ЭЛИТА ТЕОРИЯСЫ
Элитаға кімдер жататындығын анықтауда біздің зерттеуші ғалымдар негізінен ресейлік
және шетелдік ғалымдардың элитаға қатысты жасаған концепциялары, теориялары мен
жүйелеу әдістеріне сүйенеді. Элита теориясы қоғамның таңдаулы, игі жақсы-
жайсаңдарының ерекше міндеттері мен әлеуметтік-саяси және интеллектуалдық
белсенділігі және қалың бұқараның енжарлығы түсінігінен туындайды. Мысалы,
В.Паретоның пікірінше, қоғам пирамидалық құрылымнан тұрады, оның биік шыңында
басқарушы әлеуметтік топ элита тұрады. Олар қоғамның даму бағытын анықтайды.
Теориялар қалану негізіне байланысты түрліше ажыратылады. Мәселен, биологиялық
теорияларда биологиялық-генетикалық белгілеріне байланысты (Р.Уильямс, Э.
Богардус) адамдарды аса көрнекті және қатардағы, белсенді және енжар, ақыл-есі
дұрыс және кеміс деп бөлсе, психологиялық теорияларда (Г.Джилберт, Б. Скиннер)
біреулердің кереметтілігі және екінші біреулердің қарабайырлығына түрткі болатын
психологиялық қасиеттерге сүйенді. Психоаналитикалық теорияларда (З.Фрейд,
Э.Эриксон) нәпсіні тежей білу қабілетіне және билікке немесе басыбайлыққа ұмтылуға,
ал, әлеуметтік-психологиялық теорияларда (Э.Фромм, Г. Лассуэл) әрбір адамның
психологиялық ерекшеліктеріне, оның өмірінің әлеуметтік факторларына байланысты
өзгерген мінез-құлықтың әртүрлі типтерін мойындаудан шығады. Қазақща айтсақ, «бес
саусақ бірдей емес» дегенге саяды.