өттік. Обалы не, аяқ-қолы кісендеулі тұтқындарды көріп,
жағаларын ұстап, ұлардай шулады. Бізді есіркесе, оларды
құдай есіркесін. Әлдекімдер мені танып: «Рысқұл! Рысқұл!
Саймасайды сұлатқан Рысқұл ғой! Алда батыр-ай, алда пақыр-
ай! Итжеккенге әкетіп барады. Аман бол, бауырым!» – десіп
жатты.
Шелектен өтіп бара жатқанда жатаған үйдің тұсынан ақ
жаулықты бір әйел сен қатарлы баласының қолына түйіншек
ұстатып, мені көрсетіп, баланы арқасынан итермеледі. Бала
жүгіргеннен жүгіріп отырып, айдауылдардың арасынан
өтіп кетіп, арбаға бойы жетпей, қолындағысын маған ұсына
берді. Менің қолым байлаулы, оны түсінбеген баламен ұмтыла
қоймағанға таң қалып, шешесіне қарады. Шешесі: «Лақтыр!» –
деп ишара етті. Бала түйіншекті лақтырып жіберді.
– Кімнің баласысың, айналайын? – дедім тым болмаса тіл
қатайын деген ниетпен.
– Байырдың, – деді қаршыға көз қағылез жас.
– Өркенің өсін! Азамат бол! Атың кім? – дедім.
– Ахметжан. Ахметжан Шымболатов, – деді бала
жаутаңдап.
Мен сені көргендей болдым. Сен әлі арба соңынан ілесіп келе
жатқандай көріндің, Тұрар. Бұл есім жайшылықша жадымда
қалмас еді, ал мына халде біреудің бір жылы сөзі – мың жылдық
жарық сәуледей. Дүние халі сан қилы, кім біледі, ер жеткенде
сен онымен кездесерсің де. Есіңде болсын деп айттым.
Ертесіне Іленің суынан өттік. Сонда дүниеде Іледен үлкен су
жоқ шығар деп едім. Сөйтсем, оным бекер екен. Іленің көкесіндей
суларды кейін көрдік қой.
Іленің арғы бетіне шыққан соң Алатау бұлдырай бастады. «О,
қасиетіңнен айналайын, Алатау, көзімнен сен де тасаландың-
ау», – деп көңілім сонда бір бұзылды. Қасымдағы Мамытбек
қырғыз «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің,
Алатаудың баурына», – деп мені өлеңмен жұбатты. Қайран ел,
сөйтіп, артта қала берді.
Жолда Ақсу-Қапал қалды. Лeпci деген судан да өттік.
Одан әрі жап-жазық мидай дала басталды. Лепсіде ауысқан
айдауыл бізді Аягөзге дейін жеткізіп салуы керек еді. Сасырдың
жапырағы күйген шүберектей қурaп кеткен сары дала. Адам
тұрмақ, aт шыдамай, сусыз шөлден аузын ашып, алқынып,
аяғын әзер басып ілбіп келеді. Aт арыған соң солдаттар бізді
арбадан түсіріп, жаяу айдады. Лүп еткен желі жоқ, сілтідей
тынып қалған кеуек дала пысқырған aт пен кісен сылдырынан
мазасы кетіп, біздің қыбыр-жыбыр жүрісімізге ызасы келгендей
тынысты тарылта түседі.
Анда-санда алқымы кеуіп, бүйірі бүлкілдеген кесіртке
аяқ астынан тұра қашады. Есірік солдат әлгі мақұлықты
тапырақтап қуа жөнеліп, мылтықтың істігімен жаншымақ
болады. Кесірткеге де жан керек, бұлт ете қалып құтылып
кетеді. Мылтықтың істігі тандыры кепкен тақыр жерге шақ
етіп тиеді.
Аяқты кісен, көкіректі шөл қысқанда адам бей-жай, айналаға
көз салмай меңіреу болып қалады екен. Әйтпесе, Құдайдың қу
даласында тіршілік белгісі тіптен көп. Қарап келе жатсаң,
алдыңғы арбаға жегілген аттар құйрығын әрең көтеріп тезек
тастаса, сүрлеу жолдың жағасынан көң қоңыздары лезде
құлдыраңдап шыға келеді. Кейбіреуі не дөңгелек астында, не
солдат табанында мыжылып та қалады. Қу тамақ-ай, десеңші.
Достарыңызбен бөлісу: |