Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет12/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

* * *


Жазға  салым  терезе  алдындағы  ақ  теректердің  ашаң  жасыл 
жапырақтары  күннен  күнге  жайылып,  сырғалары  салбырай 
бастады.  Күзде  жан  тәсілім  еткен  сары  жапырақтар  қыс  бойы 
жерде  жатып,  топыраққа  сіңіп,  жер  астындағы  тамыр  арқылы 
ағаш  басына  қайтадан  өрмелеп  шығып,  анасынан  қайта  туып, 
өліп-өшу  деген  ұғымды  тәрк  етіп,  мәңгілік  өмірдің  жырын 
сыбырлай  бастаған  шақ.
Дүниеде ешнәрсе ізсіз-түзсіз кетпек емес деседі философтар. 
Таудың бөктерлері жасыл тақия кигендей жаңарып шыға келді. 
Желкілдеп  шыққан  жасыл  шөп  ықылым  замандарда  өліп-
өшкендердің шашы деседі. Сол шөпті мал жейді. Адам малдың 
сүтін  ішеді,  етін  жейді.  Айналып  келгенде,  көп  заман  бұрын 
қураған сүйек топыраққа айналса, одан шөп өсіп, оны мал жеп, 
оны  адам  жеп,  қазіргі  тірі  жүргені  сол  бір  кездегі  өлгендердің 
арқасы  сияқты  да.
Ақтеректің ашаң жасыл жапырағына қарап, ойланып отырған 
Тұрар  сыныпқа  бөтен  адамның  кіріп  келгенін  кейін  аңғарды. 
Сыныптағы шәкірттер орындарынан үдере тұра келгенін соңынан 
байқап, өзі де ұшып тұрды.
Сұлу мұртты, бойы тіп-тік әскери кісі Иван Владимировичпен 
күңкілдесіп біраз сөйлескен соң, мұғалім балаларға:
–  Көне,  жаңа  диктант  жазған  дәптерлеріңді  парталарыңа 
жайып  қойыңдар,  –  деді.
Келген  мейман  екі  қолын  артына  ұстап,  бір-бір  басып, 
парталарды  жағалап  жүріп,  шәкірттердің  дәптерлеріне  үңілді. 
Атамырзаның тұсына келгенде, оның дәптерінің тысына қарап:
– А, сен Айбар мырзаның баласысың ба? – деді.
– Иә, иә, – деді Атамырза тым асығыс. Мына жолдастарының 
көзінше мәртебелі мейман өзіне бөлекше назар аударғанына риза.
Мейман Атамырзаның дәптерін қолына ұстап, басқалардікінен 
гөрі көбірек шұқшиды. Өзінен бір елі қалмай ілесіп келе жатқан 
Иван Владимировичке бұрылып қарап, басын шайқады. Мұғалім 
оны құптағандай көзін жұмып, басын изеді.
Бұл  келген  Мерке  участогінің  тергеушісі  Семашко  мырза 
еді. Мерке сынды түкпірдегі участокте сауатты адам саусақпен 
санарлық.  Ал  прокурордың  жұмысы  жылдан  жылға  көбейіп 


келеді.  Қылмыстылар  көбейген  сайын  іс  те  көбейеді.  Ол  істі 
жүргізуге  көмекші  керек.  Сауатты  көмекші  керек.  Меркеде 
ондай адам теберікке табылмайды. Әрине, Айбар сияқты атақты 
адамның баласы бұл жұмысқа лайықты-ақ болар еді. Бірақ Айбар 
мырзаның  ұрпағы  әрі  сауатсыз,  әрі  айбақ-сайбақ,  сойдақтатып 
жазады екен. Тергеуші оның жазуындағы быжынаған қателерді 
қызыл  қаламмен  шимайлайын  деп  тұрды  да  ол  райынан  тез 
қайтты.  Қанша  дегенмен  Меркедегі  сыйлы  кісілердің  бірінің 
тұқымы  ғой,  тиіспейін  деді.
Осы тәуір-ау деген бір-екі дәптерді иелеріне қайтармай, қолына 
ұстаған күйі, парталарды жағалай берді. Шәкірттер қыл көпірдің 
үстінде  тұрғандай  демдері  тынып  қалған.  Мұндай  мәртебелі 
адам  сыныпқа  тәпе-тәннен  кіріп  келер  деп  ешкім  ойламаған. 
Әйтпесе  «Әкемнің  өлерін  білсем  талқанға  айырбастап  жіберер 
едім» деп бір бейбақ айтқандай, мына балақайлар бұл диктантқа 
барын салар еді. Тергеуші тұтқиылдан келіп, тұяқ серпуге мұрша 
бермей,  діңкелетіп  тұрғаны...  Тергеуші  тексерерін  білсе,  көк 
жалқау Атамырзаға дейін сабаққа деген діні өзгерер еді... амал 
нешік, тосыннан келген зауал болды бұл.
Семашко мырза жолай тағы бір дәптерді қолтығына қыстырды. 
Сыныптағы қос терезенің артқысының тұсына тақала бере әуелі 
Қабылбектің  дәптеріне  үңілді.  Оны  да  алды.  Оның  қатарында 
жатқан қағазға қарап, едәуір тұрып қалды да, енді оның иесіне 
көз  тастады.  Басқалардың  өздерінен  гөрі  дәптерлеріне  көп 
көңіл бөлген тергеуші бұл жолы шәкірт балаға зейін тоқтатып, 
шамадағыдан  ұзағырақ  тұрып  қалды.  Тұрардың  көңіліне  күдік 
кіріп: «Мені іздеп жүр. Ұстамақшы», – деді. Бірақ сыр бермейін 
деп  тым  сіресіп  қалғанын  соңынан  аңғарып,  еркінірек  болуға 
тырысты.
– Фамилия? – деді Семашко жәй ғана.
– Қырғызбаев,–деді Тұрар орнынан асығыс көтеріле беріп.
– Отыр, отыр. – Тергеуші Иван Владимировичқа бұрылды. – 
Басқа сабақтардан үлгерімі қалай?
–  Өте  жақсы.  Иә,  өте  жақсы,  –  деп  директор  елеңдеңкіреп 
кетті.


Семашко Тұрардың тұлғасын, қоп-қою қара шашынан бастап, 
көнетоз  ботинкалы  аяғына  дейін  жеке-жеке  талдап  тұрғандай 
көрінді.
– Денсаулығы?
– Әбден шыныққан,– деп лезде жауап қатты директор. Бірақ 
қандай  жағдайда  шыныққанын  салалап  жатпады.
– Мектепке үйден қатынай ма? Интернаттан қатынай ма?
– Интернатта тұрады.
– Әлеуметтік тегі?
– Орта шаруалы киргиз. Аспара болысына қарасты төртінші 
ауылдан.  –  Тергеуші  төртінші  ауылдың  қай  тұста  екенін  есіне 
түсіргісі  келгендей,  терезеден  әрі  қарап  сәл  кідірді.  Тұрардың 
көңіліне  аш  шиебөрідей  сумаңдап  неше  алуан  ойлар  келді. 
Шыққан  тегіме  дейін,  денсаулығыма  дейін  тәптіштеуіне 
қарағанда, түбі тегін емес. «Шынымды айтып жалынсам ба екен? 
Жоқ! Тіліңді тісте!» – деп өзіне-өзі бұйырып, аспай-саспай ол да 
терезеге қарады. Жауқазын жасыл жапырақты ақ терек көңілге 
сабыр  ұялатқандай  болды.
– Бұл баланы кабинетіңізге алып жүріңіз. Оңаша сөйлесеміз, 
–  деді  де  тергеуші  ешкімге  қарамай,  есікке  беттеді.  Шығып 
бара жатып, артына бұрылып, ауыздарын ашып аңқиып қалған 
балаларға:
Сау болыңыздар, – деді.
Үлкендердің  соңынан  ілескен  Тұрарды  балалар  состиысып, 
үнсіз шығарып салды. Тұрардың ойында «Енді қайтып бұлармен 
бірге боламын ба, жоқ па?» – деген сұңғыла сұрақ тұрды. Бірнеше 
жыл болған, бір бұлақтан білім алған, бір қазаннан ас бөліскен, 
интернат деген шаңырақтың астында қилы-қилы күндерді бірге 
кешкен бауырларына бір бұрылып қарағысы келді. Ол тіпті қазір 
Атамырзаның өзін де қимай бара жатты. Тергеуші құсап ол да: 
«Сау  болыңдар»,  –  дей  жаздап,  алдағы  беймәлім  болашақтың 
босағасынан аттай берді.


IV
–  Сен  енді  маған  әрі  тілмаш,  әрі  писарь  боласың,  –  деді 
Семашко  мырза  Тұрарға.  Баланың  жүрегі  бүлк  ете  қалды. 
Жаманшылық күтіп еді, жақсылық шіркін жалт етіп елес берді. 
Бетіне қан бұрқ қайнап шыға келгенде, баланың қоңырқай жүзі 
алаулап,  от  шарпып  бара  жатқандай  көрінді.  Жеңілтек  мінезді 
адам болса «алақай, алақай!» – деп дауысы оқыс шығып кетер 
еді,  Тұрар  мейлінше  сабыр  сақтап:
Құп болады, мырза, – деді.
Заң деген кәрі қудың құшағына Тұрар ойда жоқта осылай енді 
де кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет