі, басқарушылық білгірлігі жетіңкіремейді. Бірақ ол адал революционер, шын большевик, батыр жауынгер!...
Біз де ол кісіні солай түсінеміз және қадірлейміз,–дедім мен.
Сталин білек сағатына қарады да:
– Біраз уақыт болып қалған екен, енді мақсатты сөзімізге көшейік, ЦК-ның атына жазған хатыңды оқып шықтым, ақындыққа талпынуың дұрыс. Сондықтан, өлеңдер жинағыңды бастыру, бастырмау мәселесінен бұрын, оны сыннан өткізуіміз керек.
Мен оған бейілмін.
– Өкінішін қоса айтқанда, мен қазақ тілін білмеймін. Жас кезімде азербайжан тілін түсінуші едім. Оны қазір ұмыттым. Бұл Москвада қазақ тілі мен әдебиетін білетін кім бар?
Мен Абдолла Асылбековты атап ем:
–Тағы? – деді Сталин”... Бұдан әрі Сәбең осы Орталық Комитетте қызмет ететін Ғаббас Тоғжановтың есімін атап, оның атақты бай баласы екенін көрсетіп, біраз теріс мінездеме бергеніне қарамастан, Сталин қолжазбаны соған беретінін “кесіп айтады”.
– Ол маған әділ сын айта ма?–дедім мен.
– Айтады, – деді Сталин шегелеп. Қарсыласуға ұялдым. Сталин жәрдемшісін шақырып алды да, – мына материалды Тоғжановқа менің атымнан тапсыр, объективті рецезия берсін! – деді, содан кейін маған:
– Сені тағы да қабылдауға уақытым бола бермес, Тоғжановтың жауабын кеңседен аласың, – деді”.
Бірнеше күннен кейін Тоғжановтың сын-пікірі автордың қолына тиеді. “Оқып шықсам, әділ жазылған”, – деп Сәбит Мұқанов орысша жазылған сол рецензияның “дәлме-дәл аудармасы” ретінде мына мәтінді кітабының 92-93- беттеріне берген екен. Аманатқа қиянат болмасын, сол мәтінді бүгінгі оқырманға ұсынсақ, артық болмас.
“Рецензия. РК(б)П Орталық Комитетіне.
Жолдас Мұқанов Сәбиттің өлеңдер жинағы туралы
Жолдас Мұқановтың жинағына 1918-24 жылдардағы (орысшасында 1916-24. – З.Т.) жазған өлеңдері кірген. Өлеңдер әр тақырыпқа жазылған. Жолдас Мұқанов ұлтшылдарға қарсы шыққан, байшылдарға, өтірік коммунистерге қарсы жазған. Қазақтың батырақ-жұмыскерлерін суреттеген. Бірнеше өлеңдерінде қазақ еңбекшілеріне Ленинді, Калининді таныстырған.
Ішкі мазмұнына, алған бағытына қарағанда, өлеңдері жалпы жақсы. Әлеумет өміріне коммунисше қараған. Барлық шығармаларында да ол қанаушы тапқа дұшпан боп, еңбекші таптың өкілі болып сөйлеген.
Бірақ, бір айта кететін нәрсе, оның кейбір шығармалары өзінің негізгі жолына қайшы келіп отырады. Бір өлеңінде ол қазақтың өткен дәуірін дәріптейді. Ол кездегі бай да, кедей де бірдей ел еді дейді; мұқтаждық, құлдық жоқ еді дейді. Бұл арадан Мұқановтың Маркс ғылымымен таныс емес екендігі көрініп тұр. Жеңіл тақырыпқа жазған өлеңі жақсы болып шығады. Ауыр тақырыпқа: қазақтың өткен күніне, білім күшіне, тап тартысына келгенде сүрініп отырады. Бұндай өлеңдерінің көбі нашар.
Көркемдік жағынан тәуірі де бар, жаманы да бар. Мұқановтың түрі мазмұнынан көп жерде ақсап отырады. Оның өлеңінде көркемдік әлі аз. Өлеңдерінің көбі әңгіме сықылданып, оқыған адамды жалықтырады.
Осы кемшіліктерінің бәрімен қатар, жолдас Мұқанов қазақтың коммунист ақыны. Жоғарыда біз, бұл өлеңдердің көбі коммунисше жазылған дедік. Ондай өлеңдер қазақта өте аз. Мұқановтар қазақтың советтік әдебиетінің бірінші қарлығаштары.
Ол әлі жас. Кешегі ауылдағы батырақ. Кәзір оған өте қатты шарт қою (мазмұны мен түрін бірдей шығар деу) дұрыс емес. Ол жаңа жаза бастады. Және үміті көп еңбек көрсетіп отыр. Мұндай жазушыларды сүйеу, көтермелеу керек.
Меніңше, бұл шығарманың нашар өлеңдерін алып тастап, тәуірлерін басу керек.
