СҮТ ТАҒАМДАРЫ ТУРАЛЫ
Айран. Айран қой мен ешкінің, кейде сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытылады. Піскен сүтті біраз салқындатады да, бұрынғы айраннан ұйықты құйып, араластырып, үстін қымтап жабады. Айран әбден ұйығаннан кейін бетін ашып, салқындатады. Жақсы ұйған айранға шанышқан қасық тік тұрады. Айран қалған сүт тағамдарын жасауға негіз болады.
Сүзбе. Ұйытылған айранды дорбаға құйып, биікке іліп суын сорғытады. Мұның тұздамаған және тұздаған түрлері болады. Тұздаған қатық көбірек сақталатындықтан, ұзақ сапарға шыққанда, жорықтарда жолазыққа әрі сусын, әрі тоқ ас ретінде пайдаланылады. Сүзбе көжеге, сорпаға қосып ішүге де жақсы.
Құрт. Қалған қатық, майын алған сүт, ашыған айран, шикі сүтті күбіге жинап, қазанның түбіне май жағып, қоюланғанша қайнатады.
Қоюланған құртты қапқа салып, тағы сорғытады. Содан кейін өреге сықпа, күлше, шығыршық, шақпақ формаларына келтіріп күнге жаяды. Кейді қатықты іркіт етпей сүзеді де, тұздап , домалақтап кептіреді.
Ірімшік. Бұл ақ ірімшік, сары ірімшік болып екіге бөлінеді. Қазанға құйылған сүтке айран құйып қайнатады. Ол іріген кезде ірімшігін сүзіп алады. Сары ірімшік жасау үшін оны одан ары сары болғанша қайната береді.
Ерлан, халқымызда бұлардан басқа уыз, мәндір, малта, ақлақ, ақ түшпара, жент, қорықтық, піспе т.б. сүт тағамдарының түрлері бар
Грамматикалық тақырып.
СӨЗЖАСАМ
(Словообразование)
Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы. Сөзжасам – атау (номинация) жасау қызметін жүзеге асырады.
Қазақ тілінің қазіргі кезде әбден қалыптасқан сөзжасам жүйесі бар, ол – әрине ұзақ уақыттағы дамудың нәтижесі. Тіліміздің сөзжасам жүйесінің негізі көне түркі тілінен басталып, содан бері дамып, толығып, күрделеніп, сұрыпталып, қазіргі жүйелі дәрежеге жеткен.
Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қарай қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан сөзжасамның негізгі үш тәсілі бар:
синтетикалық тәсіл;
аналитикалық тәсіл;
лексика-семантикалық тәсіл.
Сөзжасамның тәсілдері
Түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі қосымшалы тілдер болғандықтан, синтетикалық тәсіл біздің тілімізде туынды сөз жасауда үлкен қызмет атқарады. Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасаудың тілде қалыптасқан өзіндік жолы бар. Бұл тәсіл арқылы туынды сөз жасау үшін, оған екітілдік бірліктің қатысуы керек:
- лексикалық мағыналы сөз;
- сөзжасамдық жұрнақ.
Лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады, сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер қатысады.
Синтетикалық сөзжасамда жұрнақ негізгі мүше болып саналады. Яғни туынды түбір негіз сөзден сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалады. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер туынды түбір деп аталады.
Мысалы, өнім,
Аналитикалық тәсілде екі сөз бір-бірімен тіркесіп, жаңа лексикалық мағыналы сөз жасайды. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөз күрделі сөз деп аталады. Бірақ күрделі сөзде олардың әрқайсысының өзінің жеке тұрғандығы мәнін сақтамай, біртұтас мәнге көшеді. Мысалы, өнеркәсіп, теміржол, қызыл ала т.б.
Лексика-семантикалық тәсілде сөздің құрамы, тұлғасы ешбір өзгеріске түспейді, өзгеріс тек сөздің мағынасында ғана болады. Сөз дыбыстық, морфемдік құрамын сақтай отырып, тілдегі бұрынғы қолданып жүрген мағынасының үстіне жаңа мағынасында да қолданыла бастайды. Сөздің тек мағынасында өзгеріс болғандықтан, бұл тәсіл лексика-семантикалық тәсіл деп аталады. Мысалы,
Ақ - адал мағынасын береді. Мысалы, Ақ жүрген адам азбас.
Ақ –сүт, айран, қатық, қымыз, шұбат сияқты тағамдар. Мысалы, Ұлжанның күз уақытында Зере мен балаларға әзірлеп отыратын ағы осы болатын.
Ақ –ақиқат, шындық. Мысалы, Жұмыр басты пендеге – өлім ақ.
1-тапсырма. Төмендегі жұрнақтармен зат есімдер жасаңыз.
-ғар,/-гер, -қар/-кер
Іс, жауын, тәлім, зер, дәрі, заң, бал, қызмет, талап, саясат, мұра.
2-тапсырма. Төмендегі жұрнақтармен зат есімдер жасаңыз.
-лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік
Бас, оқу, мемлекет, мәтін, сызба, дыбыс, ақпарат, сан,мультимедия, тәжірибе, компьютер.
3-тапсырма. Төмендегі сөздердің қандай тәсілмен жасалғанын анықтаңыз.
Пернетақта, телекөпір, ғаламтор, пікірталас, телекөрермен, жолдорба, баспасөз, бағдаржол, шартбелгі, дыбысбейнелеуіш, құлаққап.
4-тапсырма. Сұхбатты рөлге бөліп оқыңыз.
Қызықты ақпараттарды интернет арқылы тауып алуға болады.
Маған үйретші.
Міне, интернетке қосылдық. Сенің почтаң қай порталда болсын: kz әлде comда ма ?
Мынау – сенің адресің, пароліңді ұмытпа.
Қазір біреуге хат жазып, почтаның қалай істейтінін тексеруге болады. Жақсы болды, бәрі істеп тұр!
Ал мен өз достарым мен сыныптастарымның адрестерін қалай білем?
Көріп тұрсың ба, сенің жәшігіңде «Менің әлемім» деген сілтеме бар. Кіресің де, тіркелесің. «Білімі» деген бөлімді толтырасың. Міне сенің мектебіңдегі оқығандардың бәрі.!
Кейбір суреттің астында қызыл плашка жанып-сөніп тұр. Бұл не?
Олар қазір сайтта, біз олармен хабарласа аламыз.
Әрине, Сенің суретіңді де орналастырайық.
Түсіндірші, суретті ұялы телефоннан компьютерге қалай көшіруге болады?
Bluetooth не USB-сымын пайдаланыңыз.
Рахмет саған! Хатты жібердім, енді жауабын асыға күтіп отырмын.
Шын мәнінде, бұл өте оңай. Ертең келіп, почтаңды тексереміз.
5-тапсырма. Берілген сөз бен сөз тіркестерінің дұрыс жазылуына назар аударыңыз. Жатқа жазыңыз.
Пернетақта, жад, интернет жүйесі, өрмекші тор, өңдеу, қолайлы жағдай, дүниежүзілік, қолтетік, қоржын, жазғы, компьютерлік желі, ақпараттық технология жетістіктері, біртұтас ақпараттық кеңістік, желілер жиынтығы, пайдаланушылардың саны, ақпараттар сақталады, электрондық пошта, хабарды жедел жеткізеді, қызмет құны, гипермәтіндік сілтеме, бейнелік мәлімет.
6-тапсырма. Төмендегі сөздердің сөзжасамның қандай жолымен жасалғанына мән беріңіздер.
Пернетақта, интернет жүйесі, өрмекші тор, дүниежүзілік, қолтетік, қоржын, компьютерлік желі, ақпараттық технология, біртұтас, электрондық пошта, қызмет құны, гипермәтіндік сілтеме, бейнелік мәлімет, қоржын, бағдаржол, шартбелгі, алмалы табақша, біріктіруші, басылым, ұяшық, қуат көзі.
* * *
Тәкәппарлық
Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге келе жатып, алдында не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:
Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:
- Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар; ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың.
Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:
- Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды және көзіммен көрдім, басын жоғары көтерген тәкәппарлардың нешеуінің әлек болғанын, - дейді.
Практикалық сабақ №14
Туынды сөздер.
Практикалық сабаққа арналған оқу-әдістемелік нұсқаулар №14
Сабақ мақсаты:
Берілген гармматикалық және лексикалық тақырыптардың мазмұнын ашып мейлінше академиялық білімдерін арттыру.
Әдістемелік нұсқау
Мәтін тапсырмалары
Мәтінді еркін аударма түрінде орыс тіліне аударыңыз.
Мәтінді оқып шығып әңгімелеп беріңіз.
Мәтінді бірнеше бөлімге бөліп, әрқайсысына тақырып ойластырып,алған тақырыптарыңызды негіздеңіз.
«ЖЕТІ ЖАРҒЫ»
Қазақ хандығының ішкі, сыртқы жағдайы қиындағын кезде Жәңгір ханның баласы Тәуке хан қырық жылға жуық уақыт хан болды. Қазақ елінің басын біріктіру мақсатында қазақ билері Төле, Қазыбек, Әйтекемен бірлесе отырып, ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде «Жеті жарғы» қазақ заңдарының жиынтығын жасады. Заң жинағында қазақ өмірінің басты-басты төмендегідей салалары қамтылған.
Бірінші – жер дауы. Көшпелі халықтың өмірінде жердің шешуші маңызы бар. Қыстау, жайлау, жайылым, қоныс мал баққан елдің атадан балаға қалдыратын еншісі. Жер – тіршілік ортасы, ата-бабасынан бері иеленіп келген халықтың келісімінсіз басқаға беруге, сатуға болмайды.
Екінші сала – үй ішіндегі тіршілікке, сол отбасындағы адамдардың өзара қатынасына байланысты. Әке мен бала, ене мен келін, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас. Әсіресе үлкенді сыйлауға, ата-ананы құрметтеуге, жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуге баса көңіл бөледі.
Үшінші сала – ұрлыққа, барымтаға кедергі қоюды көздейтін, халықты адалдыққа, таза еңбекпен күнелтуге бағыттайтын заңдар.
Жарғының төртінші саласы – ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-жанжалдарды әділдікпен шешуді мақсат етеді.
Бесінші топқа – ел бірлігін сақтауға, Отанын қорғауға, сыртқы жауға тойтарыс беруге, жасақ құруға, сардар сайлауға бағыттайтын баптар жатады.
Жарғының келесі бір тармағы - құн дауына арналған. Айыр көмей, жез таңдай атақты үш төбе би «Қанға қан», «Қанды кек», «Ескіден келе жатқан жау» дегенде бірден ойға оралатын қатыгездікті жұмсартудың жолын қарастырған. Онсыз да өлімнің аз емес екенін, жаттан жат емес жақыннан жау іздемеу деген ізгі ниетпен өлім жазасын жұмсартып, құн төлеумен ауыстырған.
Есте сақтайтын сөздер
Жер дауы
Адамгершілік
Адалдық
Әділдік
Имандылық
Барымта
Еңбекпен күнелту
Жасақ құру
Грамматикалық тақырып.
ТУЫНДЫ СӨЗДЕР
Есім сөзден зат есім тудыратын жұрнақтар:
–шы, - ші: бағдарламашы, күзетші
–шылық, -шілік: адамшылық, малшылдық
–лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес: замандас, бауырлас
–лақ, -лек, -дық, -дік, -тық, -тік: орындық, түндік
–хана: асхана, дәріхана
Етістіктен зат есім жасайтын жұрнақтар:
-м, -ым, -ім: байлам, күзем, қысым, түсім.
-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: ұрма, көрме, сүзбе, кеспе.
-қы, -кі, -ғы, -гі: шалғы, тепкі, бұрғы.
-с, -ыс, -іс: талас, айтыс, жүріс.
-қ, -к, -ық, -ік, -ақ, -ек: тарақ, күрек, қызық, түкірік.
-ыш, -іш: қуаныш, таяныш, өкініш, сүйініш.
-н, -ын, -ін: боран, жуын, түйін.
-у: сабау, жамау, көсеу.
-ынды, -інді: шайынды, үйінді.
