Ақын-жыраулар позиясындағы «жақсы» феномены (Қашаған Күржіманұлының, Нұрым Шыршағылұлының, Абыл Тілеуұлының т.б. әдеби мұрасы) Қашаған Күржіманұлы (1840-1924) Хорезм облысына қарасты Ташауыз деген жерде дүниеге келген. Ақынның әкесі ол бесіктен шықпай жатып-ақ қайтыс болады. Қашағанның жас шағында анасы Ырысты Жем өзені бойын жайлаған ағайындарына көшіп келіп, ақынның қалған өмірі Гурьев облысының осы Жем өзені маңында өтеді. Қашаған елінің мекені – қазіргі Қосшағыл, Қараөзек. Ақын он жастан асқанда шешесі де дүниеден өтіп, немере ағасы Сәрсенбайдың қолында қалады. Тұрмыс қиындығын көп көрген Қашаған 15 жасынан өз бетімен еңбекке араласады. Жасынан сергек, ұғымтал жас елдегі ойын-сауыққа да араласып, ақындардың өлең-жырларын зер сала тыңдайды. Халық ауыз әдебиетінен нәр алып, ел өмірімен жете таныс болады. Қара жұмыс соңында жүріп, өлең-жырға әуестенеді. Қашаған жалданған саудагерлердің ішінде Сергей деген көпес оның талапты жас екенін аңғарып, оған ақыл-кеңес береді. Өлеңнің құдіретін, өнердің қыр-сырын бағалау керектігін ескертеді. «Аруақ қонып» ақындық жолға түскен Қашаған Нұрым мен Абылды өзіне ұстаз тұтқан. Қашағанның аты көрші түрікпен еліне де белгілі болған. Қашаған – халық жырларын, Махамбет өлеңдерін жадында сақтап айтып келген, айтыстарға түскен, жеке тақырыптарға арнап өлеңдер де шығарған жан-жақты ақын. Қашаған эпостық жанрда да көрініп, көлемді жырлар да толғаған. Академик А.Жұбановтың айтуынша, Қашағанның Құрманғазының «Көбік шашқан» деген күйі аттас поэмасы да болған. Бұл поэманың негізгі арқауы ретінде Каспий теңізінің тасуына байланысты елдің апатқа ұшырауын, халық қайғысын кең суреттеген. Қашаған ақынды ізгілік пен адамгершіліктің жаршысы десек те болады. Оның өлеңдерінде ел басына түскен ауыр кезең тебіреніспен жырланып, туған ел қайғысы бейнеленеді. Кіші жүз қазақтарының өткені мен келешегіне толғанады. Қашаған бабамыз – өз заманында өткір сөзді сүйетіндерге өзін сағындырған, менменсіген талай майқарын ақынсымақтарды ә дегеннен жырынан жаңылдырған өлең сөздің дүлдүлі болғанын оның артындағы бізге жеткен азын-аулақ жырлары мен айтыстарынан ғана білеміз. Қашаған – эпик ақын. Қазақ поэзиясының асқар шың- дарының бірі Ілияс Жансүгіров «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» деп бекер айтпаған. Ол – жырау, ол – жыршы және жырау болғанда да Алтын Орда заманының, ноғайлы дәуірінінің небір алып жұрттармен алысқан айбынды ба- һадүрлері туралы ерлік жырларын тереңдей зерттеген ака- демик В.М.Жирмунский айтатын, сонау Тоқтамыс ханның ақылшысы болған абыз жырау Сыпырадан басталып, Абылға келіп тірелетін көлемі жағынан әлемде қырғыздың «Манасынан» кейінгі, бүгінде «Қырымның қырық баты- ры» аталатын ел тарихын әуенді саз-өлеңмен сөйлететін жыр мұхитының қарқуары еді. Ол М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Сыдиықовтар зерделеген Қазақстанның батыс аймағындағы болмысы ерек жыраулар мектебінің та- лантты өкілі еді. Ол қолына домбыра алып, алқалы топтың құрмасына кірген заманында Абыл мен Есет, Қалнияз бен Нұрым, Ақтан мен Аралбай сынды ақындық өнердің ақиықтарының төрт көзі түгел еді. Қашаған сол ортаға еніп, ақындық өнерін ұштады, білімін толықтырды. Қашаған жырау түзулікті, турашылдықты, дұрыстықты қолдап-қорғаған қырғи тілді тапқыр, ұшқыр болған. Оның «Кедей жігітке айтқан ақылы», «Оразалы байға айтқаны», «Есқали сұпыға айтқаны» дейтін сықақтарында от мінезділік, орып түсетін ересен өткірлік бар. Қашаған поэзиясынан ақын өмір сүрген ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені ақын толғауларынан халықтың небір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш- сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.Ақын барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жа- сауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа, адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді. Қашаған ақынның айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ. Қашаған өлеңдерінде надан, дінбұзар, дүмше молдалар мен сараң байларды аяусыз әшкерелеп («Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға»), адамгершілік, ізгілік қасиеттерді («Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны»,) дәріптейді, елдік пен ерлікті, халық мұратын («Ізім шайырмен айтысы», «Ізбасқа айтқаны») жырлайды. Жыр жүйрігі Қашаған Күржіманұлының жыр-тол- ғауларында да өмір-тірлік шындығы тек өз заманының ғана емес, қандай замандардағы да адам баласына тән мәңгілік адамгершілік мәселелерін қамти отырып, түрлі мысалдармен дәйектеп, түйдектете төгіп, өзара салы- стыра сараптап, өткір де өршіл назармен пайымдауымен ерекшеленеді. Ақын жырларында әлеуметтік теңсіздікті көрсетіп қана қоймай, бүгінгі тоқтыққа алданып, адамгершіліктен ажырамауды ескертеді, бай мен жарлының теңелетін күні туарына сенім артады. Жалпы, Қашаған жырларында теңдік ұраны алдыңғы орынға шығып, әлеуметтік әділеттілік мәселесі өзектілікпен көрініп отырады:
Шіркін, байлар, мақтасып,
Қызарақтап боқтасып,,
Қарқылдасып күлесің.
Алдыңда не бар, білесің?
Байға жарлы теңеліп,
Тартарсың малдың кересін.
Есікте жүрген жалшының
Қызығын сонда көресің!
Қазақ ауылы – жер бетіндегі адамзат ұрпақтары ара- сында қонақжайлылық, қайырымдылық, жомарттық, мырзалық, кішіпейілділік, т.б. жалпы адамгершілік-имандылық қасиеттер кешенді тұтасқан айрықша дара мекен. Ақын қазақ ауылының осы ғажайып келбетін көркем кестелі жыр өрнектері өрілген ұлттық мақтаныш сезімімен жырлаған:
Есігі көше, төрі базардай,
Сәнді ауылдың сыртынан
Молдалар айтқан азандай.
Үстіне қонған қонаққа
Сырбаз сойып, май берген,
Басытқысына қызыл күрең шай берген.
Арасында сабадан
Ақ шұбат, қымыз жай берген.
Шұрқыратып жылқы айдап,
Өбістіріп құлын, тай байлап,
Жақсының түсіп жолына,
Ізгіліктің еріп соңына,
Ғарапа барып қажы еткен,
Бас парызын ада еткен
Ғаниларым бар еді.
Қашаған ақынның жыр-толғауларында адамның тір-
шілігіне, іс-әрекеттеріне, рухани болмысының кәміл жетілуіне қатысты тағдыр анықтағыштық ой-тұжырымдар жеткілікті. «Бұл өмірдің мысалы» деген лебізінде «әділдіктің белгісі – расын сөйлеу», «пітне көңіл белгісі – құпия сөйлеп ыржию» екендігінен бастап:
Өпірем болу не керек,
Бақ-базарың ауған соң.
Бәсеке ету не керек,
Бастан билік кеткен соң.
Бұлаң-сұлаң не керек,
Ақ бетіңнен нұр тайып,
Жер ортадан асқан соң.
Елең-селең не керек,
Жас елуден кеткен соң.
Жалтаң-жұлтаң не керек,
Жігіттік бастан өткен соң, –
дейді. Адам баласы өзінің жас ерекшелігіне орай жүріс- тұрысын, қимыл-әрекетін, киім киісін, ойлау, сөйлеу дағды- машықтарын лайықты табиғи дәрежеде ұстау, көрсету – салиқалылықтың, ішкі мәдениетінің, әдептіліктің белгісі деген ойды поэзиялық қасиеттермен сөйлетеді. Ақын негізінен тіршілік құты – еңбекті дәріптейді. Ақынның жеке тақырыптарға жазған өлеңдерінің де әлеуметтік мәні жоғары, ойлы, парасатты. Ел бастаймын деген адам өзінің жеке басының мүддесінен халық мұңын жоғары ұстай білуі керек деп, халық ынтымағын ұзақ толғайды. Халық бақыты, жоқ-жітік қамы әрбір ер азаматтың алдына қояр мақсат деп біледі. Береке мен бірлікті ардақтап, ел-жұрттың тынысын тарылтатын егестен аулақ болуды насихаттайды. Қашағанның – «Ізбас ақынға», «Кетеден шыққан келінге», «Қыз сыйына», «Берекет ақынға», «Күнзина қызға», «Байұлы туралы», «Той бастар» тағы басқа өлеңдері ақын творчествосының кең арналы екендігін көрсетеді. Ақын мысқыл сөзге ұста. «Кетеден шыққан келінге», «Шалбарбайға» деген өлеңдері орынды мысқыл мен кекесінге толы. Байлардың сараңдығын әр түрлі жағдайда мінеп, олардың жұғымсыз бейнелерін келемеждейді. Қашаған байдан да, биден де қорқып, тіл тартпаған өткір тілді, батыл ақын. Бұл ақынның байларды сынаудағы бір өзгешелігі. Өнегесіз атаның ұлы елге опа таптырмайтынын Берекет ақынға үгіт-насихат ретінде сынап айтқан өлеңінен ақынның оптимистік идеяларын анық аңғарамыз. Қоғамдық мәні зор мәселелерді жырлап өткен ақын барынша батыл сөйлейді. Ешкімнің бет-ажарына қарамай, тайсалмай әркімнің мінін ашық айта білген. Ақын өлеңінде пейілді, адамгершілігі мол, әлсізге қамқор, қысылған жерде қол берер, ағайыншылығы зор ерді арман етеді. Ол асыл адамға тән тұлға, бітім, ой-түйін, мінез-құлық, іс-әрекеттерді айқын теңеулер арқылы қозғап, оған сын көзімен қарайды.
Көрнекті жыршы Қашағанның өлеңдері қазақ әдебиетінің өркендей түсуіне тиісінше ықпал еткені даусыз. Қашаған өлеңдері терең ойлармен астасып, сол ойлар сөздің маржанындай тізіліп, парықсыз сөз шығарып көрмеген рухани құндылықтың жыршысына айналған.
Абыл Тілеуұлы (1777, Маңғыстау — 1864, Маңғыстау, Қаратөбе) —ақын. Әкесінің есімі — Тілеу, атасының есімі — Өтембет.Ақын жырлары Қарақалпақстан, Түрікменстан, Иран, Ауғанстан, Түркия елдеріндегі қазақтар арасында да кеңінен мәлім болған. Маңғыстауда өмір сүрген түрікмен шайыры Хатаммен және Есет, Махамбет, Шернияз, Есенбақ сияқты айтулы қазақ ақын-жыраулармен достық қарым-қатынаста болып, ниеттес жүрген. Өлеңдері ауызша тараған. Алғаш баспа бетін көрген толғауы — “Арғымақ атта сын болмас” (“Сана”, 1924, №2-3, Ташкент). Шығармаларының негізгі арқауы—адамгершілік пен елдік, ерлікті дәріптеу (“Сексеннің біз де келдік жетеуіне”, “Отырған қарсы алдымда Қанымайым”, “Қар жауар күн-түн оның қабағынан”). Абыл Хиуа ханы Аллақұл өктемдігіне қарсы бұқара ызасын бейнелеп, ел қорғаған ерлерді жыр еткен (“Сүйінқараны жоқтау”, “Құлбарақ батырға”). “Арғымақ атта сын болмас”, “Естірту”, “Кәрілік” т. б. терме, толғаулары - өмір сырын бейнелейтін көркем ақыл, нақыл, насихатқа құрылған өнегелі, өсиет сөздер. Абыл — айтыстың да шебері (“ Балдай қызбен айтысы”, “Нұрымды санауы”, “Сушы қызбен сөз жарыстыруы”, “Шерниязбен кездесуі”). Ол - өз дәуірінің елеулі мәселелеріне үн қосып, Сыпыра жырау негізін салған “Қырымның қырық батыры” сияқты батырлық дастандарды дамыта жырлаған.