Амутова Рашида Халилқызы Еңбек ардагері. Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі. 1933 жылы Башқұрт автономиясында дүниеге келді. Қазақ қыздар педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын Рудник поселкесіндегі №7 қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастап, содан кейін директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. 1974 жылы №19 мектеп директоры болып тағайындалды. 1979-1985ж. – Никольский қаласы білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Болигарь Сергей Логинович
Еңбек ардагері. 1931 жылы 22-ші маусымда туған. 1956 жылдан құрметті демалысқа шыққанға дейін «Казмедьстройдың» Рудстрой тресі құрылыс басқармасында еңбек етті. 30 жылдан аса теміржол учаскесінің бригадирі болды. С.Болигарьдың тікелей қатысуымен Жезқазған, Никольский және Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының көптеген нысандары тұрғызылып, пайдалануға берілді. Халық қалаулысы болып депутаттыққа әлденеше рет сайланды. «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» және Ленин ордендерімен марапатталған.
Ділдебаев Шынболат (1937-1998) Кенші. Ақын-жырау, термеші. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Қызылорда, Ақтөбе, Сәтбаев қалалары мен Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы. 1964 жылы Жезқазған тау-кен техникумын бітірген. 1955-1992 ж. - Оңтүстік Жезқазған кенішінде жұмысшы, ауысым шебері болып еңбек етті. «Кенші» мәдениет үйінің халық театры жетекшісі болды, «Арман» вокалды-аспапты ансамблін ұйымдастырды, Бүкілодақтық халық шығармашылығы конкурсының және республикалық ақындар айтысының лауреаты. «Кенші сыры» (1993). «Жылжиды жылдар» (1997) жыр жинақтарының авторы. Сәтбаев қаласындағы Кеншілер сарайы Ш.Ділдебаев есімімен аталады. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.