Негізгі сұрақтар мен тапсырмалар: 1.Әліпбидегі әріп пен фонема қатынасының зерттелуі Әліпби және әліпбидегі әріп пен фонема қатынасы Жұмыста ашық, жабық әліпби түрлері ретінде француз, неміс, түрік, парсы, араб, жапон жазулары салыстырыла келе, ашық жазу түрі әріп саны фонема санынан әлдеқайда кем, жазу-оқу процесі біршама қиындық тудыратын, жазу экономиясы нашар әліпби жасайды деген ойға тоқталдық. Ал жабық жазу түрлері тілдің дыбыстық негізінен шығатын, АТ жүйесіне жақын, әліпбидегі әріп саны тілдегі фонема санына сәйкес келетін немесе алдыңғысы сәл кем болатын жазу болып табылады дейміз. Зерттеушілер әліпбидегі әріп саны тілдегі фонема санымен қандай қатынаста болу керек; әріп саны фонемамен тең әліпби жетілген бе, әлде әріп саны фонема санынан аз әліпби жетілген бе деген сауал айналасында пікір таласып келеді. Бұл жазуды АТ-ның дәл көшірмесі, тіл өмір сүруінің бір формасы деп немесе жазуды өз алдына дербес жүйе деп қарау тұрғысынан екіге айырылады. Әліпбидегі әріп саны фонема санынан аз болып келетін ағылшын, француз, неміс әліпбилері жазуды тілдік дербес жүйе бағытында айқындайды. Ал фонема мен әріп саны тең дәрежедегі жазу ЖТ-ны АТ-ның көшірмесі дейтін түсініктен шығады. АТ-ның ең кіші мағыналық бірлігі – фонема – абстракті, санада ғана өмір сүретін единица болса, ЖТ-ның кіші единицасы абстракті бірлік – графема санада өмір сүріп, әріп арқылы реализацияланады. Сөйтіп, графеманың әріп тұрпаттары белгілі бір тәртіппен орналасқан, белгілі саны бар жиынтық ретінде ЖТ-ның код жүйесі- әліпбиге ұйымдасады.