Абыл туралы айтқанда басын ашып алуға тиіс бір мәселе бар. Біреулер «ол әрі ақын, әрі күйші болған» деседі. Маңқыстау қазақтары арасында Абыл есімді ақын да, күйші де болған. Ел аузындағы Абыл күйші туралы аңыздың толық нұсқасы академик А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» 2 зерттеуінде берілген. Ә.Тәжібаевтың «Абыл» поэмасына 3, Ә.Кекілбаевтын «Күй» повесіне негіз болған да осы аңыз. Бұл аңызды кәрі құлақ қариялар Абылай күйші туралы деседі. Қазіргі Абылдың күйі <<Абыл>> деп тартылатын күйді біз «Абылайдың қоңыр күйі» дейміз. Абылай күйшінің аулы қырда ( Үстірт үстінде), түркімендерге шектес, қоныстас болған. Ал Абыл ақынның күйшілігі жайында естігеніміз жоқ.Оның ауылы үнемі жоқ. Маңғыстаудың «Ойын жайлаған», дейтін халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов. Расында күйші Абыл мен ақын Абыл бір түбекте, бір заманда өмір сүрсе де олардың жас жөнінен едәуір айырмашылығы бар. Ақын Абыл 1777-1864 жылдарда, ал күйші Абыл 1820-1892 жылдарда өмір сүрген. С. Жанғабыловтың «Күйші Абылдың шын аты Абылай екен» дегенін А. Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде жазады. Атақты композитор күйші Абылды әкесі Тарақ екенін, ал оның әуелгі аты Абылай, кейін үй-іші Абыл деп кеткендігін айта келіп: «Кейбір ауыз әдебиетін жинаушылар Абыл әрі жүйрік жыршы, әрі композитор-ақын да болған деседі. Абылдың көп өлеңдері ұмытылған.Бізге жеткені оның өмірінің соңғы кезеңіндегі шығарған арнау ретіндегі толғаулар мен бірлі-жарым нақыл сөз,термелері ғана.Осы бар азды-көпті шығармаларына қарағанда,Абыл өз заманындағы әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан талант иесі екенін байқаймыз. Абылды өзінен кеиінгі көп ақындар жақс білген,өздеріне ұстаз тұтқан.Мұрат,Нұрым,Қашаған,Ақтан,Сәттіғұл сияқты бір топ ақындар легі Абылдың талантына бас иген.Оның өлеңдері негізінен ауызша таралған.Алғаш баспа бетін көрген толғау-1924жылы басылып шыққан «Арғымақ атта сын болмас» атты өлеңі. Арғымақ атта сын болмас, Асқар тауда сын болмас, Қиған қамыс құлақсыз. Бауыры болса бұлақсыз. Азаматқа сын болмас, Ақ киікке сын болмас, Арты болса тұяқсыз. Арты болса лақсыз. Айдын көлде сын болмас, Жеті арнада сын болмас, Жағасы болса құрақсыз. Аяғы болса тұрақсыз. Тіршілікте артыңда із қалу керек деген ой айтады. «Сексеннің бізде келдік жетеуіне», «Отырған қарсы алдымда Қанымайым», «Қар жауар күн-түн оның қабағынан» атты шығармаларында хан-сұлтандардың теріс қылығын әшкерелеу,ел қамын жеу,ізгілік,адамгершілік мәселелері сөз болады. Өмірінің соңғы кезінде Баймағамбет,Қайыпалды сұлтандармен кездесіп,бетпе-бет айтқан батыл сөздеріне қарағанда,ол шындықты айтудан тайынбаған,хан алдында қасқайып тұрып,оның мінін көрсетуге батылы жеткен ақын. Баймағамбетке айтқаны: Бопайдан туған әкең Айшуақ хан, Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан. Дәлірек дажал сынды дәрежеңді, Деп жүрсің Құдай қорып,қыдыр баққан… Ер өлді деп етек бұлап жылайтұғын Байеке-ау,қай ісің бар елге жаққан?! Қайыпалдыға айтқаны: Жүр едім,тақсыр,сені дара біліп, Халыққа жазықсыздан салдың бүлік. Бұланның бүиірінен жебе тисе, Бұл оны қаиғырмаиды жара біліп. Немесе: Баймағамбет өзіңнен артт десе, Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр. Қолдаған сол сұлтанд губернатор, Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр. Хиуаның қонышына кіріп кеттің, Бір уыс болмаса игі еді күнің, тақсыр?! Ақын сұлтанның ісін жақтырмай,бар жайды бетіне басады. Абылдың толғаулары көпке насихат ретінде айтылып,адамгершілік,ізгілік жолын меңзейді. Дүниеде дертті кісі ойнап күлмес, Ер білер қадіріңді,сұлтан білмес. Кірпігі арғымақтың кіржік тартса, Жабыдай ол жазылып көтерілмес. Жадырап жаз шықпаса,күн жылынып, Баласы шаруаның егін екпес. Шалғысы лашынның салғырт тартса, Ілер деп қаз баласы қайғы шекпес. Абыл Тілеуұлы-айтыстың да шебері.Бізге «Балдай қызбен айтысы», «Сушы қызбен сөз жарыстыруы», «Нұрымды сынауы», «Шерниязбен кездесуі»деген айтыстары жетіп отыр. Абыл-шешендікте алдына жан салмаған,тәжірбиесі мол,көп жасап,сан-саналы өлең шығарып өткен саңлақ ақындардың бірі. Абыл өзінің біраз өлеңдерін көпке насихат ретінде айтып, адамгершілік, ізгілік жолына меңзейді. Өмір тәжірибесін жинақтап, нақыл сөздер термелейді. Арғымақ атта сын болмас, Қиған қамыс құлақсыз. Азаматта сын болмас, Арты болса тұяқсыз. Айдын көлде сын болмас, Жағасы болса тұрақсыз. Асқар тауда сын болмас, Бауыры болса бұлақсыз, Ақ киікте сын болмас, Арты болса лақсыз. Бұл жолдар өзінің құрылысы жағынан да көңіл аударарлықтай дыбысты, ырғақты келіп, ақынның өлең өнеріне жетіктігін танытады. Асылы, ақын: Қызыл тіл Жиреншедей тілім, таксыр, Кызыл тіл - өнер алды, білім, тақсыр, - деп, бекер айтпаған. «Өнер алды қызыл тіл» деген халық сөзіне үн қосып, соған қоса, поэзияның биік болуы үшін ақынның білімді де болуы керек екенін ескертеді. Ақын толғауларының тілі — өткір, шешен. Ол өмірдің өткіншілігін ескертіп, байсалды ой түйеді. Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл, Жігіттік өтер, кетер бір қызыл гүл. Қусаңда кос ат алып бір шалдырмас, Алтайы қызыл түлкі қашса алдырмас. Азамат ерге тән жақсы қасиеттерді термелеп, жігіттің үйір болар істерін, адамгершілік идеяны жырлап, тату-тәтті ағайыншылығы мол елді аңсайды. Нұрым Жаршағұлұлы (1825-1808).Дәстүрлі жыраулық сарынды жалғастырушы, бұқара халықтың мұңын жырлап, ел бірлігі мен ер тірлігін көксеген, он екі ата Байұлының әйгілі ақыны. Ақынның өз сөзімен айтсақ, ол өзі туралы былай депті: Он екі ата Байұлы, Сахараның мен Нұрымы, Су тағынып құлыны, Тайпалмас жүйрік, жорғасы. Бұл сөздерінде ол өзін көркем сөзге алдына жан салмас өрен жүйрік, сауырынан су төгілмес, төрт аяғы тең жорға, саңлақ бейнесінде танытады. Асылы, ақынның өзіне берген бұл бағасы шындықтан алыс емес.Нұрым қазіргі Маңғыстауға қарасты Қарақия деген жерде, Жайық жайлап, Тайсойған, Бүйрек қыстағын қыстаған адай елінде туып-өскен. Әкесі Жаршағұл шаруа болған. Нұрым жасында ауыл молдасынан оқып, ислам діні бағытында тәрбие алған.Қазақ және көрші түрікмен елдерін жас шағыңда аралап, білім алу жолында біраз ізденген. Халық ақындарының дәстүрлі мектебінен өткен. Хиуада мұсылманша оқыған.Ақынның жеке тақырыптарға жазған өлендерінің де әлеуметтік мәні жоғары, ойлы, парасатты. Оның шығармаларында адамгершілік сарын басым. Кейбір өлеңдерінде діни ұғымдар кездессе де, ол өмірден түңілмейді, адамның болашағына сенім білдіріп, оның ынта-жігерін ардақтайды. Адамның қоғамдағы мәні, өмірден алар орны туралы пікірлері де көңіл аударарлық.Ақын адамды дүниенің сәні, маржаны, өмірдің қожасы, зор алып күш иесі деп ерекше бағалайды. Жакет, маржан секілді, Адамзаттың баласы. Дүниеге келді сән болып, Алыптай күшті нән болып. Ел бастаймын деген адам өзінің жеке басы мүддесінен халық мұңын жоғары ұстай білуі керек деп, халық ынтымағы туралы ұзақ толғайды. Ел берекесін кетіретін мансапшылдық ниеттен туған жеке егестердің халық тілегіне жат екенін айтып тоқтатады. Ел-жұрттың тыныштығын кетіретін егестен аулақ болуды тілейді. Береке-бірліктің құдіретін ардақтайды.Бұл жерде ақын батырды әдейі көтермелей сөйлеп барып, қатты сынайды. Оның алдына халық талабын ұсынып, бұл тілектері орындалмаса, одан қол үзуге даяр екенін білдіреді.Яғни, елін тыңдамаса, ер тұл болып, екі ара біржола айрылып кететіні ескертіледі. Халық бақыты, жоқ-жітік қамы әрбір ер-азаматтың алдына қояр мақсаты деп біледі.Атаның ұлы болсаң, берекесіздікке жол бермей, ізгілікке ұмтыл, азғындарды ауыздықта деп ақыл береді жырау Атамбекке.Нұрым - өмірді болжаған ойлы ақын. Өмір ағымы туралы түйіндері бір кездегі халық түсініктерін танытқандай. Өткінші дүниеден қапы қалмай, маңызды-мәнді істер жасап кетуді ұсынады. Елдегі әр түрлі қайшылықтардың өрістеуіне заманын айыпты санаған ақын халықты мейірімділікке ағайыншылыққа, қарасқыштыққа, яғни адамгершілікке үндеуден бір талмайды. Дүниенің өткіншілігін қайта-қайта ескертіп, тіршілік, баршылық қадірін біліп, өмірден өкінбей өтуді керек қылады. Үстем ғып мерейіңді бой сақтама, Басыңнан өтер дәурен көлбеңдеген. Ақынға өмір қымбат. Ол тіршілікті қалай болса солай өткізе салуға қарсы.Маңызды, мазмұнды тіршілікті қалайды. Жұргендер білмес саламат, Дүние деген ғаламат... Немесе: Жапанда болса бәйтерек, Басы сау жанды бай демек. Қорқыт ата қобалжып, Дүниені кезіпті, Өлмейтін жер кайда - деп! Бастың саулығы, елдің тыныштығы — ақын көксер ең бір ең асыл қымбаттар. Бастың бүтіндігі, деннің саулығы адамның өмірлік талабы, ең бірінші қажеттілігі, қадір тұтар қасиеттері. Бірақ өлім хақ. Ол айтып келмейді, оған тіленіп ешкім бармайды, кеткен кері оралмайды. Сондықтан өлімді ойлап қайғыруға немесе ол дүниеден (пейіштен) дәмеленуге негіз жоқ, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық». Қолдан келсе тіршілік қамын қыл. Бірақ пендешіліктен, дүние қоңыздықтан бойыңды аулақ тұт дейді. Өмірдің қызығы жастық шақ, қарттық оған қарама-қарсы ажарсыз, реңсіз. Сондықтан жастықтағы қызық та қымбат. Жас шағына адам немқұрайлы қарамауы керек. Оның жақсы, пайдалы өтуін қамтамасыз етер болар. Әр нәрсе өзінің ретімен, сәнімен жаралған. Ал адам үшін сәнді де, мәнді де кезең жастық, - дейді ақын. Арқар дейтін аң болар, Ол арқардың мекені - Аскар ала тау болар. Бәйгіден келген бозшұбар, Бұны көркем көрсеткен - Құйрығы менен жал болар. Шұбар шолақ тай болар. Жал-құйрықтан айрылса, Жас шағында ду болар. Қартайғанда сұм өмір Жастық пен адамгершілік ұштасып, бір адамның басынан табылса, ондай жігіт ел тілегін ақтайды. Жастық талап, жі- гер, кайрат адамгершіл парасат үшін қызмет етсе, одан күтер нәтиже көп. Адам қолы жеткенге масаттанып, тәкаппарсып, менмендікке ұрынса, одан жақсы қасиеттер аулақ қашады. Ондай адам елді бүлдірмесе, елді ұстап отыра алмайды. Басшы адамға керек қасиет кішіпейілділік, ізгілік, адалдық, адамгершілік. Халқы үшін қызмет етуді мұндай жақсылар бірінші орынға қойса керек. «Досқа күлкі, дұшпанға таба» болу-болмау да осы қасиеттердің арақатысына байланысты.Нұрым жәй үгіт айтып, ақыл сөз термелеп қоймайды. Соған қоса, елге үлгі болар адам образын танытуға талаптанады. Адамның жақсы қасиеттерін термелей отырып, акын ерлікті бірінші орынға қояды. Елі үшін еңіреп туған ер азаматқа деген ақын ықыласы бөлек. Өзінің «Шенен ер» деген жоқтау үлгісіндегі толғауында ол азамат ердің тұлғасын сүйсіне жырлайды.Нұрым өлендері нақылдылығына қоса суретті. Ол адам бейнесін, сұлу келбетін айқын теңеу, эпитеттер арқылы шебер суреттеп бере алады. Асылы, ақын өз бойындағы ақындық талантты болжай да, бағалайда білген. Басқа да ақындар сияқты менменсіп, кеуделегенмен, орынды жерде сөз тауып айта алатын заманының даңқты ділмәрі болғаны сөзсіз.Ақын, әзірше, осы талданған санаулы толғау, терме, арнау өлеңдерімен мәлім болып отыр. Олардың ішінде әзірге баспаға шығып, кең тарағандары: «Мен қашанғы жүйрігің», «Ұсынсам колым жетер ме?», «Әлеумет келдің қаумалап», «Қоштасу», «Той бастар», «Көңіл айту» сияқты салт өлеңдер үлгілері және «Өтембекке», «Шенен ер» арнаулары.Нұрым өлеңді көп шығарған. Жеке толғау, арнаулардан басқа, сюжетке құрылған жыр, дастандары да болған. Кейбір қариялар осы күнге дейін айтып жүрген оның «Жәуміт шапқанда», «Балуанияз батыр», «Тоғыз ауыл», т. б. толғау, жырлары осыны растайды. Оның жырларын Атырау облысы, Маңғыстау ауданының ақыны Мұрын Сеңгірбаев (1860-1954) ұзақ жылдар бойы жырлап келген. Осы Мұрыннан жазылып алынған қолжазбалардың ішінде Нұрым мен Қашаған өлеңдері көп. Нұрым шығармашылығы ұқыпты зерттеушісін күтіп - жатқан тылсым мұралар. Қорытындылай келе Қашаған,Нұрым,Абылдың поэзиясында халықты адамгершілікке,татулыққа,әдептілікке баулитынын,жамандықтан ада,тура жолда жүру керектігін насихаттайды.Қамшының сабындай қысқа ғана өмірді жақсылықпен,елге көмек қолын созып,өмірдің өзін жәй сүрмей бағалау керектігі жөнінде айтылады.Бай,болыстардың жаман қасиеттерін көрсете отыра,адамды жақсылыққа шақырады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі: Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2016. – 904 б.
Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. – 4 том. – Алматы, 2015. – 438 б.
Қашаған – сөздің дүлдүлі (ғылыми мақалалар мен арнау өлеңдер және айтыс мәтіні)/ Құрас. Жайловов Б.С. – Алматы: «Жазушы», 2013.– 320 бет.