10.-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: сүзгіш, сыпырғыш, білгіш.
-уыш, -уіш: өлшеуіш, түйреуіш, бастауыш.
-ыр, -ір, -р, -ар, -ер: үңгір, шұңқыр.
Туынды сын есім жасайтын жұрнақтар:
–лы, -лі, -ды, -ді: таулы, күшті
–дай, дей, -тай, -тей: қыздай, сүттей
–лық, -лік, - дық, -дік, -тық, -тік: компьютерлік, инженерлік
–сыз, -сіз: сусыз, бұлтсыз
–қы, -кі, -ғы, -гі: жазғы, қысқы
1-тапсырма. Төмендегі сөздерге тиісті -кіш,-гіш, -қыш, -уыш, -уіш,
-шы жұрнақтарын қосып туынды зат есімдер жасаңыз.
Желдет, бейнеле, тасымалда, өткіз, ұш, аударма, зертте, жүргіз, сату, бағдарлама, бейнебейімде, дыбыста.
2-тапсырма. Төмендегі сөз тіркестерінің қандай жұрнақтар арқылы жасалғанын анықтаңыз және орыс тіліне аударыңыз.
Физикалық құрылғылар, сызбалық бейімдеуіш, сандық ақпарат, арифметикалық амалдар, орталық пошта, электрондық пошта, мәтіндік немесе сызбалық өңдегіштер, стратегиялық шешім, жүйелік қорап, аналық тақшаға, оперативті жады, ақпараттық технологиялар, жергілікті өнімдер, білікті мамандар, өмірлік тәжірибе, бейнелік және дыбыстық үлкен бағдарламалар, құрамдас бөліктер.
* * *
Назар аудараңыз.
1876 жылы Александр Грейам Белл телефон ойлап тапты.
Алғашқы телевизиялық картиналарды 1924 жылы Джон Лоджи Бэйрд құрған, дегенмен тиімдірек электрондық жүйе Би-би-Сидің 1960 жылы алғаш рет телевизияның шығуы үшін қолданылды.
1940 жылы Иоганн Гутенборг сөздерді қағазға түсіру үшін ыңғайластыра орналастырылған әріптерді қолдана отырып, қағаз беттеріне із қалдыратын бұрандалы пресс ойлап тапты. Баспа пайда болғаннан бастап, кітаптар арзандатылды. Сонымен қатар дұрыс жазу мен тыныс белгілерінің стандарттары шықты.
№14 сабақтан алған білімді тексеру тапсырмалары
Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.
Практикалық сабақ №15
Жалғаулардың түрлері.
Практикалық сабаққа арналған оқу-әдістемелік нұсқаулар №15
Сабақ мақсаты:
Берілген гармматикалық және лексикалық тақырыптардың мазмұнын ашып мейлінше академиялық білімдерін арттыру.
Әдістемелік нұсқау
Мәтін тапсырмалары
Мәтіндегі зергерлік бұйымдарды еске сақтаңыз.
Мәтінге жоспар құрыңыз
Әсемдік, сұлулыққа байданысты 10 тұрақты тіркес тауып жазып сөйлем құраңыз.
ҚАЗАҚТЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ҚОЛӨНЕРІ
Зергерлік өнер — ерте заманнан келе жатқан, әрі халыққа көп тараған сәндік және қосалқы өнердің бір түрі. Алтын, күміс, асыл тас және сүйекті пайдаланып, сән-салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәңдік бұйымдары мен қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман зерлеу өнері болған. Оған тас, сүйек, металл, бояу, былғары сияқты материалдар кең түрде пайдаланылған. Заттарға зергерлік бейне жасау, сондай-ақ бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты қоюластыру, кіріктіру, қақтау, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу т. б. әдістер жетерлік. Оңтүстік, Орталық Қазақстан, Сыр бойы, Жетісу аймақтарындағы обалар мен қорымдардан табылған көне заман бұйымдары (Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мешітіндегі тайқазан, Семей музейіндегі Бегембай батырдың айбалтасы, Алматы облысы, Есік қаласынан табылған мәйіттің алтын киімі т. б.) зергерлік өнердің қазақ жерінде ертеден өркендегеніне айғақ.
Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын (сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қаптырма, шаш бау, т. б.) ұсталары — батырлардың қару-жарақтарын (айбалта, көксүңгі, алдаспан, дулыға, кісе, қорамсақ, садақ, шоқпар), шеберлері— үй іші мүліктерін (кебеже, жүк аяқ, ағаш төсек, асадал, адалбақан, зерлі аяқ т. б.), аңшылық жабдықтар (томаға, тұғыр, балдақ, оқшантай), музыка аспаптарын (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаз, сазсырнай, т. б.) әсем жасай білген. Қазақтың зергерлік заттарында жан-жануарларға байланысты мифтік ұғымдағы өрнек түрлері (қошқар мүйіз, түйе табан, таңдай), көкөніс өрнектер (жапырақша, гүл, са-бақша), ұласымды өрнектер (ырғақ, сағақтау, айқас т. б.), геометриялық өрнектер кездеседі.
Әйелдерге арналған әсем бұйымның бірі — жүзік. Оның үстіңгі бетіне әр түрлі тастардан не өңді әйнектерден ою-өрнек жүргізіледі. Жүзікке көбінесе күмістен көз, балдақ, құс тұмсық орнатылады. Соған орай көзді, балдақты, құс тұмсық жүзік деп аталады. Сондай-ақ мөр жүзіктер де болады.
Әйелдерге және ерлерге арналған сақиналар да соғылады. Күміс сақиналар көбінесе шапқымен шекіліп, бізбен ғана безеледі.
Мойынға тағатын әшекей заттың бірі – бой тұмар. Оны ертеде әйелдер ғана емес, еркектер де тағатын болған. Тұмар іші қуыс, әдемі былғарыдан тігіледі, ою-өрнектеліп, күміс шынжырмен мойынға асып алады. Адамды пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін оның қуысына қасиетті дұғаны қағазға жазып тығып қояды.
Қазақтың еркектері мен әйелдеріне ортақ бағалы бұйымның бірі — ер-тұрман. Әсіресе әйелдердің ер-тұрманы көркем де қымбат келеді. Оны күмістеп, ою-өрнекпен әшекейлеп, сырлап жасаған. Ердің алтындаған, күмістеген, айшықтаған, жезбен өрнектеген түрлері болған. Ол, көбінесе, қалыңдыққа баратын жігітке, немесе ұзатылатын қызға арналып жасалады. Осындай көркем ердің бағасы он ірі қараға жеткен.
Есте сақтайтын сөздер
|
Түрлері
|
Атауы
|
І
|
Әйелдерге арналған сәндік бұйымдар
|
1. Алқа. 11. Сақина.
2. Балдақ. 12. Сәукеле.
3. Белбеу. 13. Сырға.
4. Білезік. 14. Тана.
5. Жүзік. 15. Тұмарша.
6. Күміс оймақ. 16. Түйме.
7. Қапсырма. 17. Түйреуіш.
8. Қолтықша. 18. Тіс шұқығыш
9. Құлақ таза- 19. Шашбау.
лағыш. 20. Шекелік.
10. Өңіржиек. 21. Шолпы.
|
II.
|
Ерлерге арналған бүйымдар
|
1. Кемер белбеу. 2. Кісе.
|
1-жаттығу. Берілген сөйлемдерді аударыңыз.
В окрестностях Кокчетава находится высоченная гора. Стрела, пущенная с земли, не достигает ее вершины. Поэтому прозвали гору «Окжетпес» - не достичь стрелой. Нет человека , который не удивился бы высоте этой горы. Вблизи она похожа на воздвигнутую кладками ступенчатую возвышенность. На ней растут даже сосны и ели, которые невозможно вырастить и при обычных посадках.
2-жаттығу. Төмендегі сөйлемдердің түрлерін ажыратыңыз. Орыс тіліне аударыңыз.
Сен бүгін үй тапсырмасын орындадаң ба? Қалада үлкен үйлер көп. Алақай, бүгін мен бес алдым! Кешке киноға барасың ба? Сен кешікпей кел. Мұғалім сыныпқа кірді. Әттең, сен келмей қалдың! Тыныш отырыңдар.
3-жаттығу. Берілген сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңыз.
М.Әуезов жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазды. Жүсіпбек Аймауытов – қазақ романдарының негізін салушылардың бірі. Мұстафа Шоқай- Ақмешіттің перзенті. Атасы Темір қайтыс болғаннан кейін Ұлықбек 15 жасында әмірші болады. Кигіз үйдің іші төртке бөлінеді.
Грамматикалық тақырып.
ЖАЛҒАУЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ (ТӘУЕЛДІК, КӨПТІК, ЖІКТІК, СЕПТІК)
Сөздер жекеше түрде де, көпше түрде де қолданыла береді. Көптік мағынаны білдіру үшін сөздерге көптік жалғауы жалғанады. Мысалы: ағаш-тар, көше-лер, қыз-дар т.б.
Көптік жалғауының түрлері мыналар: -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер. Көптік жалғауының басқы дыбысының түрліше болуы түбір сөздің соңғы дыбысына байланысты.
Тәуелдік жалғауы заттың біреуге немесе бір нәрсеге тәуелді (меншікті) екенін білдіреді. Тәуелденетін зат үш жақтың біріне меншікті болып тұрады, сол себепті тәуелдік жалғауының үш жағы және әр жақтың өзіне тән жалғаулары болады.
Жекеше түрі
|
Көпше түрі
|
І жақ -м, -ым, -ім
ІІ жақ -ң, -ың, -ің
ІІ жақ -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз
ІІІ жақ -сы, -сі, -ы, -і
|
І жақ -мыз, -ымыз, -міз, -іміз
ІІ жақ -тарың, -терің,-дарың, -дерің, -ларың, -лерің
ІІ жақ -тарыңыз, -теріңіз, -дарыңыз, -деріңіз, -ларыңыз, -леріңіз
ІІІ жақ -сы, -сі, -ы, -і
|
Сөздердің тәуелденуі оңаша тәуелдену және ортақ тәуелдену болып екіге бөлінеді.
Бір немесе бірнеше заттың бір ғана затқа меншікті болуын білдіретін тәуелдену оңаша тәуелдену деп аталады. Басқаша айтқанда, заттың жекеше түрде тәуелденуі.
Бір немесе бірнеше заттың көп затқа меншікті болуын білдіретін тәуелдену ортақ тәуелдену деп аталады. Басқаша айтқанда, заттың көпше түрде тәуелденуі.
Мысалы:
Оңаша тәуелдену:
|
Ортақ тәуелдену:
|
Менің компьютер-ім, телефон-ым.
Сенің компьютер-ің. телефон -ың.
Сіздің компьютер-іңіз, телефон-ыңыз.
Оның компьютер-і, телефон -ы.
|
Біздің компьютер-іміз, телефон -ымыз.
Сендердің компьютер-лерің, телефон -дарың.
Сіздердің компьютер-леріңіз, телефон -дарыңыз.
Олардың компьютер-і, телефон -ы.
|
Сөздің жіктік жалғауларын қабылдауын жіктелу дейді. Жіктік жалғауы бастауыш пен баяндауышты байланыстырады. Сондықтан жіктік жалғаулы сөз әрқашан баяндауыш болады да, сөйлемді тиянақтап тұрады.
Жіктік жалғауы негізінен етістікке жалғанады. Сондай-ақ есім сөздерге де жалғана береді. Бірақ жіктік жалғауы кез келген есім сөзге жалғана бермейді, тек адамның кім екенін, қандай екенін білдіретін және кәсібін көрсететін есім сөзге жалғанады.
Мысалы:
Есім сөздің жіктелуі:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
|
Мен кәсіпкермін
|
Біз кәсіпкерміз
|
ІІ
ІІ
|
Сен кәсіпкерсің
Сіз кәсіпкерсіз
|
Сендер кәсіпкерсіңдер
Сіздер кәсіпкерсіздер
|
ІІІ
|
Ол кәсіпкер
|
Олар кәсіпкерлер
|
Достарыңызбен бөлісу: |