Ғаббас Тоғжанов. 13/1-1925 жыл”.
Сәбит Мұқановтың көрсетуіне қарағанда, құжатқа Сталин қызыл қарындашпен: “Москвадағы “Шығыс” баспасына! Жолдас Сәбит Мұқановтың бұл жинағындағы өлеңдердің жақсылары таңдалсын да, олар жинақ болып басылсын. И.В. Сталин”, деп бұрыштама соққан. (Қазақшалаған С. Мұқанов. – З.Т.)
Сәбең “бөлім қызметкеріне” рецензияға риза екенін айтады. Оның “Төреқұловты шақырып алып, өз қолыммен тапсырам” дегеніне өзінің күдігін де жасырмай, баспа директорына сенімсіздік білдіреді. “ЦК ұсынғаннан кейін басуға тиіс, баспа бастығына жолығыңыз” дейді. Төреқұлов Сәбит Мұқановқа оң қабағын бермей, “көрерміз, оқырмыз, пікірімізді айтып хат жазармыз”, деп шығарып салады. Автордың баяндауынша, біраз күндерден кейін қолжазба поштамен өзіне қайтып келеді.
“Төреқұлов “Шығыс” баспасында директор боп тұрған шағында (1922-28) Бөкейханов, Жұмабаев сияқты алашордашыларға орыс тілінен аударылатын өзге шығармалар түгіл, Лениннің шығармаларын аудартуы, алашордашылардың ол шығармаларды қасақана бұзып аударуы әлденеше талассыз фактылармен дәлелденген нәрсе...Төреқұловты бұл кітапта атаған себебім, өлеңдерімнің жинағын “Шығыс” баспасына өткізбеуіне байланысты қылығын айту ғана” (105-106-беттер).
“Москвада қалдырған қолжазбам өзіме қайтып келгеннен кейін...Сәкенге барып мұң шақтым” (107-бет).
Міне, Сәбит Мұқановтың Мәскеу сапары осымен аяқталады.
* * *
Енді осы зерттеудің барысында, “Бір жоқты бір жоқ табады” дегендей, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаянында кездеспеген тағы дерек туралы. Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында И.Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне “пред. Совнаркома Киргизии” (Қазақ республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Өзі жазбаған соң, қандай мәселе жөнінде сөз болғанын айту қиын, сәуегейлік жасау абырой әпере қоймайды, дегенмен Сәбит Мұқановтың: “Жуық арада (1960-жылдары. – З.Т.), Москвада... Марксизм-ленинизм институтынан, Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП(б) Орталық комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды”, – деп куәлік етуі де Сәкеннің Мәскеуге барып, Сталинге жолыққанын бекіте түсетін тағы бір дәлел. (“Есею жылдары”, 1977. 1425-бет).
1927 жылғы 11 мамырда Сталиннің алдында болған Әлихан Бөкейхан Центроиздаттың ғылыми қызметкері ретінде “баспасөз қызметкері” деп тіркелген және “өз шаруасымен” деп белгі қойылған. Бұл арада Әлекең Сталинге өзі сұранып барды ма, жоқ шақыртылды ма? деген сұрақ та ойлануға тұрарлық. Себебі, әлихантанушы Сұлтан Хан Ақұлұлы 03.01. 2011. жариялаған жеделхат Қазақстанға осыдан 6 күн кейін, 17 майда жөнелтілген екен. Яғни, бұдан мынадай жорамал жасауға болады: Әлихан Бөкейханның Қазақстанға іссапармен бару мәселесі қозғалып, жұмыс орнында рұқсат берілмегеннен кейін, ол Сталиннің өзіне барып, жағдайды түсіндірмек болған. Содан кейін ғана Сталин тарапынан Қазақстанға сұрау салынған. Дәл осы арада “Сталин Әлекеңе жаулық ойлаған” деп, артық айтып, күнәлі болмайық. Жаулық ойласа, қабылдай ма? Керісінше, Әлекеңнің жеке басының ерекше қасиетін сыйлап, оның қазақ халқының санасындағы қымбат орнын бағалап, қабылдаған, пікірлескен. Жергілікті маңызы бар мәселені баса-көктеп шешпей, Қазақстан басшыларына жеделхат соқтырып, сұрау салған. Әлбетте, онсыз да жік-жікке бөлініп, жетесіз шаруамен әуре болған ағаларымыздың арасын ушықтырмайын деп, Голощекин қарсылық танытқан. Ал, Сұлтан Хан жазғандай “Сталин Әлекеңе жаулық ойлап”, қайтсем, көзін жоям десе, уақыт шығындап оны қабылдай ма, Қазақстанға хат жаздырып... әуре бола ма? Сондықтан, кейде әділдікке жүгінген артық болмайды.
Сталиннің жеке басы туралы ойдан ұйқастырып, күпірлік жасағаннан гөрі, жоғарыдағы және бұдан кейінгі нақты фактілерді салмақтап көрсекші.
Үшінші дерек, Ф. Голощекинмен сиыспай, Қазақстандағы басшылық қызметінен босап, Коммунистік академия жанындағы марксизм курсында оқып жүрген жұмыссыз Сұлтанбек Қожановтың Бас хатшының қабылдауында болуы. Обалы қанша, дәл осы жерден де, Сталиннің ірілігін көріп тұрмын. Замандастарының айтуынша, жиын-топтарда Сталин Сұлтанбекке: “Ей, Шыңғысхан!” – деп оның бірбеткейлігін, өткірлігін, алған бетінен қайта қоймайтын табандылығын есіне салып отырады екен. Мына құжаттарды қарап отырғанда, Қожанов Сталиннің алдында бірнеше мәрте болып, республиканың мәселелерін шешкен. Дәлірек айтсақ, Сталин оны кемі 5 рет қабылдаған, ал Ф. Голощекинді бір-ақ рет, 1927 жылы қабылдаған.
Ал, Сұлтанбекті 1927 жылғы 23 ақпанда қабылдағанда, “не мәселемен?” деген сұрақтың тұсында “Тов. Сталин знает” (“Сталин жолдас біледі”) – деп белгі қойылуы да, Сұлтанбек Қожанов пен Сталиннің қалыптасқан ара қатынасын, яғни өзгелерден гөрі жақын таныстығын, тіпті сыйластық сенімін көрсетуге тиіс. Зерттеу барысында бұған да көз жеткізгендейміз. Мысалы, Герувайтис-Степуро К.В. деген адам келгенде “Тов. Сталин знает по Туруханской ссылке, по личному вопросу” деп жазылған. Уездік партия қызметкерлері курсында тыңдаушы Кирсанованы “бұрын келісілген”, Николаеваның тұсына “быв. зав. Женотделм ЦК”, Ленгник пен Седой-Литвин дегендердің тұсына “из общества старых большевиков” деген түсінік бар.
Смағұл Сәдуақасов 1928 жылғы 21 наурызда қабылдауға кіргенде “быв. Наркомпрос Каз. Респ.” деп тіркеліп, “В распоряжение Казкрайкома” деп қоса жазылыпты. Бұл да Смағұлдың бұрынғы наркомдығын емес, Сталин тарапынан (ол кезде талай сауатсыз нарком болған) өзінің алдында бірнеше рет болған алғыр қазақ жігітінің қадірін бағалағандық болар.
1926 жылғы 22 ақпанда Сталин Сейтқали Меңдешевті қабылдаған. Соның алдында Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Меңдешев тізімге “Қазақстан тұтынушылар кооперациясының төрағасы” деп тіркелген және ВКП(б) Орталық Комитетінің кадр бөлу бөлімінің резервінде екені көрсетілген. Қазақ автономиясының негізін қалап, алғашқы төрағасы болған жасамыс қайраткерге осындай құрмет көрсетілген.
Сәбит Мұқановпен әңгіме үстінде өзі мақтап, қолдау білдірген Әліби Жангелдинді Сталин бір жылдан кейін өз кабинетінде 1926 жылғы15 ақпанда қабылдап, тілдескенін көреміз. Есімізде болса, Сталин Әлекеңнің кісілігін, ұстамдылығын, тазалығын бағалап, әттең, білімі және басқарушылық алымы жетіспейтінін айтқан еді ғой. Міне, мемлекет мәселесін шешуге келмесе де, жеке басын сыйлап, Әліби Жангелдинді өз кабинетінде көруге көңіл бөліп, уақыт тапқан тағы Сталин.
Айтылғандарға түйін ретінде ескертейік. Сталиннің қабылдауына тілек білдіргендер әуелі хатшылық арқылы тізімге жазылады. Тізім қабылдаушының алдына келеді. Бұл тізімді Сталин өзі қарап шығады да, кімді қабылдайтынын, кімді қабылдамайтынын шешіп, тиісті белгі соғады. Қабылдау кезінде сөз болатын мәселелер жөнінде материал дайындау жөнінде хатшылық арқылы тиісті бөлімдерге тапсырма беріледі. Қабылданатындар тиісті тәртіппен жіктеледі. Алдымен жұмысшылар, одан кейін шаруалар, совет қызметкерлері, партия қызметкерлері, баспасөз қызметкерлері, кәсіподақ, жастар ұйымдарының өкілдері,...шетелдіктер деген сияқты. Бұлардың ретімен араласып келетінін, сан жағынан да сараланатынын байқадық. Демек, Сталиннің қабылдауында кім көрінгендер емес, кабинет иесінің назарына іліккендер ғана болғанын тағы еске саламыз.
// Солтүстік Қазақстан. - 2016. - 28 сәуір
Достарыңызбен бөлісу: |