Мен сол шақта егер бұл кісі бөтен адамдарға соншалықты қамқорлық танытса, өзінің жақындарына деген жүрек жылуы қаншалықты екен деп ойладым.
Мен Шахмардан Есенұлының мұндай қасиеттерін жыл аралатып Балқашқа Л.К.Қадырбековпен немесе В.Е. Ларчиковпен жолсапарға келген уақыттарында біздің үйден түстену кезінде-ақ байқағанмын. Ал, енді ресми жағдайдағы оның адами қасиеттерінің сол күйінде алдымнан шыққанын көргенде, расы керек, бұл мен үшін күтпеген ситуация еді. Бұдан бір ғана қорытынды жасауға болады: осынау ақылман және қуатты министрдің кеудесінде мейірімге толы жүрек соғып тұр.
Менің ойымша дәл осы мейірімділік сезімі Шахмардан Есенұлы мен Кәмила Бегімбайқызының қарым-қатынастарының негізін құраған болуы керек. Мұндай мейірімді, жүрегі жылы сезімдерге толы адамды ұнатып, сүю де бір ғанибет шығар. Расында, бір-біріне деген жасандылықтан ада құрмет пен сыйластық бұл екі кісінің өмірлік қағидасына айналған еді. Есеновтер отбасымен таныс-біліс болған көп жылдар ішінде Кәмила Бегімбайқызы оның атын атап сөйлегенін көрмеппін. Бұл кісі Шахмардан Есенұлын «Батыр» немесе Шәке деп ұлықтайтын. Олар көпшіліктің қызығушылығын туғызатын сұлу да, бақытты жұп болды.
Айтпаса да түсінікті өткен ғасырдың 60-70 жылдары олардың «жұлдызды сағаты» болды. Мұндайда «Тоқта уақыт» дегің келеді. Өкінішке орай, уақытты тоқтату ешкімнің де қолынан келмейді және ол өзінің түзетулерін әрдайым енгізіп отырады. Оның үстіне ешбір адамның өмірі өздерінің Ягосы мен Сальериінсіз өтпейтіні тағы бар. Шахмардан Есенұлының жалынды, жарқын бейнесі қызғаныштың қызыл отын жақпай қойған жоқ. Ондай бейшара, күйкі адамдар туралы айтпай-ақ қоюға да болар еді, бірақ олардың қара ниет әрекеттері нәтижесінде зор парасат иесі, мемлекетшіл, дарынды тұлға – Ш.Е.Есеновтің қайраткерлік қызметіне қиянат жасалды ғой.
Оның Қазақ ұлттық техникалық университетінің геология факултетіне келуі факультеттің мәртебесін бұрынғы жоғары деңгейіне бірден көтерді. Ш.Е.Есеновтің арқасында факультеттің лекциялар курсында металлогения пәні пайда болы, факультет оқытушылары ҚР геолгия комитетімен шаруашылық келісім-шарттар жасап Саяқ кенді ауданының 1:50000 (ГДП-5) масштабын геолгиялық жетілдіре зерттеу бойынша бірнеше жоба әзірледі, және оған қоса Ш.Е. Есеновтің беделі мен есімі факультетте 25.00.11 геология, қатты пайдалы қазбаларды іздеу және барлау, минерагения және 25.00.10 –геофизика, пайдалы қазбаларды іздеудің геофизикалық әдістері мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалатын ғылыми кеңес ашуға көмектесті.
Шахмардан Есенұлы өмірінің парақтарын ашып, қарап отырсаңыз, мағынасыз беттерді таба алмайсыз. Оның бар өмірі – өз қызметін жарқырата атқаруға арналды, сондықтан оның өмірінің тым қысқа болуы өкінішті-ақ, ол елі үшін, Қазақстан үшін қажет еді, жақындары үшін қымбат, қимас жан еді.
Оның перзенттері – қызы Шайзада, ұлдары – Мақсұт, Ескендір, Сұлтан жоғары кәсіби мамандар, іскер, қуатты кәсіпкерлер. Үлкен немерелері де ержетті, кішілері өсіп келді, шөберелер дүниеге келеді. Кішкентай Сара, Шахмардан Есенұлының бірінші немересі Ержанның қызы. Бірінші немере қызы Б.Н.Мырзабекова Айгелия есімді шөбересін дүниеге әкелді. Есеновтер отбасын ұйыстырып, бақылауда ұстап отырған Кәмилә Бегімбайқызы. Осынау әдемі, қуаты таймаған ақылман әйелден «Ошақты сақтаушы – От анасы...» деген ұғымның тірі бейнесін көргендей боласың. Есеновтер ұрпағын, олардың дәстүрін жалғастырушы Кәмилә Бегімбайқызының және оның балаларының Шахмардан Есенұлын мәңгілік есте сақтау үшін атқарып жатқан қызметтері мақтауға да, алғыс айтуға да тұрарлық.
Дегенмен, Шахмардан Есенұлы сияқты жұлдызды адамдар туралы жад ешқашан да сөнбек емес».
***
Осылай Геология министрлігінде бір шаруаларды бітіріп, екіншісін жоспарлап жатқан тұста Есеновтің тағы да қызмет ауыстыруына тура келді.Ол оның еркімен емес «ұлы» коммунистік партияның нұсқауымен болды. Бұл жолғы ұсынған қызметтері тіптен ерекше еді. Баяғыда, өзі Жезқазғанда жиырманың ішінде атқарған қызметіне қайта жіберді. «Мықты министр», «іскер президент» атанып, абырой-беделі Мәскеу мен Қазақстанда асқақтап тұрған шағында, мемлекеттің қандай да бір қиын ісіне салсаң да ширатып әкететін, төс пен балғаның ортасында шыңдалған алмас қылыштай жалт-жұл етіп тұрған нағыз Ер-азаматты Бетпақтың даласындағы Балқаш геология экспедициясына жетекші етіп жіберуі «ұлы партияның», әрине, ұлы шешімі болған жоқ. Керісінше бұл көп адамның кейісін тудырды, сол кездегі басшылықтың әділеттсіз әрекетіне наразылықтарын оятты.
Сол бір күндерін Кәмила апай да мұңая, анда-санда басын шайқап қойып есіне алып: «не бір оқиғалар өтті ғой, қалқам...» деп, әңгімесін көңілсіздеу бастады. Қаншама жылдар өтсе де жүрекке түскен сызат әлі жазылмаған. Әділетсіздіктің жарасы оңайлықпен жазылмайды екен-ау деп ойға қаласың. Өткеннің оқиғасын айтқысы да келмеп еді біз айттырдық, өтініш жасадық. Тарихи тұлғалардың өмір иірімдерін әуелі бүгінгі біздер біліп, сосын жастарға жасырмай айтуымыз керек шығар. Айту-- о дүниелік болған Шахмардан үшін емес, өсіп келе жатқан өрен үшін, біздің қателігімізді олардың қайталамауы үшін қажет дедік.Ойымызды түсінген Камила апай осы күндерге дейін санасында сары майдай сақтап келген естеліктерін ағыта түсті:
«--Ішіп-жеп немесе бүлдіріп қойғаны болмаса да Батырды әуелі президенттіктен, сосын, екінші рет министрліктен түсіріп, Балхаштағы барлау экспедициясына бастық етіп жіберді. Көшіп-қонуымыз тура 1-ші май мерекесіне тура келді. Ол кезде бұл мерекенің қадір-қасиеті түспеген, нағыз дүрілдетіп тойлайтын кезіміз ғой. Жаңа қоныс, жаңа орта, әлі үйрене алмай жатқан тұс. Оның үстіне көңліміз де жабырқау. Шахаң еш уақытта қанша ренжіп тұрса да біреуді жер-жебіріне жетіп жамандамайтын, маған да жамандаттырмайтын. Сол кездері өзіме-өзім Шахаң қандай мықты адам деп таң қалатынмын. Жұмысты алып жүре алмай, бір нәрсені қиратып жатса бір жөн ғой... тектен-текке, болмашыны кінә ғып тағып, жер аударғандай етіп бетбақтың даласына жіберу, әрине, ауырлау тиді...амал қанша...Балхашқа көштік...
Содан... не керек елдің бәрінде мерекелік көңіл-күй. Көшеде музыка ойнап, елдер шар мен гүлдерін ұстап, орталықтағы алаңға кетіп барады. Мен ақырын Батырға қарап қоямын. « Не істер екен, парадқа барар ма екен, бармас па екен?» деген ой мені мазалап тұр. Әрине, мен барғанын қалап тұрмын, бірақ сұрауға бата алмаймын. Бір кездері үлкен министр, президент болған, жоғарғы трибунада тұрып, парад қабылдаған адамның енді келіп шағын қаланың мерекесін менсінбей, өзіне қораш санап, тіптен қорланып қалуы да мүмкін ғой. Адам жаны күрделі ғой, түсінуің қиын. Бір кезде тура менің қобалжып жүргенімді сезді ме, білмеймін:
-Батыр, Сұлтанды киіндір, парадқа барып келейік,- деді. Сондағы менің қуанғанымды айтсаңызшы. Күні бойы күткенім осы емес пе, балаша ұшып, Сұлтанды киіндіре бастадым. Ол кезде Сұлтан мектепте оқитын. Жеңілдеу киініп жатқан Шахаңа:
-Күн салқындау, пальтоңды кимейсің бе?-дедім. Солтүстікке жақын жақ қой, не дегенмен күн әлі көтеріле қоймаған, ызғар бар еді. Ауырып қала ма деп тұрмын. Досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме деп жүрген кезіміз ғой.
-Ой, Батыр! Сен мұндай пагоданы ұмытып қалдың ба? Сарыарқаның самал желі емес пе, байқайсың ба бізді сағынып қалған болуы керек, келгелі аңқылдап соғып тұр. Кәкімбек ақын қалай деуші еді:
Достарыңызбен бөлісу: |