Серік Мырзалы философия оқу құралы


в) сүйіспеншілік философиясы



Pdf көрінісі
бет440/521
Дата04.10.2022
өлшемі3,76 Mb.
#151510
1   ...   436   437   438   439   440   441   442   443   ...   521
Байланысты:
Серик Мырзалы Философия

в) сүйіспеншілік философиясы
Моральдық саланың ең биік көрінісі – сүйіспеншілік. Тек сол 
арқылы ғана адами болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам 
толыққанды өмір сүре алмайды. Оны шығармашылыққа жетелейтін, 


540
өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша 
алатын – тек қана сүйіспеншілік.
Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет сүйіспеншілік ұғымына 
ғарыштық мән беріп, оны жеккөрушілікке қарсы қойды. Оның 
ойынша, алғашында ғарыш сүйіспеншіліктің негізінде сапа жағынан 
әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаугершілік 
сүйіспеншілікті ысырып, біртектілікті бір-біріне қосып, әртектілікті 
бір-бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта ора-
лып, әртектіні бір-бірімен қосып, біртектілерді бір-бірінен ажыра-
тады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың 
ойларының түйіні мынада: дүние қайшылықты жаратылған. Заттар мен 
құбылыстардың қарама-қарсы жақтары бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, 
бір-бірін тартып (Эмпедоклдың сүйіспеншілігі), сонымен қатар өз бол-
мысын сақтау жолында итереді (жаугершілік).
Платон да өз еңбектерінде сүйіспеншілік мәселесіне көңіл бөледі. Ол 
философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық 
сүйіспеншілік) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: 
біреуі – жердегі сезімдік құмарту болса, екіншісі – аспандағы мінсіз, 
ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот – байлықтың құдайы 
Порос пен кедейліктің құдайы – Пенидің баласы. Сондықтан ол 
қайшылықты. Ол өне бойы төменнен жоғары қарай және әсемдікке 
ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы – өлместікке жету болса, 
Эрот шығармашылық шабытын тудырып, сүйіспеншілік арқылы жаңа 
ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен 
өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші – ең биік 
жағы – Эрот жер мен аспандағы мінсіз дүние арасындағы дәнекер. 
Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық 
сүйіспеншілік – ол Әсемдік, Ізгілік және Ақиқатқа құмарту. Өйткені 
олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.
Ортағасырдағы философияда сүйіспеншілік мәселесіне көп көңіл 
бөлген А.Августин мен Қ.А.Яссауиді келтіруге болар еді. Киелі 
Августиннің ойынша, «жер қаласында» адамдар Құдайды ұмытып, 
өздерін ғана сүйеді, өйткені олар күнәға белшесінен батқан. Ал «аспан 
қаласында» рухани қауым өздерін ұмытып, тек Құдайды ғана сүйеді. Ол 
кісі мынадай тамаша ой қалдырды: «Сүй, содан кейін не қалағаныңды 
істей бер!». Бұл ойдың мәні мынада: шын сүйген ешқашанда зұлымдық 
жасамайды, ол тек қана әсемдік пен жақсылыққа қарай ұмтылады. 
Қ.А.Яссауи де бұл жалған дүниедегі еш нәрсеге құмартпай, Алла 
тағалаға толығынан беріліп, Оны барлық жан-тәнімен сүюге шақырады.
Тарих қойнауына Қайта өрлеу дәуірі кірген кезде, жердегі 
сүйіспеншілік қайта өз күшіне енеді. Адам өз руханиятымен ғана 
емес, сонымен қатар денесімен де әсем. Ол неше түрлі күштерге толы, 


541
сондықтан өз сүйіспеншілігінің арқасында ғарыштың барлық жақта-
рымен үйлесімді байланыстар жасап, оларды өзгерте алады. Дж.Бруно 
сүйіспеншілікті лаулаған ыстық дүниетануға деген құмартумен 
теңейді. Адам неше түрлі қайғы-қасірет пен болашақ өлімнен тайсал-
май, дүниенің сиқырлы күштерін ашып, шаттық сезіммен шексіз де 
сарқылмайтын құдіретті табиғатпен бірігеді. Ақиқаттың жолында өз 
өмірін құрбан етіп, ойшыл осы ойын өз өмірімен дәлелдеген жоқ па?!
Жаңа дәуірде Р.Декарт «Жанның құмартуы» деген еңбегінде: 
«Сүйіспеншілік дегеніміз – рухтың ықпалындағы жанның қобалжуы, 
сүйетін зат пен жан ерікті түрде қосылады да, басқалардан ажы-
райды», – дейді. Ол сүйіспеншіліктің түрлерін көрсетуге тырысады. 
Біріншісі – сүйген жанға жақсылық тілеу және осы жолда өзін құрбан 
етуге дайын болу. Оның айқын мысалы ретінде әке-шешенің бала-
сына деген сүйіспеншілігін келтіруге болады. Екінші – «нәпсі итер-
ген сүйіспеншілік». Оған мысал ретінде ер адамның сүйген әйелге 
деген құмартуын келтіруге болады. Үшінші – бір нәрсеге құмар болу, 
соған берілу. Мысалы, ішкіштің – араққа, ойыншының картаға т.с.с. 
құмартуы, онда ешқандай сүйіспеншілік жоқ, тек қана соны иелену, 
тұтыну ғана бар.
Неміс ойшылы В.Лейбниц «достық-сүйіспеншілікті» бірінші орынға 
қояды. Ол мөлдір риясыз сүйіспеншілікті күңгірт өзімшіл ләззат алуға 
деген құштарлықтан айыру керектігін айтады. Шынайы сүйіспеншілік 
жетілуге қарай ұмтылдырады. 
Ал В.Шеллингке келер болсақ, ол сүйіспеншілікті ғарыштық 
тұрғыдан қарап, оны дүниежүзілік Абсолюттің іс-әрекетінің негізгі 
қағидасына айналдырады. Сондықтан қоғам өмірінде әр адам өз 
сүйіктісін тауып, ең жоғарғы тепе-теңдікте бір-бірімен қосылады. «Сүю 
дегеніміз – сүйіктіні тілеу ғана емес, сонымен бірге өзін соған құрбан 
етуге дайын болу», – деп қорытады үлы ойшыл. 
Бұл мәселеге өз үлесін қосқан ұлы Г.Гегель де болды. Оның ойынша, 
шынайы сүйіспеншіліктің мәні – өзіндік санаңнан бас тартып, өзіңді 
басқаның «менінде» ұмытып, сонымен қатар осы жоғалту мен ұмытуда, 
өз-өзіңді алғаш қайтадан тауып, өзіңмен болу. Біздің ойымызша, 
мұндай сүйіспеншілік махаббаттың ең биік шыңы болса керек.
Л.Фейербах: «Адамға деген сүйіспеншілік адамның ең жоғарғы да 
бірінші заңы болуға тиіс», – деген тамаша ой айтады. Сүйіспеншіліктің 
негізін ер мен әйелдің бір-біріне деген жыныстық құмарлықтан 
көреді. Сонымен қатар ол неше түрлі рухани, моральдық, эстетикалық 
сезімдермен ұштасады. Сондықтан адамның бір-біріне деген 
сүйіспеншілігін ол діндік дәрежеге көтеру керектігін айтады.
А.Шопенгауердің ойынша, дүниежүзілік ерік сүйіспеншілік 
арқылы адамдардың ұрпақ жалғасын қамтамасыз етеді. «Ал неше 


542
түрлі ғашықтық сезімдерге келер болсақ, олар табиғаттың жасаған 
адамдар ұсталып қалатын торы ғана», – дейді ойшыл. Сүйіспеншілік 
дүниежүзілік еріктің өз болмысын қамдайды. Ол, жалпы алғанда, өмір 
мен билікке деген сүйіспеншілікті құрап, оның көрінісі адам махаб-
батында қол астындағы болмысты аттап өтуге, сүйген адамды жеңіп, 
көндіруге деген іңкәрлікті тудырады. «Сөйтіп, сүйіспеншілік өмірлік 
шығармашылыққа әкеліп, бұрынғы өмірді терістейді, олай болса, ол 
өлімнің табалдырығына әкеледі», – деп қорытады ойшыл өз ойларын.
Ф.Ницше ер мен әйел махаббатын бір-біріне қарсы қояды. Егер ер: 
«Мен сүйемін!» – деп өзін бақытты сезінсе, әйел: «Мені сүйеді», – деп 
шаттанады. Сондықтан ер билеп-төстеуге ұмтылады да, әйел көнуді 
тілейді. Екі жақтың бір-біріне деген махаббаты әртүрлі болғаннан кейін, 
олардың ішкі өмірінде шаттықпен қатар абыржу, достық пен жек көру, 
таңғалу мен менсінбеу т.с.с. қайшылықтар пайда болып, ақырында, 
сүйіспеншілік алғашқы биологиялық негіздеріне қайтып оралады.
Енді бұл салада болған ХХ ғ. ахуалды талдауға уақыт келген сияқты. 
Ол, негізінен алғанда, екі төңкерістің болуына байланысты. Оның 
біріншісі – патриархалдық қатынастардың әлсіреп, әйелдердің белсенді 
түрде қоғам өміріне атсалысып, өз бостандығын алуында болса керек. 
Мұны жыныстық саладағы демократиялық революция десек те болады. 
Әдебиетте биархаттық (би – екі, архе – билік) деп те атайды. Өйткені 
тәні, жанымен де әртүрлі ер мен әйелдің әлеуметтік теңдігі бірте-бірте 
орнап жатыр. Әрине, бұл үдеріс нәзіктік пен ізгілікті өмірде көбейтетіні 
сөзсіз. Оны жақсылық деп бағалауымыз керек. 
Екінші төңкеріс – ғылыми-техникалық революцияның негізінде 
өндіргіш күштердің орасан зор дамуының арқасында Батыс елдеріндегі 
«тұтыну қоғамының» орнауы. Адамдардың өмір құндылығына жайлы 
өмір, пайда табу, ләззат алу т.с.с. айналуы. Егер көне гректер ләззат 
дегеніміз – зардаптың жоқтығы деп есептесе, бүгінгі дамыған елдерде 
ләззат алуды мейлінше көбейту өмір мақсатына айналды. Осындай 
тәндік-сезімдік өмір бағыты махаббатты да ерекше тұтынуға болатын 
тауарға айналдырды. 
Бұл үдеріске өз үлесін қосқан З.Фрейд болды. Ол адам психикасының 
өзегінде ақыл-ой, парасат емес, бейсаналық, ал соңғының өзегінде 
жыныстық күш-қуат – Lіbіdo – жатыр деген пікірге келіп, бүкіл 
мәдениет саласы дегеніміз – сол жыныстық серпіндерді ауыздықтауға 
бағытталған құбылыс деген пікір айтты. 
Г.Маркузе осы идеяларды ары қарай дамытып, адамды езетін, 
оларды бір-бірінен алыстатып жаттандыратын жалғыз ғана мәдениет 
формалары емес, сонымен қатар экономикалық үстемдік, адамды 
адамның қанауы дегенді айтты. Адамның зардап шегуі, ауруы, оның 
шығармашылық мүмкіндіктерінің сарқылуы, көңіл күйінің жүдеуі, 


