* * *
Пахом 1915 жылдың суық күзінде Галиция жерінде жараланды.
Қаһармандығы көп, қаруы жоқ Ресей армиясының көпшілігі осы
он бесінші жылы қатты қырғынға ұшырады. Август айында бес
жүз сексен бес мың адам, қыркүйекте – төрт жүз он сегіз мың
адам, ал Пахом жараланған қазанда – үш жүз алпыс алты мың
адам қатардан шықты. Бүкіл Ресей бойынша бұл соғыста он бес
миллион еркек кіндік армияға алынса, соның жартысынан көбі
үйлеріне қайтпай қалды. Халықтың қаймағындай кілең қыршын
боздақтар босқа құрбан болды. Мына Пахом соны көріп қайтқан.
Мерке тарапында соғыстың қыр-сырын қатпаршағына дейін
бір білетін адам осы Пахом. Енді сол соғысқа қазақтарды да
айдамақшы екен. Пахом соның үстінен түсті.
Патшаның айтқанына көніп, айдауында жүре беретін момын
қазақ бұл жолы өзгеше мінез танытып, атырылып атқа қоныпты.
Басы бірігіп, кәдімгідей елдігін танытып, қаһарланып алыпты.
Ойтал дейтін жерге Ақкөз дейтін көсемі ат қылынан ту тігіп,
жасақ жинай бастапты. Ал бірақ оның ішінде Тайлақ жоқ. Тайлақ
мұның қасында.
Ал осы Тайлақтың Жылы-Бұлақтағы жерін Кузьмин қалай
тартып алғанын Пахом сонау Столыпин дәуірінде өз көзі көрген.
Маңырақ ауылы ұлардай шулап, Жылы-Бұлақтан көшкенде,
осы Тайлақ жерге етбетінен жата қалып, қос қолымен топырақ
уыстап, сол топырақ оның көз жасына шыланған. Сөйткен Тайлақ
енді Кузьминнің малының тілеуін тілеп, құлақкесті құлына
айналып, тұяқ серпер түрі жоқ.
Енді біраздан кейін шошқалар өзен бойындағы бір қолтыққа
жайылған шалшыққа кіріп, қорс-қорс етіп, батпаққа жата қалып,
жан рахатқа батқандай шыңғырып, бірін-бірі талпақ тұмсығымен
түрткілеп, мамырлап қалды да, басқа түлік өзен бойлап, әлі де
жылжып бара жатты.
Бір қызығы, Пахом шошқа табынына қайырылмай, сиыр мен
қойдың бір шетін түре айдап, алысқа ұзай берді.
– Әй, тамыр, жетер енді, малды жалғыз қолыңмен қамшылап,
мазалай берме, – деп Тайлақ қайрат көрсетпек еді. Пахом көнер
емес. Ұзын қамшыны шартылдатып, малды ықтырып әкетіп
барады.
– Тайлақ, сен солдатқа барғың келе ме? – деді кенет Пахом бос
жеңімен бетін сүртіп келе жатып.
– Мені қайтеді? Бармаймын-ей! – Әлгі сұрақ Тайлаққа мазақ
сияқты болып естілді. – Сен-ақ жетістір. Жетістіріп келдің ғой
жауды жайратып.
– Ал сені солдатқа алады. Бектен болыс Кузьминге сені қайтар
деп жатыр. Тізімде бар көрінесің.
– Кузьминнің малын кім бағады? Жоқ, сен алдайсың, тамыр,
мені қожайын бермейді, – деп Тайлақ айылын жимады.
– Қазір соғыс кезі. Кузьминге екі бірдей батырақ ұстауға рұқсат
етпейді. Екеуміздің біреуіміз қаламыз. Біреуімізді солдатқа
алады. Қалай ойлайсың, кімді алады?
Сұмдықтың сыры Тайлақтың санасына енді жеткендей, аңғал
адам аңырайып тұра қалды да, керемет жаңалық ашқандай,
айдалада айқайлап жіберді.
– Ой, әкеңнің... Әрине, мені алады! Сен шолақты не қылсын!
– Ал сонда ана алты балаңды кім асырайды? Кузьмин бе,
Бектен бе? Әліңе қарамай өзің де асыл тұқымды айғырдай неме
екенсің.
– Әй, тамыр, өйтіп оттама, бала құдайдікі, менікі емес.
– Е, сонда қатының оларды күлге аунап тапты ма? Қызылбет
қатының мекиен болып кеткен шығар...
Кенет Тайлақ Тайтақайды ойлап, оны ұдайы ұрып-соққаны
есіне түсіп, өзегін өрт шалғандай, тұла бойы дуылдап ала
жөнелді. Кішкентайынан қосылған, шала құрсақ, жыртық көңіл
көп күндерді бірге өткізген, адуын да аңқылдақ, арқырама дүлей
мінезді болғанмен, артында зілі жоқ сол әйелдің өзіне қымбат
екенін түсінді. Бәрін тастап, Маңырақтағы жаман үйіне тез жетіп,
жалаңбұт балаларының маңдайынан сипағысы келді.
– Солай, тамыр, сені солдатқа алады. Одан қайтып оралуың
екіталай. Мың-мың адам, ілуде біреуі қайтады. Оның өзі мен
сияқты мүгедек болып қайтады, – деп шегелей берді Пахом.
– Егер қайтпай қалсам, менің хабарымды қатын-балам қалай
біледі? – деп Тайлақ демде майданға кетуге мойын ұсынып
қалды.
– Е, адресіңді жазып, қалтаңа салып қой. Өкімет өзі хабарлайды.
– Мен хат білмеймін ғой, тамыр, сен жазып берсеңші. Қағазды
жоғалтып аламын. Бір қатты нәрсеге жаз, мойныма жіппен тағып
аламын.
– Е, дәл қазір аттанып бара жатқан жоқсың ғой. Жаз десең,
жазып берейін. Ал енді тыңда. Кузьминге біз енді қайтып
бармаймыз, білдің бе? Ақкөзге қосыламыз. Сонда солдатқа
алынбайсың. Ақкөзде адам көп. Ал көп болған жерді жау ала
алмайды.
– Жоқ, ойбай, мені бір бәлеге ұрындырайын деп тұрсың ғой,
арам!
– Сөйлеме! – деп Пахом оң қолын сілтеп қалайын деп еді,
қолы жоқ, тек иығындағы тұқылы ғана шолтаң етті.
Тайлақ мына орыс тамырының әрекетіне түсіне алмай, өмір
деген сайқымазақ жұмбақтың шешуін таппай, «бұл, сірә, неге
бастағалы тұр», – деп дал болды.
– Сен қорықпа, Тайлақ, – деп сарнады шолақ Пахом. – Соғыстың
сорға толы сорпасына мына мен тойып қайттым. Біз жеңілдік, ол
айдан анық. Не үшін соғысып жатырмыз Вильгельммен? Ешкім
де білмейді. Мақсат айқын болмаған соң, солдаттың еңсесі түседі.
Әрі десе қару жоқ. Мылтығы бар солдаттың өлгенін күтесің.
Патшаға солдат та наразы, халық та наразы. «Жойылсын патша»,
– деп шулаған халықты мен өз көзіммен көрдім.
– Өй, сен де сандырақтап бердің-ау, – деп Тайлақ күмән соғады.
– Патша да жойылар ма еді?
– Жойылады, Тайлақ, жойылады. Жаңа өкімет орнайды. Сонда
Кузьминнен жеріңді қайтып аласың. Ұқтың ба енді?
– Жер деймісің? Ондай атты күн қайда? – деп Тайлақтың
үңірек көзін мұң шалады. – Жылы-Бұлақ қайтар заман болса,
оққа басымды байлауға мен дайын.
Пахом сау қолымен Тайлақты иығынан құшақтап, тоқтатып
тұрып, көзіне көзін қадап:
– Жер өзіңе тиеді, Тайлақ. Сондықтан да Ақкөзге жетейік, –
деді сыбырлағандай болып.
Тайлақтың көз алдына Жылы-Бұлақ келді. Ол өзі терең сайдың
аяғы, бұлақ суының басы еді. Ауыл елді асырайтын бір бұлақ су
сыңсып ағып жатқаны есіне түскенде Тайлақтың жүрегі сыздады.
Қарақоға мен күлгін жалбыз арасына көкқасқа бақалары қойдай
шулаған, арасына адам кірсе кеңірдегінен келетін бидайықта
бөденелер бытпылдықтаған қайран да қайран Жылы-Бұлақ!
Қыстың күні жердің жүзін қар басып, аяз қысқанда да қатпастан
буы бұрқырап, кемердегі мұз сүңгілерін сыңғырлата жалай ағып
жататын қасиетті қара су! Сол суды ішіп өскен тарының бозасына
мас күн қайда?
Тайлақтың үңірек көзінен Жылы-Бұлақтың суындай жып-
жылы жас парлап ағып келе жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |