қаһар хабарындай аспан асты, жер үстін күңірентіп жіберді.
Қар жамылып мүлгіп тұрған қарағай үңгілерінде ұйықтап
жатқан ақ тиін атып тұрып, апанда алты ай мызғитын қоңыр
аюлар қорқа қорбаңдап шошыған заман. Алдағы қарайған қара
ноқатқа кім бұрын жетеді, соның жұлдызы жанар шақ. Бізден
бұрын өткен шанадан түсіп қалған бір кесек нан шығар деген
үміт дәл қазір құдайдың өзінен де күшті.
«Анау жатқан ат басындай алтын» десе, әй, қайдам,
ешкім бүйтіп жан ұшырмас еді. Бұлайша бірін-бірі етегінен
тартып құлатпас еді. Салт атты айдауылдар бұл дүрлігуден
сескеніп, аттарын қарға омбылатып, қапталды қарауылдап,
мылтықтарын иықтан сыпырған. Адамдардың аузынан ақ
жалын атқылайды. Арандардан шыққан ақ будан қара тобыр
үстіне ақ тұман тұрып қалды.
Өлермендер ақыры әлгі қарғыс атқыр қара ноқатқа жетіп
жығылды-ау. Алғашқылардың бірі болып мен де қол соза
ұмтылып едім-ау. Жаңағы жүгірген түк емес екен. Нағыз
азап басталды. Бірінің үстіне бірі құлаған адамдардан тay
тұрғандай болды. Қаһар соққыр қара ноқат қайда қалғанын
кім білсін, әйтеуір адамдар далбасалап, бірін-бірі жұлмалап,
қолдарымен сипалайды. Балағаттасып, кеңірдек жыртысуға
әл-дәрмен жоқ, тек қырылдаған үндер. Кімнің кімге не айтқаны
белгісіз.
Баяғының баяғысында, бала күнімізде көгалға шығып алып
«түйебас» ойнаушы едік. Қазір бөтен біреу бізді көрсе, «түйебас»
ойнап жатыр екен деп ойлар еді. Ақыры атты айдауылдар бізді
быт-шыт қылып қамшымен сабап, оған да болмаған соң аспанға
мылтық атып тарсылдатып, жағамыздан алып, жан-жаққа
лақтырып, әрең таратты-ау.
Тағдырдың мазағы сан түрлі, Тұрар. А бірақ дәл мұндай
мазақты тағдыр бұл шаққа дейін ойлап тапқан жоқ шығар. Нан
деп таласқан қара ноқат шанаға жеккен аттың қатып қалған
тезегі екен, атасына нәлет...
Әлгінде бірін-бірі кеңірдектен алған бейбақтар енді бір-
бірінің бетіне қарай алмай, Бодойбо деген иттің жолымен ілби
басып кете бардық.
Бұзау үні әлгіндей емес, енді үздігіп шығады, қыңсылап та
қысылып шығады. Адамдардың көрген азабына шыдай алмай,
темір екеш темір де тебіреніп жылар ма екен, Тұрар. Мен мұны
өз құлағыммен есіттім, атасына нәлет.
Шығыс Сібірдің аспаны батар күннің алдында ашаң қызыл
рең алып, мына сұмдық мазақтан тәңірінің өзі ұялып, беті
дуылдап тұрған сияқты.
Тұңғыш рет сонда менің көзімнің алды бұлдырап, қызыл-
жасыл сәуле шалықтады. Бұлыңғыр арасынан анда-санда қаба
жал Қалдықызыл атқа мінген Саймасай маған қамшысын
бүктеп ұстап, сақылдап күлгендей болады. Табалағаны шығар.
«Көрдің бе, бәлем, көресіні» дегені шығар. А бірақ менің көңілім
оған тозған жоқ, атасына нәлет. «Саймасайдың астында
Қызыл Жебенің болмағаны қандай жақсы»,– деп өзімді-өзім
жұбаттым.
Аспанның қызылы ыдырап, төңірек бұлдырай бастағанда
біз бір селенге келіп кірдік. Бәрімізді бір сарайға әкеп қамады.
Сансырaп құлап, бір-біріміздің бауырымызға тығылып жаттық.
Әлгі бір қараң қалғыр қара ноқатқа бола бірінің кеңірдегін бірі
жұлған бейбақтар енді иесіз қаншықтың күшіктеріндей біріне-
бірі тығылып, құшақ ажырамас туыстардай бұйығып қалыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |