Дәріс №25, 26, 27
Тақырыптың атауы: Қазақстан территориясындағы ерте мемлекеттік құрылымдар.
Дәрістің мақсаты:Студенттерге “хунну”, “усун” атауларына түсініктеме бере отырып, саяси тарихы, шаруашылығы, әлеуметтік құрылымы туралы мәліметтер беру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1. Ғұндардың және үйсіндердің саяси тарихы. 2. Шаруашылық-экономикалық қатынастары және әлеуметтік құрылымы. 3. Көрші халықтармен қарым-қатынасы, рухани және материалдық мәдениеті.
Б.з.б. І мың жылдықтың екінші жартысынан бастап Байкалдан Оңтүстікке және Ордосқа дейін созылып жатқан дала мен шөлейт аудандарда қарабайыр мал шаруашылығымен шұғылданған, этникалық жағынан әр түрлі тайпалар көшіп жүрді. Солардың басты бір тобы б.з.б. ІҮ-ІІІ ғасырларда Солтүстік Қытайдың шекарасына дейінгі жерді мекендеген тайпалық екі одақ-Сюнну және Дунху бірлестіктері еді.
Сюннулар(хунну немесе ғұндар деп аталады), әсіресе, б.з.б. ІІІ ғасырда мейлінше күшейді. Тайпалардың бұл тобының аты қайдан шыққаны белгісіз. “Ғұн” деген атаудың өзі кейінірек сюнну(хунну) деген аттан шыққан деп болжам жасалынды.
Ғұндардың этникалық тегі туралы мәселе әлі анықталып болған жоқ. Зерттеушілердің көпшілігі оларды түріктердің арғы аталары деп болжайды. Ғұндардың құдыреті тасып тұрған кезде, олардың бірлестігіне басқа бірнеше тайпалар қосылған, сондықтан “Ғұн” атауы этникалық болудан гөрі саяси одақ атауына қарай айналыңқыраған. Ғұн тайпаларының бір одаққа бірігуіне негізгі себеп қытайлықтардың бұларға қарсы төрт ғасырға созылған кескілескен соғысы деу керек. Хань империясы кезінде қытайлықтар ғұндарды талай рет басып алмақшы болады, бірақ ғұндар іргелес тайпалармен бірігіп, қытайлықтардың шабуылдарына батыл тойтарыс беріп отырады. Ғұн тайпалардың бірігіп топтасуы б.з.б. 174 жыл.
Мөде ғұндарды күшті державаға айналдыру үшін әскери реформалар жүргізді. Мөденің басшылығымен ғұндар Саян-Алтай тайпаларына және Үйсіндерге шабуыл жасап, оларды өзіне қаратты. Мөде батыста юечжей тайпаларына жорық жасап оны бағындырды. Б.з.б. 200 жылдары ғұндар Ордосты қаратып алды. Ал б.з.б. 200 жылы қытай Хань әулетінің негізін салушы Лю Баньмен соғысып, оны жеңді. Ұлы Қытай қорғаны салынуының бір себебі осы ғұндардың шабуылынан қорғану амалы еді. Б.з.б.188 жылы Мөде мен Қытайдың Хань императоры “тыныштық және туыстық” жайлы шартқа қол қойды. Мөде қытай ханшасын өзіне әйелдікке алды, ал Хань империясы ғұндарға жыл сайын салық төлеп тұруға тиісті болды. Соғыстың нәтижесінде Байкал сыртынан Тибетке және шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта бойына дейін созылып жатқан жердің бәрі ғұндардың қол астына көшті. Ғұн империясы орасан болғанымен ішкі талас-тартысқа толы болды. Мұның өзі б.з.б. 59 жылы өз ішінде соғысқа алып келді.
Б.з.б. 47 жылы ғұндар державасы оңтүстік және солтүстік ғұндар болып екіге бөлінді. Оңтүстіктегі ғұндар қытайдың Хань империясына бағынды. Ал Чжи-Чжи шаньюй бастаған солтүстіктегі ғұндар өз тәуелсіздігін сақтап қалып, Солтүстік Монғолия және Шығыс Түркістанның Солтүстік аймақтарына көшіп-қонып жүрді.
Мұның өзі ғұндардың Қазақстан мен Орта Азия жеріне тұңғыш рет жаппай өтуі еді. Екінші бір толқыны б.з. І ғасырында басталды. 93 жылы Хань империясының әскерлері ғұндардың күштерін ығыстырып, олардың солтүстіктегі тайпаларының бірін өздеріне бағындырып, енді біреулермен одақ жасасып, үшіншілерін батысқа қарай ығыстырды.
Олар Тарбағатайға дейін келіп, Балқаш өңірінің оңтүстік шығысын жайлаған Юебань тайпалары пайда болды. Ғұндардың осы жылжуымен байланысты болса керек, кейінірек бұлар Орталық Қазақстан және Сырдариядан солтүстікке қарай созылған жерлерді алып жатты. Арал теңізі мен Каспий маңына шығып, аландар мен ассаларға шабуыл жасап, оларды батысқа қарай ығыстырды. Сөйтіп, ғұндардың Қазақстаннан Шығыс және Орталық Еуропа жеріне жеткенше үш ғасырдан астам уақыт өтті.
Ғұндар Рим империясына үлкен қауіп төндірді. Ү ғасырдың 30-шы жылдары ғұндардың басшысы Аттила Румыния және Венгрия елдеріндегі көшпелі тайпаларды өзінің қол астына жинап, Рим империясының аудандары Паннония мен Мезияны басып алған соң, Франция жеріне өтеді.
Ғұндардың басты шаруашылығы мал өсіру, соның ішінде жылқы және қой бағу. Оларда сонымен бірге отырықшылық пен егін шаруашылығы, қолөнер де дамыған.
Батыс үйсіндердің шекарасы Шу мен Талас өзендері арқылы өтіп, Қаратаудың шығыс бөліктеріне дейін созылып жатқан. Үйсіндердің қол басқарушысы гуньмо деп аталған. Ордасы Ыстық көлдің жағалауындағы Чигучен(Қызыл Аңғар) қаласы болған.
Үйсіндер туралы алғашқы деректер б.з.б. ІІ ғасырдың аяқ шенінде белгілі бола бастады. Хань император сарайы ғұндарға қарсы күресте одақтас іздеп, “Батыс өлкесіне” б.з.б. 138ж. Чжан Цзянь бастаған елшілік жібергенде ол Жетісуда болып, үйсіндер жөніндегі алғашқы хабарды әкеледі. Чжань Цзяннің хабарына қарағанда, үйсіндердің саны 630 мың адам және олардың 188 мың жауынгер жасақтарының болғанын айтады.
Б.з.б. 73-ші жылға дейінгі үйсіндердің жері үш бөлікке:сол(шығыс), оң(батыс) және гуньмоның өзіне қарайтын орталық бөлікке бөлінген.
Үйсіндер негізінен мал шаруашылығымен шұғылданған, олар егіншілік кәсіпті де білген. Жүн тоқып, тері илеп, киім киген.
Достарыңызбен бөлісу: |