Исатаева Күлзейнеп Исатайқызы КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматшасы. 1933 жылы туған. Алматы медициналық институтын бітірген. 1957 жылы институтты бітіріп №3 қалалық ауруханаға дәрігер-хирург болып орналасты. 1966-1980ж. – қалалық, облыстық ауруханалардың бас дәрігері қызметін атқарды. 1980 жылы Жезқазған қалалық халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары, 1992 жылдан бастап «Жезқазғантүстіметалл» АҚ денсаулық бөлімінің бастығы болып еңбек етті. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Көп жылғы еңбегі үшін Ленин орденімен көптеген медальдармен марапатталды.
Ысмағұлов Тұрмағанбет Тау-кен инженері Еңбек ардагері. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. 1937 жылы 10 қаңтарда Ұлытау ауданы Қаракенгір совхозында дүниеге келді. 1958 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітіргенсін Жезқазған кенбасқармасының «Петро-Орталық» шахтасында механик, 1963-1971ж. – «Петро-Орталық» және Шығыс Жезқазған кеніші №42 шахтасының бас энергетигі болды. 1971-1973ж. – Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинаты жылу жүйесі цехының бастығы қызметін атқарды. 1973-1984ж.- еңбекші депутаттар Жезқазған қалалық Кеңесі төрағасының 1-ші орынбасары, еңбекші депутаттар Жезқазған облыстық Кеңесі төрағасы болды. 1984-1999ж. – Жезқазған тау-кен комбинатының бас энергетигі, осы қызметті атқара жүріп өндірістің дамуына, мысты өлкенің республика энергожүйесіне қосылуына атсалысты. Т.Ысмағұлов «Құрмет белгісі» орденінің 2 дүркін иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін» және басқа медаль, мақтау грамоталарымен марапатталған.
Макаров Николай Иванович Еңбек ардагері. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1939 жылы 11 маусымда Кострома облысы Галичский ауданының Усадище деген жерінде туған. Еңбек жолын әскери міндетін өтеп келгенсін, Тирасполь қаласындағы автобаза жүргізушілігінен бастайды. Никольский қаласына 1964 жылы келіп, №5 автобазаға жүргізуші болып орналасты. 1965 жылдан құрметті демалысқа шыққанға дейін «Қазақмыс» корпорациясында забойшы, №51-57 шахталарда забой бригадасының бригадирі болып еңбек етті. 1991-2008 ж. – тау-кен шахта қондырғылары зауытында (ЗГШО) және жөндеу-монтаждау құрылыс басқармасында (РМСУ) жөндеуші болды. «Еңбек Қызыл Ту» және Ленин ордендерімен, «Еңбек ардагері» медалі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі құрмет грамотасымен, елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатымен марапатталған.
Шпренгель Вячеслав Адольфович
Еңбек ардагері. Қазақ КСР-ң еңбек сіңірген рационализаторы (өндіріске жаңалық еңгізуші). 1937 жылы 28-ші мамырда Москва қаласында туған. Қарағанды тау-кен техникумын өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бітірді (1956ж.). «Казмедьстрой» тресінде шебер, прораб, аға прораб, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, «Рудстрой» басқармасының бас инженері (1957-1968) қызметтерін атқарды. «Казмедьстрой» тресінің партком хатшысы (1983-1986) болды. 30 жылдан аса «СУ-Рудстрой» басқармасын басқарды. Бірнеше жыл халық қалаулысы болды. «Құрмет белгісі» ордені және медальдармен марапатталған.