543
өмірге тұрпайы тұтыну тұрғысынан ғана қарауы т.с.с. себептері 
жыныстық және экономикалық репрессиялармен байланысты. Сондық-
тан бүгінгі таңдағы адамзатқа қанаудың барлық түрлерінен «ұлы бас 
тарту» қажет. Ол үшін ең алдымен «жыныстық революция», «жаңа 
сезімталдық», «жаңа эстетикалық өмір көрінісін» тәрбиелеу қажет 
деген анархистік ұранды алға тартады. Оның ойынша, сонда ғана 
жер бетінде «шығармашылық эрос пен ләззаттық», шынайы «еркіндік 
пен қиял», «махаббат пен әсемдік» орнайды. Мұндай идеялар Батыс 
қоғамында, әсіресе студенттер қауымында, ХХ ғ. 60 жж. шын өмірдегі 
нағыз тұрпайы «жыныстық революцияға» әкелді. Тәндік-сезімдік ләззат 
алуға бағытталған, рухани өмірі жүдеген қоғамда басқа нәтиже болуы 
мүмкін емес-ті. Газет пен журналдардың беттерінде, теледидар экранда-
рында жыныстық ләззат алуға арналған мақалалар, фильмдер қойылып, 
бұл «революцияны» күшейте түсті. Соның салдарынан жастар ара-
сында «топтық секс» (3-4 адам бірігіп жасалатын), «біржыныстық секс» 
(ердің – ермен, әйелдің – әйелмен), «садистік секс» (ұрып-соғумен 
жүретін), «бейби секс» (балалармен), «анимал секс» (жануарлармен), 
«сериялық секс» (күнде жаңа адаммен) кеңінен тарады. Жыныстық 
сезімнің физиологиялық жағы нағыз адами – рухани-эстетикалық – 
жағынан ажыратылып, адамның хайуандық-табиғи жақтары тұрпайы 
тұтынудың құралына айналды. Ортағасырдағы ойшылдардың «адам 
рухани пенде ретінде Құдайға парапар, ал дене ретінде – хайуаннан 
да төмен дәрежеге түсуі мүмкін» деген болжамдары расталған сияқты 
болды. 
Өкінішке қарай, қоғамды қайта жаңарту барысында, біздің елге 
де жыныстық революцияның «жетістіктері» орасан зор мөлшерде 
Батыстың тұрпайы мәдениет туындылары арқылы ағылып келіп 
жатыр. Телекомпаниялар пайда табудың «тиімді» құралына кенелді, 
ал «батысшылардың» ойынша, Батыс цивилизациясы бүкіладамзат 
алдында келе жатқаннан кейін (олар оған күмәнданбайды), оның 
көрсеткен жолын қайталамасқа болмайды. Бүгінгі таңдағы жезөкшелік, 
зорлық-зомбылық, қылмыс т.с.с. теріс құбылыстардың тез қарқынмен 
елімізде өсуінің бірден-бір себебі Батыстың тұрпайы мәдениетінің 
ықпалы болса керек. Ол өз руханиятымызды жүнге түскен күйе сияқты 
құртуда.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, сүйіспеншілік деп адам мен 
адамды бір-біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, 
шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең 
биік көріністерін айтсақ та болады. Ал оның қайнар көзі ғарыштың 
өз ішіндегі тарту күштерінде болса керек, сондықтан көне заман 
ойшылдарының «ғарыштық сүйіспеншілік» туралы интуициялары 
философия тарихында оқтын-оқтын қайталануда.


544
Сүйіспеншіліктің ғажап түрі – жер бетіндегі барлық халықтардың 
мыңдаған жылдардағы жинаған ән-күйі мен дастандарының арқауына 
айналған махаббат сезімі. Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу, Төлеген мен 
Қыз-Жібектің бір-біріне деген жалынды махаббаты, Ромео мен Джу-
льетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты, аянышты трагедия-
мен аяқталды. Бүгінгі таңда да қаншама Қыз-Жібек мен Төлегендердің 
бір-біріне деген мөлдір махаббаты жартасқа соғылған толқындай күл-
талқан болып жатыр!!! Тіпті бақытты жандардың махаббат сезімінің 
өзі-ақ оқтын-оқтын аянышты ахуалдар мен сезімдерге ұшырайтыны 
баршамызға мәлім. Оның себептерінің ішінде ғашықтардың бір-біріне 
деген жыныстық құмарту сезімінің жүре келе сарқылуында болса 
керек. Өкінішке қарай, ол мәңгілік емес, күндердің бір күнінде тау-
сылады. Екіншіден, қоғам өміріндегі әлеуметтік мәселелердің қоятын 
тосқауылы. «Сүйген жармен күрке де жұмақтай» деген көпірме сөз ащы 
шындыққа келіп тірелгенде, нағыз тозаққа айналатыны сөзсіз. 
Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір-біріне деген 
жыныстық құмарлығы жатыр. Ғашықтардың сол жыныстық күш-
қуаттары бір-біріне қосылуының негізінде дүниеге жаңа өмір келеді 
емес пе? Сонымен қатар махаббатты толығынан жыныстық құмарлыққа 
теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде деген 
сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі Батыс 
қоғамында кеңінен тараған көзқарас – махаббатты тәндік-сезімдік 
ләззат алуға теңеу – қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп 
бақытсыздыққа әкелгені туралы айтады. Егерде адамның жүрегінде 
терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззатқа ғана ұмтылып, 
соны ғана ойласа, ол біріншіден, «дон-жуанизмге» әкеліп, екіншіден, 
сол тұрпайы мақсаттың өзін жетілдіре алмайды. Шындығында, 
адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан дүниесіндегі рухани күш-
қуатпен безендіріліп, толысады, неше түрлі қиялдарды тудырып, 
шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені 
ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан алуан құбылыстардың 
ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктісінің 
бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі 
сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу 
дегеніміз – шын жүрегіңмен сүю, махаббаттың отында лаулап жану дер 
едік. Сонда ғана толыққанды: «Мен бұл өмірде болдым!» – деп айтуға 
болатын сияқты.
Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін сүйіспен-
шіліктің түрі – әке-шеше мен балалардың бір-біріне деген сезімі. 
Әсіресе ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын, 
олар қандай да болса да, барлық жан-тәнімен сүйеді, өйткені олар оның 
ішінен шықты. Ана әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре 


545
біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне 
қарағанда өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын 
қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде 
іске асуын армандап, тілейді. Әке балаларын әрқашанда өз ырқына 
көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса 
да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жалғыз ғана талабы – баласы бұл өмірде 
аман-есен болса екен. 
Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жалғыз ғана әке-шешесі 
емес, сонымен қатар басқа да туыс, жолдас-жора, көрші-көлемнің 
ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю 
дегеніміз – бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқылыты ретінде 
қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сый-
лап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен 
қайғы-қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с. 
Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз 
халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы 
қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап 
әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол 
халықты тудырған айнала қоршаған ортаны – табиғатты да сүйеді. 
Қазақ жері – жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Гре-
кия емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып 
ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке қарай, алшақпыз. 
Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстыр-
майды. Өйткені осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік 
қаны тамды, бұл өмірден озған сансыз бабалар осы жерді соңғы қаны 
тамғанша қорғай білді. 
Енді, міне, жоғарыда көрсетілген осы екі сүйіспеншілік «Отан» 
деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз – туған жер мен 
сол елді мекендеген халыққа деген сүйіспеншілік болып табылады. 
Осы екі сезім бір-біріне қосылып, оны күшейте түседі. Отаншылдық 
(патриотизм) – өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен 
біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол 
оның жетістіктері мен қателіктеріне – барыне де ортақ. Отанды сүю 
дегеніміз – елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде 
мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз – тек қана өз 
ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа ұлттар 
өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені олар да 
біздің мемлекетіміздің гүлденуіне атсалысып, бізбен бірге өз тағдырын 
бөлісуде. Қазақ халқы осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін, бұл 
мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек.
Сонымен қатар Отанды сүюге «жақсымызды асырып, жаманымызды 
жасырайық» деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің 


546
кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкінішке қарай, 
бүгінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сын-
нан да төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қомпиып, 
өз-өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, 
тайыздық, асырасілтеушілік, шыдамсыз отансүйгіштік те жақсылыққа 
әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын-қыстау заманда 
толығынан сену де – қиын шаруа. Отанын шынайы сүйетін адамдар 
көп жағдайда оны үнсіз сүйеді.
Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп, 
өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған оқиғаларды өз өмірінде болған 
сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты 
қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын 
үдерістерді аша алады. 
Осы сәтте біз кейбір ауқатты әлеуметтік топтар, бірқатар жастар 
арасында кең тараған өмірлік бағдарлауға тоқталсақ дейміз. Ол – 
«тек болашақты ойлап өмір сүрсең, соңында көрдің алдына келесің. 
Сондықтан қазір және тап осы жерде өмірден ләззат ала біл» деген 
соңғы жылдары пайда болған қағида. Мұндай қағиданың пайда 
болуының негізінде біршама себептер жатыр.
Біріншіден, бұрынғы Кеңес қоғамының шеңберіндегі «болашақ ком-
мунизм» жөніндегі идеология жалғандығының әшкереленуі.
Екіншіден, Батыс «бұқара мәдениетінің» тұрпайы туындыларының 
тигізген және қазіргі уақытқа дейін тигізіп жатқан әсері. 
Үшіншіден, тарихи кезеңнің ерекшелігіне байланысты кейбір 
адамдардың тез арада баюы, жеңіл жолмен келген ақша буының әсері 
дер едік.
Әрине, өмірдің әр сәтін бағалап, тиімді пайдалану керек. Сонымен 
қатар болашағын ойламаған адам жаз айында бір гүлден екіншісіне 
қонып, күздің келетінін байқамайтын көбелекке ұқсар еді. Екінші 
жағынан, мұндай өмірге деген көзқарас адамның саналы пенде 
ретіндегі абыройы мен ар-намысын аяққа басады дер едік. Өйткені қай 
ел болашақ ұрпақтарын ойламайды? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі 
таңдағы ең өзекті мәселе – тоталитарлық қоғам кезінде ластанған жер, 
су, ауаны тазарту болмақ. Болашақ ұрпақтар радиация, тұзды ауызсу, 
түтін ауаның не екенін тарихи фильмдерден ғана көрсе екен деп тілейік. 
Екіншіден, кең түрде алынған ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтарға 
жеткізу мәселесі. «Болашақта ұлттық мәдениет түрлері қоғам өмірінің 
сыртқы шеңберіне ысырылып, мұражай экспонаттарына айналады 
да, Батыс «масс-медиа» жасаған бұқараға арналған туындылар үстем 
болады», – деген «батысшылардың» қараниет болжамдары іске аспауы 
керек. Ол үшін жас ұрпақ білімді, өмірге белсенді қатысатын, өз 
мәдениетін қорғай алатын нағыз отаншыл азамат болуға тиіс.


547
Отанын сүйген азамат білімі мен мәдени дәрежесі өскен сайын 
бүкіл адамзаттың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздігіне ренжиді, өз 
халқының өмірінің адамзат тағдырымен тығыз байланысты екенін 
байқайды (жаһандану үдерістері). Сөйтіп, ол бүкіл адамзатты сүю 
дәрежесіне көтеріледі. Өз жерін шын сүйген азамат бүкіл тіршілікті 
дүниеге әкелген планетамызды, оған өзінің бітпес күш-қуатын төгіп 
тұрған жұлдыз – Күнді, бүкіл галактиканы өзін сияқты сезініп, «Ұлы 
мәртебелі Табиғатқа», осы ғажап болмысқа – Өмірге – әкелгені үшін 
шексіз алғысын айтудан қажымауы керек. Ал егер адам Құдайға сенсе, 
өзінің Соған деген махаббатының арқасында Оны өз жүрегінен табуы 
әбден мүмкін. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   436   437   438   439   440   441   442   443   ...   521




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет