А мәтіні
Егер өз ғұмырымнан алынған мысалға келетін болсақ, орыстың бұлыңғыр бояуларының алуан түсті екенін мен бірінші рет Левитанның "Мәңгі тыныштық құшағында" суретінен кейін ғана көріп білдім.
Соған дейін жауын-шашынды күн менің көзіме сенсек, тек сұрғылт түр-түспен боялғандай көрінетін. Бұлыңғыр күннің кісіні торықтыратын себебі - ол бояу атаулыны жұтып жібереді де дүниенің бәрін майлы сұр тұманмен күргейлеп тастайды деп ойлайтынмын.
Бірақ Левитан сол кісі жабықтыратын сұрғылт бояудың өзінен беймәлім ұлылықты, тіпті салтанаттылықты да көрген және одан көптеген таза бояуларды да тапқан еді. Содан бері қарай бұлыңғыр күн мені онша қинамайтын болды. Бұған керісінше, содан бері қарай мен оны ауасының тазалығы, жүзіңді қаритын суығы үшін, қалайы түстес өзен бетінің жыбырлап жататынын, қара бұлттардың ауыр қозғалысын жақсы көріп кеттім. Ең соңында айтарым, жауын-шашынды күндер кезінде жер бетіндегі ең қарапайым игіліктің өзін - жылы үйді, орыс пешінің отын, самаурынның пысылын, қоналқыға еденге салатын төсеніш ретінде жасалған құрғақ сабанды, жаңбырдың кісіні ұйқыға шақыртатын шатырға тиген шуылын, адамның рақаттанып қалғып-шұлғуы сияқты қарапайым нәрселерді бұрынғыдан бетер бағалай бастайсың.
Әрбір суретші, ол қай заманның, қандай мектептің өкілі болып саналса да, ақиқат болмыстың жаңа бір қыр-сырын, белгілерін ашады.
Сәті түскенде, мен бірнеше рет Дрезден галереясында болдым.
Онда Рафаэльдің "Сикстин мадоннасынан" басқа, баяғы шеберлердің де көптеген картиналары бар, олардың алдына барып аялдау қауіпті. Олар сені жібермей қояды. Оларға сағаттар бойы, тіпті бәлкім, тәуліктер бойы қарауға болатын шығар, бірақ ұзақ уақыт тұрып қараған сайын, мүлде түсініксіз бір жан тебіренісі пайда болады. Ол бірте-бірте күшейіп, адам көз жасына әзер ие болатын күйге жетеді.
Осынау елжіреген көз жасының сыры неде? Оның сыры - бұл полотноларда (суреттерде) рухтың толысып жетілуі мен данышпанның билігі бар, сол себепті де ол бізді тазалыққа, жеке өзіңнің ой-ниетіңнің жігерлі де дегдар болуына ұмтылдырады.
Ә мәтіні
Осы кітаптың «Сөз құдіреті» деген атауының екі құрамы да астарлы: бұл жердегі «сөз» дегеніміз «тілдің ең кішкентай кірпіші» – «жеке сөз» деген мағынада емес, «тілдің қолданысы», яғни «көркем әдебиеттегі тілдің көрінісі» деген ұғымда жұмсалып, ал «құдірет» сөзі «құпия, тылсым» деген танымда емес, адамға ететін әсер, «қолданыстағы тілдің көркемдік қуаты, күші» деген мәнде келіп тұр. Демек, сөз құдіретін таныту дегеніміз – жазушы тілінің көркемдігін, сол көркемдікті жүзеге асырып тұрған тілдік құралдар мен тәсілдерді көрсету болып шығады. Бұған жазушының сөз қазынасын молынан, дәл пайдалануы немесе оларды көріктеу құралы ретінде жұмсауы я болмаса сөз қиыстыру (синтаксистік) амалдарындағы шеберлігі, өзіндігі, жаңалығы дегендер де жатады. Прозашының тілін тануда көркем шығарманың тілдік композициясын құрайтын тұтастықтарды: автор сөзі мен кейіпкер сөзі, қос үнді сөз дегендерді қарастыру – өте қажет тақырыптар болмақ.
Әрине, көркем сөздің жұмсалар тұсы әр алуан. Көркем әдебиетке поэзиялық туындылар да, прозаның шағын әңгімеден бастап роман-эпопеяларға дейінгі түрлері де, көркем көсемсөз де, драмалық шығармалар да жататыны белгілі. Бұлардың әрқайсысының тілін талдап-таныту, зерттеп-зерделеудің өз ерекшеліктері осы кітаптың 2-бөлімінде түстеп, түгенделеді.
Бұл еңбекте біз қазақ көркем сөзінің тек прозалық түрлерінің «сөз құдіретін» әңгіме арқауы етпекпіз және талдаулар мен түйіндерімізді белгілі бір қалыпқа салынған, жүйелі түрдегі оқу бағдарламасы бойынша жүргізілген талдаулар түрінде емес, өзіміз қалаған тақырыптарды, өзіміз ден қойған шығармаларды ғана әңгімелейтін «еркін ізденістер» түрінде ұсынамыз.
Әрине, бұл талдауларымыз таза субъективті, бейберекет сипаттан аулақ. Егер мұнда көркем әдебиеттің тілдік-стильдік қырларын түгел қамтымай, бірқатарына ғана назар аударсақ немесе ана жазушылардың емес, мына жазушылардың туындыларын талдау объектісі еткен болсақ, әңгіме бұлардың өзгелерден шоқтығы биік не аласалығында емес, артық-кемдігінде емес, олардың қазақ прозасы тілінің көркемдік дәрежесін көрсету үшін осы ізденісте таңдаған тақырыптарымызды тарқатып әңгімелеуге сай түскен шығармалар мен олардың авторлары екендігінде.
Атап айтқанда, талдауымыз бен танымымызды Мұхтар Әуезовтің 20-жылдардағы әңгіме-повестері тілінен бастадық. Бүгінде дүниежүзілік әдебиеттің қатарында тұрып, өзгелермен терезе теңестірген қазақ көркем прозасы тілінің диахрондық-синхрондық даму өрісін, яғни бастауы мен бүгінгі барысын сөз етер болсақ, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовтардың өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қалам тартыстарына соқпай өту мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |