Бексейтова Құттыбек Бексейітқызы
ҚР-сы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Еңбек ардагері. 1945 жылы 5 қазанда Ұлытау совхозында туған. Қарағанды медицина институтын бітірген (1969). Еңбек жолын Рудник поселкесіндегі №3 аурухана цех терапевті ретінде бастады. 1976 жылдың шілдесінен құрметті демалысқа шыққанға дейін медициналық-санитарлық бөлімшесі поликлиникасының меңгерушісі болды. ҚР-сы денсаулық сақтау Министрлігі, Сәтбаев қаласы әкімінің, қалалық және облыстық денсаулық сақтау бөлімдерінің, «Корпорация «Қазақмыс» ЖШС-нің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шапкин Алексей Иванович (1925-2006)
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. 1925 жылы 4 наурызда Тамбов облысы Чащино селосында туған. 17 жасында соғысқа аттанып, Украина түбінде шайқасты. Соғыстан кейін Тамбов облысында әскери училище бітірді. 1949 жылы Никольский поселкесіне келіп, Рудникте өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып еңбек етті. 1970 жылдан құрметті демалысқа шыққанша Батыс Жезқазған кеніші №55 шахтасында крановщик болып жұмыс істеді. «2-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «КСРО маршалы Жуков Г.К.», «Германиядағы жеңіс үшін» медальдарымен марапатталған.
Шепель Иван Кузьмич (1927-2000)
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. 1927 жылы Ақмола облысы Шортанды ауданында туған. 1936 жылы Талдықорған облысы Қоғалы ауданының Киров совхозына көшті. Еңбек жолын 1941 жылы трактор зауытында трактор тіркемешісі ретінде бастады. Осы жылдың қазан айында 14 жасар жасөспірімді тракторшы етіп қойды. 1944 жылы әскер қатарына шақырылды. 74-ші дивизия құрамындағы 211-ші қосалқы атқыштар жаяу полкында жаумен шайқасты. Полк таратылған соң 1945 жылдың қыркүйегінен 1951 жылға дейін Ішкі істер Министрлігі күзет әскерінің құрамында қызмет етті.
Абдикасова Магура Николаевна
Жоғарғы санатты дәрігер. Сәтбаев қаласы медициналық-санитарлық бөлімшесінің диагностика бөлімі меңгерушісі. 1950 жылы 2 ақпанда Ресей Федерациясының Ростов облысында туған. Волгоград мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еңбек жолын аудандық аурухана жедел жәрдем стансасының фельдшері болып бастады. 1975 жылы жолдамамен Жезқазған облысына келіп, көз дәрігері, облыстық аурухананың ультрадыбыстық диагностика дәрігері болып еңбек етті. Облыс денсаулық сақтау Департаменті және Сәтбаев қаласы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Абдулхаликов Абдулзагид Абдулхаликович
Тау-кен инженері. 1947 жылы 19 қыркүйекте Дағыстанның Курах ауданы Икра селосында туған. Жезқазған тау-кен техникумын бітірген. Еңбек жолын 1969 жылы «Покро» шахтасында забойшылықтан бастады. 1988 жылы Батыс Жезқазған кеніші директорының орынбасарлығына тағайындалды, 1991 жылы тау-кен шахта жабдықтары зауыты директорының жалпы сұрақтар бойынша орынбасарлығына ауыстырылды. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері.
Достарыңызбен бөлісу: |