Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 12. Дамудағы өрлеу (прогресс) мәселесі



Pdf көрінісі
бет367/521
Дата04.10.2022
өлшемі3,76 Mb.
#151510
1   ...   363   364   365   366   367   368   369   370   ...   521
Байланысты:
Серик Мырзалы Философия

§ 12. Дамудағы өрлеу (прогресс) мәселесі
Даму бағыттылығы мен даму бағыты – бір-бірімен жақын, сонымен 
қатар әртүрлі екі санат. Бірінші санат даму бағытынан гөрі анағұрлым 
кең ұғым, өйткені өзінің құрамына даму бағытымен қатар, себептілік, 
қажеттілік, мақсатқа лайықтылық т.с.с. болмыстың әртүрлі қырларын 
өз мағынасында кіргізеді.
Даму бағытына келер болсақ, оған прогресс, регресс, біртіндеп 
дамуды жатқызуға болады.
Прогресс (progressus – латын сөзі, алға өрлеу, күрделену, табыс) 
деп даму барысындағы қарапайымдықтан күрделілікке, жетілгендікке 
өтуді, заттың салыстырмалы түрдегі жағалай ортадан тәуелсіздігінің 
өсуін, ішкі ұйымдасу деңгейінің биіктеуін т.с.с. факторларды айтамыз. 
Бұл ұғымның қарама-қарсылығы – регресс.
Регресс (regressus – латын сөзі, кері қарай) деп дамыған зат, я бол-
маса құбылыстың ұйымдасу деңгейінің төмендеуін, тоқырауын, ыды-
рауын айтамыз.
Біртіндеп даму деп заттың тұрақты ұйымдасу деңгейінің шеңбе-
ріндегі кейбір жақтарының ғана жетілуін айтамыз.
Сонау көне заманда-ақ ойшылдар дүниедегі өзгерістердің бағыттығы 
бар екенін байқаған. Мысалы, Гесиодтың «Еңбек пен күндер» атты 
туындысында ол адамзат темір заманында өмір сүріп жатыр деген 
пікірге келеді. Ал «алтын ғасырдың» ол артта қалып қойғанына өкінеді 
ұлы ойшыл. Яғни тарих кері жылжу үстінде.
Платон мен Аристотельге келсек, олар дүниенің өзгерісін бірінің 
артынан бірі келіп, қайталап отыратын шеңбер сияқты түсінді.
Ортағасырдағы діни философия адамзат алдын ала болжанған 
тарихтың соңына бара жатқанын айтады (провиденциализм – Құдай 
көрегендігі).
Жаңа дәуірде өндіргіш күштердің күрт дамуы мен байлықтың өсуі, 
ғылымның жетістіктерінің кең көлемде өмірге енуіне байланысты 
«жарқынды болашақ» идеясы пайда болды. «Алтын ғасыр» артта емес, 
ол – алда. Егер Ф.Бэкон мен Р. де Карт ғылымның құдіретті күшіне 
сенсе, Т.Мор, Т.Кампанелла сияқты ойшылдар болашақтағы бақытты 
қоғамды көз алдарына елестетуге тырысты.


410
ХVІІІ ғасырдағы Еуропа ағартушылары өрлеуді «парасатқа табы-
нудан» көрді. Болашақта жердің беті өзгеріп, ақыл-ойдың дамуы 
негізінде бақытты қоғам орнап, барлық қиын мәселелердің бәрінің де 
шешілетініне олар еш күмән келтірмеді.
Осы уақытта өмір сүрген біздің бабаларымыз да «бақытты өмірді» 
аңсап, оны «жерұйықты» іздеуден көрсе (Асан-қайғы), екіншілері «бұл 
жалғанда» тек рухани жетілу ғана болмақ деген пікірге келді.
Сонымен қатар Дж.Вико Ж-Ж.Руссо сияқты Еуропа ойшылдары 
біртіндеп өрлеуге күмәндік көрсетіп, техникалық прогресс пен адами 
дамудың арасындағы қайшылықтарды көрсетті.
ХІХ ғ. маркстік көзқарасқа келер болсақ, олар адамзат өрлеу жолы-
мен даму барысында болашақ коммунистік қоғам орнатады деген 
пікірге келіп, оны ғылыми жолмен дәлелдегісі келді. Іс жүзінде мұндай 
көзқарас провиденциализмнің ағарған түріне жатады. Қазіргі ғылыми 
жетістіктерге жүгінсек, дүние іргетасты түрде ешқашанда өзінің 
кемеліне келмейді. Толық жетілу – заттың құлдырауына, жоқ болуына 
тең. Оны білген дана бабаларымыз «ханның қызында да кемшіліктер 
болады» деген нақыл сөз қалдырған.
Қайшылыққа толы ХХ ғасыр, бір жағынан, адамның ақыл-ойының 
кереметтігін көрсететін ғылыми-техникалық өрлеудің ғажап туынды-
ларымен суреттелсе (радио, ТВ, ұялы телефон, компьютер т.с.с.), екінші 
жағынан, екі дүниежүзілік соғыста миллиондаған жас адамдардың 
қойша қырылуына әкелді, қоғамның материалдық денесі (цивилизация) 
сырттай күрделенгенмен, миллиондаған адамдар рухани азғындады. 
Бұл арада орыстың ұлы ойшылы Н.К.Рерихтің «шың биіктеген сайын, 
шыңырау да тереңдей түседі» деген ғажап ойын келтірсек те болғаны. 
ХХ ғ. ортасы кезінде Франция мен Кеңес Одағында өмір сүрген екі 
ойшыл – П.Т.де Шарден мен В.И.Вернадский уақытында Ж.Леруаның 
ғылымға енгізген «ноосфера» (nus – грек сөзі, ақыл-ой аймағы деген 
мағына береді) идеясын ары қарай дамытып, адамзат болашағы ноос-
фераны құрумен, яғни жер бетінде ақыл-ой арқылы дамыған қоғам 
мен гүлденген табиғатқа жету мақсатын қойды. Бірақ бүгінгі таңда 1 
млрд. адам аш-жалаңаш жүрсе, жүздеген миллион адамдар өз өмірінің 
мән-мағынасын таба алмай сандалып, маскүнемдік пен нашақорлық 
т.с.с. жолына түссе, ал тез қарқынмен дамып келе жатқан техносфера 
жер бетіндегі тіршілікті жойып жатса, «ноосфера» идеясының кезекті 
қиял екенін байқауға болады. Әрине, бұл пікір қалам иесінің өзіндік 
дүниесезіміне жатса керек. Оқырманды оны парасатты сараптауға 
шақырамын.
Енді бүгінгі таңдағы өрлеу идеяларына келсек, ол – дүниенің 
іргетасты түрде аяқталмай, кемеліне ешқашанда келмейтіндігі. 


411
Екіншіден, бүкіл дүниеге қатысты ол өрлемелі дамуы туралы 
сұрақ қоюдың өзі мүмкін емес. Өйткені онда: «Оның мақсат-мұраты 
неде?» – деген екінші, одан да қиын сұрақ пайда болады. Оған жауап 
беру үшін кемінде Құдайдың деңгейіне жетуіміз керек. Біздер – саналы, 
өтпелі пенделер, осы ғаламның ішінде өмір сүріп жатқаннан кейін, 
жоғарыдағы сұрақтарға ешқашанда жауап бере алмаймыз. 
Сонымен қатар ғарышты неше түрлі нақтылы ашық және жабық 
жүйелерден тұратын нысан ретінде қарағанда, әрине, олардың 
прогрессивтік, я болмаса регрессивтік дамуы жөнінде ауыз толтырып 
айтуға болады. 
Болмыстың пілдей бөлігі – бейорганикалық заттар мен құбы-
лыстардан тұрады, ал онда даму бар ма, егерде болса, оны прогресс 
ұғымы арқылы бағалауға бола ма деген қиын сұрақ осы арада пайда 
болады. Өйткені арнаулы әдебиетте ғалымдардың біршамасы оны 
терістесе, екіншілері қолдайды. Біздің ойымызша, өлі табиғатта да даму 
үдерісі жүріп жатқанын мойындамай болмайтын сияқты. 
Егер өлі табиғатта даму болмаса, онда жер бетінде тіршілік қалай 
пайда болды деген сұрақ өз-өзінен біздің басымызға келеді. Мұндай 
тұйықтық бізді ертелі-кеш белгілі бір сырттай ықпал ететін «Құдіретті 
күшті» мойындауға әкелетін сияқты.
Бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдары өлі табиғаттың дамуы 
жөнінде біршама деректер жинады. Мысалы, қарапайым бөлшектердің 
атомға өтуі, соңғылардың молекулярлық деңгейге асуы т.с.с. Ал 
мұның өзі химиялық қозғалыс формасын дүниеге әкеліп, оның екі – 
кристалдық және молекулярлық – бағыттағы дамуын тудырды. Ең 
соңғы химия ғылымының саласы – эволюциалық химия – «Ұлы 
мәртебелі Табиғатта» өздігінен пайда болып жатқан жаңа химиялық 
қосындыларды зерттейді. Яғни табиғаттың өзі, адамның қатысуынсыз, 
бұрынғыдан да күрделенген химиялық қосындыларды тудырады екен. 
Ал енді осы Болмысты дүниеге әкелген «Ұлы Жарылысқа» келсек, 
алғашында ол тек сутегінен ғана тұрған, содан кейін барып, басқа эле-
менттер рет-ретімен дүниеге келген (атомдық салмағына байланысты).
Айтылған деректер Болмыстың шеңберіндегі өлі табиғаттың да 
миллиардтаған жылдарда дамып, күрделенгенін көрсетеді. Жоғарыда 
көрсеткеніміздей, күрделену – прогрестің негізгі көрсеткіштерінің бірі. 
Олай болса, өлі табиғат та прогрессивтік даму үдерісінде!
Сонымен қатар табиғатта ыдырау, регрессивтік үдерістер де қатар 
жүреді. Оның негізгі факторы – термодинамиканың екінші бастамасы, 
ол жөнінде біз жоғарғы тарауларда айтқан болатынбыз.
Енді кезек дүниенің ең ғажабы – тірі Табиғатты талдауға келді. 
Әрбір адам ештеңені оқымай-ақ, өлі мен тіріні айыра алады. Бірақ 
тіріге анықтама беру – өте қиын шаруа. Кейбір студенттер: «Тіршілік 


