Шеберлікке шыңдаған жетекші
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады
Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай, осындай ұстаздардың бірі Баимбетова Шолпан Тұрдыбекқызы бүгінгі күні сондай белеске жетіп, артта қалған күндерге ой жүгірткен де уақыттың жүйріктігіне шек келтіре алмай қалады. Апайдың балалық шағы Қызылорда қаласында өтсе, еңбек жолын Шиелі ауданы, Ботабай ауылының №228 орта мектебінен бастаған. Шолпан Тұрдыбекқызы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалім мамандығын бітірген. Шолпан апай өз пәнін жетік біледі, озық әдіс - тәсілдерді тиімді қолдана отырып сабақтарын өткізеді. Қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмаған. Өзінен кейінгі жас мамандарға әдістемелік шеберлігін арттыру мақсатында мектебімізде ұйымдастырылған «Ұшқын» атты жас мамандар мектебінің жетекшісі болып нәтижелі жұмыс атқарған. 2006 – 2008 оқу жылында жұмыстарының жетістіктерінің нәтижесінде директордың ғылыми – әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Оқу -тәрбие жұмысын басқару, мұғалімдерді жоғары әдістемелік мәдени рухта тәрбиелеу және өз еңбегінің сапасы мен нәтижесінде талап қоя білудің маңызды бағыты – оқыту тәжірибесінде ұтымды, тиімді әдістерді шығармашылықпен игеру, бұл оқушылардың танымдық ойлау қызметін жандандырып, терең берік білімді, іскерлік пен дағдыны қалыптастыратын әдістемелік кеңесті басқарып отырған Шолпан Тұрдыбекқызы. Ол 2013 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Шолпан Тұрдыбекқызы заманауи оң өзгерістерге оң көзқарас білдіреді. Сабақ құрылымы мен білім мазмұнын үздіксіз толықтыру, білікті жоғары деңгейге көтеру, білім беруде инновациялық үрдістерді қалыптастыру ұстаздардан үлкен ізденісті талап етеді . Сондықтан өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялап ұстаздарға әдістемелік көмек беріп шабыттандырып, алға жетелеуден шаршамайды. Талай тәрбиелеген ұстаздары кәсіби байқауларда жеңімпаз атанған. «Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» - дей отырып, өзінің нұрлы жүзіне үйірлеген имандылығы мектеп ұстаздарының көңілін әрқашан жадыратып жүреді.
«45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минут сабағыңа дайындалып кел» - қағидасына сәйкес Шолпан апайдың еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығының арқасында өзін күнделікті кәсіби тұрғыдан жетілдіру барысында атап айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Баспасөз беттерінде мақалалары, әдістемелік тәжірибелері үнемі шығып тұрады. Шығармашылық жұмыс барысынды «Эффективность применения разноуровневых заданий на уроках русского языка», «Развитие творческого начала детей школьного возраста посредством игр и игровых ситуаций» атты екі оқу-әдістемелік кітабы басылмынан шығып аудандық, облыстық, республика көлемінде таратылды. Қазақстан Республикасының білім саласындағы кәсіби шеберлігі мен еңбектері үшін «Лучшие в образовании» медалімен, дипломымен марапатталып, энциклопедиясына енген.
«Шәкірт үшін қыл қаламын тербетіп, Түн ұйқысын бөлген білім арнаға» - дегендей оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалардан, байқаулардан, ғылыми жобалардан жүлделі орындарға ие болған. Мектеп бітіріп кеткен түлектері «Үздік куәлік», «Алтын белгі», грант иегерлері атанып, ел азаматтары болып абыройлы қызмет атқарып жатқандары қаншама.
Білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай – қажымай еңбек етіп келе жатқан Шолпан апайдың әлі де біраз белесті бағындыра берітініне сеніміміз мол.
«228 Шәймерден Бәкіров атындағы орта мектебі» КММ бастауыш сынып мұғалімі Маханбетова Қымбат
Достарыңызбен бөлісу: |