412
дегеніміз – тірі организмдер, өлі дегеніміз – ол тас», – деген «терең» 
анықтама береді. Ол «май дегеніміз – май» деумен бірдей. Бірақ май – 
сары, жұмсақ, қаймақтан қорытылған т.с.с. емес пе?
Уақытында Ф.Энгельс: «Тіршілік – белоктың қоршаған ортамен зат 
алмасуына түсіп өмір сүру тәсілі», – деген анықтама берген болатын. 
Онда келесі сұрақ пайда болады: Дүниедегі қай зат, я болмаса құбылыс 
зат алмасуына түспейді? Физика-химиялық тұрғыдан келгенде, адам да, 
пешке жағылған ағаш та, оттегін айнала қоршаған ортадан қабылдап, 
сыртқа көмір қышқылын шығарады. Ал осы екеуінің арасындағы 
айырмашылық шексіз емес пе?!
Екіншіден, тіршіліктің дүниеге келуі зат және энергиямен қатар, 
ақпараттың рөлін анағұрлым арттырады. Қазіргі деректерге сүйенсек, 
тірі организмнің күрделілігі соншалықты, оның әр клеткасының 
өзегінде 10/32-ші дәрежедегі бит генетикалық мәлімет сақталады 
екен!! Егер әр адамның бойында 1 млрд. жуық клетка бар болса, онда, 
көркемдеп айтсақ, адам организм ретінде 1 млрд. табиғи компьютер-
ден тұрады екен. Бұл не деген табиғаттың ойға сыймас ғажаптығы!! 
Сондықтан американ ғалымы Ф.Типлер: «Өмір дегеніміз – белгілі бір 
табиғи таңдаудың нәтижесінде құрылған кодтық дәрежедегі ақпарат», – 
дейді. Алайда мұндай анықтаманың танымдық құндылығы өте төмен 
екендігін айтсақ та болады.
Жоғарғы айтылған қасиеттерден басқа, өмір айнала қоршаған орта-
мен белсенді байланысқа түседі, егер тасты итерсеңіз, ол жылжиды, ал 
жыланды қозғасаңыз, ол сізден қашады, я болмаса шағып алады.
Барлық тіршілік өсіп-өніп, жаңа буындарды дүниеге әкеледі, бірақ 
олар өткен ұрпақтармен ұқсастығы, сонымен қатар айырмашылығы
бойынша сипатталады. Жаңа қасиеттердің организмде жиылуының 
арқасында мыңдаған жылдар өте, тіршіліктің жаңа түрі дүниеге 
келеді т.с.с. Яғни тіршілікте прогрессивтік даму үдерісі бар және ол 
өлі табиғатқа қарағанда анағұрлым тез қарқынмен жүруде. Бұл арада 
оның тарихи күрделену деңгейін қысқаша былай көрсетсе де болады: 
молекулярлық, клеткалық, организмдік, популяциялық, биоценоздық, 
биосфералық деңгейлер.
Тіршілікті прогрестік тұрғыдан бағалауға оның күрделі жүйе ретін-
дегі өмірге бейімделу деңгейі, сонымен қатар айнала қоршаған ортаға 
тәуелсіздігінің өсуі, ақпараттық байланыстардың көбею т.с.с. жатқызуға 
болады.
Енді кезек қоғам өміріндегі өрлеуді анықтауға келген сияқты. 
Биологиялық қозғалыс формасы миллиардтаған жылдардағы даму 
үдерісінде белгілі бір сәтте өз мүмкіндігін толығынан іске асырып, 
шегіне жетті («ақылды» жануарлар дүниеге келді). Ары қарай даму 
биологиялық даму шеңберінде мүмкін емес еді: ол үшін әлеуметтік 


413
қозғалыс формасына секіріс қажет болды және ол жер бетінде іске асты 
да. Оны тудырған адамдардың арғы тегі архантроп деген атақ алған 
адамға ұқсас маймылдар болды.
Биологиялық шеңберді бұзып-жарып дүниеге келген қоғамның 
негізгі ерекшелігі – онда рух бар, ал оның иесі – саналы адам. Онымен 
бірге шығармашылық іс-әрекет, соның нәтижесінде айнала қоршаған 
ортаны саналы түрде өзгерту үдерісі келеді. Адам өз санасы арқылы 
табиғаттың сиқырлы күштерін игеріп, өз күш-қуатына айналдырады.
Бүгінгі таңдағы біз білетін әлемде қоғамнан күрделі жүйе жоқ 
сияқты. Мүмкін, ғарыштың бір бұрышында адамзаттан да биік 
дәрежеде ұйымдасқан рух болуы ғажап емес, бірақ ол бізге беймәлім. 
Екінші ескеретін нәрсе – қоғам дамуы қарқынының ғасырдан-ғасырға 
тездей түсуі. Термодинамиканың бірінші бастамасына сәйкес, ол үдеріс 
энергия мен мәліметтің соған сәйкес жылдамдықпен өсуін талап етеді. 
Осы себепті соңғы кезде адамзатқа энергияның, қанша көп өндірілсе де, 
жетіспеуі айғақ.
Әрине, қоғамның прогрессивті дамуы – ешкімнің қарсылығын 
туғызбайтын жайт. Алғашқы тобырдағы жабайы адам мен қазіргі 
«цивилизацияланған» адамның екі арасы шексіз деп айтуға болады. 
Бірақ оның анықтамаларының қандай екені туралы сұрақ ойымызға 
келеді. Егер өндіргіш күштердің дамуын анықтама ретінде алсақ, 
онда АҚШ-тан артық ел жоқ сияқты. Ал онда кейбір араб елдерінде 
оны неге «шайтан қоғамы» дейді? Материалдық байлығымен масат-
танатын бұл елдің рухани озықтығы қандай? Американдықтар өз 
адами қасиеттерімен бізден озып кетті ме т.с.с. сұрақтарды қойсақ, 
онда прогрессивтік дамудың қайшылықты екенін, оны анықтау үшін 
бірнеше факторды ескеруіміз керек екенін байқаймыз. Бұл арада, әрине, 
адам табиғатын терең сараптаған жөн сияқты.
Адам – бұл дүниенің дамуының ең биік шыңы, ол – қайшылықты 
пенде. Бір жағынан, ол – дене, сонымен бірге оның неше түрлі 
материалдық қажеттіліктері келеді, олар өтелмейінше, өмір жоқ. Екінші 
жағынан алғанда, ол – рух, ерікті, саналы. Әрине, соңғысы – басыңқы 
болуы керек, өйткені дене қажеттігі – барлық тіршілікке тән нәрсе, 
ал адам – жануар емес. Сонау Кон-Фу-Цзы мен Сократтан бастап, 
Жаңа дәуірдегі ойшылдарға шейін «адами ахуалды рухани ахуалмен» 
теңейді. И.Кант айтып кеткендей, «Бұл дүниеде таңғалатын екі-ақ 
нәрсе бар: ол – аспанға толы жымыңдаған жұлдыздар, екіншісі – адам 
ішіндегі адамгершілік заңы», яғни В.Франкл айтқандай, «ар-ұжданы – 
ішкі Құдайы». ХVІІІ ғ. өмір сүрген неміс ағартушысы Г.Гердер: 
«Адамгершілік – адам табиғатының мақсат-мұраты», – деген еді. 
Орыс ойшылы Н.А.Бердяев қоғамдық прогрестің негізгі анықтамасы 
ретінде ізгілік, жақсылықтың өсуі мен зұлымдықтың азаюын келтірген 


414
болатын. Американ ойшылы П.Сорокин: «Прогрестің анықтамасы – 
адамның өзін бақытты сезінуінде», – деген ой тастайды. Ал оның 
өзі адамның жан-жақты үйлесімді дамуынан, өз дарындарын сыртқа 
шығарып гүлдетуінен шықпай ма? Ал бұл айтылған терең ойлардың 
барын қорытсақ, онда қоғамның прогрессивті дамуының негізгі 
анықтамасы – адамгершіліктің өсуіне (гуманитарлық критерий) келіп 
тіреледі.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы адамзат бұл анықтамаға сай дамып 
келе жатыр деп айта алмаймыз. Дүниені өте нәзік те терең сезінетін 
қазақ халқының алға ұстар ақыны М.Шаханов мұны «цивилизацияның 
адасуы» дейді. Осы ақынның кітабын Біріккен Ұлттар Ұйымы 
ағылшын тіліне аударып, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекет басшыла-
рына таратқан болатын. Бұл да қазақ халқының мықты руханиятын, 
оның дүниежүзілік қауымға берерінің мол екенін көрсетсе керек.
Расында да, капитализмнің бетке ұстар бағыты – капиталдың, 
байлықтың өсуін басты мақсат етіп қоюы, бүкіл ақпарат құралдарын 
соны насихаттауға бағыттауы – соңғы ғасырларда адамдардың негізгі 
өмір мақсаты ретінде материалдық-сезімдік құндылықтарға бағыт-
талуына әкелді. Осыған орай, ағылшын ойшылы Б.Рассел: «Қазіргі 
адамдар рухани жағынан көне замандағы «үңгір тұрғынының» 
деңгейінде», – десе, американ философы Э.Фромм: «Техникалық жағы-
нан қазіргі адамдар атом дәуірінде болса, эмоционалдық жағынан 
көпшілік тас дәуірінде, соның ішіне биліктегілерді де қосуға бола-
ды», – дейді. Осы ойларға қосылып, біз де: «Егер адамзат осы даму 
бағытын ары қарай ұстаса, онда жер бетіндегі «қатерлі ісікке» айналып, 
ақырында соның тағдырын кешеді», – дер едік. Онда осы «табиғаттың 
патшасы» аталған пенде, шынына келгенде, «табиғаттың қателігі» бол-
мас па екен?! Өткен тарих көрсеткендей, бірде-бір таза байлықты қуған 
қоғам адамдарға зардаптан басқа бақыт әкелген жоқ (Нерон мен Кали-
гулла заманын, Кир патшаның тағдырын еске алыңыз). Ал біздің ұлы 
ойшылымыз Әл-Фараби «динар (арабтың алтын ақшасы) қуған қоғамды 
«надан қала» деп айтып кеткен болатын.
Тәуелсіздікті қолымызға алып, қоғамды жаңартып жатқан кезде 
«Ұлы мәртебелі Тарих» бізге басқаша дамуға мүмкіндік береді, өйткені 
қазақ халқының мыңдаған жылдардағы жинаған руханияты өмірдің 
мәнін басқаша түсінеді (ол туралы оқуыңызға болады: Мырзалы С.Қ., 
Есбол Ғ.Ш. Философия әлеміне саяхат (Отандық философия), Қостанай, 
2001, 3-10 б.б.). Ол үшін біз жалаң еліктеушіліктен бас тартып, руха-
нияты биік, әлсіздерге қол ұшын беретін, дүниеде алудан гөрі болуды 
басымдылық ететін қоғам орнатуымыз керек.
Қазіргі таңда Батыс қоғамдарында да бұл мәселе қызу талданып, 
«өмір сапасына» көп көңіл бөлінуде. Өмір сапасы жалғыз материалдық 


415
байлыққа келіп тірелмейді, оған: таза ауа, ішетін су, ақысыз білім мен 
денсаулық қажеттіліктерін өтеу, жастарға арналған арнаулы әлеуметтік 
бағдарламалар болуы т.с.с. көп нәрселер кіреді. Яғни қоғам өміріне 
жаңа «өмір сапасын» енгізу дегеніміз – жеке мүддеден гөрі қауымдық 
мүддені жоғары ұстау. Ол үшін, негізінен алғанда, саясатта әлеуметтік 
демократиялық жолға түсу керек. Ол біздің дініміз бен ділімізге сай 
келер еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   363   364   365   366   367   368   369   370   ...   521




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет